Қазіргі жастардың ізденісі мен мүмкіндігі

Амина ӨМІРҒАЛИ, ҚазХҚжӘТУ журналистика факультеті, 1-курс студенті
Бүгінгі жастар — технологияны тез меңгеретін, еркін ойлайтын, өз мүмкіндіктерін іздеуден жалықпайтын буын. Қазіргі қоғамда жас ұрпаққа шетелде білім алу, жаңа дағдыларды үйрену, стартап ашу, еріктілікке қатысу сияқты кең мүмкіндіктер беріліп отыр. Интернеттің дамуы білім алуды барынша қолжетімді етіп, онлайн курстар мен шеберлік сабақтары жастардың қабілетін ашуға жол ашады.
Мемлекет те жастарды қолдауға бағытталған түрлі бағдарламаларды іске асыруда: «Болашақ», «Жастар практикасы», «Жасыл ел», кәсіпкерлікке арналған гранттар мен жеңілдетілген несиелер — соның айғағы.

Дегенмен, ақпараттың шамадан тыс көптігі кейде жастарды адастырып, әлеуметтік желідегі жасанды өмір үлгілері өзіндік болмыстан алыстатуы мүмкін. Сондықтан ізденіспен қатар дұрыс бағыт, ішкі тұрақтылық пен нақты мақсат маңызды.
Қазіргі жастар — қоғамның негізгі қозғаушы күші. Әрбір жас қолындағы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өз әлеуетін ел дамуына жұмсай алса, болашағымыз жарқын болмақ.