Әкем ТАРАЗИ. КӨРКЕМ ШЫҒАРМА — ЖАН ТУЫНДЫСЫ
13.04.2026
40
0

Туындылары арқылы әдебиетке жаңа леп, тың тыныс дарытқан Әкім Таразидың күнделік беттерінде жазылған жазбалары да ойлы толғамдарға толы. Қаламгердің қалам құдіреті, жазу, әдебиет хақында ой тербемейтін сәті болмаса керек. Жазушы күнделігінен үзік-үзік сырларды оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

24:00
Уа, Жаратқан ием, жер бетінде өзің құрған, Өзің еркіндік алып берген Қазақстан деген еліңнің еңсесін биік көтере гөр!
Уа, Жаратқан ием! Тоздыра көрме елімді, береке бере гөр, береке бере гөр, береке бере гөр!
***
08:00
Қағида: Өміріңді де, өліміңді де ешкімге міндет қылма, әй, Әкім!
***
13.03.99.
Үй көрдік (8-этаж). Дүкен араладық. Алпақай, саған «белсепет» (велосипед) көрдік. «Өзі мініп таңдасын» деп тежелдік.
***
«Труд» деген газетке әлдебір хайуандар Шолохов туралы өсек жазыпты. «Тіпті, жай ғана мақала жаза алмаушы еді, қалай жазушы болған», – дейді. Сондықтан Шолохов зынданға тығып тастаған әлдебір гений жазды дейді. Журназизм мен дарындылықты шатастыруға болмайды ғой. Көркем шығарма – жан туындысы, мақала – қалам туындысы. Төрт том жазған Шолоховтың төрт жол хабар жаза алмауы – заңды.
Гений табиғаты, гений бейнесі қарапа­йым пенденің санасына сыймайды. Гений табиғаты – Жаратқан иеміздің нұры.
Шексіз, мәңгі ғаламды тоғышар өз қауашағының көлемімен ғана өлшей алады. Шексіздік пен мәңгілік қаудырлақ қауашаққа қалай сыйсын!
***
Кеше сазгер Жоламан телефон шалған. «Сізді ойлап риза болып отырмын. Кеуде соқпай, жымиып қана үндемей жүріп бәрін жеңіп келесіз!» – дейді.
«Бәрін» дегенің кім?» – деп едім, «Қоғамды, заманды!» – деді.
Сол сәтте бұл сөздерге мән берген жоқпын. Бүгін есіме түсті. «Мән беріп» жатырмын. Әй, Әкім, қыртсың-ау…


***
Назымбек Боқаев қоңырау шалды. Өзім Сайын ағаға. Шомылумен, тазарумен өтті бүгінгі күн. Кітап оқу. 23:00
– Нанға ақша таба алмай жылап алдым! – деген еді алдыңгүні Дәмеш. Кеше біздің үйде де сағат 17:00-ден 22:00-ге шейін бір тиын болмай қалды. Кешкі 22:00-де Тотония көптен бері кимеген бір киімінің қалтасынан 60 теңге тауып алды.
Алпақай! Бұны сен кейін білсін деп әдейі жазып отырмын. Самый страшный враг человечество – способность его память идеализировать прошлое и, пожалуй, будущее тоже.
***
Бұдан бұрын айтқан (күнделікке жазған) бір ойым бар еді, соны бүгін қайта жазып қойдым. Өнер (бұның ішінде өнердің барлық түрі бар, әдебиет те) – өмірдің (тіршіліктің) сөлі. Қауыз тозады, сөлі (сығып алған, суреткер, шебер) қалады, ғасырлар еншісі болып. Еврипид, Эсхил, Софокл, Омар Хайям, Томер, Фердауси, Шолохов, Әуезов, Мұқағали, Ду-Фу, Юрий Казаков, Михаил Лермонтов және басқалар…
Қолым бір тигенде, Алпақай, саған бір үлкен тізім жасап беремін… Алла жазса!


***
Екі сағаттай бақта жүріп қайттым. Ой келді: «Менің өмірбаяным Розадан басталған, одан бұрынғы Әкім – басқа адам!»
***
Жүру – жүгіру. Тәнім тәрбиеге көндіге бастаған. Жүруді аңсайды. Жүрсем, жүгіргенді қалайды. Бұл – жеңіс. Жан шіркіннің тән шіркінді жеңе бастағаны.
***
Ли Бо мен Ду Фуды оқысам, қытай болып кеткім келеді, Пушкин мен Лермонтовты оқысам, орыс болып кеткім келеді, Абай мен Мұқағалиды оқығанда ғана қазағыма «қайта ораламын». Өкінбей ораламын. Өкінбей…
***
Ана тілімізді газет тілінен мұқият аршып алуымыз керек. «Социалистік Қазақстан» тілінен.
***
Күн бар. Үйде мен. Жуан-Бала, Құны-Пия қоңырау шалды. Лоджияда отырып күнге күйдім. Достоевский доспен сырластым. Федьканы мендей түсінетін қазақ жоқ. Это – не поза.
«Дертім асқынып барады… «Қызыл шаш қатынды» бекер оқыған екенмін!» – деді Жуан да Жуан.
***
Он тоғыз жылдан бері жетімдік көріп, подвалда, балконда, суықта сұрланып, жыртылып, шашылып қор болған, қадір-қасиетінен айрылып қалған кітаптарым бүгін орын тапты. Тотония, жан жүрегім армандап жүруші еді. Риза мен. Алланың нұры жаусын, жан жүрегім! Сенің гигантский еңбегің!
***
Жүріп, жүгіріп келдім.
Кеше кешке қарай То-то шелпек пісірген. Аруақтарды еске алып, Құран оқыды То-то. Бүгін де аруақтарды еске алдық. Жұма ғой. Мен, әсіресе жарық дүниенің қызығын көре алмай кеткен Күләш қарындасым (үш жасында суға кетті) мен Танкист бауырымды (бір жарым жаста еді) еске алдым. Жарықтықтар.
Күләш қарындасымның шашы сап-сары еді, сабан сары еді. Тұлымдары (өрілген) батып, шығып, ирелеңдеп бара жатқаны көз алдымда. Мен ештеңе түсінген жоқпын. Мамам «дүкенге» (Белбасарда) кеткен болса керек. Мен келгенде аспай-саспай бірдеңе айтыппын. «Әрең түсіндім. Тұра жүгірдім…» – дейтін мама. «Дейтін» дегенім – условно бір-ақ мәрте айтқан болар, шамасы. Жылаулар, жерлеу есімде жоқ. Танкист өмірден өткенде мен каналда жүргем. Оның да жылап-сықтауы, қайғы-қасіреті есте жоқ. Бұрмагүл апаның (Бүбү – Сараның өгей енесі, Ақбердінің тоқалы, ұлты қырғыз еді) мамамен күңкілдесіп отырғаны есімде… «Ақбердінің ауласында» бар…
Ақберді – руы Сіргелі, Саттар нағашымның қайын атасы еді.
Бәкір Тәжібаевтың әйелі (есімі есімде жоқ) Жомарттың (Саттар Ақбердінің күйеубаласы) жақын досы. Жомарттың әйелі Сара ма еді?.. «Ақбердінің ауласында» бар. Екеуінің де атақтары болған.
«Ақбердінің ауласына» қайта ораламын деп жүрмін ғой…
***
Ұйқының қабырғасын сындырыппын. 09:00-де ояндым. Есікті ұрып: «Роза, Роза!» деген Шәбайдың даусы екен. Қоңырау шалуды білмегені ғой. Лифтке де отырмапты. Екі ұлын ертіп келіпті.
Паркте жүрген Ғалым Ахмедов ақсақалға жолықтым. Жарты сағаттай әңгімелестік. Өте қызық.
Қыршынды тауының батыс беткейінде жер астына тас текпішекпен түсетін үңгір бар дейді. Рас болар. Әулиеатадағы зоовет техникумның директоры болып тұрғанда Мәскеуге барып, наркомнан 100 балаға лимит алыпты. Соған аштықтан ісіп-кеуіп көшеде жүрген қазақ балаларын орналастырған. «Шыбындай қысылды ғой Әулиеатаның халқы», – деді. Сюжет пе?
«Тарихи тұлғаны» оқыпты.Таңқалдым. 94 жаста ғой жарықтық!
«Сен баласың ғой!» – дейді. Онша менсініп тұрған жоқ.
1938-жылдары Жамбыл ауданының бірінші хатшысы болған. Мирзоян атылған соң қуғынға түскен.
Паркте жүргенімде (таңертең) бір кісі амандасып, жанасалай біраз ерді.
– Квартплата діңкелетіп құртты ғой, Әбеке, Президентке айтпайсыз ба? – дейді.
– Ит көп. Жүргізбейді. Иттерге салық салу керек! – дейді. – Жылуға, газға, лифтке және де үйде ит ұстағаны үшін…
Кешегі НТВ-дағы «қызықтың» салдары болар, бүгін «Рахаттың» орны үңірейіп қалыпты. Біздегі күй дегеніміз қуыс кеуде тұлып қой деймін, шамасы…
***
Пушкин де, Лермонтов та «Пайғамбар» деген өлең жазған ғой.
Лермонтовтікі Пушкиндікінің логикалық жалғасы, екі өлең де бір-бірінің логикалық жалғасы екен. Талдап, талқылап отырғанда аштым. Пушкин әкеліп түйіп тастаған жерден Лермонтов өрбітіп әкетеді. Бір шығарманың екі тарауы тәріздес (ҚазМУ-дегі бүгінгі дәрісім ғой бұл). Орыс группасының балаларына қатты әсер етті. Талдауға, талқылауға жетелеп отырдым. Жақсы балалар баршылық.
***
Тәреңкий келді. Бірдеңе деуге көңілін қимайсың. Анасының жағдайы – анау, жүйкесі тозған. Әкесінің жағдайы – анау, маскүнемдіктен азып, адам бейнесінен айрылған. Күндіз-түні үйде мелшиіп отырып, тамақ соққаннан басқа шаруасы жоқ. Жай жүрсе, бірсәрі, «ақыл айтып», билік айтып, қоқаңдап,боқтап, ұрып, ішкенін ірің, жегенін желім қылуға «шеберленіп» алған.
Қазір қазақ «еркектерінің» 80 пайызы әйелдерінің арқасында күн көріп отыр. Именно – отыр. Еще ұрады, боқтайды. Базардан тауып келген азын-аулақ нәпақасын балаларының аузынан жырып алып, ішіп қояды. Еще үйіне қонақ шақырады, кісімсіп, бөсіп жүреді.
Не ұлттық намыс жоқ, не адамдық қасиет жоқ. Есек құрлы еңбек те ете алмайды. Сөйтіп жүріп, «елімізді тонап жатыр» деп күңкілдейді. Әй, көк мисыз-ау, сен пысық болсаң, басқалар сенің еліңді, сенің байлығыңды тонар ма еді?!
Әйел, бала-шағаңа масыл болып, сор болып отыр осылай, енді он жылда нең қалар екен!
***
Жылдың төрт мезгілі – Жаратқан Алланың адам пендесіне (жан-жануарға да) көрсеткен мінезі. Көктем – мейірімім саған ауды дегені, жаз – ал, еркелеп бақ дегені, күз – тым тайраңдап кеттің-ау, ескертемін деуі, қыс – қаһарыма қалма, тәубеңе кел дегені.
Бүгін Алматыға қыс бірден түсті. Кеше ғана жаз еді. Түксиіп тұр. Түнімен жауын жауған. Ызғар. Тіршілік біткен бүрісіп, жиырылып қалған. Ал Ресей Сталинград­ты қоршаған «фашистер» тәрізді, Шау­һар-Кентті жан-жағынан болат құрсаумен (танклермен) қоршап, қиратып жатыр. Өз халқымен өзі соғысқаны не сұмдық! Егер бандылармен, террорлармен қанмайданға шығу керек болса, Санкт-Петербург пен Екатеринбургтен неге бастамайды? Баскесерлердің көкелері сонда жүрген жоқ па? ОРТ ұялмай-қызармай репортаж жүргізіп тұр. У Ельцина не мирное лицо. Орыстай еңбекқор, негізі ақкөңіл елді қорлап, масқара қылып, жексұрын етіп бітті. Елінің бейнесіне мәңгілік қара таңба қалдырған жоқ па?! Өз құлқынын, өз дәрежесін, өз тағын ойлаудың да шегі болу керек қой.
Қайсыбір халықтың құрамында надандар неғұрлым көп болса (елу пайыздан асып кетсе), сол елде фашизм бас көтере бермек. Оқу, білім, әдебиет, мәдениет деген ұғымның қаратүнек жауыздыққа қарсы соғыс ашар тұсы – сол. Бірақ шіркін, ақ періштелерге (адамгершіліктің, һақ жолының ақ періштесіне) мұрша берсе ғана…
***
Темірханның «Жас Алаштағы» нақыл сөз, ақыл сөздері ұнады. Мен Темірханды мойындадым. Окончательно.
***
Қазақ деген қара шалдан асқан философ бар ма екен?! «…Жан – Құдайдың құр аты ғой, адамдар майын мінген!» дейді-ау данышпан.
***
Уа, Жаратқан ием! Домбыра жарықтықтың ерекше қасиеті (басқа аспаптардан бөлек) – оны тартқан адам өзі үшін, өзі тыңдау үшін, өзі сол домбыраға мұңын шағу үшін, өзі сол домбыраға сырын айту үшін, Жаратқан иемізге жалбарыну үшін тартады емес пе! Солай!
***
Ұлы жазушы деген сөз – топастар шығарған түсінік. Ұлы жазушы деген болмайды, шын жазушы деген болады. Ұлы деп жүргеніміздің бәрі – шын жазушы. Ұлы еместің бәрі – жете-қабыл, дүбәрә, жалған. Мәреге, көмбеге жетпей жығылған жүйрікке бәйге жоқ. Мәре, көмбе дегенім – өмірдің ұзақтығы емес, талаптың тереңдігі және де бұл тереңдік – төмен қарай кететін шыңырау тереңдік емес, көкке қарай атылған зымыран тереңдік! (Глубина высоты… Биіктік емееес!)

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір