Ақын ауылындағы кездесу
11.11.2025
137
0

Үмбетәлі Кәрібаев – белгілі халық ақыны. Жамбыл ауданындағы ақын тұрған ауылға Үмбетәлі есімін беруге және музейін ашуға жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы көп еңбек сіңірген еді. Кезінде архивтен өлең-жырларын жинап, «Шапағат» деген атпен кітабын шығаруға ой салған болатын. Музей ашылғаннан кейін қолында бар бес папка мұрасын арнайы тапсырды. Екі томдық шығармалар жинағын құрастырып шығарды.

Жуырда Үмбетәлі ауылында заманауи қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, талантты жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының 75 жылдығына арналған «Тау баласы» атты шығармашылық кеші өтті.
Алдымен, Үмбетәлі ақынның кезінде өзі тұрған қара шаңырағында Құран оқытып, музеймен танысты. Артынан осындағы мектепте үлкен әдеби сазды жиын өткізілді.
Онда Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас Нағашыбек Қапалбекұлының бүгінгі күнге дейін елуден астам кітап шығарғанын айта келіп, елі мен жері үшін атқарып жатқан қайраткерлік еңбегіне тоқталды. Ол құрастырып шығарған Жамбылдың 40 томдық, Сүйінбай ақынның 10 томдық жинағы және басқа да талай тарихи тұлғалар жайлы зерттеулерін баса айтты.
Кездесуде Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орын­басары, көрнекті ақын Қасымхан Бегманов, филология ғылымының докторы, Қазақстан ұлттық қыздар педагогикалық университетінен профессор
Гауһар Балтабаевалар баяндама жасады. Әдебиет­танушы, сыншы Армиябек Сағындықұлы, Шалқар радиосының директоры, философия ғылымының кандидаты Болатбек Төлепберген және де басқа ауыл тұрғындары ақ тілектерін айтып, сөз сөйледі. Үмбетәлі мектебінің ұжымы өз өнерін көрсетті.
Шара жылы әрі рухани бай атмосферада өтті. Кеш барысында қаламгердің шығармашылығы мен өмір жолына арналған естеліктер айтылып, өлеңдер оқылып, жүректен шыққан лебіздер жолданды. Әріптестері мен замандастары Н.Қапалбекұлының қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесін, терең ойлы туындылары арқылы ұлттық рухты, туған жерге деген сүйіспеншілікті дәріптегенін ерекше атап өтті.
Нағашыбек Қапалбекұлының шығармалары бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес рухани қазына болып есептеледі. Оның қаламынан туған әрбір шығарма адамдық қадір-қасиетті қастерлеуге, еңбекті бағалауға және ұлттық құндылықтарды сақтау мен дәріптеуге үндейді. Жазушының мол мұрасы халық жүрегінде мәңгі сақталып, кейінгі буынға шабыт пен сенім сыйлай беретіні сөзсіз.

И.Иминов

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір