ӨЛЕҢГЕ ҚАДАМ
06.01.2026
67
0

Балалардың шығармашылық әлеуетін ашу – қазіргі білім берудің басты бағыттарының бірі. Осы мақсатта Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы Мәди Бегенов атындағы жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің шығармашылықпен айналысып жүрген мұғалімі Болар Көбегенова өз тәжірибесіне сүйене отырып, «Өлеңге қадам: жас ақындарға көмекші құрал» атты әдістемелік еңбегін әзірледі.

Автордың айтуынша, ақындық – қанмен келетін өнер, дегенмен еңбек арқылы балалардың шығармашылығын дамытуға болады.
– Қазақ тілі мен әдебиеті – шығармашылық пән. Ақындық – табиғат беретін, қанмен келетін өнер. Дегенмен, бір пайыз талантты 99 пайыз еңбектің көмегімен баланың бойындағы талантты ашуға, олардың поэзияға қызығушылығын арттыруға, шығармашылық ізденісін дамытуға ықпал етуге болады деп ойлаймын. Баланың бойындағы өлеңге деген ықылас дұрыс бағытталса, оның шығармашылығы да жүйелі дамиды. Сондықтан мен бұл еңбекті әр бала өз ойын еркін жеткізіп, алғашқы қадамдарын батыл жасау үшін құрастырдым, – дейді Болар Көбегенова.
Педагог-зерттеуші, әрі 30 жылдық тәжірибесі бар білікті маман әдістемелік құралда өлең шығарудың негізгі қағидалары қарапайым әрі түсінікті тілмен берілгенін атап өтті.
– Әдістемелік құралда балаларға тақырып таңдаудың жолдары, әдеби-теориялық ұғымдар – ақырып, идея, көркемдік ой және өлең құрылымы – шумақ, тармақ, буын, бунақ сияқты терминдер түсіндіріліп, әрқайсысына мысалдар ұсынылды, – дейді автор.
Сонымен қатар Болар Көбегенова көмекші құралдың ішінде шәкірттердің шығармашылық қабілетін дамытуға арналған түрлі тапсырмалар енгізілгенін айтты.
– Көмекші құралда түрлі тапсырманы қамтуға тырыстым. Атап айтқанда, бос орындарды толықтыру, дайын өлеңді жалғастыру, қара сөзді өлеңге айналдыру, өз ойынан шағын шумақ құрастыру секілді жаттығулар бар. Бұл балалардың қиялын дамытып, өлең табиғатын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Автор бұл құралды жас талапкерлердің алғашқы ақындық мектебі деп біледі. «Бала алдымен ойын қара сөзбен жеткізуді үйренеді, содан кейін ғана оны өлеңге айналдыруға талпынады. Бұл – шығармашылыққа жетелейтін жол», – дейді шығармашыл ұстаз.

Сағындық Рзахметов,
Ақтау қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір