«Саясат – құбылмалы, өнер – мәңгілік!»
12.06.2024
381
0

Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекет­тік сыйлығының иегері, Қазақ­станның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов – аты аңызға айналған абыз ақсақалдарымыздың бірі әрі бірегейі. Қазіргі қоғамда, өмір мен өнерде болып жатқан түрлі құбылыстар жайлы пікірін білу мақсатында сұхбат­тасуға қолқа салған едік. Болмысынан қарапайым әрі жұрты үшін қашан да алаңдап жүретін Ас-ағамыз көп ойланбай жеке офисіне келуімді қалады.

– Ассалаумағалейкум, Асанәлі аға! – дедім жұмыс кабинетінің табалдырығынан ат­тай бере. – Хал-жағдайыңыз жақсы ма?!
– Уағалейкумассалам, інім. Халіміз бірсыдырғы. Бүгіндері сексеннің жетеуіне келіп отыр екенмін. Санам – сергек, сөзім – түзу, қимылым – ширақ. Қызметімді атқарып жүріп жатырмын.

– Ас-аға, сіздің өмір жолыңыз, өнердегі бағындырған биіктеріңіз халықтың көз алдында. Сұхбатымызда бұған тоқталмасақ та болатын шығар деп ойлаймын…
– Жалпы, бүгінге дейін мен жайлы айтылмаған сөз қалмаған сыңайлы. Қаншама мақала жазылып, сұхбат берілді. Өзім жазған, өзгелер дайындаған кітаптарда да менің өмірім мен өнердегі жолым толықтай қамтылған. Керек қылған адам мен жайлы мәлімет­ті әлемжеліден де тауып алады.
«Қазақ әдебиеті» деген газет халқы­мыз­дың жақұт қазынасының біреуі ғой. Баяғыда газет редакторлары Оралхан, Шерхандармен араластығымыз жақсы еді.

– Биыл қазақтың біртуар сықақшысы, ақын-жазушы әрі қоғам қайраткері Оспанхан Әубәкіровтің мерейтойы ел көлемінде аталып өтуде. Ос-ағаңның сізбен бірге оқып, актерлік мамандықты меңгергенін, бірігіп газет шығарғандарыңыз көпке мәлім. Әңгіме басында Оспанхан жайлы естелік айта кетсеңіз жөн болар еді…
– Оспанханмен бір курста, бір топта оқыдық. Сол кез­де консерваторияда шығып тұратын «Актер» деп аталатын қабырға газеті бізді тіптен жақындастырып жіберген. Ұзындығы жеті-сегіз құлаш болатын сол газет­тің редакторы мен болсам, Оспанхан – орынбасарым. Мен суретін салсам, ол эпиграммалар жазып, сатиралық шумақтар, шарждар қосып, қызықты етіп шығаратынбыз. Оспанхан кейіпкерлерінің атақ-мансабына, дәрежесіне қарамай өткір жазып тастайтын. Оны студент­тер ғана емес, оқытушы-профессорларымыз да үймелеп тұрып оқып жататын. Сол газет Оспанханның сатирик болып қалыптасуына түрткі болды деп ойлаймын. Мен түрлі оқиғалар айтып, қалжыңмен қағытып оны күлдіруге тырысамын. Оспанхан тыңдап алады да сол айт­қанымның желісімен эпиграмма, шарждар тудыра салушы еді.
Оны өзі де мойындап, кейіннен шыққан бір кітабына: «Менің сатирик болып, жазушылық жолға түскенім – сенің әзіл-қалжыңдарыңның жемісі!» – деп қолтаңба жазғаны бар.
Ұстазымыз Асқар Тоқпанов оған: «Сенен актер шықпайды…» – деуші еді жарықтық. Дегенмен, ол актерлык факультет­ті жақсы оқып бітірді. Дипломдық жұмысында «Қозы-Көрпештегі» Жантықтың бейнесін сомдады. Кейіпкерін тамаша шығарып, бес деген баға алғаны бар. Әлгі жұрт аузында жүрген:
Ойнаймын деп Жантықты,
Қалмады ғой жан тіпті.
Оспан әртіс болмайд деп,
Кейбіреулер тантыпты… – деген өлең жолы сол кез­дері шыққан.
Алайда содан кейінгі таңдауы қалам болды және қайталанбас шығармаларымен халықтың ықыласына бөленген бірегей сатирашы болғаны анық.
Сол сияқты, қарымды қаламгер Сайын Мұратбеков те бізбен бірге актерлік факультет­те білім алды. Алайда ол аяғына дейін оқымай, бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университетке ауысып кеткен. Пәтерде бірге тұрдық. Сол кез­дері-ақ қолы қалт еткенде отыра қалып, бірдеңелерді шимайлап жазып жататын. «Менің қарындасым» деп аталатын алғашқы әңгімесі көз алдымызда дүниеге келді десем болады. Жаны – жайсаң, мінезі – жомарт, кіршіксіз таза жігіт­тер еді ғой.
Есболған Жайсаңбаев бірге қызмет жасаған, тіршілікте сыйласқан досым еді. Екі-үш жас кішілігі бар. Кей-кейде үлкендігімді пайдаланып дүкенге жұмсап жіберетін едім. Ол өзі комедиялық рөлдерге бейім актер еді ғой. Сахнада балалардың бейнесін керемет келтіретін, «Еңлік-Кебектегі» Жапалды сомдағанда көрермен тамсана қол соғатын еді. Ал тірлікте жаны таза, адал азамат болып өт­ті. Сол үшін де оны қат­ты құрмет­теу­ші едім. Соңғы рет Якутияға барып, «Ақ бақсы» («Белый шаман») фильмінде бас кейіпкерді ойнады. Сол жақтан ағзасы дертке шалдығып, көп ұзамай көз жұмды ғой. Мен оның Қапал жерінде өткен мерейтойына арнайы барып, Есболған Жайсаңбаев атындағы мектепке ескерткішін жасатып, орнат­тым. Бұл да болса әріптес-досымның алдындағы бір парызымның өтеуі болса керек.
Тағы да Қазақ­станның халық әртісі, семейлік Бекен Имаханов деген азамат болды. Жігіт­тің сарбазы еді марқұм. Жалпы, сол кез­дегі заманның өзі солай болды ма, әйтеуір сайдың тасындай ірі тұлғалар еді ғой шетінен. Сол менің бақытым деп ойлаймын. Жан-жағымның бәрі кілең жақсылар еді. Мықты актер болуыма, таза жүруіме, жалғандыққа бой алдырмауыма, азамат болып қалыптасуыма да солардың тигізген әсері аз болған жоқ. Адамды орта тәрбиелейді деген тегінде рас болса керек. Жанымдағы жігіт­терге қарап бой түзедім десем артық емес. Ақын-жазушылармен де жақсы қатынаста болдық. Сонау Әбдіжәміл Нұрпейісовпен, Зейнолла Қабдоловпен, кейіннен Қадыр Мырза Әлімен, Тұманбай Молдағалиевпен, әлгінде айт­қан Оспанхан, Сайын, Шоналармен сыйлас, сырлас болғанымыз рас.

– Сіз өнер адамдарымен де, қаламгерлермен де көп араластыңыз. Екеуі де – шығармашылық тұлғалар, өнер адамдары. Дегенмен, араларында қандай айырмашылық байқадыңыз? Қаламгер мен сахнагер екеуі несімен ерекшеленеді?
– Актерлік мамандық ұжымдық еңбекті қажет етеді. Сахнада бас-аяғы бүтін, біртұтас дүние көрсету үшін ұжымдаса еңбек ету аса маңызды. Сондықтан олар бір-бірімен бірігіп-кірігіп түсінісе әрекет етуге мәжбүр. Осы себепті актерлердің арасында алауыздық, араздық бола бермейді. Актердің жұмысы нәтижелі болу үшін алдымен айналасындағы адамдармен жақсы қарым-қатынаста болуы керек. Бұл достық, жолдастық қарым-қатынас қалыптастыруға жетелейді. Ал жазушылық – тұлғаның жеке еңбегінің нәтижесі. Не жазса да өзінің қарым-қабілеті мен білім-білігінің деңгейінде жаңа дүниелер туғызады. Осыдан ба екен араларында бақталастық, бірін-бірі мойындамау белең алып тұрады. Сәкен Жүнісов деген жазушымен жақсы араластым. Мінезді, сөзі де, қимылы да шапшаң адам еді ғой. «Мен – қазақтың бірінші қаламгерімін!» дегенді жиі айтатын. «Сен неге кітап оқымайсың?» – деп сұрасам,– «Оқып қайтемін, өзім жазамын ғой!» – деуші еді жарықтық.

– Жолдастық, достық жайлы айтып қалдыңыз. Жалпы осы ұғымдар жайлы тарқатып айтып өтсеңіз? Досыңыз көп пе?
– Дос еш уақыт­та көп болмайды. Қазір қатарым азайған кез­де нағыз дос деген тіпті қалмағандай. Ал жолдас деген құдайға шүкір, баршылық. Менен кейінгі буын «аға» деп сыйлап тұрады. Қазір театрға немерелеріммен қатар балалар келіп жатыр ғой, құрмет-қошемет­терінен жаңылған емес. Залға кіріп келгенде орындарынан тұрып, ізет­тілік танытады. Онысына алғыстан басқа айтарым жоқ!

– Өткен дүниені айта бермейік дегенімізбен, сіз жайлы айт­қанда біздің ойымызға ең алдымен «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры» және «Транссібір экспресі» фильмдері оралады. Қаншама рет қайталап қойса да көре бергіміз келіп тұрады…
– Бұл үшеуі – менің трилогиям. Елдің тарихы, адамдардың тағдыры жайлы түсірілген бұл дүниелер ешқашан ескірмейді деп ойлаймын. Ол туындыларды әлем мойындады десем артық айт­қандық емес. Францияда көрсетілгенде ондағы кино сыншылары: «Бұл XIХ ғасырда болған оқиғалар жайында түсірілген кино болса, мұндай мәдениеті болған елдің қазір қалай өскені белгілі болып тұрған жоқ па?» – дегені есімде.

– Қазір осы деңгейде түсірілген фильмдер бар ма?
– Өздерің қалай ойлайсыңдар?! Қазір маған жаңадан шығып жатқан кинолардың ұнауы қиын. Біздің кезіміздегі киноның беталысы, трактовкасы, образ жасауы, туындының мазмұны мен мәнін түсіну мүлдем бөлек еді ғой. Ойыңды ашық айтуға болмайтын жағдайда оны астарлап жеткізуге мәжбүр болатынбыз. Соның өзіне қаншама шеберлік керек екенін ойлай беріңіздер. Адам болғаннан кейін ас ішетініміз белгілі. Алайда оны экранға шығарудың не қажеті бар. Ас ішу көріністерін өнер дәрежесіне шығаруды доғару керек.
Кез келген кинода түсірілген материалдардың 30 пайызы ғана пайдаланылады. Монтаж жасалғанда артық дүниелері алынып тасталуы керек. Ол – кино түсірудің шарты. Бұл жерде артық әңгіме болмағаны жөн.

– Асанәлі аға, сіздің өнерге келген шағыңызда, атақ-абыройыңыз асқақтап тұрған кез­де қазақы ортада аузы дуалы, айт­қандары жалпы елдің бағытын айқындайтын ақсақалдар болушы еді. Қазір сондай тұлғалар қалды ма?
– Кешегі өткен уақыт қазақ елінің «алтын ғасыры» болды деп топшылаймын. Олардың уақыты баяғы Ахаң – Ахмет Байтұрсынов бастаған, оның бер жағында Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, біздің Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Ыдырыс Ноғайбаевтар шын мәніндегі ұлтқа тұлға боларлық жандар еді ғой. Сол ірілердің соңы сиырқұймышақталып, ұсақталып бара жатқандай әсерде болатыным бар.
Олардың арасындағы жақсы мағынасындағы бәсекелестік әрқайсысының тұлға болып қалыптасуына, кәсіби өсуіне ықпал етпеді деп кім айта алады?! Адамдар айналасындағылардың деңгейіне қарап алға ұмтылады, бұл жерде шығармашылық жарыстың болуы заңдылық. Өткен ғасырда әлемдік классика деңгейінде дүниеге келген шығармалар осы бәсекелестіктің нәтижесі деуге негіз бар.
Драматургияда бір рөлді екі адамға береді. Қайсысы кейіпкерді жақсы сомдаса, сахнаға сол шығады. Өнерде өлермендік болмайынша, өсу де жоқ. Тек, бұл қызғанышқа айналмауы керек. Қазір кейбір танымал тұлғаларымыз тіріні былай қойып, өлгендерге ауыз сала бастады. Әрине, адам болғаннан кейін кемшіліксіз болмайды емес пе. Оны қазбалай берсең жақсылыққа апармайтыны анық. Кімді меңзеп отырғанымды оқырман өздері де түсініп отырған шығар. Ауыз өзімдікі екен деп ойыңа келгенді айта берсең не болушы еді?! Ал ол айтушы ұлтқа белгілі, аузы дуалы жан болса ше?! Халықты шатас­тырып, жақсы мен жаманды қойыртпақтаудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
Мысалы, қызмет­тен кеткен кез­де мінетін көлігі де болмаған Дінмұхамед Қонаевты сынаушылар шығып жүр. Ресейдің колониясы дәрежесінде күн кешкен Қазақ­станның орталықтың саясатына қарсы шығуға қауқары болды ма. Сөйте жүріп еліміз үшін қаншама игілікті істер тындырды. Өзгесін былай қойғанда, әлгінде айт­қан «Қыз Жібек» фильмін түсіруге рұқсат алу оңай болмағаны белгілі. Айтматов пен Қонаевтың тікелей араласуымен, солардың абырой-беделінің арқасында бұл мүмкін болды. «Атаманның ақыры» фильмі – Димекеңнін тапсырысы бо­йынша түсірілген дүние. Әйтпесе «Қыз Жібекті», «Абайды» қырғыздар түсірмекші болғанын білеміз.
Ал әлгіндегі сұрағыңа келетін болсақ, ұзақ ойлануға тура келеді. Жалпы жұртшылық сөзін ақиқат­тың соңғы деңгейі ретінде қабылдайтын қарияны көре алмай тұрмын-ау. Үлкенде ақсақалдық қасиет, кішіде үлкенге деген құрмет қалмай бара жатқандай…
Ыбырай Жақаев деген қария арқасына қапты арқалап егінжайды аралай жүріп, күріштің басы үлкендерін қолымен жинап алады екен. Келесі жылы соны егіп, мол өнім алудың негізін қалаған ғой. Ол оқымаған академик десе болғандай. Сол сияқты Кеңес үкіметі қазақтың оқыған, зиялы адамдарының түбіне жет­ті. Адамдардың ұсағы ғана қалып, ұрпақ майдаланды. Дегенмен, ұлтымыздың негізінде бар тектілік таусылып бітпеген сияқты. Міне, елімізді алдыға сүйрейтін де солар болмақ.
Ұлт болып, мемлекет болып қалыптасуымыз үшін бізге мінез бен намыс керек. Тіліміз бен салт-дәстүрімізді құрмет­теуге міндет­тіміз. Ал өз ана тілінде сөйлегенді мәдениетсіздік деп түсінетін жастармен қай қиырға баратынымыз түсініксіз. Ағылшын тілін бір-екі айдың ішінде меңгеріп алғандар, ана тілін жылдап үйрен алмайды дегенге кім сенеді. Мені осы жай қат­ты алаңдатады.

– Мінез туралы айтып қалдыңыз. Жалпы, қай мамандық болсын, қарапайым тірлікте де адам табысқа жетуі үшін мінез керек деп жатады. Осы пікірмен келісесіз бе?
– Ол рас. Егер Бауыржанда мінез болмаса одан батыр шықпайтын еді. Оны «ақылды тентек» деп атайды. Жалпы талант­ты адамдар мінезді келеді. Жұмыс барысында, рөлдерді дайындағанда өзімнің көзқарасымды, ұстанымымды дәлелдеуге тырысамын. Актер деген режиссердің құлы болмауы керек. Ол – әріптес, деңгейлес болғаны жөн. Міне, сонда ғана ақиқат айқындалады.
– Кейбір адамдар әлдебір нәтижеге қол жеткізсе депутат болғысы келіп тұратыны бар. Сіз саясатпен неге айналыспадыңыз?
– Мен өз айтарымды сахнада айтып келе жатқан жанмын. Мысалы, жерді сату туралы мәселе көтерілгенде сценарийде жоқ болса да кейіпкерімнің аузына «Жер – ата-бабамыздың бізге тастап кеткен мұрасы, ол сатылмасын!» деген сөзді салдым. Көрермен бұл ойымды анық түсінді деп ойлаймын.
Әнебір жылдары Ассамблея тарапынан төлқұжатымызға ұлт­ты көрсетпей, «қазақ­стандық» деп жазайық деген бастама көтерілгенін білесіңдер. Соны қолдап қол қойыңызшы деген топ маған да келген. Оларға: «Мен бұған қарсымын. Менің балам да қарсы. Егер бұл әрекет­теріңді тоқтатпасаңдар алаңға шығып, аштық жариялаймын!» – деп тойтарыс бергенім есімде.
Сонау желтоқсан көтерілісі кезінде Мәскеуде іссапарда болып, оқиға біткенше ұшағымызды ұшырмай қойған болатын. 22-желтоқсанда қайтып оралсам, «алаңға шыққан маскүнемдер мен нашақорлар» деген мәтіндегі айыптауды менің, Ермек Серкебаев пен Ғафу Қа­йырбеков сияқты белгілі, беделді бас-алты адамның қолын қойып, орталық басылымға жариялап жіберіпті. Осы жаладан өзімізді арашалап алу оңайға түскен жоқ. Әлі күнге дейін осыны бетімізге басатындар табылып жатады.
Саясат деген кір дүние екенін ұлылар бұрыннан айтып кеткен. Иә, мен сахнада талай саясаткердің бейнесін сомдадым. Жақсысы мен жаманын көрерменге көрсетуге тырыстым. Ал өзім өмірде таза қалпымда қалғанды артық көремін. Саясат деген – құбылмалы, өнер болса – мәңгілік.

– Сізге кино мен театрдың қайсысы жақын, бағалы?
– Екеуі де. Дегенмен театр деген актер шеберлігін шыңдайтын зертхана десе болғандай. Кинода бүгін бір эпизодты, ертең өзгесін түсірсең, театрда көрерменнің алдында бүтін дүниені көрсетіп шығуың қажет. Егер ойыныңда фальш болса, залда отырғандар бірден сезеді. Сондықтан шеберлігіңді шыңдау үшін театрдың алар орны ерекше екені айдан анық.

– Қазіргі теледидардан көрсетіліп жүрген сериалдар туралы не айтасыз? Орысша, қазақшаны араластырып немесе толықтай орысша түсіріліп жүрген фильмдер кімнің мүддесін қорғап отыр? Мемлекетіміздің тілін, мәдениетін, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын аяқ асты ететін дүбәра дүниелерге тоқтау салатын кім болуы керек?
– Осындай жағдайдың орын алып отырғаны рас. Мен ондай киноларға түспеймін де, қарамаймын. Әрине, мен әріптестерім туралы артық сөз айт­қым келмейді. Дегенмен, кез­дескен кез­де ескертіп те жүремін. Бұл мәселені мемлекет­тік тұрғыда шешетін уақыт келген сияқты. Маған салса, қазақтың қаражатына өзге тілді насихат­тайтын киноларды түсіруді доғару керек. Өз ақшалары болса мейлі дейміз ғой. Алайда тілімізді, салтымызды қалпына келтіре алмай жатқанда мемлекет­тің қаражатын жауапсыз жұмсау менің де көңіліме қонатын емес. Кемшіліктер көп қой. Басқа не айтайын…

– Өмірде қиындық көрдіңіз бе?
– Біз – соғыстан кейінгі ұрпақтың өкілдеріміз. Бала кезімізден еңбекке араласып, шаруашылықтың жұмысымен шынығып өстік. Оны басымызға түскен ауыртпалық деп қабылдамағанымыз анық. «Көппен көрген ұлы той» деп түсіндік. Өнер саласында туындап жататын түсініспеушіліктер мен қайшылықтар қалыпты жағдай. Оны еңсере білу азамат­тығыңа байлансты. Бүгінгі биігімнен қарағанда сол қиындықтарды жеңе білдім-ау деп ойлаймын!

– Сіздіңше бақыт деген не?
– Бақыт деген – отбасың, сосын халыққа жасаған қызметің деп ойлаймын. Егер отбасың дұрыс, жұмысың көңіліңе жағатын болса, жанның рахаты сол емес пе. Менің өмір мен өнерде табыстарға жетуіме тұңғыш жұбайым Майраның үлесі көп болғаны анық. Үйге қонақ ретінде ғана келіп, кететінмін. Алаңсыз еңбек етуіме толықтай жағдай туғызып қойды. Анам 43 жасында Алматыға менің қолыма келіп, тағы 43 жыл жасап, 86 жасында дүниеден өт­ті. Оның да бар шаруасы Майраның мойнында болатын. Немерелеріне қарауға, қазақы тәрбие алуға анам ықпал еткен еді. Сол жарымның, екі перзентімнің мезгілсіз қазасы менің басымдағы үлкен трагедия болғаны анық. Одан артық қиындық болады деп ойламаймын.
Сол бір тебіреністі жылдары екі балама арнап «Жан бөлек» деген романымды, кейіннен жұбайыма арналған «Майраның әні» деген естелік кітабым жарық көрді. Оны да жазайын демеп едім. Көңілімдегі ойларды Майрамен сөйлесіп отырып қағаз бетіне түсіре бергенмін. Кейін Ақселеуге берген едім, ол: «Мынау – дайын кітап қой, мұны шығару керек!» – деп өзі қолына алды. Мұхтар Құл-Мұхаммед қамқорлық жасап, баспасынан кітап етіп шығарды.
Бүгіндері күнделікті қойып, естеліктер жазып жүрмін. Оның өзі – үш томға жүк боларлық дүние. Тағы бір кітабым министрліктің құзырында жатыр. Бұ­йыртса жақын арада қолдарыңа тиіп қалар. Қалғанын қолжазба күйінде қалдырмақшымын. Бұларды әзірге кітап етіп шығармаймын. Себебі, мұнда билік хақында, оқиғалар мен жекелеген адамдар жайлы ой-пікірлерім бүкпесіз жазылған. Оны қажетсінсеңдер мен кеткеннен кейін көре жатарсыздар.

– Бүгінде немен айналысып жүрсіз?
– Мұхтар Әуезов атындағы театрда көркемдік жетекші қызметіндемін. Жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, жаңа спектакльдерді қабылдау – негізгі жұмысымыз. Кез келген театрда ұжымның барлық мүшелерін соңынан ертіп, биіктерге жетелеп жүретін дара дарын иелері болады. Сондай жандардың бір-екеуі болса, театрдың бағы жанғаны.

– Ел-жұртыңызға не айтасыз, Асанәлі аға?
– Ел іргесі бүтін, ынтымақ-берекесі мол болсын деймін. Мәдениет, әдебиет, ғылым өспей мемлекет өркендемейді. Біздің Үкімет ең алдымен осы салалардың дамуына көңіл бөлуі керек. Қазіргі базарлармен баратын жеріміз белгілі. Ғылым академиясын, театрларды жап­қандары дамуымызды кешеуілдеткені анық. Алдағы уақыт­та осындай қателіктерге бой алдырмаған жөн.
– Уақыт бөлгеніңізге рақмет!

Сұхбат­тасқан
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір