Жаңашылдық және тең мүмкіндіктер
02.12.2025
60
0

Шымкент — Қазақстанның жетекші мегаполистерінің бірі әрі әлеуметтік-экономикалық дамуда маңызды рөл атқаратын қала. Оның білім беру саласы да жыл сайын қарқынды өзгеріп, жаңа жобалар мен бастамаларды жүзеге асыру арқылы дамуды жалғастырып келеді.
Білімнің сапасы, педагогтердің біліктілігі, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы және білім алудағы тең мүмкіндіктер – кез келген қоғам үшін стратегиялық құндылық. Өйткені елдің ертеңі бүгінгі білімді, парасатты, жан-жақты дамыған ұрпақтың қолында. Осы тұрғыдан алғанда, біздің басты міндетіміз – әрбір балаға сапалы да қолжетімді білім беру арқылы оның әлеуетін ашуға жағдай жасау.

  Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту

Білім беру жүйесінің ең алғашқы әрі аса маңызды сатысы – мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту. Баланың тұлға ретінде қалыптасуы, мінез-құлқы, танымдық қабілеттерінің дамуы дәл осы кезеңде басталады. Сондықтан балабақшаның рөлі бүгінде бұрынғыдан да арта түсті.
Қазіргі таңда қаламызда 638, оның ішінде 71 мемлекеттік, 567 жекеменшік балабақшада 68614 бала тәрбиеленуде.
2024 жылдың қазан айында қаламызда республикалық деңгейде алғаш рет ваучерлік қаржыландыру жүйесі 617 балабақшада енгізілді. Жобаның мақсаты: мектепке дейінгі білім беру саласында қызмет көрсететін ұйымға кезекке қою, қабылдау процестерінің және мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруды автоматтандыру мен оған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін бағытталған бюджет қаражатының нысаналы мақсатын сақтауды қамтамасыз ететін жаңа қатысушыларды тарту арқылы ашықтығын қамтамасыз ету, жетілдіру.
Жаңа жүйе «Қаржы баланың соңынан жүреді» қағидаты негізінде іске асырылуда, яғни ваучерлік қаржыландыру аясында балабақшаға қабылданған баланың ата-анасы қаржыландыру мен көрсетілетін қызмет сапасын өздері таңдайды және бақылап отырады. Ваучерлік қаржыландыру жүйесі балабақшалар арасында бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік беріп, ашықтықты қамтамасыз етеді.
Қазіргі балабақша – жай ғана балаларды күтіп, қараушы орын емес. Бұл – заманауи талаптарға сай жабдықталған, бала қауіпсіздігіне толық кепілдік беретін, олардың физиологиялық және психологиялық даму ерекшеліктерін ескеретін білім кеңістігі. Мұнда әр балаға қолайлы орта қалыптастыру, оның жасына сәйкес дағдыларын дамыту, еркін ойлауына мүмкіндік беру – басты мақсат.
Сонымен бірге балабақша ата-анамен тығыз байланыста жұмыс істейтін отбасының сенімді серіктесіне айналды. Тәрбиелеу мен оқытудағы ортақ жауапкершілік, бір бағытта жұмыс жүргізу, ата-ананың белсенді қатысуы – баланың толыққанды дамуын қамтамасыз ететін маңызды факторлар.
Ата-аналардың әртүрлі себептермен баласын балабақшаларға бергісі келмейтін фактілерін де ескере отырып (денсаулық жағдайы, отбасында тәрбиелеуді дұрыс деп санау және басқалар), оларға жан-жақты педагогикалық қолдау көрсету мақсатында мектепке дейінгі ұйымдар жанынан 112 консультациялық пункттер ашылды. Жақын арада осындай қосымша 8 консультациялық пункт ашу жоспарлануда.
Бүгінде мектепке дейінгі ұйымдар танымдық ойындар, ерте жастағы логикалық дағдыларды дамыту, тілдік және коммуникативтік қабілеттерді қалыптастыру, шығармашылық іс-әрекеттерге баулу, спорттық және қолданбалы бағыттағы жаттығулар сияқты көптеген бағытты жүйелі түрде дамытып келеді.
Баланың бойындағы табиғи дарынды байқап, оны ары қарай жетілдіру – балабақша педагогтерінің кәсіби міндеті. Сондықтан осы салада жұмыс істейтін мамандардың біліктілігіне қойылатын талап жоғары. Мұғалімдер үздіксіз оқыту бағдарламаларына қатысып, жаңартылған әдістемелерді игеруде.
2023 жылдан бастап Шымкент қаласында «Құзыреттілік орталық» жобасы қолға алынды. Жобаның негізгі мақсаты – педагогтердің кәсіби құзыреттілігін көтеру және олардың заманауи білім беру әдістемелерін меңгеруін қамтамасыз ету.
Аталған жоба аясында 10 тірек мектеп пен балабақша арасында ынтымақтастық орнатылып, тәжірибе алмасу, оқу бағдарламаларын жетілдіру және мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыру бойынша бірлескен іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бұл тәжірибе педагогтердің жаңа әдістемелерді меңгеруіне, білім беру сапасын арттыруға және оқушылардың оқу жетістіктерін жақсартуға мүмкіндік береді.

Орта білім беру

Шымкент қаласында 276 466 оқушыны камтып отырған 302 мектеп жұмыс істеуде (164 мемлекеттік, 138 жекеменшік).
Мемлекет басшысының 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын жүзеге асыру үшін 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық өңірінде «Әлеуметтік әмиян» цифрлық жүйесі енгізілді. Бұл жүйе мектептерде тегін тамақтандыруды тиімді бақылауға және әрбір оқушының тағамға қолжетімдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жүйе арқылы ата-аналар мен мектеп әкімшілігі оқушылардың тамақтану жағдайын нақты көре алады, мектептерде асханалық қызметтің сапасы мен мөлшері тұрақты бақылауда болады. Сонымен қатар бұл бастама әлеуметтік теңдікті нығайтуға, балалардың денсаулығын қорғауға бағытталған. «Әлеуметтік әмиян» жүйесі мемлекеттік қолдау шараларының атаулы, ашық және сапалы болуын жүйелейді.
Шымкент қаласында ыстық тамақпен қамтамасыз етуде «Әлеуметтік әмиян» құралы арқылы 151 мемлекеттік мектепке аппараттық-бағдарламалық кешен (АБК), оның ішінде 99 мектепте «Alaqan mektep», 52 мектепте «Е-асхана» жүйесі орнатылған.
Жалпы қалада 101 562 оқушы ақысыз тамақтанады (1 – 4 сыныптарда – 76 432 оқушы, 5 – 11 сыныптарда – 25 130 оқушы).

PISA-2025 халықаралық зерттеуі

Сапалы білім – бірнеше фактордың үйлесімді жұмыс істеуінің нәтижесі. Ең алдымен, бұл білім беру ұйымдарын тиімді басқару, оқу ордаларының ішкі жүйелерін дұрыс жоспарлау, мониторинг жүргізу және оқу үдерісін жетілдіру тетіктерін уақытында енгізу арқылы қамтамасыз етіледі.
Қазақстанда осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде дамыту үшін 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары бекітілген. Аталған стратегиялық құжатта білім беру саласындағы басты мақсаттар нақты көрсетілген: оқу бағдарламаларын жетілдіру, педагогтердің кәсіби деңгейін көтеру және мектеп оқушыларының оқу жетістіктерін арттыру.
Сонымен қатар жоспардың маңызды бөлігі – PISA халықаралық зерттеулерінің қорытындыларына сүйеніп, оқушылардың аналитикалық және сыни ойлау қабілеттерін дамыту. Осыған орай, орта білім беру сапасының нәтижесін келесі көрсеткіштерге жеткізу көзделіп отыр:
− Оқу сауаттылығы – 368 балл;
− Математикалық сауаттылық – 413 балл;
− Жаратылыстану сауаттылығы – 410 балл.
Бұл межелерге жету үшін білім беру ұйымдарында жүйелі жұмыстар жүргізілді (педагогтермен әдістемелік жұмыстар, ақпараттық талдау орталығымен бірлескен онлайн семинарлар, іс-шаралар, цифрлық білім беру бағытындағы ақпараттық жүйелермен дайындық жұмыстары). 2022 жылы зерттеудің нәтижесі жалпы білім алушылар оқу сауаттылығы бойынша 366 балл, математикалық және ғылыми-жаратылыстану сауат­тылығы бойынша 407 балл жинақтады.
Бұл көрсеткіш 2018 жылғы нәтижелермен салыстырғанда математикалық сауаттылықтан +6 балға, ғылыми-жаратылыстану сауаттылығынан +34 балға жоғарылады. Республика деңгейінде функционалдық сауаттылық шкаласы бойынша үшінші деңгейге ілгеріледі.
Осы жылдың 7 – 18 сәуір аралығында 27 мектептен 1079 оқушы қатысты. Нәтижесі 2026 жылдың қыркүйек айында анықталатын болады.

Білім жетістіктерін мониторингілеу

Білім алушылардың оқу жетістіктерін тұрақты бақылау мен талдау – білім сапасын арттырудағы басты құралдардың бірі. Білім алушылардың білім жетістіктерін мониторингілеу (ББЖМ) шеңберіндегі тестілеу сауаттылықтың үш негізгі бағытын қамтиды:
– Оқу;
– Математикалық;
– Жаратылыстану-ғылыми сауаттылығы.
ББЖМ кездейсоқ іріктеу әдісімен анықталатын бастауыш және негізгі орта білім беру ұйымдарының 4 және 9 сынып білім алушылары арасында өткізіледі. Аталған тестілеуді қаламызда 67 мектеп тапсырды (52 мемлекеттік, 15 жекеменшік).
Аталған зерттеулер – бағалау ғана емес, білім сапасын жақсартуға арналған маңызды құрал. Оқушылардың қай бағытта төменгі нәтиже көрсететінін анықтайды. Нәтижелерге сүйене отырып, функционалдық сауаттылықты дамыту және білім сапасын арттыру – басты мақсат.
Шымкент қаласында білім және ғылым бағытында сапаны арттыруға бағытталған біршама жаңа бастамалар мен жобалар атқарылып жатыр.
Ағымдағы жылы Шымкент қаласының мектептеріндегі оқыту сапасын көтеру, білім сапасының алшақтығын азайту, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту және оқу үдерісін цифрландыру негізінде білім сапасының тұрақты өсіміне қол жеткізу үшін «Сапалы білім» кешенді дамыту жобасы жүзеге асады. Жоба Білім басқармасының құрылымдық бөлімшелері, әдістемелік орталық, біліктілікті арттыру орталықтары және Шымкент қаласындағы барлық орта білім беру ұйымдары арқылы іске асырылады. Жобаның идеясы педагог кадрлардың кәсіби біліктілігін, білім сапасын арттыру, оқыту сапасын жақсарту үшін мектептерде жұмыс жасап жүрген біліктілігі жоғары мұғалімдер мен директор орынбасарларының тәжірибесін тарату, жоғары нәтижеге қол жеткізу.
Сондай-ақ оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру мақсатында біз «Оқылым», «Жазылым», «Тыңдалым» және «Айтылым» дағдыларын кешенді түрде дамытуға ерекше көңіл бөліп, бұл бағытта білім беру үдерісін жаңғыртуға, оқу бағдарламаларын жетілдіруге және әдістемелік қолдауды күшейтуге бағытталған кешенді іс-шараларды қолға алмақпыз.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы

Мемлекет басшысының тапсыр­ма­сы­на сәйкес қалада «Жайлы мектеп» ұлт­тық жобасы аясында 12 мектеп пай­далануға беріліп, оқушылар білім алуда.
Балаларды қосымша біліммен қам­ту, бос уақытын тиімді пайдалану, шығар­машылықтарын дамыту мақсатында Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы негізінде 2023 жылы Нұрсәт шағын ауданынан және 2025 жылы Тұран шағын ауданынан 500 орындық оқушылар сарайы ашылды.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында қосымша білім беру саласында жүйе­лілік пен әділеттілікті қамтама­сыз ету үшін пилоттық жоба іске қо­сыл­ған. Жаңа жүйе мемлекеттік және жекеменшік спорттық секцияларды, шығармашылық үйірмелер мен қосымша білім беру курстарын біріктірілген цифрлық платформаға енгізеді. Жүйенің басты жаңалығы – ваучер білім беру ұйымына емес, тікелей балаға беріледі. Бұл тәсіл қосымша білім беру жүйесінің ашықтығын арттырады, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасайды және бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етеді.
Осындай жүйелі жұмыстар, өзге де жаңашылдықтар оқушылардың кедер­гісіз әрі сапалы білім алуына мол мүм­кіндік туғызып, ел дамуына берік көпір салуда.

Шолпан САПАРБАЙҚЫЗЫ,
Шымкент қалалық білім басқармасы
Әдістемелік орталығының директоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір