ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖЫЛЫ: ҚҰҚЫҚ ҒЫЛЫМЫ МЕН КІТАПХАНАДАҒЫ ҒЫЛЫМИ ДИАЛОГ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялап, елімізде ғылым мен білімнің, цифрлық технология мен интеллектуалдық әлеуеттің жаңа кезеңі басталғанын атап өтті. Бұл бастама қоғам өмірінің барлық саласына, соның ішінде құқық ғылымына да тың серпін беріп отыр.
Осы маңызды бағыт аясында 2026 жылғы 10 қаңтарда И.А. Крылов атындағы кітапханада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект дәуіріндегі құқық ғылымының дамуы: ғылыми мектептер мен доктриналардың трансформациясы» тақырыбында халықаралық оқу-әдістемелік конференция өтті.

Ғылыми басқосу бүгінгі заманның ең өзекті мәселелерінің бірі – жасанды интеллекттің құқық саласына ықпалын талқылауға арналды. Конференцияға отандық және шетелдік ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, практик мамандар мен мемлекеттік орган өкілдері қатысып, цифрлық технологиялар жағдайындағы құқықтық ойдың жаңа бағыттары жөнінде пікір алмасты.

Іс-шараның И.А. Крылов атындағы кітапханада өтуі де мәнді болды. Кітапхана бұл жолы тек мәдени мекеме емес, ғылым мен қоғамды тоғыстырған зияткерлік алаң ретінде танылды. Кең әрі жайлы ортада өткен конференция еркін ғылыми диалогқа жол ашты. Қонақтар үшін кітапханаға арнайы экскурсия ұйымдастырылып, қор құрылымы мен оқырманға ұсынылатын қызмет түрлері таныстырылды.
Конференцияның ашылуында модератор, заң ғылымдарының докторы, профессор Гүлдана Амангелдіқызы Қуаналиева сөз сөйлеп, жасанды интеллекттің құқық ғылымына енуі жаңа әдіснамалық көзқарастарды талап ететінін атап өтті.

Пленарлық отырыс барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Максим Николаевич Рожин құттықтау сөз сөйледі. Депутаттың қазақ тілінде еркін сөйлеуі, баяндамашыларды ыждаһатпен тыңдауы, қойылған сұрақтарға қарапайым әрі нақты жауап беруі қатысушылар тарапынан жылы қабылданды. Ол өзін «мұғалімнен жоғары қоймайтынын» атап өтіп, қарапайымдылығы мен ашық мінезін көрсете білді. Ғылыми ортада өзін байыппен ұстап, тіл табыса білуі жиынның мазмұнын тереңдете түсті.

Сондай-ақ «Байтақ» жасылдар партиясы Алматы қалалық филиалының өкілі Берік Қалижанұлы Ағыбаев экологиялық және әлеуметтік құқық мәселелеріне тоқталып, жасанды интеллект дәуіріндегі құқық ғылымының көпқырлы сипатына назар аударды. Конференция барысында отандық және шетелдік жетекші ғалымдар мазмұнды баяндамалар жасады.

Іс-шара аясында кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының профессоры міндетін атқарушы Бақытжан Қалымбек пен есеп және аудит кафедрасының оқытушылары Жанна Қалымбекова мен Айжан Молдағалиеваның «Қазақстан Республикасының органикалық ауыл шаруашылығы мәселелері» атты оқу құралының тұсаукесері өтті.
Жиын қорытындысында қатысушылар жасанды интеллекттің құқық ғылымына ықпалын жүйелеу, цифрлық технологияларды құқықтық білім беру үдерісіне енгізу және жаңа ғылыми бағыттарды қалыптастыру қажеттігі жөнінде ортақ пікірге келді.

Арнайы алғыс: Іс-шараның өтуіне барынша атсалысып, ұйымдастыруда үлкен үлес қосқан Қонаев Университетінің Жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағалығына үміткер, Парламент практиканты, ақын, жазушы, дінтанушы және жас ғалым Рабатов Аманжолға ризашылығымызды білдіреміз. Оның белсенділігі, кәсібилігі және ұйымдастырушылық шеберлігі конференцияның сәтті өтуіне зор үлес қосты.
И.А. Крылов атындағы кітапханада өткен бұл конференция Жасанды интеллект жылы аясындағы маңызды ғылыми оқиғалардың бірі ретінде есте қалып, кітапхананың заманауи ой мен ғылыми пікірдің орталығы екенін тағы бір мәрте айқындады.
А.Жолдасқызы,
қаламгер,
кітапханашы