ПАРАСАТ ЖАҒАЛАУЫ
Адам деген бала кезінде көрген-білгенін өмір бойы ұмытпайды ғой. Бір күні Амангелді деп аталатын ауылымның батыс жақ шетіндегі клубтан «Арман-атаман» деген киноны көрдім. О кезде фильмнің атын ғана білеміз. Ал сценарийін кім жазды, режиссері кім, тіпті актерлерінде де шаруамыз жоқ. Ең бастысы, кино қызық болса, болғаны.
«Қызық» туралы түсінігіміз де – «қызық». Соғыс, атыс-шабыс, ұрлық-қарлық, сосын… күлкілі нәрселер, біз – балалар үшін «нағыз қызықтың» өзі болатын. Содан ба, көбіне DEFA (ГДР) киностудясының үндістер жайлы фильмдерін көргіміз келіп тұратын. Бірақ сол күні киномеханик көкеміз Келдібек «Арман-атаман» деген киноны (сценарийдің авторы Әкім Тарази, режиссері Шәріп Бейсембаев екенін, ал рөлдерде Архимед Ысқақов, Мұхтар Ішмұхамедов, Мұрат Әбусейітов, Сапар Базарбаев, Мұхтар Бақтыгереев, Кәукен Кенжетаев, Бикен Римова, Лидия Ашраповалар ойнағанын кейін білдім. Киноны «Қазақфильм» киностудиясы түсіріпті) көрсетті. Шыны керек, сол жылдары қазақ балалары туралы тамаша кинолар экранға бірінен кейін бірі шығып жатты. 1963 жылы «Менің атым Қожа» дүниеге келсе, сол фильмнің ізін суытпай, 1967 жылы экранға жолдама алған кинокартина Әкім ағаның «Арман-атаманы» еді.
Одан бері қаншама жыл өтті. Көбісін ұмытыппын. Есімде қалғаны – Арман мен Теміртон деген балалардың есімі. Киномның «қызығы» мұнымен бітпейді, «қызықтың» көкесі қолыма «Арман-атаман» деген кітап түскенде болды. Балалар туралы кітапты керемет жақсы көретінмін, бас алмай оқып шықтым. Мұқабасына үңілсем, Әкім ағамның аты-жөні тұр. Міне, менің жазушы ағаммен алғашқы таныстығым осылай басталған.

***
Тура күні кешегідей есімде, Жамбыл облыстық «Еңбек туы» (қазіргі аты – «Ақ жол») газетінде тілші боп жүрген кезім болатын. Бір күні түскі астан соң тамақ басып, демалайын деп редакцияның алдындағы фонтанға бардым. О кезде күндердің күнінде «субұрқақ» деген сөздің пайда болатынын ойламақ тұрмақ, түсімде де көрмеппін. Барсам, бір орындықта аспанға атқылаған суға қарап Әкім аға отыр. Ағаның повестері мен әңгімелері газет, журналдарға басылған сайын қасына ақ водолазка киіп түскен суреті жарияланатын. Содан танып алғам ғой, қасына имене басып бардым да, «Ассалаумағалейкүм» деп қос қолдап сәлем бердім.
Әкім ағаның бір нүктеге басын бір жағына қисайтыңқырай қарап, ойланып отыратын әдеті бар екен. Алматыдан келген атақты жазушыға бірінші рет сәлем беруім. Құр сәлемдесе салмай, баяғыдағы бала көңілімде қалып кеткен «Арман-атаман» туралы айтқым келді.
– Аға, сіздің «Арман-атаманыңыз» маған қатты ұнады.
Бетіме байыппен бір қарап алды.
– Рақмет, қайда жұмыс істейсің?
– Мына, «Еңбек туы» газетінде, – Желке тұсымдағы газет редакциясының ғимаратын көрсеттім, – тілшімін.
– Ә, жақсы екен. Үлкен журналист, жазушы бол, айналайын!
Сосын жымиды. Мен өзімнің балалар туралы кітаптарды жақсы көретінімді айтып жатқам бұ кезде.
Кейін білдім, ағамыз облысқа шығармашылық іссапармен келіп, басқа да шараулары болуы керек, облыстық газет редакциясының дәл қасындағы «Жамбыл» қонақүйіне аялдапты. Бұл, шамамен, 1987 жыл-ау.
***
Бір күні редакциядағы басшымыздың бірі Бақтияр Әбілдаев ағамыз:
– Жігіттер, Әкім ағаларыңның бір жақын ағайыны қайтыс болыпты. Барып көңіл айтайық. Қаза болған жерде жастардың қол күшінің көмегі де керек, оны да ұмытпаңдар, – деді.
Шағын аудандардың бірі екен, біз барған кезде аулаға киіз үй тігіліп, мәйітті содан шығару туралы сөз боп жатты. Ақ сәлделі молда да жүр. Бір жігіт әңгіме үстінде мәйіттен қорқатынын айтып қалып еді, Әкім аға:
– Жігіттер, өлген адамдардан қорықпаңдар, олар сендерге ештеңе істемейді. Қорықсаңдар, тірі адамдардан қорқыңдар, – деді байсалды қалпымен.
Әкім ағаның осы сөзі есімде мәңгіге қалып қойды. Сосын жұмыс істеп жүрген жігіттерді көтермелеп: «Ой, сайдың тасындай екен бәрі де!» – деп жігерлендіріп отыратын әдетін де байқап қалдым.
***
Әкім ағама Шерағаның сексен жылдық мерейтойына келгенде тағы да сәлем бердім. Сахнаға көтерілген ағаның сөзін аузынан шыққанын-шыққанша түртіп алу үшін, қағаз-қаламымды дайындап, құлағымды да түріп отырдым. Әкім аға сонда сахна төрінде тұрып Шерағаң туралы бүй деді:
– Тоқсаныншы жылдардың соңын ала АҚШ-қа жолымыз түсті. Нью-Йорктің көкке ұмсынған зәулім ғимараттарының бірі – Эмпайр-Стейт-Билдингтің (мұнараның атын орыс тілінде «Дом Имперского Штата» деп аударуға болады дейді) ұшар басына шығарды. Сол зау биіктен төмен қараған мен төмендегі адамдардың жүрісін тырбаңдап бара жатқан тасбақаларға ұқсатып, бұл «қызықты» Шерхан ағам Мұртаза да көрсін деген оймен:
– Шераға, мына жерге келіп төмен қараңызшы, көшенің шетіндегі жолмен кетіп бара жатқан адамдар тасбақалардан айнымай қалады екен, – деп қасыма шақырдым.
Төмен қарау үшін Эмпайр-Стейт-Билдингтей тәкәппардың биігіндегі алаңның шетіне жақындау керек. Мұндай тәуекелді көңілі хош көрмеген және АҚШ штаттарындағы бірімен-бірі таласқан неше түрлі ғимараттарыңнан да асқақ Тәңіртауды ғана мойындайтын Шерағам сонда:
– Әй, Әкім, көрсең, өзің көре бер, мен пенделердің тасбақа сияқты тырбаңдап жүргенін көргім келмейді. Мен адамдардың кеудесін керіп, өр мінезімен оқшауланып, әрқашан қасқайып, тік жүргенін көргім келеді, – деп әдемі қалжыңымен бірге өзінің өмірлік ұстанымын да білдіргендей болды.
Сонда… сахнадағы сөз сөйлеп тұрған жазушыға қарап отырып Шерағаң туралы ақиқатты ішіне бүкпей, халқына шын пейілімен жеткізген Әкім ағам да ер екен деп ойлап едім. Басқалар болса, мұндай мадаққа сараң ғой.
Сосын..
– Мен Шерхан Мұртазадан бір жас кіші болсам да үнемі «Шераға» деп құрмет тұтамын. Шераға алдымда мұз жарғыш кемедей өмірдің дауылына қасқайып қарсы жүрсе, мен кішкентай қайықтай ылғи сол кеменің ығында жүремін, – деуі де азаматтық үлкен сөз болды. Асқар шыңдай ағасына деген ол сөзден Әкім аға биіктей түспесе, кішірейіп қалған жоқ, әрине.
***
Әкім ағаны соңғы рет Алматыдағы Орталық мемлекеттік архивтен кездестірдім. Өзін емес, сөзін. Асыл ағаның бұл кезде тоқсанға келген кезі.
Көктен іздегенім жерден табылғандай сөзге қуанып, құныға үңілдім. Тақырыбын «Соңғы соққы» – алғашқы қарлығаш» деп қойыпты. Құжаттар ішінде оның «Социалистік Қазақстан» газетіне жарияланған қиындысы да жүр. Машинкаға терілгені де сақталыпты. Детектив жанрының шебері Кемел ағаның өмірі мен шығармашылығы туралы ізденіп жүрген адамға бұдан артық қандай олжа керек.
Әкім аға сөзін: «Іргесін кеңге жайған үлкен әдебиеттің барлық жанрлары бірге дамып, қаз-қатар толыса түсетіні анық. Біздің назарымызға іліккен «Соңғы соққы» романы қазіргі қазақ әдебиетінің ауқымы кеңейе түскенінің тағы бір айғағы. Өйткені ол – әдебиетімізде кенжелеу дамып келе жатқан детектив жанрында жазылған алғашқы роман.
«Соңғы соққы» – тарихи детектив. Онда сонау дүрбелең кезеңнің шытырман оқиғаға толы бедерлі суреттері бар. Жазушы Кемел Тоқаев бұдан бұрын да осы жанрда еңбек етіп жүрген қаламгер. Сондықтан да оның өзінің алғашқы романының сюжеттік желісіне советтік Жетісу жеріне қауіп төндірген Дутов бандаларын жою тарихының күрделі оқиғасын алуы да жазушы творчествосының жаңа сатыға көтерілгенінен хабар береді» деп бастапты.
Тұшына, тамсана оқып шықтым. Әкім аға ары қарай: «Жазушы, ең әуелі, сол дәуірдің шындығын көрсетуге мұқият қараған. Ауыл мен станица, қала мен дала, оларды жайлаған адамдар – бәрі-бәрі де ешбір әсірелеусіз қаз-қалпында көрсетілген. Қолдан бағы тайса да қарсыласып қалуға даяр бай-кулактар, Совет өкіметіне қарсы жанкешті күрес ашып жүрген Дутов әскері, әлдеқалай болады деп екі жаққа бірдей жағынып жүрген саудагерлер – бұлар таразының бір басы да, екінші жағында – революция жауларына қарсы күресте әбден шыңдалған Қасымхан, Давыдов сияқты Жаркент уезінің басшылары, олардың сенімді серіктері Махмуд, Мұқай, Жүсіп, Ахметтер, сонан соң өз өкіметі үшін жанын пида етуге даяр ел қазақтары мен станица орыстары. Бұлардың сыртында басқаға пәле іздемей, өз жайын өзі күйттеп жатқан момын ел тағы бар. К.Тоқаев романында оқиға да, сол оқиғаларға қатысар кейіпкерлер де қыруар. Бірақ роман жүзінде суреттелетін әрбір оқиға Дутовтан кек алар сәтке өтер өткел сияқты болып көрінеді», – дейді.
Есіме бірі аға, бірі іні болып, достығы мен әзіл-қалжыңы жарасқан екі қаламгер Кемел Тоқаев пен Әкім Тарази келді. Әкім ағаның Кемең кітабына жазған рецензиясынан бөлек, «Қарт Қожақ» атты досы туралы жазған естелігі де оралды. «Кемел аға Тоқаевпен біз үнсіз табыстық. «Сарғабанда болған оқиға» хикаясын оқыдым. Ұнаттым. Ұнатып қана қойғам жоқ, таңғалдым. Шытырман оқиғалы шымыр шығарма екен. Шыжғырған май жұтқандай жүректі айнытатын трафареттен мезі боп жүрген кезім. Қарапайым да көркем тілі жуас өзеннің ағысындай алысқа қарай, ой, пікір, парасат жағалауына қарай тарта береді екен…» – деп төгілтеді ағамыз. Тағы бір жерінде: «Жарты жылдай жақсы араласып, қыр-сырын ұққандай болған кезімде Кемел ағаға «Қарт Қожақ» деп ат қойдым. «Ер Тарғын» жырындағы Қарт Қожақ. Кемел ағаның сырт келбетін, жан дүниесін жыр кейіпкеріне ұқсаттым», – депті. Әкім ағаның досы, ағасы жайлы бұл естелігін оқу керек. Толық оқымасаң, Әкім ағаның досына деген сағынышын, құрметін, жанашыр інілік ізетін сезіне алмайсың.
***
Сексенінші жылдары ғой, «Қазақ әдебиеті» газетіне Әкім ағаның Шығыс Қазақстан облысына барған сапарынан бір дүние
сі жарқ ете қалды. Сол сөзінде Әкім аға Талаптан Ахметов деген жас жазушыны тапқанын, әңгімесін оқып, ұнатқанын айтып, жазушылар ауылына қуана жар салғаны бар. Әкім ағаның сүйінішке толы бұл сүйінші сөзі – Талаптан достың әдебиеттегі тұсауын кесті, жолын ашты. Жазушылық деген ауыр жолдағы өзіне деген сенімін оятты. Айтайын дегенім, Әкім ағаның жүрген жерлерінде талантты жастарды іздей жүретін жақсы әдеті де бар болатын.
Ағамыздың «Қарапайым да көркем тілі жуас өзеннің ағысындай алысқа қарай, ой, пікір, парасат жағалауына қарай тарта береді екен…» деген Кемеңе арнаған сөзін бүгін өзіне қарата айтқым келіп отыр. Әкім аға да біздің буын үшін суы тынып аққан терең өзеннің шүйгіні мол, саялы жағалауындай еді.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері