Дулат ИСАБЕК. ӘДЕБИЕТТІҢ АЛТЫН КЕЗЕҢІ ӘКІМ ЕСІМІМЕН ДЕ БАЙЛАНЫСТЫ
Әкім Тарази. Бұл есім қазақ әдебиетінде 60-жылдары кеңінен таныла бастады. Сол жылдары әдебиетке бір топ жас жігіт келді. Қалихан Ысқақ, Рамазан Тоқтаров, Бек Тоғысбаев, Әкім Тарази… Жай келген жоқ, шаңдатып келді! Әбіш те бар, бірақ ол бұл топқа қосыла қоймады, жеке жүрді. Бұлардың алдында біздің классикалық әдебиетіміздің өкілдері – Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шаймерденовтер бар еді. Бұл топтағы жігіттер олардан өзгеше жаза бастады. Форманың жаңалығы, баяндау стилінің өзгешелігі, образдардың нақтылығы мен көркемдік бейнелердің шеберлікпен ашылуы тұрғысынан, әсіресе Қалихан, Сайын және Әкімнің шығармалары көп сөз болып жатты.

1967 жылы әскерде жүрген кезімде Мәмбет Бестібаев деген қайынағам хат жазыпты. Хатында: «Өзіңнен 5-6 жас ғана үлкен Әкім Таразидың Әуезов театрында шығармасы сахналанды. Біз бәріміз көріп келдік. Тамаша! Сен де солардан қалыспауың керек», – депті. Мені қайрағаны ғой. Ал мен 24-25 жаста ғанамын. Ол кезде Әуезов театрында пьесаңның қойылуы аспаннан метеорит түскендей жаңалық болатын. Содан, әскерден келген соң мен де театрдан «Күлмейтін комедиясын» тамашаладым. Одан бөлек, ең басты шығармасы «Жолы болғыш жігітті» де сол кезде жазды. Ал «Күлмейтін комедиясы» бірден Одақ көлемінде танылып кетті. Одақта ол кезде 350 миллион халық болатын. Сол 350 миллион халыққа арналған «Театр журналына» пьеса «Асау бөкен» деген атпен жарияланды. Бұл үлкен оқиға болды және Әкім Таразидың аты Одақ көлемінде кеңінен танылды.

Камал Смайылов киноны басқарып тұрғанда Әкім Тарази Кинемотографистер одағының бірінші хатшысы еді. Қалтай Мұхамеджанов комитеттің бас редакторы, Әбіш Кекілбаев Қазақ киностудиясының бас редакторы, Телман Жанұзақов редакторы болатын. Осы сияқты елге белгілі тұлғалар киноның төңірегінде жүрді. Бұл қазақ киносының сан жағынан да, сапа жағынан да өсіп, көркемдік дәрежесінің көтерілуіне ықпал етті. Сол кезде қазақ киносының Алтын қорына кірген «Қыз Жібек», «Гауһар тас», «Менің атым Қожа» сынды атышулы фильмдер түсірілді. Мен әдебиеттің де, драматургияның да алтын кезеңі сол тұс деп ойлаймын.
Қазақта «Бес тапал» аталған бес жазушы болды. Олар – Әкім Тарази, Қалихан Ысқақов, Сайын Мұратбеков, Рамазан Тоқтаров және Бек Тоғысбаев. Бірақ Бек Тоғысбаев бұл топпен соншалықты белсенді араласа қоймады, «Бес тапалдың» ішінде аты ғана болды. Сол бес тапалдың бірі – Әкім Тарази. Әкім болғаннан кейін мен ол кісіні «Әке» деймін. Менің атым Дулат болған соң, мені «Баба» дейді. Руы – Дулат қой. Сөйтіп, екеуміздің арамызда осындай псевдоним қалыптасып калған.
Жазушылар көбінде өз заманының рухына лайықты шығармалар жазады. Ал қай заманда болса да оқылатын шығарма жазған қаламгерді жазушының жазушысы десе болады. Әкімнің «Тасжарған», «Жолы болғыш жігіт», «Бұлтқа салған ұясын» шығармаларын әлі оқырмандарын жоғалтпаған дүниелер деп есептеймін.