БАСПАЛАРДАН БАЗАРЛЫҚ
29.12.2023
1430
0

Ұлт руханиятын насихаттауға республикалық баспалар бар мүмкіндіктерін пайдалана іс-әрекет танытуда. Кітап шығарудың озық технологиясын игерген «Атамұра», «Фолиант» баспаларынан шыққан өнімдер әлемдік байқауларда алтын медальдарды, басқа да жүлделі орындарды еншілеп жатқандары қазақ көркемсөзінің өміршеңдігін таныта түсуде. Ақын-жазушыларымыздың соңғы жылдары жазылған өлең, жыр, поэмалары, роман, повесть, әңгіме, хикаяттары ұлт тілінде де, өзге тілдерге аударылып басылуы барысында да қазіргі талғампаз оқырмандар көңілінен шығуда. Қайсібір шетел әдебиеттерінің таңдаулы үлгілерінің анатілді жанкүйерлерге түпнұсқалық тұрғыда шебер аудармамен жеткізілуі әлемдік баспа өнімдеріне деген жұртшылық ықыласын арттыра түсуде. Сондай-ақ балалар әдебиетіне 2023 жылы ерекше назар аударылғаны анық аңғарылады. Уақыт ағымымен жазылған кей шығармалардың көпшілікке он мың данамен таралуы – рухани қазынамыздың болашағы жарқын екенін растай түседі. Енді сөз кезегін баспагерлерге берейік. 

ЖЫЛ ҚАЗЫНАҒА ТОЛЫ БОЛДЫ

Бұл жылды да мол олжамен тәмамдағалы тұрмыз. Баспамыздан түрлі сипат­тағы әдебиет­тер мен көркем шығармалар, танымдық кітаптар мен тарихи еңбектер жарық көріп, оқырманға ұсынылды. Солардың бірқатарына тоқталып өтсек:
1. А. Бақтыгереева. «Ақ шағала».
Қазақ поэзиясында өзіндік тұлға болып қалыптасқан ақынның бұл жинағы әр жылдарда жазылған махаббат, замана, уақыт тынысы, туған жер мен туған ел туралы өлеңдерден тұрады. Бұл жырлар ойшылдығымен, образдылығымен, көркем тілімен, нәзік сезіммен оқырман жүрегін баурап алады.
2. С. Өтениязов. «Ат­тила жән оның Еуразия тарихындағы орны». (Екі кітаптан тұратын монография).
Екі кітаптан тұратын бұл құнды еңбекте Хун империясы және оның әміршісі Ат­тиланың әлем әдебиеті мен драматургиясы, музыкалық шығармалары, бейнелеу және мүсін өнеріндегі образы, Қазақ тарихында алатын орны жан-жақты зерделенген.
3. Р.Ниязбек. «Кемеңгер». Өлең-роман. – Алматы: «Атамұра».
Көрнекті ақын Рафаэль Ниязбектің бұл өлең-романында аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, академик, үш дүркін Еңбек Ері атанған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қилы-қилы өмір жолдары сурет­телген.
4. Тұрсын Жұртбай. «Толық адам». (Сол шыншыл: Хақ және Жалғыз). Екі кітаптан тұрады.
«Толық адам» деген атпен оқырмандар назарына ұсынылып отырған бұл екі кітап жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбайдың Абайдың шығармашылық өміріне, көркем әлеміне және ойлау жүйесі мен психологиясына қатысты ұзақ жылдарғы зерт­теу еңбектерінің тұжырымы болып табылады.
5. Ғ.Жайлыбай. «Жалғыз қарағай».
Қазақтың көрнекті ақыны, ҚР Мемлекет­тік сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбайдың бұл жыр жинағына кейінгі жылдары жазылған өлеңдері мен поэмалары топтастырылған. Кітапқа «Жылдың үздік поэзиясы» номинациясы берілген.
6. Ф. Ғабитова. «Өртеңде өнген гүл».
Ф.Ғабитованың 120 жылдығына орай шығарылған 2-басылым. Өлеңдер, проза, естеліктер, күнделіктер, хат­тар, пікірлер, ойлар. Алматы – 2023. «Атамұра», 296 бет.
Бұл кітапта халқымыздың аяулы қызы, асқақ Рухты Фатима Ғабитованың кешкен ғұмыры жайлы баяндалады.
7. Д. Берікқажыұлы. «Мақаншы мен Манхэт­теннің арасы». Алматы, 2023. 156 бет + 16 бет жапсырма.
Ақын, драматург Дәурен Берікқажыұлының бұл кітабына оның әр жылдағы республикалық газет­терде жарияланған мақалалары мен сұхбат­тары топтастырылған.
8. М. Әуез. «Қазақ рухы».
Белгілі ғалым, мәдениет­танушы, түрколог, дипломат жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Мұхтарұлы Әуездің бұл кітабына әр жылдары жарық көрген сұхбат­тары енгізілген.
9. О. Смағұлұлы, М.Қожа, А. Оразаққызы. «Абылай хан». (Тарихи-антропологиялық зерт­теу)
Басылымда қазақ халқының басын қосып, бүкіл ғұмырын ұлт тұтастығына арнаған ақылгөй де айбынды Абылай ханның сүйек өлшемдеріне антропологиялық тұрғыда жасалынған зерт­теулер мен ізденістер баяндалған.
10. Ұлы Дала фольклоры. 17 кітаптан тұратын серия (2023).
«Атамұра» корпорациясы мектеп жасындағы және ересек балалар мен жалпы оқырманға арналған сериясына көне эпос «Құламергеннен» бастап, батырлар жырынан «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын»; тарихи жырлардан «Еңсегей бойлы ер Есім», «Абылай хан», «Хан Кене», «Бөгенбай батыр», «Қабанбай батыр», «Ер Жәнібек», «Райымбек батыр», «Барақ батыр», «Ағыбай батыр», «Жанқожа батыр», ал ғашықтық жырлардан «Қозы Көрпеш–Баян сұлу», «Қыз Жібек» сынды шығармаларды енгізіп отыр. Сонымен қатар «Хайуанат­тар туралы ертегілер», «Қиял-ғажайып ертегілер», «Батырлық ертегілер», «Тарихи аңыз», тұрмыс-салт жырлары, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, шешендік сөздер, тәмсілдер, нақыл-өсиет сөздер, қанат­ты сөздер, қара өлең, толғау, терме, өтірік өлең, ән өлең, мысал өлең сияқты түрлері топтастырылды. Жинаққа «Балаларға арналған жылдың үздік танымдық кітабы» номинациясы берілген.

«Атамұра» баспасы

Үстіміздегі жыл «Mazmundama» баспасы үшін де мазмұнды болды

     

Оқырмандарымыздың көзайымына айналған «Оқуға тиіс 10 кітап» атты сериямыздың аясында шығып жатқан кітаптарымыздың қатары тағы бір кітаппен толықты. «Болашақ» — саммари-кітаптар сериясындағы оныншы кітап. «Mazmundama шығарған тұңғыш кітап «Көшбасшылық» та осы сериямен шыққан еді. Бұл кітапқа технологиялар туралы жазылған он кітаптың саммариі еніп отыр. Осы серияның жарық көруіне тікелей қатысқан авторымыз Мұрат Мұқашқа алғыс айтамыз.


Жаза білу, оқи білу — бұл дағды. Білім ғана емес, сол секілді махаббат сынды маңызда да нәзік ұғым да — дағды, меніңше. Ал кез келген дағдыны ұстай алсаң қасиетіңе, ұстай алмасаң қасіретіңе айналады. Білімді оқу орындары берсе, махаббатты ешкім үйретпейді. Кез келген дағдыны меңгермей іске кіріссең, соңы жақсылыққа апармайды. Соған қарағанда елімізде отасқандардың 50%-ы ажырасып жатқаны да бекер емес секілді. Осыны ескере отырып, Дон Мигель Руистің толтек даналығын басшылыққа ала отырып жазған «Махаббат шеберлігі« атты кітабын шығардық. Оның біз аударған алғашқы кітабы («Төрт келісім») оқырмандар көңілінен шығып еді. Бұл кітабы да адамдар арасындағы жарастыққа себеп болады деп үміт етеміз «Дінмұхамед Қонаев кім?» атты тағы бір кітабымызды Тәуелсіздік күнінде қолымызға алдық. Әдейі жоспарлаған жоқпыз. Кездейсоқтық та емес сияқты.


Себебі тәуелсіздік — бұл саяси егемендік қана емес, сонымен бірге экономикалық дербестік. Ал оның негізі Қонаев дәуірінде қарқынды қаланды. Сол тұста салынған қалалар мен қақпағы ашылған қазба қойнауларының, тіпті сол тұста бой көтерген көптеген өндіріс орындарының омырауын халық әлі еміп отыр.
Саяси егемендікке 90-жылдары қол жетті, бірақ бұл бақтың берекесін келтіріп, экономикалық алғышарт Қонаев дәуірінде жасалды деп білемін.


Тұрақты авторымыз Серікбол Хасанның қолынан шыққан бұл кітаптан 44 жыл ел үшін қалтқысыз қызмет еткен, екі рет үкімет, екі рет мемлекет басқарған Қонаевтың кезінде еліміз бетпе-бет келген қиындықтарды ғана емес, Димаш атамыздың кісілік келбетін тани түсесіз. Сондай-ақ бұл серия бойынша «Ахмет Байтұрсынұлы кім?», «Қажымұқан Мұңайтпасұлы кім?», «Әлихан Бөкейханұлы кім?», «Қаныш Сәтбаев кім?», «Ғабит Мүсірепов кім?» атты кітаптарымыз жарық көрді.

«Mazmundama» шетел әдебиетін аударып қана қоймай, жас жазушыларды қолдап, жаңа туындыларды оқырман назарына ұсына бастады.
Абай Аймағамбеттің осы жылы Кемел-қаламгер» детектив шығармалар байқауында бас жүлде алған «Бұрылысқа жарты қадам қалғанда» романын шығардық. Романға тапсырыспен әдеби шығарма жазып жүрген жазушының өмірі өзек болады. Оған әйелдерді өлтіріп, қанды қылмысты көркем әдебиетке айналдырды деген айып тағылады. Жазушы қалай ақталса да шығарма сюжеті оның қылмыскер екенін дәлелдейтін айғақтар көбейе түседі. Роман соңы немен аяқталатынын білгіңіз келсе, жас жазушыны қолдап, кітабын сатып алыңыз.


«Mazmundama» баспасында 2023 жылы 138 кітап жарық көрді. Жалпы, биылғы жыл біз үшін мазмұнды болды.

Шыңғыс МҰҚАН

КІТАП ОҚЫҢЫЗ, ЖАНЫҢЫЗ
РАХАТ­ТАНСЫН!

Биыл Steppe&World баспасы жетпіске тарта кітап шығарып, қазақ оқырмандарымен табыстырды. Бұл кітаптардың бәрі – бірнеше тілге аударылып, сыншылардың оң бағасын алған, миллиондаған тиражбен сатылып, дүниежүзі балалары мен ересектер сүйсіне оқыған құнды дүниелер. Біз солардың бір шоғырына тоқталмақпыз.
Өткен ғасырдың ортасында жарық көргенімен, әлі күнге дейін балаларға арналған үздік кітаптардың тізімінен түспеген Клайв Стейплс Луистің «Нарния шежіресі» ат­ты фантастикалық кітаптар сериясы бұған дейін қырықтан астам тілге тәржімаланып, жүз миллионнан көп данасы сатылған. «Нарния шежіресі» қазақ балаларының да көңілінен шығады деп сенеміз. Өйткені, мұнда қазақ ертегілерінде кез­десетін элемент­тердің бәрі бар және автор фантастикамен қоса, шығыс мифологиясын да қамтуға тырысқан. Бұдан бөлек серияның соңғы «Ақтық шайқас» кітабына балалар әдебиеті саласындағы шоқтығы биік марапат «Карнеги» медалі берілген. Айтпақшы, атақты «Хәрри Пот­тердің» авторы Ж.К.Роулиң «Нарния шежіресін» сүйіп оқыған екен. Серияға жан-жануары сөйлейтін, біреудің сиқырына ешкім таңғала қоймайтын, жақсылық зұлымдықпен күресетін Нарния деген сиқырлы елдегі балалардың шытырман оқиғалары арқау болған.  
«Нарния шежіресі» сериясының жеті кітабын аудармашылар Мөлдір Қайыңбаева, Сана Есқазина, Динара Мәзен ағылшын тілінен тәржімалады. Редакторы – Балғын Әділбай.
Биыл жарық көріп, көптің ықыласына бөленіп үлгерген кітаптардың бірі – біз атын атап өткен Жоан Кейтлин Роулиңнің «Хәрри Пот­тер. Сиқырнама» деген Хәрри Пот­тер туралы кітаптардың ресми сиқырлы қосымша басылымы. Мұнда сиқыр тізімдері, кестелері, карталары мен өзге де сиқырлы зат­тары толық жинақталған. Бүкіл әлемде Хәрри Пот­тер кітаптарының алты жүз миллионнан астам данасы сатылып, сексен бестен астам тілге аударылғанын ескерсек, «Хәрри Пот­тер. Сиқырнаманың» да балалардың сүйікті кітабына айналары сөзсіз. Мұны Steppe&world баспасының редакция ұжымы бірлесе тәржімалады. Редакторы – Оралай Алейдарова.
Күзде Рудярд Киплиңнің «Ким» романы да қазақ оқырмандарына жол тарт­ты. «Ким» – ағылшын жазушысының 1901 жылы жариялаған романы. Киплиңнің осы соңғы әрі ең танымал еңбегі тибет монахының шәкіртіне айналған, бірақ сөйте жүріп британиялық құпия қызмет­тің тыңшысы ретінде қалыптасып келе жатқан Үндістандағы ирландиялық жетімнің хикаяларын баяндайды. Бұл шығарма үнді мәдениеті мен көше өмірінің қызығын сүйсіне отырып егжей-тегжейлі әсем сипат­тауымен ерекше. Әлем әдебиетінің осы бір маржаны қазақ тілінде алғаш рет жарық көріп отыр. Романды ағылшын тілінен аударған – Ұлпан Кенжебаева. Редакторы – Бұлан Жамбыл.
Биыл оқырмандар жиі сұрап, көп сатып алған кітаптардың бірі – Жейсон Рейнолдстың «Елес» романы. «Елес» – «Жолақ» сериясының бірінші кітабы. Аталмыш кітап Нью-Йорк қаласындағы Atheneum Books баспасынан 2016 жылы жарық көрген. «Елес» Нью-Йорк Таймстың бестселлері және Жастар әдебиеті бойынша Ұлт­тық кітап сыйлығының финалисті болды.
Жүгіру. Елес – Касл Креншоудың бар қолынан келетіні осы. Ол өмір бойы жүгіріп келеді. Алайда атлет­тер командасына қосылып жүгіріп көрмеген. Жоқ, ол тіпті доп ойнағанды сүйетін. Баскетболшы болсам дейтін. Тек бір күні мықты спринтерді жарысқа шақырып, мәреге екеуі қатар келгенде, бапкер оның бойынан өзгелер көрмегенді – табиғи дарынын байқайды. Ал елестің бойында буырқанған ашу-ыза мен қашып құтыла алмай келе жатқан өткені бар. Асау ат­тай жылдамдығын құрықтап, команданың бір бөлшегіне айнала ала ма, әлде өткенінің қараңғы түнегінде қала бере ме? Біз тілге тиек етіп отырған роман сол туралы. «Елесті» ағылшын тілінен аударған – Динара Мәзен. Редакторы – Бұлан Жамбыл.
Баспадан шыққан кітаптардың дені балаларға арналғанымен, жалпыадамзат­тық құндылықтарды негіз еткен. Стэнфорд университетінің аға ғылыми қызметкері әрі оқытушысы, саясат­тану ғылымдарының профессоры, философ Франсис Фукуяманың «Либерализм және оған айтылған сын» ат­ты кітабы соның дәлелі. Бұл кітаптың түпнұсқасы былтыр жазға салым жарық көрген.
Еуропадағы дін мен ұлтшылдыққа қарсы соғыстардан кейін дамыған либерализм – теңдік пен құқық үстемдігінің негізгі принцптеріне сүйенетін түрлі қоғамдарды басқару жүйесі. Оның басты назар аударған саласы әркім өз өмір жолын өзі таңдауға қақылы және оған өкімет қол сұғуына болмайды. Жасыратыны жоқ, либерализм өз идеяларына сай болмаған кез­дер де бар. АҚШ-та көп адамның заң алдындағы теңдігі мойындалған жоқ. Консербаторлар либерализм жалпы өмірдің мәнін кетіреді деп шағынады. Либерализм принциптері де кейінгі онжылдықтарда тым шектен шығып кет­ті және оған оңшылдар да, солшылдар да ықпал еткен: неолибералдар экономикалық еркіндікке табынып кет­ті, ал прогрессистердің саяси көзқарасында адамның жалпыға ортақ сипатынан гөрі оның бірегей кімдігіне басымдық берілді. Соның салдарынан азамат­тық қоғам ыдырау шегіне жет­ті және демократиямызға қауіп төніп тұр дейді Фукуяма. «Либерализм және оған айтылған сын» деген кітап – Франсис Фукуяманың ХХІ ғасыр үшін жанданған либерализмді қорғап қалуға талпынысы. Кітапты ағылшын тілінен тәржімалаған – Орынбек Кенжебаев. Редакторы – Назгүл Қожабек.
Міне, біз осы кітаптардың тізіміне қарап отырып, «ескі жылға өкпе жоқ» дейміз. Әрине, «келер жылдан үміт көп»! Бастысы, оқырманға қалтқысыз қызмет қылуға жазғай!

Кітаптардың жалпы тиражы жарты
миллионға жуықтады

«Отбасы хрестоматиясы» жобасы жыл барысында оншақты кітап шығарды. Оның ішінде Шығыс даналықтарынан құрылған топтаманың қатарында Жәлаладдин Румидің «Піл туралы талас» (5 мың тираж), Фәруриддин Ат­тардың «Құстар мәжілісі» (6 мың тираж) ат­ты еңбектерінің алғашқы аудармасы. Сондай-ақ «Қабуснама» (5 мың тираж), «Наурызнама» (3 мың тираж) сынды шағын кітаптар оқырманға жол тарт­ты.
Балаларға базарлық ретінде «Кітап оқымайтын қыз», «Сандбадтың жеті саяхаты» ат­ты қызықты кітаптар жарияланды. Белгілі заңгер Абзал Құспанның «Алаш заңгерлері» ат­ты кітабы 10 мың тиражбен жарық көрді. Қаңтар қасіретінің тікелей кейіпкерлерінің аузымен баяндалатын Гүлмира Әшірбектің «Мен террорист емеспін» ат­ты кітабы шықты. Сая Қасымбектің «Көк бөрілері» ат­ты тарихи романы және Ұларбек Дәлейұлының «Қарғыбаулы қасқыр» ат­ты хикаялар жинағы біздің баспадан жарық көріп, кеңінен сұранысқа ие болды.
Қыркүйекте Санжар Керімбай мен Әділбек Нәбидің «Қуыскеуде» кітабы жарық көрді. Экзистенциялық талдауға негізделген бұл еңбек үш ай мерзім ішінде 10 мың тиражбен сатылып, отандық бестселлер қатарына қосылды. Ал желтоқсан айында ғана жарық көріп, сиясы кеп­пеген «Өзбекәлі және мәдени майдан» ат­ты кітап бір айдың ішінде үш рет қайта басылып, 11 мың тиражбен тарады.
Осы күнге дейін «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен 60 тан аса кітап шығып, жарық көрген кітаптардың жалпы тиражы жарты миллионға жуықтады.

2024 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚ ТІЛДІ ОҚЫРМАНДАРДЫ 200-ге

ЖУЫҚ ЖАҢА КІТАППЕН ҚУАНТПАҚ ОЙЫМЫЗ БАР

Жалпы 2023 жыл «Фолиант» баспасы үшін жемісті жыл болды. Биыл баспамыздан 180-ге жуық жаңа кітап жарық көрді. Атап айтар болсақ, Болат Жандарбековтің «Сақтар» атты роман-дилогиясын қазақ және орыс тілінде, Мади Айымбетовтің «Бопай ханым» романын орыс тілінде шығардық. Қазіргі уақытта жоғары сұранысқа ие «Сөз-маржан» топтамасымен шығатын қазақ классиктерінің шығармалары биыл 15 кітаппен толықты. Сондай-ақ «Бүгінгі проза» атты жаңа топтамамен жас жазушылардың шығармаларын шығаруды қолға алдық. Атап айтар болсақ, Жадыра Шамұратованың «Сандық» және Әлішер Рахаттың «Махаббатым – Сonstant. Параллель» атты кітаптары жарыққа шықты. Алдағы жылы осы топтамамен 20 жас жазушының кітабын шығару жоспарланып отыр. Ал балаларға Кеңес Оразбекұлының «Тұран баһадүрлері немесе Ер, Би, Нардың ерлік жорықтары», Холли Вебтің «Мейзи Хиттчинс» топтамасын, комикстерді ұсындық. Өздеріңіз білетіндей, кішкентай балдырғандарға қазақ тілінде дамытушы кітаптар мүлдем жоқ деуге болады. Қазақ бүлдіршіндерінің тілі ана тілінде шықсын деген ниетпен осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында көздің жауын алатын түрлі-түсті танымдық кітапшаларды көптеп басып шығардық. Бұл еңбегіміз кішкентай оқырмандардың көңілінен шығып, ата-аналардың алғыс білдірген хаттары толассыз келіп жатыр.
Оқырман сұранысына ие болып, биылғы жылдың хит сатылымына айналған кітаптарға тоқталып өтейін. Сәуір айында жарыққа шығып, 8 айдың ішінде 3000 данасы сатылған Баянғали Әлімжановтың «400 тәтті тақпақ» атты балаларға арналған өлеңдер жинағын ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ Б. Жандарбековтің «Сақтар» роман-дилогиясының 5000 данасы, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының 6500 данасы сатылды.
«Әлемдік классика» топтамасын биыл бірнеше жаңа кітаппен толықтырып, көркем аударма саласына үлкен үлесімізді қостық. Мысалы, Маргарет Митчелдің әйгілі «Жел өтіндегі тағдырлар», Александр Дюманың «Граф Монте-Кристо», Дэвид Робертстің «Шантарам», Марио Пьюзоның «Өкіл әке», Ремарктың «Салтанат қақпасы», Айн Рэндтің «Атлант сілкінді» атты романдарын қазақ тіліне аударып, оқырманға ұсындық. Ал Джек Лондонның «Мартин Иден» романын жаңа аудармамен шығардық. Неміс ғалымы Роберт Киндлердің Қазақстандағы ашаршылықтың себеп-салдарын зерттеуге арналған «Сталиндік көшпенділер» атты еңбегінің қазақ тілінде жарыққа шығуының өзі оқырмандар үшін тосынсый болды. Келер жылы Роберт Киндлер Қазақстанға келіп, 16 қаңтарда оқырмандармен жүздеседі. 2023 жылы Дж. Толкиннің «Сақиналар әміршісі» трилогиясын түпнұсқадан аударып, қазақ тілінде шығарған болатынбыз, биыл аталмыш автордың «Хоббиттер немесе барып-қайту» атты кітабы жарық көрді.
Баспаның бір жыл ішінде атқарған жұмысы сырт көзге оңай болып көрінуі де мүмкін, дегенмен бұл нәтиженің артында орасан зор еңбек жатыр. Мысалы, әлем әдебиетінің озық туындыларын қазақ тілінде басып шығарудың көпшілік оқырман біле бермейтін өзіндік қиындықтары бар. Кез келген шетелдік әдебиетті қазақ тіліне аудармас бұрын, құқықиеленушімен келіссөз жүргізіліп, шығарманың авторлық құқығын алу бойынша келісімшарт жасалады. Содан кейін ғана білікті аудармашы таңдалып, кітапты аударуға беріледі. «Фолиант» баспасы 2015 жылдан бастап Қазақстанда алғаш рет аударма әдебиеттерді шығаруды қолға алған болатын. Айта кететін жайт, ағылшын тілінен сауатты, тәжірибелі аудармашылар жоқтың қасы. Дегенмен осы уақыт ішінде біраз тәжірибе жинақтап, аудармашылар мектебін қалыптастырдық деуге болады.
Келер жылға қойған мақсатымыз айқын, жоспарымыз мол. «Фолиант» баспасы жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқан Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі биыл да жалғасын табады. 17-21 сәуір аралығында кітапсүйер қауым үшін ауқымды кітап мерекесі өтетінін еске саламыз. 2024 жылы қазақ тілді оқырмандарды 200-ге жуық жаңа кітаппен қуантпақ ойымыз бар. Жыл бойы бізді қолдап келе жатқан, әр кітабымызды асыға күтетін оқырманға бізді таңдағаны үшін алғыс айтамыз. Барша оқырманды келе жатқан жаңа жылмен құттықтай отырып, толағай табыс, бақ-береке тілейміз.

Фарида ТОБАШАЛОВА,
«Фолиант» баспасының бас редакторы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір