ӨҢІРЛІК РӘМІЗ: ЖАҒДАЙ БАР, ЖҮЙЕ ЖОҚ
Қазақстанда өңірлік рәміздерді (заңда – нышан) әзірлеу тәртібі «Өңірлік нышан жобасын әзірлеу қағидалары» арқылы реттеледі. Бұл құжат Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген нормативтік негізге сүйенеді және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен құзыреттер аясында қабылданған.
Қағидалар жобаларды дайындау кезінде қоғамдық келісімді нығайтуды, ұлттық бірлікті сақтауды, өңірдің тарихи, мәдени және әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін ескеруді міндеттейді. Алайда құжатты геральдикалық және құқықтық тұрғыдан талдау оның ережелерінің бірқатары нақтылауды қажет ететінін көрсетеді.
Ең алдымен, өңірлік рәміздің құрылымы мен композициялық стандарттары көрсетілмеген. Бұл – техникалық кемшілік емес, өңірлік рәміздерге қатысты жіберілген методологиялық олқылық. Геральдика – бейнелеу өнерінің еркін саласы емес, ғасырлар бойы қалыптасқан қатаң қағидаларға сүйенетін ғылым. Әлемдік тәжірибеде әрбір рәміз нақты композициялық құрылымға, түс гаммасына (үйлесімі), рәміздік иерархияға және құқықтық мәртебеге ие болады. Ал құжатта мұндай талаптардың толық айқындалмауы өңірлік рәміздің әр аймақта әртүрлі, кейде тіпті геральдикалық талаптарға сай келмейтін сипатта жасалуына жол ашады.
Қағидаларда жобаның жаңалығы, өңірдің даму бағытын көрсетуі, авторлық құқықты сақтау және плагиатқа жол бермеу сияқты жалпы талаптар белгіленгенімен, рәміздің геометриялық пішіні, түс гаммасы, негізгі және қосымша рәміздік элементтердің арақатынасы, композициялық жүйесі мен графикалық стандарттары анықталмаған. Бұл жағдай жобаны әзірлеушілерді белгілі бір бағытсыз қалдырады және өңірлік рәміздерді әзірлеуді ғылыми-геральдикалық талаптарға емес, дизайнерлік еркіндікке тәуелді етеді. Бұл жүйелік проблема болып саналады. Өйткені геральдикада кез келген ресми белгі нақты құрылымдық үлгіге негізделеді: қалқан пішіні, түстердің рәміздік жүйесі, негізгі бейне мен қосымша элементтер белгілі қағидаттарға бағынады. Ондай стандарттарсыз жасалған белгі геральдикалық жүйеге емес, жай графикалық иллюстрацияға айналады.
Құжатта өңірлік рәміздерді қолдану аясы сипатталған: ол мәдени, спорттық және қоғамдық іс-шараларда, тауар таңбаларында, ұйымдардың эмблемаларында, арнайы киімдерде, мерейтойлық медальдар мен алғыс хаттарда пайдаланылуы мүмкін. Дегенмен қолдану саласы айқын болғанымен, рәміздің қандай құрылымға негізделуге тиіс екені нақты көрсетілмеген. Соның салдарынан оны тәжірибеде іске асыру барысында әртүрлі түсіндірмелер мен әркелкі шешімдер туындауы ықтимал. Бұл жағдай нормативтік логика тұрғысынан парадокс болып көрінеді.
Қағидаларда конкурс өткізу рәсімі – өтінім қабылдау, қоғамдық талқылау, сараптамалық кеңес қарауы және мәслихат арқылы бекіту тәртібі егжей-тегжейлі жазылған. Алайда бұл талаптар рәміздің көркемдік-геральдикалық мазмұнын айқындамайды, яғни құжат, негізінен, әкімшілік бюрократиялық процестерді өте дәл реттейді, бірақ геральдикалық өлшемдер мен шығармашылық талаптарды нақтыламайды. Мұндай жағдайда сарапшылар үшін де, қоғам үшін де жобаларды бағалау барысында бірыңғай өлшемдерді қолдану қиынға соғады.
Құқықтық айқындық қағидаты кез келген нормативтік актінің нақты, түсінікті және біркелкі қолданылуын талап етеді. Егер рәміздің құрылымы белгіленбесе, әр өңір әртүрлі пішін, пропорция және түс жүйесін қолданады. Бұл бірыңғай геральдикалық стандарттың қалыптасуына кедергі келтіреді. Сондықтан өңірлік рәміздер белгілі бір композициялық талаптарға сәйкес болуы қажет: негізгі пішін (мысалы, қалқан немесе шеңбер), түстік гамма, негізгі және қосымша элементтердің арақатынасы, мағыналық жүктемесі мен стилистикалық тұтастығы нормативтік деңгейде нақты көрсетілуге тиіс. Сонымен қатар сараптамалық кеңестің бағалау критерийлері де айқын белгіленуі қажет, өйткені құрылымдық талаптар болмаған жағдайда сараптамалық қорытынды субъективті сипат алып, жобаларды бағалау барысында бірыңғай өлшемдер қолданылмайды.
Тағы бір назар аударатын мәселе – құжаттағы әкімшілік деңгейлерді көрсету тәсілі. Қағидаларда облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімдіктері аталғанымен, аудандық маңызы бар қалалар қамтылмаған. Ал құқықтық тұрғыдан барлық әкімдіктер жергілікті атқарушы орган болып табылады. Өңірлік бірегейлік тек облыс деңгейінде ғана қалыптаспайды, сондықтан нормаларды әкімдік деңгейіне қарай бөлудің орнына «тиісті аумақтың жергілікті атқарушы органы» деген бірыңғай құқықтық ұғыммен белгілеу заң техникасы тұрғысынан тиімді әрі құқықтық теңдікті қамтамасыз етеді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ешбір әкімдік өңірлік рәмізді өз бетінше бекіте алмайды. Әкімдіктің міндеті – жобаны әзірлеу, конкурс ұйымдастыру, қоғамдық талқылау өткізу және сараптамалық кеңеске ұсыну. Ал түпкілікті шешім қабылдау құқығы мәслихатқа тиесілі. Бұл өкілеттік «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заң арқылы бекітілген. Аталған заңға сәйкес мәслихат өңір тұрғындарының еркін білдіретін жергілікті өкілді орган болып табылады және өңірлік рәміздерді бекіту немесе кері қайтару туралы шешім қабылдайды. Егер жоба белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, мәслихат оны бекітпеуге толық құқылы. Бұл – саяси-құқықтық маңызы бар шешім.
Терминологиялық тұрғыдан да бірқатар мәселе бар. Қағидаларда «өңірлік нышан» термині қолданылғанымен, құқықтық құжаттарда дәл әрі орнықты атау – «өңірлік рәміз». «Рәміз» ұғымы Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» конституциялық заң мәтіндерінде құқықтық категория ретінде орныққан, ал «нышан» сөзі көбіне әдеби сипаттағы, көп мағыналы термин ретінде қолданылады және құқықтық анықтамаға ие емес. Бірақ Республикалық терминологиялық комиссия «рәміз» сөзін тек мемлекеттік ту, елтаңба және гимнге қатысты қолдану жөнінде ұйғарым жасаған. Бұл пайым құқықтық негізге де, ғылыми дәлелге де сүйенбейді. Мәселені талқылау барысында назар «рәміз» сөзінің өзіне ғана аударылып, оның әртүрлі құқықтық мәртебелерге ие болатыны ескерілмеген. Шын мәнінде, рәміз ұғымы мемлекеттік, өңірлік, ведомстволық және әскери деңгейлерде қолданылады. Олардың әрқайсысының құқықтық мәртебесі де, қолдану аясы да бөлек. Сондықтан мәселе «рәміз» сөзінің өзінде емес, оның құқықтық санатын дұрыс айқындауда жатыр. Егер талдау атауға емес, «мемлекеттік рәміз», «өңірлік рәміз», «ведомстволық рәміз» және «әскери рәміз» деген құқықтық санаттарға сүйене отырып жүргізілсе, олардың ара-жігі анық ажыратылады. Мұндай тәсілде бірде-бір ұғым екіншісінің мәртебесін төмендетпейді. Керісінше, әрқайсысы өз құқықтық деңгейінде қарастырылады. Демек, мәселенің түйіні терминнің өзінде емес, құқықтық жүйелеудің әлсіздігінде жатыр. Ұғымдарды құқықтық санаттар арқылы айқындау ғана бұл саладағы түсінбеушіліктер мен жасанды қайшылықтарды жоя алады.
Келесі мәселе – өңірлік рәміздің құқықтық мәртебесі мен қолданылу тәртібінің жеткілікті деңгейде нақтыланбауы. Егер өңірлік рәміз ресми белгі ретінде танылса, онда оның қолданылу аясы, қорғау тәртібі және заңдық жауапкершілігі де нақты көрсетілуге тиіс. Әйтпесе, рәміз тек көркем белгі деңгейінде қалып, қазақстандық рәміздік жүйенің бір бөлігі ретінде толыққанды қызмет атқара алмайды.
Тағы бір маңызды жайт – рәміздік мазмұнды сараптау механизмі. Геральдикада әрбір белгі кездейсоқ таңдалмайды. Әр бейне белгілі бір тарихи дәстүрді, мәдени кодты немесе әлеуметтік мағынаны білдіреді. Өңірлік рәмізді жасау барысында ғылыми-сараптамалық сүзгі әлсіз болса, онда тарихи негізі жоқ, мағыналық тұрғыдан үстірт рәміздің пайда болу қаупі артады. Бұл өз кезегінде рәміздің тәрбиелік және идеологиялық әлеуетін әлсіретеді.
Енді бір назар аударатын мәселе – ұлттық геральдикалық дәстүр мен қазіргі дизайнерлік үрдістердің арақатынасы. Соңғы жылдары рәміз жасау барысында таза көркемдік немесе графикалық тәсілдерге артықшылық беріліп, тарихи-рәміздік мазмұн екінші қатарға ысырылып жатады. Ал геральдикада керісінше, ең алдымен, мағына шешуші рөл атқарады.
Сондай-ақ қағидаларда эмблема мен рәміз ұғымдары тең мағынада қолданылған, бұл да терминологиялық дәлсіздікке жатады. Эмблема – белгілі бір ұйымның немесе мекеменің бейнелік белгісі ғана, ал рәміз – заңнамалық негізде бекітілген
ресми белгі. Сондықтан ведомстволық немесе ұйымдық деңгейдегі белгіні құқықтық мәртебесіне қарай атау қажет.
Құжатта авторлық құқық мәселесі де толық реттелмеген. Жобаның авторы Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиіс екені көрсетілгенімен, автор мен мемлекеттік орган арасындағы құқықтық қатынастар, рәмізді пайдалану немесе өзгерту тәртібі анықталмаған. Бұл болашақта құқықтық даулардың туындауына әкелуі мүмкін.
Тағы бір маңызды мәселе – тарихи және этнографиялық элементтерді пайдалану тәртібі. Геральдикада мұндай белгілерді қолдану аса жауапкершілікті талап етеді, өйткені өңірлік рәміз белгілі бір аумақтың барлық тұрғындарын біріктіретін ортақ белгі болуға тиіс. Сондықтан оның мазмұны тар рулық немесе этникалық сипатта болмауы керек.
Сараптамалық кеңестің қызметіне қатысты нормалар да нақтылауды қажет етеді. Кеңестің өкілеттігі, шешім қабылдау өлшемдері және қорытындыларының құқықтық салдары толық ашылмаған. Ал геральдикалық сараптама тек көркемдік бағалау емес, тарихи, мәдени және құқықтық талдауды қамтитын кешенді процесс.
Бүгінгі қағидалар өңірлік рәміздерді әзірлеу процесін рәсімдік тұрғыда реттегенімен, геральдикалық мазмұнды қалыптастыру мәселесін ашық қалдырған. Нәтижесінде, құжат әкімшілік процедуралар жиынтығына айналып, рәміздің ғылыми негізін толық қамтамасыз ете алмай отыр. Егер құрылымдық талаптар, терминологиялық бірізділік және геральдикалық стандарттар нақты бекітілмесе, Қазақстандағы өңірлік рәміздер біртұтас жүйеге емес, әр аймақтың дизайнерлік эксперименттеріне айналады.
Сондықтан өңірлік рәміздер туралы құжатты жетілдіру кезінде үш негізгі бағытқа басымдық беру қажет деп санаймын. Бірінші, геральдикалық композицияның нақты стандарттарын белгілеу; екінші, рәміздердің құқықтық мәртебесін және оларды қолдану тәртібін айқын регламенттеу; үшінші, рәміздік мазмұнды ғылыми тұрғыдан сараптайтын тұрақты сарапшылық механизмді (тетікті) қалыптастыру.
Өңірлік рәміз – жай ғана көркем бейне емес. Ол белгілі бір аумақтың тарихи жадын, мәдени кодын және құқықтық мәртебесін білдіретін ресми белгі. Сондықтан өңірлік рәмізді әзірлеу қағидаларын геральдикалық талаптарға, құқықтық нормаларға және терминологиялық бірізділікке толық сәйкестендіру – уақыт талабы. Құрылымдық стандарттар мен құқықтық анықтамалар нақты бекітілген жағдайда ғана өңірлік рәміз біртұтас геральдикалық жүйе қалыптастырып, ұлттық мәдениет пен мемлекеттік басқару жүйесінде өз орнын табады. Өңірлік бірегейлік те дәл осындай ғылыми негізделген әрі құқықтық тұрғыдан айқын жүйе арқылы ғана толық мәнге ие болмақ.
Айдын РЫСБЕКҰЛЫ,
геральдист
ПІКІРЛЕР3