Абай – жастар көзімен
30.01.2026
198
1

Бүгінгі ХХІ ғасыр жастарына тәрбие берудің нәтижелі құралының бірі, амал-тәсілі әдебиет үлгілері, көр¬кем шығармалар дейтін болсақ, бұл орайда Абай шығармасының өнегесі орасан зор деуге болады. Алматы ОКЖ қарасты №20 кітапхана-бөлімшесінде «Абайдан альфа ұрпаққа дейін» тақырыбы аясындағы дебат өтті негізгі мақсаты да осы – Абай Құнанбайұлының шығармашылығы мен ілімінің бүгінгі жастарға әсерін талқылау, қара сөздерінің мән-маңызын жастар көзқарасы арқылы бағалау болды.

Пікірталас «Абай ілімі «альфа ұрпаққа» әлі де қажет пе?» және «Альфа ұрпақ» Абай армандаған адам бола ала ма?» деген екі тақырып аясында өрбіді.

Дебатқа қатысқан ЕТЭК колледжінің 3-курс студенттері екі топқа бөлініп, Абай шығармашылығына заман тұрғысынан мысалдар келтіре отырып өз ұстанымдарын қорғады.

Бір тарап Абай ілімінің қазіргі жастар үшін де маңызды екенін дәлелдесе, екінші тарап заман өзгерісіне сай жаңа көзқарас қажет екенін алға тартты. Пікір бар, қарсы ой бар, таңдау бар деген қағида негізінде өткен тартысты пікірталас студенттердің сыни ойлау қабілеті мен шешендік дағдыларын айқын көрсетті.

Дебат барысында қатысушылар Абайдың ойлары бүгінгі жастарға қаншалықты жақын екені, әлде уақыт өте келе маңызын жоғалтып бара жатқаны жөнінде өз пікірлерін ашық білдірді.

Осы бағытта жастардың Абай мұрасына деген көзқарасы, оның адамгершілік, білім, еңбек, ой еркіндігі туралы идеялары бүгінгі «альфа ұрпақ» үшін өзектілігі сақталып отырғаны немесе керісінше екені жан-жақты талқыланды. Жоғары деңгейде өткен пікірталас мазмұнды ой алмасуға ұласты.

Іс-шара соңында кітапхана қорынан ұйымдастырылған Абай шығармашылығына арналған кітап көрмесі таныстырылды. Көрмеде Абайдың қара сөздері, «Абай жолы» роман-эпопеясы, Ұлы ойшылдың өлеңдер жинақтары мен шығармашылығына арналған зерттеу еңбектері қойылды.

Қатысушылар көрмемен танысып, ұлы ойшылдың мұрасына деген қызығушылықтарын арттырды. Аталған дебат жастардың ұлттық құндылықтарға деген көзқарасын тереңдетіп, Абай мұрасын жастар көзімен бағалауға, өз ойларын еркін жеткізуге және қоғамдағы рухани мәселелерге бейжай қарамауға тәрбиелейтін маңызды мәдени-ағартушылық бағыт болды деуге толық негіз бар.

 

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 04.02.2026 | 16:30

Кушты айдар дидар маладес👍🏻👍🏻

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір