ӘЛЕМДІ АЯЛАЙДЫ АНА ЖЫРЫ
02.04.2026
17
0

Мәриям Хакімжанова
Кім білген

Қиындық көрмей өмірден,
Өмірдің құнын кім білген?
Махаббат таппай көңілден,
Көңілдің құнын кім білген?
Тегеурін таппай тeмiрден,
Темірдің құнын кім білген?
Қызулық таппай көмірден,
Көмірдің құнын кім білген?
Қайғылы болып қамықпай,
Шаттықтың құнын кім білген?
Ашығып асқа тарықпай,
Тоқтықтың құнын кім білген?
Жоқтықты көріп жұтамай,
Бардың құнын кім білген?
Жесірлік көріп жыламай,
Жардың құнын кім білген?
Қубастың зарын тартпаса,
Баланың құнын кім білген?
Қайратың кеміп қартаймай,
Жастықтың құнын кім білген?
Жауыздықты тойтармай,
Қаруын қарсы қайтармай,
Достықтың құнын кім білген?
Отан үшін аттанбай,
Ойран салмай жауына,
Ортақ болмай дауына,
Отанның құнын кім білген?

Езілме, жүрек, езілме

Езілме жүрек, езілме,
Шаршап жүрген кезімде.
Шыдамасаң өле қалшы,
Мазамды алмай езіл де!
Қысылма жүрек, қысылма,
Ауыр күннің тұсында!
Кайғыдан өлген қандай жан,
Көне тұр сорлы қысымға!
Қабынба жүрек, қабынба,
Жазылған осы бағың да!..
Ажалдан бұрын өлмек жоқ
Көрерсің әлі тағы да!
Төгілме жасым, төгілме!
Берме ерік көңілге.
Тірі адамнан үміт бар,
Қайғыңды сергіт, жеңілде.

Тойжан, қалқам, басылды ма ашуың?

Тойжан, қалқам, басылды ма ашуың?
Ерсі болар өз анаңнан асуың.
Сырттан естіп дауысыңды, кірмедім,
Орынды ғой ашуыңды басуың.
Ашу деген пайда бермес адамға,
Ашу – үйір, ақылы аз наданға.
Еңдігісін өзің ойлап шеше бер,
Осы болды айтар сөзім табанда.

Фариза Оңғарсынова
Жақсы көру

Өмірің таңдай
болса арайлаған,
қатыгез қараулыққа
жолай ма адам?
Біреуді жақсы көрген қандай жақсы –
нұрланып кетеді екен бар айналаң!
Жақсы көру, жақсы көру,
не деген керемет ең!
Өмірді сезінуге,
қуанып қөз ілуге
адамға жақсы көру керек екен.
Дидарың аумайды екен жарық күннен,
ғашық боп қалғанымды жаңа ұқтым мен.
Келбетің көз алдымда, ойымда сен,
өзіңді жақсы көріп қалыппын мен.
Ешкімге содан бері алаңдамай,
жүрегім жанарыңа қамалғаны-ай!
Ғажайып күй кештірген сезім-сәуле
өзімді жетелейді саған қарай.

Қыз махаббаты

Білмеймін:
жанарыңнан сыр ұқтым ба,
әлде өзімді сол сәтте ұмыттым ба,
өзің болдың, әйтеуір, бұл күнгі әнім,
көтеріп ап кетіп ең бұлқынбадым,
әлде аймалауыңа құнықтым ба?!
Білмеймін:
құшағыңда дір еттім бе,
алып ұшып бара ма-ау жүрек мүлде…
Ойлағым да келмеді ештеңені,
күндіз бе әлде, білмеймін кеште ме еді,
тек ұққаным – жан бірге, тілек бірге.
Білмеймін:
пәк сезімге мұқтаждау кезім бе еді,
сеніміңді көп болған сезінгелі,
сезінгелі, сені ойлап көз ілгелі…
Іңкәрлықтан, аяулым, тына көрме,
бақыт деген сәттерден тұра ма әлде,
онда өтіп кетпегей тез ілгері.
Сол сәтте
бұлтты аспаннан жарқ етіп
қарады ақ Күн,
шуағына бойымды аралаттым.
Сезімімнің қақпасын дара қақтың.
Елжіресіп, ұғысып, сеніп бірге,
ағыл-тегіл сезіммен еріттің де,
өзің маған өзім боп бара жаттың…

Мен саған ғашық емес ем

Сен үшін сонау алыстардағы елес ем.
осынша мені арман қып келдің неге сен.
«Сыртыңнан сүйіп жүретінімді
сезуші едің ғой», – демесең,
мен саған ғашық емес ем.
Бас иген көп-көп бозбалаларға паңдана
асқақтау басып, бақытты болдым.
«Сонда да жан жүрегіңді толтырар
бір жан жетпей жүрді ғой», – демесең,
мен саған ғашық емес ем.
Бір дауыл сәттің соғарын сезіп жүргенмен,
сен екеніңді білген бе ем…
Әйтеуір, жаным,«бұл күнде менсіз
жүре алмайсың ғой»,– демесең,
мен саған ғашық емес ем.

Марфуға Айтхожина
Жанымның жапырағын сілкіндіріп

Қапыда қалмасын деп күлкің бұғып,
Кеудеме қиқулаған дүрсіл кіріп,
Жүремін бар ойымды ортаға сап,
Туған ел!
Тілектесім,
Жүрсін біліп.
Жүретін арманым ең жаныма еріп,
Берейін домбыраның сазына ерік.
Сазды әуен,
Назды үнің ғой келе жатқан,
Сезімнің шым кестесін нәзік өріп.
Туған ел!
Тілектесім,
Жүрсін біліп,
Берейін жүрегімнен гүл сындырып.
Қырмызы қыр самалы сипап өтті,
Жанымның жапырағын сілкіндіріп.
Жанымның жапырағы сілкінеді.
Бәлкім, менің жүрегім жыр тіледі.
Тағдырдан тек осыны тілер едім,
Адамның орындалса бір тілегі.
Болмаса да сүйеніш,
Тірек менде,
Айтатын жұртыма арнап тілек кем бе.
Тарымның құм даласын кезіп келем,
Нәзік қой,
Шыдар ма екен,
Жүрек шөлге!..

Төріне жүрегімнің ұя салған

Өрінде отырсам да Алматының,
Алыстағы езіңмен жалғас үнім.
Үніңнен үзіліп тұр толқынды күй,
Асатын сырластықтан бар ма шырын.
Жаудырып жатқан соң ба тұнық Сайрам,
Ойымды отырсың біліп қайдан.
Елестеп көз алдыма келе берер,
Жағанда жүрген күндер құрып сайран.
Жағанда жүгіруші едік,
Кешіп толқын, амал не,
Алысқа ұзап кетіпті ол күн.
Сайрамның тұнық көлі қасиетті
Тербеген махаббатты бесік қой шын.
Қағатын қанаттарын қия таңнан,
Аттары ел аузында жиі атанған,
Құстары туған жердің қиқу салып,
Төріне жүрегімнің ұя салған.
Төріне жүрегімнің ұя салған,
(Айықпай көптен бері жүр осы арман).
Құс екеш құсының да жаны жомарт,
Бар әнін көкірегіме құя салған!
Содан ба құс үніне құмарлығым,
Айығар басымыздан мұнарлы күн.
Сайрамның саясында өскен құрбым,
Кескінің көз алдымда тұрар бүгін!

Соғады жүрек

Нұр күлкісі жүзінен айықпаған,
Отыр жалғыз теңселіп қайықта адам.
Бәйек болып ерке өзен келе жатыр,
Толқын-толқын құшағын жайып маған.
Келе жатыр желкілдеп толқын жалы,
Кеудемді жаңа күймен толтырғалы.
О, дариға, жалт беріп жалын атып,
Жүрегім де осылай толқыр ма әлі.
Тынар ма толқын үні гүрсілдеген,
Соғады жүрек қатты дүрсілдеген.
Оттан ыстық жастықтың құшағында,
Балқып кетпей сен қайтып тұрсың, денем.

Күләш Ахметова
Көктем. Көктеректер

Бұл көктемді алты ай қыс күтіп едіңдер,
Осылай басталады екен бүкіл өмірлер.
Тал, теректер, түн бойы толғақ қысып,
Бебеу қағып, ыңырсып, уһіледіңдер.
Азабыңды түсіндім мен басыңдағы,
Дөңбекшиді қою бұлт-қорғасын дағы.
Сезінгендей майданды енді осындағы
Түні бойы сыңсыған жел басылмады.
Мұндай кезде қалайша тыншымақ қырлар,
Күндіз сезген қуатын күншуақтың қар.
Қас қарая толғатқан ана-ағаштар,
Таң ата талықсып барып,
бүршік аттыңдар!
Көктем ғой бұл жылынар суық құмдар да.
Көктеректер, айтпай-ақ мұны
ұқтыңдар ма?
Күн нұрымен маужырап қалғисыңдар,
Түні бойғы күресті ұмыттыңдар ма?
Өмірге өмір қосып, тынықтыңдар ма?
Мен білемін бұл таңды шын күткеніңді,
Түні бойы сездіріп тірлікке мұңды.
Күн шыққанда тұрсыңдар жасыра алмай,
Шуақ кескен көк бүршік кіндіктеріңді.
Жер-ана да бұл сәтті күтіпті ай, күннен,
Күрсінді ол да жасыңды жұтып қайғыңмен.
Түніменен толғатқан көк теректер,
Таң ата бүр жарғандарыңмен құттықтаймын мен!

Жас күніммен сырласу

Бәрі жақсы болса деппін мен баста,
Жанымды ашып жалбақтаппын жолдасқа.
Бәрі жақсы болса деумен шаршаппын,
Бәлкім, енді бәрі жақсы болмас та.
Жұртқа ұнадым,
Өз көңілім пәс бүгін.
Тасқа барып соғылғандай тасқыным.
Бауырларды,
Жақынды ойлап,
Жасыппын,
Жарқ-жұрқ етіп жайнамапты жастығым.
Тебіренсем, тежеппін де сезімді,
Айтпаппын-ау айтқым келген сөзімді.
Отқа, суға түсіппін де жағдаймен,
Ойламаппын денсаулықты, өзімді.
Жан сыздаса, жұрттан болған жоқ көмек,
Көлеңкесін жайды жалғыз көк терек.
Дос өкпелеп қалмасын деп тілеппін,
Бір көрмеппін өзім жанға өкпелеп.
Балаға да сөйлеппін-ау абайлап,
Кешіккенге қалыппын-ау қарайлап.
Демалыссыз жүгіріппін туысқа,
Ешкім бірақ жүгірмепті мені ойлап.
Елдің жақсы деген сөзі неге сеп,
Көкірек тым тартыппын-ау ересек.
Кеткен күндер жалынымды кемітті,
Кім біледі не берерін келешек.
Көрмей жиі бауыр, сезім, досты-ай,
Мен бозарсам, бозарыпты қосыла Ай.
Барлығын да үйлестірем деппін мен,
Біздің жағдай осылай да осылай…
Барлығын да үйлестірем дегенің
Қате болған, дейді, үйлеспей өлеңім.
Өмір деген кеме болса, тағдыры
Дауылдарға тәуелді екен кеменің.
Тірлік қамы.
Таудан тағы асты күн.
Неге жиі жүрегімді басты мұң?!
Сені ойламай, қамқор боппын басқаға,
Кешір мені, жабырқаған жастығым!

Балкондағы гүл мұңы

Қалайша қырда өскен боп түс көрмейін,
Қалайша оянғанда тістенбейін.
Таңғы нұрға тапшы екен батыс балкон,
Күннің нұры түседі түстен кейін.
Далада жайқалуға жаралмаған
Жаныма таңның нұры таралмаған.
Шығыстан соққан самал, сұранамын,
Түн ішінде оңаша орал маған!
Қара жерден жайқала, шаншыла әрі
Шыға алмадым.
Айналам — әнші бәрі.
Тыңайтқышты топырақ —
Мекенімде
Билемеді жаңбырдың тамшылары.
Айтылмады әңгімем желге менің.
Жапырағым жетпеді жерге менің.
Жағадағы қайықтай балкондарда
Жалғыздықтан қалтырап, тербелемін.
О, адамдар!
Сәулесін бетіме Күн
Түсірмейді.
Солды енді от реңім.
ұрығымды жиып ап осы күзде
Кең далаға шашыңдар,
Өтінемін!

Ақұштап Бақтыгереева

Мазасыз жүрек жырласын

Ақ сөйлеп, адал
күлетіндермен,
Шындықты жақтап жүретіндермен,
Сыйластық сырын білетіндермен
Танысқым келеді менің.
Жаманға жағынбайтындармен,
Жоқтыққа тарылмайтындармен,
Арманнан арылмайтындармен
Табысқым келеді менің.
Жанары мөлдірегендермен,
Жүрегі елжірегендермен,
Үмітке сендіре білгендермен
Достасқым келеді менің.
Мұң — қайғы жеңбейтіндермен,
Өсекке сенбейтіндермен,
Наданға ермейтіндермен
Бас қосқым келеді менің.

Бар махаббат

Сенбе дос, өз сертінде тұрмағанға,
Махаббат жалған десе бұл ғаламда.
Махаббат болмаса егер, дала кезіп,
Мәжнүн Ләйлісі үшін жынданар ма.
Махаббат теңеу емес өлеңдегі,
Емес ол аңыз болған ел ермегі.

Махаббат болмаса егер, зарлап Жібек,
Қозы үшін, сұлу Баян өлер ме еді.
Ғасырлап дәуірінен озғанда өлең,
Мүмкін бе пәк сезімді жазбау деген.

Жыр кені – Ұлы Абайдың жүрегінде,
Бітпеген бір ән кеткен Тоғжан деген.
Кей сорлы махаббатқа жолықпайды,
Ондайлар қиналмайды, торықпайды.

Аялап шын қадірлеп көрмегенде,
Қызыл гүл солғанынан қорықпайды.
Күн біреу, нұр төгетін көктен жерге,
Қызғалдақ бір гүлдейді көктемдерде.
Шын бақыт екі айналып жолықпайды,
Қол сілтеп, көзін жұмып кеткендерге.

Айдын көлдің арызы

Қонатын қаздар қаңқылдап,
Мөп-мөлдір еді айдыным.
Ойнайтын сазан жарқылдап,
Есепсіз еді байлығым.
Бетімде самал шайқаған
Билеткем түнде ай нұрын.
Қамысты нудан байқағам
Жолбарыстардың айбынын.
Менімен сұлу кеші де,
Нұрлы еді дала таңдары.
Салатын ойнақ төсіне
Аққудың балапандары.
Қамысты шапты адамдар,
Өртеді біреу қалғанын.
Жойылды тірлік жағамда,
Мен енді шалқи алмадым.
Тартылдым, жағам тозғанда
Тайғандай бастан бар бағым.
Мергендер атқан қаздарға
Пана да бола алмадым.
Жоғымның орны толды ма?
Көркім жоқ жолшы мақтаған.
Қарала үйрек орнына
Шүрегей мынау, қаптаған.
Шалқып бір жатқан күндерде
Құшақты жайдым баршаңа.
Сусының болып шілдеде
Ләззат бердім қаншама.
Жалынам бүгін бәріңе,
Үмітпен ұрпақ баққандар.
Қолыңнан келсе, әлі де
Жоғалтпай мен сақтандар.

Ханбибі Есенқарақызы
Тәуелсіздік туралы

Сен де арманда едің-ау,
мен де арманда,
Сол арманға қол жетті,
арман бар ма!
Өзімізді-өзіміз таба алмастан,
Адасқанбыз, сан тарап ормандарда.

Аспан түсті туымыз желбіреді,
Шықты және теңгеміз ел біледі.
Әнұран да,Елтаңба өзімдікі,
Қара аспанды қай саяқ төндіреді?!

Тәуелсіздік болмаса ұғар ма едік,
Тоқтар менен Талғаттар шығар ма еді?
Абай әнін ғарыштан қазақ айтып,
Әлем шырқап, қосылып тұрар ма еді!

Тәуелсіз ел қанатын жая алар ма ед,
Бұратана бұтамды саялар ма ед?
Тұрарлары тіріліп, Сұлтанбектей,
Ардақтылар архивтен оянар ма ед?

Тарихтың белгілі енді алдамасы,
Оңтүстік достық, бірлік жалғамасы.
Үш жүздің басын бұрын қосқан болса,
Тұранды қосты бүгін – Ордабасы!

Қантөгіссіз дербестік алған едік,
Тәуелсіздік жемісін сау көрелік.
Ауыр боп тұр, мұнан да қиын болған,
Қынжылмайық, халайық, тәубе дейік!!!

Пендемін

Періште емес, пендемін,
Мәңгі емеспін, демдемін!
Көрдім талай мықтының,
Мықыны көктен келгенін!
Періште емес, пендемін,
Көкте емеспін, жердемін.
Бағаламас бақырға,
Бақ қонғанын көргемін!

Тасасында иықтың,
Шындыққа бас иіппін.
Шаужайына жармаспай,
Үзеңгісі биіктің!

Арман өлмей, көктедің,
Сезімімді шектедім.
Шотын шауып біреудің,
Көтермедім кетпенін!

Періште емес, пендемін,
Астана емес, елдемін.
Билік айтпай қоқаңдап,
Жай жүрсем де, өлмедім!

Қауіп

Қазағымның базары тарқағалы
Нәзік жаным ауыр мұң арқалады.
Махаббаты мерт болған Қыз Жібектей
Елестейді Жайықтың жарқабағы.

Қарсы емеспін нарықтың дамуына,
Көне көрпе жетпей тұр қабуына.
Әкімдер де кінәлі, әлде халық,
Түйесі ме қисығы, жабуы ма?

Жұртын тонап, қоғамды асағандар,
Ел дәулетін сімірген лас адамдар,
Неге жауап бермейді ел алдында,
Әлеуметтік қылмысты жасағандар?!

Бір шикілік бар-сынды осы арада,
Тәуелсіздік қалғандай босағада.
Қан жылатқан халықтың дұшпандары
Бұқпантайлап жатқандай Қособада!..

Қатира Жәленова
Гүл-көктем

Жалындаған жас қыздар,
Жастығына мас қыздар.
Сендер жүрген жерлерден
Мұң ығысып, қашты ызғар.
Сұлусыңдар, дүрсіңдер!
Үлбіреген гүлсіңдер!
Жайлауында жастықтың
Сайран құрып жүрсіңдер!
Ақыл айтам ал, тыңда…
Құлағың сал, тартынба!
Қала алмассың бірің де
Осынау жас қалпыңда…
Өмір-өзен ағады,
Өз өрнегін салады.
Бастан көшіп гүл-дәурен,
Сағыныш боп қалады.
Жүректерің жалын ғой,
Өртенетін шағың ғой.
Өмір жайлы жиірек
Мазаласын жаныңды ой.
Күнге жайып қанатын,
Өрт қызыл боп жанатын,
Қызғалдақтай қыз-ғұмыр,
Аз күн сайран салатын.
Аспан әсем Күнімен,
Құс әуезді үнімен.
Көктем ашар ажарын
Алуан-түрлі гүлімен.
Дүние сұлу таңымен,
Қыс әдемі қарымен.
Өмір қызық адамға
Перзентімен, жарымен.
Айналайын, жас қыздар!
Жастығына мас қыздар!
Жарға апарып жығатын
Ойсыздықтан қаш, қыздар!
Жалқы жүріп өтпеңдер!
Көбейіңдер, көктеңдер!
Жастық шағың өткенмен,
Гүл-көктемнен кетпеңдер!

Көктем

Сезілгенмен ақпанның салқыны әлі,
Нұрлы шуақ, көктем боп бар құмары.
Қар астынан қылтиып бәйшешек гүл,
Күн нұрына сәбидей талпынады.

Нәзік гүлім, өжет те, қайсар гүлім!
Көктем келе жатыр деп жар сал бүгін!
Ақ қар еріп барады жылап ағып,
Ағаштар да көзіне тамшы алды кіл…

Дауыстарға не түрлі толтыруда,
Туған жердің тау-тасы, жал-құмын да…
Көктем аунап келеді, көктем аунап,
Бұлақтардың сыңғырлы толқынында.

Нәзік сәуле дірілдеп кірпігінде,
Жанарына үйірді күлкі Күн де…
Көктем бүрлеп келеді, көктем бүрлеп,
Жарып шыққан қайыңның бүртігінде.

Қараңызшы!
Тұп-тұнық таң атуда,
Боз далаға шұғыласын таратуда.
Көктем көшіп келеді, көктем көшіп,
Қайта оралған құстардың қанатында!

Мынау заман

Мынау заман –
Қай-қай заман?
Сұрағы көп айқай заман…
Пұлы барлар алшаң басып,
Шалап ішкен шайқай заман…
Мынау заман –
Неткен заман?
Нарық заңы өктем заман.
Тыңдар құлақ болмаған соң,
Сөз қадірі кеткен заман.
Жүйке жонар оқтай заман,
Апшыңды алар оттай заман.
Арам ақша,
Адал ақша…
Аражігі жоқтай заман.
Бар адамға – мақұл заман,
Жоқ адамға – ақырзаман.
Біреуге – бал,
Біреуге – у боп.
Таңдайына татыр заман.
Мұнар, мұнар, мұнар заман,
Жұрт баюға құмар заман.
Пұл болмаса қадірің жоқ,
Болды осыны ұғар заман.

Гүлнар Салықбаева

Мен бақытты бола салам бір күні…

Жүдетсе де дүниенің жыртығы,
Көңілді аулап Күннің қызыл кірпігі.
Айдың аппақ сәулесіне оранып,
Мен бақытты бола салам бір күні!
Көкке ұшырып сұлу сөздің төресін,
Көктем келер қуып қайғы елесін.
Сәл мұңайып келе жатып,
Бір күні
Мен бақытты бола салам,
Көресің!

Төрт жағымнан сені ғана көремін

Төрт жағымнан сені ғана көремін
Көремін де ұмытамын сор елін.
Саясына жұрт тығылған терегім,
Қысқа күнде қырық құбылған керегім…

Мына күнде сүйер мендей кімді кім?
Сендей жарық ете алады түнді кім…
Сен дегенде шөлге айналар ындыным,
Өтірікті көп айтатын шындығым.

Сен көрінсең, қуанышта өлшем жоқ,
Ұраным да, жыр-әнім де сен, сен боп.
Бақыттымын,
Ал, сен кімсің?
Білмеймін.
Армандаймын соны білмей өлсем деп.

Оңайгүл Тұржан
Сен болған соң…

Адам бұл бір-бірімен
мұңдас еді,
Солар сүйеп апарар
шыңға сені.
Сен болмасаң және де мен
болмасам,
Адамзат түп-түгел боп тұрмас еді.

Қиналсаң да жүресің ер болған соң,
Татулықты сақтаймыз ел болған соң.
Миллиардтың ішінде сіз де барсыз,
Біз – адамзат бүтінбіз сен болған соң.

Аман болса екен деп елім қалың,
Мақтан етіп жүретін жерім барын,
Қандай жақсы қайнаған мына өмірде,
Менің, оның және де сенің барың!

Мен сағындым

Жылдар мынау – жасыңды санай келген.
Күндер мынау – боз қырау самай берген,
Көңіл мынау – жастық шақ келер ме деп,
Жүз бұрылып артына қарай берген.

Гүл-көктемді аймалап күлетінбіз,
Тек ойлы еді бәрін де үзетін күз.
У-шу боп, жұлдыз санап,
түнгі аспанда
Неше жұлдыз барын да білетінбіз.

Құйттай-құйттай адыммен алшаң жүрген,
Моншақ тағып алатын сан-сан гүлден.
Бала күннің дауысы естіледі,
Жүрегімнің түбінде ән сап жүрген.

Сіздерге де дәл солай естіле ме?
Кей күндерің дәл солай кешкіре ме?
Армандарды артып ап келе жатқан,
Түстеріңе жаһұттай көш кіре ме?

Озған сайын оралар ойға дәйім,
Көңілімде бәрі тұр айнадайын.
Енді бізге келмейтін сол күндерді,
Мен сағындым, ал сен ше, айналайын?

Қағаз, Мен және таң

Арман қуып жүр әлі бағы аздар да,
Тату таулар таңғалып араздарға.
Өлең болып көшеді біздің арман,
Сүйегі сықырлаған қағаздарға.

Жасытса да іштегі толған мұңым,
Ұмыттырмас рухтар арландығын.
Қағаздар да ешқашан ұмытпайды,
Өзінің бір кезде ағаш болғандығын.

Мен қағазға, ал қағаз маған қарап,
Егіліп отырамыз жалаң қабат.
Сағыныштар сарғайтқан екі ортаға
Қара сия тамады қаламнан ақ.

Тіршіліктің базарын аралатқан,
Тағы аттың ба арайлап, саламат-таң!
Мені тағы сен көрдің, өңім күліп,
Жан дүнием егіліп бара жатқан.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір