«Ғашықсыз ғасыр» А.Тоқпанов театрында сахналанды
16.03.2026
76
0

Жуырда Асқар Тоқпанов атындағы облыстық академиялық драма театрында жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» атты пьесасы желісіндегі жаңа қойылымның премьерасы өтті. Қойылымның режиссері әрі инсценировка авторы – ҚР Мәдениет саласының үздігі, театр актері Кенен Ақүрпеков. Қоюшы суретшісі – Аружан Адырбек.

Камерлі форматта сахналанған спектакль бүгінгі қоғамда белең алған отбасылық дағдарыс, сатқындық пен арсыздық секілді өткір мәселелерді арқау етеді. Лауазымы мен дәулеті артқан ер азаматтардың тоқал алуға ұмтылысы, тұрмыстық мүддені алға қоятын жас әйелдердің тағдыры арқылы шаңырақтың шайқалу себептері бейнеленеді.

«Ғашықсыз ғасыр» – ақыл айту мен құрғақ насихаттан ада туынды. Спектакль көрерменді ойландырып, отбасылық құндылықтардың әлсіреуі қоғам болашағына қауіпті екенін терең сезіндіреді. Адалдық, ар-намыс пен адамгершілік жоғалған жерде бақыттың да баянсыз болатынын көркем бейнелер арқылы ұғындырады.

«Пьесаны сахнаға шығарған режиссер мен актер, актрисаларға шексіз рақмет! Бұл пьеса бұдан отыз бес жылдай бұрын атақты актриса Фарида Шариповаға арналып жазылып, М.Әуезов театрында қойылып, сахнадан көп жыл түспеген. Енді сол кейіпкерлерімнің көрермендермен қайта жүздескеніне шын көңілден қуаныштымын. Театр ұжымына әрқашан да табыс тілеймін», – дейді жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаев туындының екінші тынысы ашылғанын алға тартып.
Мазмұны терең, ойы салмақты қойылым тараздық көрерменге рухани демалыс сыйлап, жиналғандарды ерекше күйге бөледі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір