ТАТУЛЫҚ ТҰТҚАСЫ
05.01.2026
193
0

Тәуелсіздік алған отыз жылдан астам уақыт ішінде татулық деген қастерлі ұғымды көздің қарашығындай сақтап келе жатқан еліміз әлемдегі саяси тұрақтылығы тұғырлы мемлекеттердің біріне айналып отыр. Жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері берекелі бірлікте, ықыласты ынтымақта тату-тәтті күн кешуде. Әрине, осындай жағдай еліміздегі ұлтаралық тұрақтылық пен өзара келісімнің арқасында екенін жалпы жұртшылық жақсы біледі.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінде ұлтаралық татулықтың маңыздылығына мән берген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің алдымыздан шығып отырған қазіргі қауіп-қатерлердің барлығын біз осы рухани, діни лидерлердің қолдауымен шешеміз деп ойлаймын. Сондықтан біздің еліміз өркендеуші, өскелең болуы үшін өзіміздің елімізде де саяси тұрғыдан трансформацияны жүргізіп жатырмыз. Ұлтаралық татулық, конфессияаралық келісім мәселесі ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Мемлекет дамуының басты қағидаты ретінде үлкен маңызға ие», – деп атап өткен болатын.
Осынау мемлекеттік мәні мол мәселеге елімізде тұрып жатқан әр ұлттың өкілі бейжай қарамай, жас ұрпағымыздың жасампаз болашағына өз үлестерін қосып келе жатқаны көңіл қуантады.
Олардың алдыңғы қатарында
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Раушанбек Әбсаттаровтың есімі ерекше айтылуының өзіндік себебі бар.
Көрнекті ғалым ретінде еліміздегі ұлтаралық татулықты ту етіп қалам тартқан еңбектері осыны айғақтайды. Академиктің саяси және әлеу­меттік-философия теориясының өзекті мәселелеріне арнап жазылған 700-ге жуық ғылыми еңбегі, оның ішінде, жиырмадан астам монографиялық зерттеулері, оқулық пен оқу құралдары айтқанымыздың айқын дәлел болары анық.
Еліміздің саяси ғылымының одан әрі ілгерілеуі мен жоғары деңгейге көтерілуіне ғалымның қосқан үлесі ғылыми жұртшылық тарапынан жоғары бағаланатындығы айтылып та, жазылып та жүр. Әсіресе академиктің ұлтаралық келісімнің өзек­ті саяси мәселелерін қаузаған еңбектерінің шоқтығы биік екені белгілі.
Ғалымның Қазақстанның басшы қызметкерлерінің маңызды міндеті – елімізде ұлттық қатынастарды дамыту және ұлтаралық келісімді тәрбиелеуді күшейту бағытында жү­йелі, мақсатты жұмыстарды жолға қою керектігі туралы айтқан кесекті ойлары әділетті Қазақстанның жаңа тұрпатты мемлекетшіл жастарына арналғандай көрінеді маған. Биліктегілер ұлтаралық қарым-қа­тынас үйлесімділігіне ықпал ету өнерін мықтап меңгеру керегін үнемі айтып келе жатқан академик ағамыз ұлттық қатынасты дамыту ке­зеңдерінде қиғаштықтар мен дефор­мацияларды жібермеудің де мәні зор екенін ескертеді.
Академик Раушанбек Әбсаттаров­тың ғылыми шығармашылығының шеңбері кең, көтерер мәселелері ауқымды. Әсіресе саясаттану саласында көкейтесті мәселелерді көтерген еңбектерінің орны ерекше.Бірлігімізді бекемдеп, елдікті еселеп, мызғымас мемлекетімізді нығайту бағытында жарияланған ғылыми еңбектерінен осыны бағамдауға болады. Ғалымның елімізде тұрақтылықтың бірегей үлгісін танытып, дамудың қазақстандық жолын айқындау үдерісіне өзіндік үнімен, тұщымды ғылыми тұжырымдарымен қомақты үлес қосып келе жатқанын айтсақ, артық болмасы анық. Елдің тұрақ­ты дамуын, ұлттардың татулығы мен достығын әрдайым басты назарда ұстау керектігін ғылыми еңбектеріне арқау етіп, халықаралық тәжірибелерге иек артып жариялаған монографиялық зерттеулері отандық ғалымдардың ғана емес, алыс-жақын шетелдік ғалымдардың да назарын аударуда.
Ұлтаралық қатынастың негізі, бағыт-бағдары, түп-тамыры, сайып келгенде xалықтың бірлігінде, татулығында, біртұтастығында екенін індете зерттеген ғалымның тұжырымдары ғылыми жұртшылық тарапынан мойындалғанын айтқанымыз абзал.
Еліміздегі ұлтаралық және конфессияаралық келісім, өзара түсіністік пен татулық басты жетістігіміз дейтін болсақ, осындай дәрежеге көтерілуде академик Әбсаттаровтың ғылыми еңбектерінің де септігі болғандығы сөзсіз.
Қазақстан халқының татулығы, ынтымақ-бірлігі, сыйластығы туралы ғалымның жақында жарияланған, сиясы кеппеген мақаласы арқылы кеңінен танысуға болатынын көзі қарақты оқырмандарға айта кеткенді жөн көрдік.
Елімізді мекендеген барлық этнос өкілдері арасында татулық пен бірлік сақталып, жұдырықтай жұмылып күшімізді біріктіре отырып, бәсекеге қабілетті ұлт болуға күш салуда Қазақстанның алдыңғы қатарлы ойшылдары – алдыңғы қатарлы тарихи қоғамдық-саяси құрылыс орнату үшін күрескен тұғырлы тұлғалардың ойларымен үндескен академиктің пайымдаулары көп нәрсені аңғартары анық. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін негіздеп, этносаралық татулықты ту етіп ұстаудың тиімді жолдарын көрсеткен ғалымның еңбектері әділетті Қазақстанның жас құрылысшыларының үстелүсті кітабы кәдесіне жарайтынындығын астын сызып айтқымыз келеді.
Көрнекті ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академия­сының академигі Ғарифолла Есімнің: «Ғылыми саясат – адамның қажет­тілігі мен мұқтажы. Ол қазір жол сіл­теу­ші темірқазық жұлдызға, соны­мен бірге қоғамдық өмірдің бар­лық саласындағы оның кез келген әре­кеттерінің шектеушісіне айналуда. Сондықтан осы жағдайда саяси заңдылықтарды зерттеп, мемлекеттік саясаттың іске асу барысын ғылыми негізде талдап, тиісті ұсыныстар беру – саясаттану ғылымының өзекті мәселесі. Патриот ғалым Раушанбек Әбсаттаров бұл жағдайдан тыс қала алмады. Осы мәселеге өзінің 400-ден астам ғылыми зерттеу жұмысын арнады», – деген бағасын ғылыми жұртшылықтың ортақ пікірі деп те қабылдауға әбден болады.
Ал академик Раушанбек Әбсат­таровтың ғалымдық пен әкімдіктің тізгінін тең ұстап, Президент әкімшілігінде атқарған жауапты қызметі, еліміздің жетекші жоғары орындарындағы кафедра меңгерушісі, факультет деканы лауазымдарын атқарып, жігерлі жетекші, білікті басшы, ұтқыр ұйымдастырушылық қасиеттерімен танылып, саясаттану және әлеу­мет­тік-философия пәндер кафедрасында «Саясаттану» мен «Әлеу­мет­тану» бойынша магистратура және PhD докторан­тура ашып, осы сала бойынша ғылыми-педагог кадрларын дайындау ісіне белсене атсалысқаны – ол енді өз алдына бір әңгіме…
Отбасы мен киелі шаңырақтың татулығын, аға мен іні, дос пен замандас татулығын, ұлт пен ұлыстың абыройлы арақатынасын, зиялы қауым арасындағы парасатты қарым-қатынасты қалыптастырудағы тұлғалық келбетіне сүйсініп, татулық тұтқасы деп айдар тағып, ағамыз туралы аз-кем сөз еттік
Ел бірлігіне қызмет етер ғылымның сара жолындағы еңбегіңіз жемісті болып, мерейіңіз арта берсін дейміз академик ағамызға.

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
ҚР Президенті жанындағы
Ұлттық ғылым академиясы
Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры,

академик

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір