Әкім ТАРАЗИ. ЗАМАН СИҚЫН САЯСАТ БҰЗАДЫ

Кеңес үкіметі дүниедегі ең қуатты ел еді қару-жарақ жағынан. Жұдырықтай жер шарын күлпарша қылып жіберу «қолында» еді. Бар ғалам маған қарасын, маған қарамаса, қараң қалсын деген саясатты ұстанады. Кеңес үкіметі алдына жан салмаған ел еді, өзін-өзі қорғауда. Темір тәртіп, бетон бірлік, мызғымас саясат мәңгіліктің кепіліндей еді. Қыбыр еткенді қалт жібермейтін, сыбыр еткенді селт жібермейтін. Қырық адамның басы қосылған жерде сақ құлағы тұратын, отыз адамның басы қосылған жерде көреген көзі болатын.
Темір-бетон құрсау бұзылмас деуші едім. Темір-бетон қамал құламас деуші едім. Өңім түгіл түсімде көңілімді күдік меңдеген емес. Асқақтаған кезде ауасыз қалған көрік тәрізді пыс етті де басылды, солып қалды. Жүйрік көңілден жүрдек көкдөненнің озған тұсы осы еді.
1991 жылдың бірінші қаңтарын мен ыстық түстік қияндағы Малайзия елінде, Диксон деген қалада, Үнді Мұхитының жылы суында малтып жүріп қарсы алдым. Тағдырдың тартқан сыйы еді ол бір: құмжиекке шықсаң, сіресіп, «белі қайысып» тұрған сауда сөрелері «ала ғой!», «келе ғой!», «су тегін!».
Қонақүйге келіп, теледидарды жалғадым: суық түстік қияндағы Кеңес одағы деген далиған елді көрсетіп жатыр екен. Мәскеу көшелері шақырымдарға созылған арақ өшіреті, нан өшіреті, сабын өшіреті. Тағы да сөрелер, дүкендердегі сөрелер. Қаңырап бос тұрған сөрелер… Аңтарылып, не істерін білмей тұрған кемпір-шал. Жанарында жылт еткен сәуле жоқ, жанарында – бармақ басындай мұз түйме, көз орнында – мұз түйме!
Одан он-онбес жыл бұрын болса, «біздің елімізге жала жауып жатырсыңдар» деп өре тұра келер ме едік, кім білсін. Бірақ 1986 жылдың Желтоқсаны зерделі жүректерді оятып, тұман торлаған көздердің шелін сылып тастаған кез: қонақүй бөлмесіндегі Еуразия картасына көзім түсіп кеткен – суық солтүстікте «Кеңестер Одағы» деп аталатын алып қара құс «Ортлық Азия және Қазақстан» деп аталатын балапан қырандарды бөктеріп барады екен. Қайда? Қайда?
Өмірімде ілкі мәрте дағдарыс ойға ұрындым: Қайда? Қайда кетіп барамыз? Бөктергіге қор болып… қайда ғана кетіп барамыз?
Малайзия – Қазақстанмен тағдырлас ел, он жеті миллион халқы бар, көпұлтты, негізгі тұрғындары − мәліштер 40 пайыз; діні де ала-құла: мұсылмандар, христиандар, буддашылар. Тарихы да қым-қуыт, соғыстан көз ашпаған, жапон басқыншылары, француз басқыншылары, қытай басқыншылары, 1972 жылы «өлдім-талдым», құрыдым «біттім» дегенде еркіндікке ие болған. Біз барғанда бостандық алғанына он сегіз-ақ жыл толған.
Он сегіз-ақ жыл! Тарих үшін қас-қағым сәт емес пе! Белшесінен батпаққа батқан, орман-тоғайы маса-шіркейге тұншыққан ұры-қарыға таланған аш-жалаңаш ел еңсесін қалай тез көтергеніне таңғаласың! Қалалары қандай, «далалары» қандай! Куала-Лумпурдың ғимараттары Нью-Йорк пен Сингапурге бергісіз, көк тіреген зәулім үйлер; шыбын тайып жығылатын даңғылдар, көздің жауын алатын көліктер. Ең ғажабы, қалтасы тоқ, сондықтан көңілі де тоқ, жүзінде күлкі ойнаған жайдары жұрт. Сөйлесе кетсең, екі езуін екі құлағына іле салады!
Соншалықты тез дамудың, соншалықты тез көркеюдің не сыры бар, не сиқыры бар? Мен сонда ойладым (экономист-ғалымдар келісер, келіспесе, мейлі!): соншалықты дамудың, соншалықты тез көркеюдің ең негізгі сыры да, сиқыры да бостандықта шығар деп. Ел бостандығы – ер бостандығы, жеке бастың бостандығы, еңбек тәсілінің, табыс табу тәсілінің бостандығы! Сөз аңдымай, сыбыс аңдымай, өз көлеңкесінен өзі қорықпай, өз халқына өзі жауықпай Еркіндікке табынған ел екен деп жорыдым.
Содан бері де табаны күректей сегіз жыл өтіпті-ау. Дәлірек айтсам, сегіз-ақ жыл! Сол кезде «біздің» баспасөз Малайзия басшыларының: «Азия-Тынық мұхит аймағының жеті жолбарысының бірі біз боламыз!» деген ұранына күлетін, ашуға болмайтын жерлерін ашып күлетін. Ақырында не болды! Сондағы мысқылшыл күлегештер қайда! Ал талай тағдырлы Малайзия – бүгінде Азияның жеті жолбарысының бірі!
Жарты айға созылған сол сапарда мәскеулік бір жазушы (жазушы ма, әлде… Өз басым күмән арқалап қайтқан едім…) күңіреніп күйінуден бір жалықпады:
− Бұлар бізден неге қорықпайды-ей?! Бұрын Кеңес адамдарын көргенде зәре-құты қалмаушы еді! Екі қолын жамбасына жапсырып сіресе қалушы еді («руки по швам») деген орысша тіркесті тікелей аударғаным).
Әлгі жауабы жоқ жауапсыз сөздерді күнде-күнде қайталап әбден мезі қылған соң:
− Қорқытып сыйлы болғың келсе, шағын ғана атом бомбасын қалтаңа сала келмедің бе? – деп тосқауыл қоюға тура келген.
Заман сиқын саясат бұзады. Көшелер ұранға толған сайын сөрелерді жылан жалай бермек. Егемендіктің алғашқы жылдары тағдыр мені қала шетіне «лақтырып тастады». (Оны неге жасырайын! Шын жазушы байлығын айтып шаттанбасын, керісінше, жарлылығын айтып мақтансын). Сол кездегі талондарды қалай тез ұмыттық? Өлшеулі күріш, өлшеулі қант, әсіресе отыз күнге бөлінетін 150 грамм зығыр майы! Отыз күнге бөлінетін қол басындай қара сабын! Солардың кезегінде күн ұзақ сарсылып тұрып көр. Қиналғаным рас, бірақ қорланған жоқпын. Көппен көрген ұлы той. Ескі кебістей тозып кеткен троллейбус, автобустар аялдамаға келіп тоқтап жатыр.
Жұқарған жүйкеңді езгілей түскендей жүрісін баяулатып, емексіте беретін, әдейі мазақтағандай көк түтінін бұрқ-бұрқ еткізіп оза беретін. Тарқылдап қашқан көліктің соңынан тыраңдай қуған жұрт. Әлдебір оқырманым танып қоя ма деп жалған намысты жеңе алмай кейде аңырып тұрып қаламын.
Аты дардай жазушы осындай ұсақ-түйекті неге езгілеп отыр деп мұрнын шүйіретіндер аз болмас. Түсінбесе, мейлі… Азаматты тапшылық қорлайды. «Атан түйені жер шайқаса, ешкіні аспаннан ізде» демекші, жұмысшы, шаруа қауымының ахуалын айтып жату қажет пе?! Жақсылықты да, жамандықты да «жоғарғы жақтан» күтіп үйренгенбіз, бәріміз жабылып бір басшының ғана басын «тырнайтынбыз».