Ою-өрнек – бекзат өнер

Бүгінгі күні қазақы құндылықты дәріптейміз, ою-өрнегімізді қайта жаңғыртамыз деп бұйымдардың барлығына сала беретін болдық. Мысалы, қошқар мүйіз қазақы көйлекте де, ою-сырмақта да, тіпті ыдыста да, көшедегі қоқыс жәшігінде де жүр.
Қазақиланғымыз кеп ою көрсек жабыстыра беру қаншалықты дұрыс?
Оюдың ерлерге бөлек, әйелдерге бөлек түрі бар ма?
Осы және өзге де ою-өрнекке қатысты көкейкесті сұрақтарға этнограф жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, ою-өрнектің 500 түрін зерттеп, кітапқа түсірген фольклортанушы Байахмет Жұмабайұлы жауап берді.

Алматы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты №20 бөлімшесі ұйымдастырған «Сырғалым: ою-өрнек сыры» атты кездесу «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының «Үні_Сен» қыздар клубы аясында өткізілді. Басқосуға ҚазақҰҚПУ қарасты колледждің студент қыздар қатысты. Кітапхана меңгерушісі Лаура Мәулітшәріпқызы іс-шара мақсатын айтып, қонақтарды таныстырды. Кеш қонағы Байахмет Жұмабайұлы ұлттық қолөнеріміз – бекзат өнер, ол сонысымен құнды екенін, сондықтан оның байырғы жасалу, дайындалу технологиясын сақтау керектігін жеткізді. Энциклопедиясына енгізген оюдың қыз балаға тән түрлерін жіктеп, көрсетіп берді.

- ОЮ-ӨРНЕК дегеніміз – геометриялық және бейнелеу элементтерінің жүйелі ырғақпен қайталанып, үйлесімді құрылуы. Қазақтың қолтума сәндік өнерінің барлық түрлерінде де оюлар мен өрнектер алғашқы элемент ретінде қолданылады. Ою-өрнекте көңіл-күй мен сезім тереңдігі болады. Қазақы құндылықты дәріптейміз, ою-өрнегімізді қайта жаңғыртамыз деп бұйымдардың барлығына сала беруді доғарып, болмысын, өзегін бұзбау керек, — деген пайымын жеткізді. Модератор, «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының директоры Меруерт Мәулетқызы аудиторияға керек-аудеген сұрақтармен іс-шара маңыздылығын арттыра түсті.

Биолог, нутрицолог, жанашыр-эксперт Еркежан Маратқызы ежелгі заманнан қалыптасып, дамып, бүгінгі күнге дейін өз қасиетін жоймай, ірі рухани мәдениет үлгісі ретінде сақталып келе жатқан ою-өрнектің сәндік үлгі ғана емес, ол философиялық терең мағынаға негізделгенін жеткізді. Халықтың географиялық ортасына, әдет-ғұрып, салт-дәстүріне байланысты әртүрлі жағдайда дамып, түрленіп отырған ою-өрнек үлгілерін жастарға ұғынықты жеткізе білген қонаққа алғысын айтты. Белсенділік танытқан жастар да сұрақтарын қойып, пікірлерін білдірді. Колледж ұстазы Нұрила Құралбекқызы да қыз тәрбиелеудегі басты қағидалардың біріне саналатын сәндік бұйымдарды нақтылап берген іс-шара жайлы жылы лебізін білдірді.
Ұрпақ сабақтастығының бір-бірімен идея алмасып, білгенін бөлісіп, білмегенін үйренген басқосу шеберлік сабағымен тәмамдалды.
М.МАУЛИНА,
журналист