ДӘСТҮР мен ЖАҢАШЫЛДЫҚ
01.04.2026
82
0

Мөлдір САҒЫМБАЕВА,

Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қызметкері

Наурыз – қазақ халқының ұлттық мерекесі. Қаһарлы қыс аязынан аман-есен шыққан көшпенді халық көктем айының тууын шаттықпен, мерекемен тікелей байланыстырған. Ел қазан көтеріп, ас беріп, ат шаптырып, бәйге тіккен. Наурыз айы сол себепті де жыл басы, мереке айы, думан айы деп бекерге айтылмаса керек. Бұл мерекенің қазақ тұрмысында тууының әу бастағы себебі осы. Наурыз айында аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктесіне келіп, күн мен түн теңелетін, жан-жануарлар түлеп, жер көктеп, мал төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер бетіне мейірім орнаған күн.

Григориан күнтізбесі бойынша ескіше наурыз айының тоғызы, жаңаша 21-нен 22-не қараған түн осы күнге сәйкес келеді. Наурыз – қазақтармен қатар түркітектес ұлт өкілдерінің баршасы атап өтетін ортақ мереке. Ерекшелігі әр халық өз әдет-ғұрып, салт-санасына, ішкі менталитеттеріне қарай әр ұлт әртүрлі өзгерістермен атап өтеді. Мәселен, наурыз көженің дайындалуы мен киетін киім үлгілері, ұлттық ойындары мен салт-дәстүрлерінде де айтарлықтай айырмашылықтар болады. Бұл ерекшеліктер мерекенің түпкі сипатын, шығу тарихын жойып жіберуі мүмкін деп қорқу әсте орынсыз. Керісінше, оны әрлеп, әр ұлт арасына байланыс орнатуда үлкен рөл атқаратын ортақ себеп. Наурыз түркі халықтарын бір-бірімен жақындастырып, байланыстыратын алтын көпір іспетті. Наурыз – «Самарқанның көк тасы жібитін күн». Бұлай деуіміздің себебі Самарқанда әйгілі ақсақ Темірдің тағы бар, бұл күні қаһарлы ханның қаһары да жібиді, егер біреу өлім жазасына кесілсе, оны өлімге бұйыртпай аман алып қалатын, райынан қайтаратын күн. Бұл – адам бойындағы жүректің жылылығымен байланысты күн.

Қазақ әдебиетінде Наурыз туралы мәліметтің алғашқысын Абайдың «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» еңбегінде айтылған. Көшпелі халықтардың сонау «хибағи», «хұзағи» деп аталатын заманға дейін апарып, «Ол күнде Наурыз бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп, тамаша қылады екен. Сол күнін «ұлыстың ұлы күні» дейді екен деп жазған. Бұл мәліметтен байқарымыз наурыз мерекесінің өте көне заманнан тойланғаны туралы, «тамаша қылуы» мейрамның ойын-сауық формада өткені туралы және ұлыстың ұлы күні аталуы барша халықтың қатынасуымен ең үлкен мерекелік әрекеттер атқарылғанын көрсетеді. Қазақ жазушысы Сәбит Мұқанов: «Наурызнамада» жұрт қысқы соғымның шекесін асып, бір-бірін қонаққа шақырып, қарындағы майды бастайтын. Үлкендер «жылдың жерге түскен кезі осы уақ» дейтін». Классик жазушы Ғабит Мүсірепов: «Менің мына жарық дүниеге келген күнімді қалай анықтауға болады? Біздің отбасымызда бұл ретте ортақ шешімге келу бірден оңай болған жоқ. Мен ескіше жыл басы деп есептелетін «Наурыз күні» киіз үйде туыппын. Сол түні жыл атауын иемденген ілкімді барыс жұмсақ секіріп, сиыр жылын алмастырған екен. Туған күнімді өткен жылға телісек, онда мен шылқыған байлық иесі болады екенмін және өз жолымда береке мен ырысқа кенеледі екенмін», – деп ескі жыл санауы бойынша 22-наурызда, мейрам қарсаңында дүние есігін ашқанын естеліктерінде баяндаған.

Наурыз мейрамының қазақ халқына келуі турасында нақты мәлімет көзі жоқ. Мерекенің шығу тарихы, түсінігімен таныс халық оның қазақ даласына қай ғасырда келгенінен хабарсыз-ақ.

«Қаз жайлауын жаз деймін,

Наурыздан соң жаз деймін»

«Көлден ұшқан қаздаймын,

Наурыздан соң жазбаймын» («Қобыланды батыр» жырынан), – деген үзінділердегі «Наурыз» парсы сөзі болғанымен көне түркілерге, оның ішінде қазақ халқына ертеден етене сіңісіп кеткен термин. Қазақтар «наурыз» мерекесін «жыл басы» ретінде ғана емес, көктемнің, жылулықтың келуі, табиғаттың жаңаруы деп мереке ретінде тойлаған. Көшпенді қазақ халқының ауқатты бай-бағландары мерекені бір тұтас ауыл арасында той қылып, ауқымды түрде тойлаған. Оған дәлел ретінде мына деректерді келтіреміз: Арғыннан шыққан Едіге би Баянауылдан қасына жүз кісі ертіп, «Наурызнама» тойлаймыз деп Қызылтау­да Сәті мырзаның отауына соғады. Өзі қансонарда бүркіт салуға сапарлап кеткен Сәті мырза бәйбішесі Баяуға «наурызнамалап кісі келсе, менің жоқтығымды білдірме» деп аманат етіп кетеді. Баяу бәйбіше үйіне келген қонақтарын мол дастарқанмен, думан тоймен қарсы алады. Артынша аңшылықтан келген Сәті мырза бұл Нау­рызнама бәйбішенікі, менікі бөлек сый болсын деп, үйіне мейрамдатып келген жүз жолаушының астына ат мінгізіп, Едігеге үш түйе, үш жылқы, үш ірі қара мал берген екен. Наурызнама жасау қазақ байларының мырзалығына сын болған. Олар бұл мерекені барынша молшылықпен атап өтуге, сынға қалмауға, ел-ішіне мереке сыйлауға барын салған. Сол кездері қазіргі таңдағы «Наурыз» мерекесі атауының өзінің алғашқы формасы «Наурызнама» деп аталған екен.

Жазба деректердегі наурызнама тойлаудағы кейбір әдет-ғұрыптардың көбі жойылған, кейбірі синтезделіп өзгеріске ұшыраған. Мәселен, сегіз күн бойы ауқат­ты адамдардың ас беруі; әулие басынан тәтті су ішу; көктеуге ерте көшкен қазақтардың мал-мүліктерін отпен аластауы – жойылған ғұрыптар, көненің сарқыншағы. Себебі қазіргі таңда Нау­рыз мерекесі біздің елде бірнеше күн қатарынан тойланады. Бірақ бұл күнді жетім-жесірге жәрдемші болып азықтандырайын, ас берейін деп ниет ететін қалталы азаматтар санаулы-ақ. Себебі қазіргі таңда Наурыз мейрамын рухани мереке емес, «қазақтың жаңа жылы, жыл басы» деп қана салмақсыз қабылдауымыздан деп білеміз. Діни сауат­ты қазіргі қазақ жастары әулие басынан су ішу, отқа табыну, жер-көктен тілек тілеу, аластау, қауақ сындыру сынды шамандық ғұрыптардың қалдығы мен оның исламдағы үкімі арасын дұрыс ажырата білуінің нәтижесінде, бұл ескі ғұрыптар да қазіргі таңда қолданыста жоқ. Ал қазіргі таңда ел түсінігіне сіңімді, дүниетанымымызға сай бірқатар үрдіс те бар. Олар: жаңа-жылға қарызсыз кіру, бар қарызынан құтылып жылды жақсы оқиғалармен бастау; араздасып қалған жандармен татуласу; Наурыз келгенде жаңа киіммен, жаңа энергиямен қарсы алу; көшеде кезіккен бейтаныс адамдарды мерекемен құттықтау, қуаныш сыйлау; көрісу сынды салт-әдеттердің мәні зор. Олардың негізгі идеясы: табыну, табиғаттың тылсым күшін құдірет көру емес, керісінше жаман энергиядан арылып, рухани баю. Өзіне, өзгелерге мерекелік қуаныш сыйлау мақсатында мәмілеге келіп, ізгі тілектер білдіру.

Кеңес өкіметі заманында Наурыз мейрамын тойлауға тыйым салынғанымен, Ұлы даламыздың әр жерінде бұл күнді атап өту ұмытылмаған. Тіпті ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде де ел Ұлыстың ұлы күнін атаусыз қалдырмаған. Мұны сол заманды көзімен көрген қариялардың естеліктерінен білуге болады. Совет өкіметінің алғашқы жылдарында халық Наурызды тойлады. 1925 жылы 22 наурыз күні «Еңбекші қазақ» газеті бұқара халықты наурыз мейрамымен құттықтап, өзінің бірінші бетіне ірі әріптермен:

«Қыс өтіп, қар кетіп,

Шырайлы жаз жетіп,

Шаруаның кенелген,

Мейрамы ежелден

Құтты болсын бұл Наурыз!» – деп жазылды. Алайда бастапқы уақытта тойланып келе жатқан бұл мереке асыра сілтеушіліктің салдарынан 1926 жылы күрт тоқтатылды. Бірде «діни мейрам», бірде «ескіліктің сарқыншағы» деген жалаға ұшырады. 1917 жылы Ресейдегі төңкерістен соң әлем тарихымен бірге қазақ мәдениеті де сойқан өзгеріске ұшырады. Ақ патша құлап, Совет өкіметін орнатқан большевиктер 1926 жылы КСРО құрамындағы Орталық Азия елінің бәріне Наурыз тойлауға тыйым салды. Себебі бұл күні жұрт рухани бірігіп кететін. Халық жаппай жиылып, діни қисса, тарихи жыр айтып, ән-күй шырқайтын. Наурыздың ерте оралуына 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тікелей әсер етті. Әз-Наурыз алғаш рет 1988 жылы Алматы қаласында тойланады. Мереке күні қаланың көрнекі жерлерінде ұлттық киім киген ансамбльдер көктемде құлпырған қызғалдақтай жайқалып шыға келді. Республика сарайының алдында алтыбақан құрылып, ел-жұрт мерекені көңілді өткізді. Киіз үйлер тігіліп, тегін наурыз көже таратылды. Балуандар белдесіп, жігіттер жамбы атты. Бұл мерекенің тәуелсіз Қазақстанға оралуына бірден-бір себепкер болған 1987–1988 жылдар аралығында қызмет еткен Мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібеков.

Наурыз мерекесі 1991 жылы 15 наурызда Қазақ КСР Президентінің қаулысының негізінде мемлекеттік мәртебеге ие болды. Елбасы наурыз айының 22-жұлдызын «Наурыз мейрамы» деп жариялады. Ал 2009 жылдың 24 сәуірінде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев наурыз айының 21, 22, 23 күндеріне «Наурыз мейрамы» деген атақ берді. Бас ассамблеяның берген мәлімдемесі бойынша, Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орталық Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатыр.

Наурыз – қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық мерекесі. Дегенмен бүгінгі креатив пен білімге басымдық берілген заманда біз бұл мейрамды көбіне тек «ұлт­тық» сипат аясында ғана атап өтумен шектеліп жүрміз. Ал, шын мәнінде, Наурыздың терең тарихы, өзіне тән салт-дәстүрлері, ерекше мерекелік тағамдары мен танымдық ойындары бар. Осы құндылықтардың бәрі әрдайым толық мазмұнда насихат­талып, кеңінен тойланып жүр деп айту қиын. Сондықтан Наурыздың мағынасын тереңірек түсіндіріп, оның бай мұрасын заманауи форматта жаңғырту маңызды.

Айталық, Наурыз мерекесі дегенде, ең алдымен, жеті түрлі дәмнен жасалатын ұлттық тағам – Наурыз көженің еске түсері ақиқат. Көжеден бөлек ұлттық тағамдар мен ағарған сусындар, тіскебасар дәмдермен қатар «Наурыз» ұғымын айшықтайтын «Ұйқыашар» тағамы бар. Ұйқыашар – дәстүрлі тағам. Наурыз мерекесінде қыз-келіншектер көңілі бар ер-азаматына ұйықтап қалмасын деген мақсатпен «Ұйқыашар» әзірлеген. Бұл тағам екі жастың арасын жақындатуға себепші болған ғұрып ретінде саналған. Ұйқыашар – ет, тәтті уыз сияқты дәмді тағамдар. Әдетте ұйқыашарды соғымның соңғы етін уызға салып дайын­дайды немесе ұлттық тағамдардың басқа да түрлерін ұсынады. Жылқының майы мен құйрық-бауырын араластырып та ұйқыашар ұсынғандар болыпты. Тiптi бұлақтың таза суын да берген деседi. Ұйқыашар ретiнде, сондай-ақ зереге боза, қымыз құйып әкелген екен. Қыз қолынан дәм татқан ер-азамат қауымы қызға сыйлық берген. Оны дәстүр бойынша «Селт еткізер» деп атаған. Дәстүр мен жаңашылдықты қатар алған заманда осы ұмытылып бара жатқан, тек теория жүзінде ғана айтылып жүрген ас түрін мереке күндері ас мәзірлеріне енгізіп, мерекелік қойылымдарда «Ұйқыашар» мен «Селт еткізерге» қатысты қойылымдар қойылса, көрерменнің көңілінен ыстық орын алар еді. Сол секілді күн мен түннің теңелуіне байланысты, қыс пен көктем мезгілдерінің айтысын ұйымдастыруға болады. Бұл ақындардан интеллектуалды дайындықты талап ететін жаңаша бағыттағы мерекелік айтыс болады.

Наурыз мерекесі әлі де болса ғылыми тұрғыдан толық зерттелген жоқ. Десек те, аңыз-әпсаналардағы, Наурыз туралы ертегілер мен әңгімелер желісіне, мерекенің шығу тарихына сүйенсек, мейрамда көрініс табатын дәстүрлі кейіпркерлер бар. Қыдыр ата, Көктем қыз, Қалтырауық кемпір, Ақпан-Тоқпан, Үт бикеш, Әзмырза, Зымыстан, Табысқан секілді образдар халыққа қайтадан оралуы қажет. Осы кейіпкерлер сомдалған қойылымдар, мереке қарсаңында телеарналарға, әлеуметтік желілерге шығатын бейнероликтер дәстүріміздің іргетасын нығайтып, Наурызды жаңаша бағытта, ерекше тойлап өтуге үлкен үлесін қосады. Көктем мезгілінің символы – қызғалдақ, бәйшешек, жауқазын гүлдері болса, Наурыздың символы – «нәурізек» гүлі. Қызыл кітапқа енген бұл өсімдік көктем мезгілінде, наурыз айында өсетіндіктен халық «нәурізек», «наурызгүл» деп атау берген. Жұпар иісті, емдік қасиетке бай бұл өсімдік турасындағы грек мифтерінде былай делінеді: «Әулие Петр Апостол жұмақ қақпаларын күзетіп тұрып, қолындағы жұмақ қақпаларының алтын кілттерін жерге түсіріп алады. Ол күнә толы жерге құлап сол жерге алқызыл гүл өсіп шыққан» деседі. Періште кілтті дереу жерден көтеріп алса да жұмақ қақпаларының кілттерінің алтын әдемілігі сол гүлге беріліп үлгерген екен. Осы гүл турасындағы түсінікті де халық санасына сіңіріп, оны Наурыз мейрамының символына айналдыруға жұмыс жасау керек.

Қазіргі таңда ұлттық ойын сапасын арттыруда мәдениет және спорт салаларында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Мейрам күндерінде ойналатын ұлттық ойын түрлерін көбейтуді де қолға алу шарт. Мәселен, мереке күндері тек алтыбақан құрумен ғана шектелмей, қала қонақтары үшін қызықты ақсүйек, теңге тастамақ, көкпар, сақина алу сынды қазақ дүниетанымына сай ұлттық ойындарымызды мереке күндері насихаттау шарт. Заман талабы бойынша өскелең ұрпаққа мейрам турасында түсінік беріп қана қоймай, ол түсінікті қалыптастыруда бойға сіңіруге жұмыс жасау керек. Мерекеде шілдехана, бесікке салу, тұсаукесер, келін түсіру секілді тұрмыстық салт-дәстүрлерді көрсетумен қатар мереке турасындағы дәстүрлі әдет-ғұрыптарды да іс-шаралар қатарына қосып мереке рухын көтеруіміз шарт.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Біз озық ойды ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбатында қоғамды толғандырған көп мәселені көтерді. Соның бірі Наурыз мейрамы турасында да сөз болды. Президент: «2024 жылды қалай қарсы алдыңыз?» деген сұраққа: «Жаңа жыл – әрине, күнтізбенің жаңа парағын ашатын маңызды меже. Осы сәтте өткен жылды қорытындылап, келешекке жоспар құру әдетке айналған. Бір жағынан, Жаңа жыл мен үшін қастерлі мереке емес. Оның үстіне, өзіміздің төл жаңа жылымыз – Әз Наурызды естен шығармағанымыз жөн. Бұл мейрам – тіршіліктегі нағыз табиғи жыл басы», – деп жауап берген екен. Сонымен қатар Қазақ­станда Наурыз мерекесін 10 күн, 14–23 наурыз аралығында тойлау форматы алғаш рет 2024 жылы Президент бастамасымен ресми түрде енгізілді. Осы жылдан бастап ол «Наурызнама» деп аталып, әр күн ұлттық салт-дәстүрлер мен қоғамдық құндылықтарға арналатын мерекелік бағдарлама ретінде бекітілді. Бұл бастама арқылы Нау­рыз мейрамының тарихи мәні мен мәдени мазмұны кеңейтіліп, елімізде кең ауқымды іс-шаралар өткізіледі.

Наурыз ән салып, думан-тоймен ғана шектеліп қалатын мереке емес, ол – рухани жаңғыру күні. Адами қасиеттерді бойы­мызға жиып, жаман әдеттерден құтылып, ел ішіне ынтымақ, береке сыйлайтын ізгі мейрам. 5000 жылдан астам тарихы бар Ұлыстың ұлы күні Қазақстанда жоғарғы деңгейде өтуі тәуелсіз, дамыған ел ретінде біздің бедел, абыройымыз. Сол себепті, мерекені қарсы алуда, тойлауға деген шын ықылас ниетімізбен бабалар дәстүрі ізімен инновацияны қатар алып биылғы жыл мерекені тойлауға жұмыла атсалысуымыз керек. Тәуелсіз Қазақстанға бұл мерекенің келуі оңай болған жоқ. Қаншама жыл дәстүрінен ада болған, байырғы бодан халық үшін Наурыздың ел ішіне қайта келуі үлкен бақыт болып саналды. Қолымыздағы бақыт құсын бағалай білейік. Ұлыс оң болсын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір