АПОСТОЛ ПАВЕЛ (Біздің дәуіріміздің 4–64 жылдары)
02.04.2026
44
0

 

Исаның соңынан ерген жеделдес замандасы болған Апостол Павел жаңа дүниеге келген христиан дінінің аса көрнекті жаршысы болды. Христиан дінін таратуға қызмет еткен көптеген жазушылармен және ойшылдармен салыстырғанда, оның христиан теологиясына ықпалы әрі ұзақ, әрі тиімді болды дей аламыз.

Көпке белгілі Савл сияқты Павел да, христиан дәуірі басталардан бірнеше жыл ғана бұрын Тарсусе қаласындағы Сицилияда (қазіргі Түркия) дүниеге келген. Ол Рим азаматы бола тұра, нағыз еврейдің өзі еді. Жас кезінде Павел иврит тілін үйреніп, кейіннен еврейше білім алды. Павел сол бір тұста Иса сияқты Иерусалимде бола тұра, менің ойымша, бұл екі адам бір-бірімен кездесті деуге күмәнді сияқты.
Иса қазасынан кейін алғашқы христиандарға еретиктердей қарап, оларды құғын-сүргінге салған. Біршама уақыт Павелдің өзі сол қуғын-сүргін салушылардың қатарында болды. Алайда бірде ол жолы түсіп Шам қаласына барғанда, оған Иса түсінде аян береді де, жаңа дінді қабылдайды. Бұл оның өмірін мүлде басқа жаққа бұрып жібереді. Бір кезде біраз уақыт бойы христиан дініне қарсы болған ол, енді жаңа дінді насихаттайтын ең бір өжет, ең бір ықпалды насихатшыға айналады.
Павел сонан кейінгі қалған өмірін ойшылдыққа, христиан діні туралы жазылған еңбектерге, жаңа дінге жаңа адамдарды тартуға бағыштады. Өзінің миссионерлік қайраткерлігі тұсында ол Кіші Азияны, Грекияны, Сирия мен Палестинаны көп аралады. Әрине, жаңа дін таратуда Павелдің жолы бола берген жоқ. Еврейлермен және басқа да ұлттармен кездескенде, оның жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, әсіресе өз қандастарының шамына тигендей әсер ететін. Тіпті оның өмірінің қыл үстінде тұрған кездері де болды.
Қайта ол еврей емес басқа ұлттардың алдында сөйлеген кезде тіпті керемет табыстарға қол жеткізді, содан болар оны «Еврей еместердің апостолы» деп атап кетті. Христиан дінін насихаттауда ешкім де дәл Павелдей елеулі рөл атқарған емес.
Рим империясының шығыс бөлігін ұзаққа созылған үш жыл ішінде сапарлап шыққан Павел Иерусалимге қайтып оралады. Ол сол сапар үстінде тұтқындалады да, ақырында оны сотқа тарту үшін Римге жібереді. Бұл сот процесінің немен аяқталғаны да, Павелдің содан кейін Римнен шыққан-шықпағаны да бізге белгісіз. Алайда оны дәлірек айтқанда, біздің дәуіріміздің 64 жылдары Рим түбінде өлім жазасына кеседі.
Христиан дінін дамытудағы Павелдің өлшеусіз ықпалының үш сәтін ерекше атаған жөн: 1) оның дін тарату қайраткерлігінде үлкен табысқа қол жеткізу; 2) Тауырықтың елеулі бөлігін құрайтын «Жолдамасы»; 3) христиан теологиясын дамытудағы оның рөлі.
Жиырма жеті кітаптан тұратын Тауырықтың кем дегенде 14 кітабын Павелге жатқызады. Қазіргі ғалымдардың болжамдарына сүйенсек, сол кітаптардың төрт-бесеуін ғана басқа авторлар жазған көрінеді. Егер ол шын болса, онда Тауырықтың негізгі авторы өзінен-өзі Павел болып шығады.
Павелдің христиан теологиясына қосқан үлесін бағалау мүмкін емес. Оған мына төмендегідей қағидалар жатады: Иса тек қана жұртты өзіне қаратқан пайғамбар болып қойған жоқ, ол Құдайдың перзенті болды. Христос біздің күнәмізден дүниеден көшті, оның көрген азабы бізді аман алып қалуға тиіс. Өзін мүлде қатерден аман алып қалу үшін, әр адам тек Інжіл өсиеттерін ғана орындап қана қоймай, ол Исаға да құлшылық ету керек. Егер ол Исаға құлшылық етсе, оның күнәсі кешірілетін болады.
Павел сондай-ақ тұңғыш пайда болған күнә тұжырымын да жасақтады. (Римдіктерге жолдау, 5: 2—19) Адамзат баласының қатерден аман қалуын заңға бағыныштығын қамтамасыз етуі мүмкін емес болса, онда олар еврейлердің тағамға деген тәбетін шектеуіне, Моисей кодексіне орай бағытталған әдет-ғұрыптарды орындауға, тіпті сүндетке отырғызуға да міндетті емес. Ертеректегі христиан көшбасшыларының кейбіреулері бұл мәселе жөнінде Павелмен келіспейді, қалайда олардың көзқарастары үстемдікке ие болса, онда бүкіл Рим империясына христиан діні осыншалықты шапшаң тарамас еді ғой.
Павел мұны дәлелдеу соншалықты қиын бола тұра, ешуақытта үйленген емес, тіпті әйелдермен бірде-бір рет жанаспапты да. Оның Қасиетті жазуда көрсетілгендей әйелдерге мүлде көз салмай қоюы, кейін келе бұл мәселеге деген қатынасқа елеулі түрде ықпал етті. Оның осыған байланысты айтқан қанатты сөзі мынадай: (Коринфтерліктерге бағышталған бірінші жолдауы, 7: 8, 9) «Тұрмыс құрмағандар мен жесірлерге айтарым: олар да мен сияқты болсын. Егер оған шыдамдары жетпесе тұрмыс құрсын; өйткені өліп-өшкенше тұрмыс құрған жақсы».
Павелдің әйелдердің қоғамдағы алатын орны мен жағдайы туралы айт­қаны тым қатал болып келеді: «әйел баласы айтқанды екі етпейтін бағынышты болу керек; олар күйеуіне ақыл айтпасын, оларды билеп-төстемесін, үнін шығармасын. Өйткені алдымен, Адам ата, сонан кейін барып Хауа ана жаратылған (Тимофейге бірінші жолдау, 2: 11–15). Коринфтерліктерге бағышталған Бірінші жолдауындағы (11: 7–9) оның осы тектес идеялары бұдан да қатқыл болып келеді. Әрине, Павелдің айтқандарынан алынған жоғарыдағы үзінді оның замандастарының көзқарасын білдіреді деуге болмайды. Өйткені еврейлер мұндай қатаң мәлімдеме жасамайтыны кім-кімге де аян болса керек.
Әу баста еврейлер сектасы боп құрылған христиан дінінің әлемдік деңгейге көтерілуіне Павелдің қосқан үлесі орасан. Бұл діннің негізгі өзекті идеясы Исаның құдайлық тегі мен оның сенімінің арқасында құтқарылуы болып табылады. Одан кейін өмір сүрген хрис­тиан ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Әулие Августин, Фома Аквиский, Лютер мен Кальвиндер Павел Жолдауының үлкен ықпалында болған. Шын мәнінде, Павел идеяларының ықпалы зор болғаны сонша, тіпті кейбір ғалымдар христиан дінінің негізін салушы Иса емес, Павел деген пікірге дейін барады. Ал менің ойымша, мұндай мәлімдемелер жасау тым ұшқарылық. Павелдің алар орны Исамен теңесуі мүмкін емес бола тұра, бәрібір ол христиан ойшылдарының қай-қайсысынан да биік тұр.

Аударған Темірхан МЕДЕТБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір