Архив ісіндегі жаңа формат
Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде алғаш рет өткен Meetup форматындағы ашық кездесу архив саласының мамандарын біріктірді. Еліміздің әр өңірінен 100-ге жуық архивші «Е-архив» жүйесіндегі құжаттардың құндылығын анықтау мәселесін талқылады.

Іс-шараға қатысушылар архив саласындағы ең өзекті тақырыптардың бірі – құжаттарға сараптама жүргізу жайын жан-жақты қарастырды. Негізгі баяндама жасаған Архив қорларын ұйымдастыру және сараптау қызметінің басшысы Гүлнар Мұқажанова құжаттардың құндылығы қалай анықталатынын егжей-тегжейлі түсіндірді. Ол құжаттың қалыптасу тарихынан бастап, оның ғылыми және практикалық маңызына дейінгі негізгі өлшемдерге тоқталды.
«Дәріс барысында сараптама жүргізудің негізгі қағидаттары егжей-тегжейлі қарастырылды. Атап айтқанда, қор құрушы ұйымның тарихы, құжаттардың қалыптасу және сақталу ерекшеліктері, олардың ғылыми және практикалық маңызы, сондай-ақ жүйелеу мен толықтық мәселелері талқыланды», – деді Гүлнар Мұқажанова.

Кездесудің ашық форматы қатысушыларға нақты тәжірибелік кейстерді талқылап, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Мамандардың айтуынша, Meetup форматы – өзекті мәселелерді жедел әрі тиімді талқылауға, сондай-ақ кәсіби кері байланыс алуға мүмкіндік беретін ыңғайлы алаң.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві архив ісі бойынша ұйымдарға арналған оқыту семинарларын тұрақты түрде өткізіп келеді. Ал жаңа Meetup форматы Архивтің әдістемелік жұмысындағы жаңашылдық болып саналады және кәсіби диалог алаңына айналуда. Биыл мұндай кездесулерді тағы бірнеше рет өткізу жоспарланып отыр.