АБАЙ ЖОЛЫ – ХАЛЫҚ ЖОЛЫ
Академик Қаныш Сәтбаев М.О.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын «жарты ғасырлық қазақ өмірінің энциклопедиясы», ал ұлы жазушы Шыңғыс Айтматов «Абай» эпопеясы – бұл біздің көркемдік және әлеуметтік энциклопедиямыз, ол біздің ортақ мандатымыз», академик Зейнолла Қабдолов «Абай жолы» – ұлы жазушының ұлы туындысы, бас кітабы» деп, «Абай жолы» романына кезінде жоғары баға берген.

Биыл М.О.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының негізінде жазылған (қазір толықтырылған) «Абай жолы» энциклопедиясы жарық көріп отыр. Энциклопедияның авторы – белгілі жазушы, журналист, энциклопедист, редактор-аудармашы Ақбай (Ақбаев) Наурызбай Ерсарыұлы (1937–2017). Бұл еңбектің тұсаукесері 2025 жылдың 8–18 тамызы аралығында 10 күндік ретінде Семей қаласында Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойы құрметіне өтті. Энциклопедия жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Асқар Алтай басқарған «Арда» баспасынан 2000 дана тиражымен басылып шығарылды. Энциклопедияның шығуына мұрындық болған Абай облысының әкімі – Берік Уәли.
З. Қабдолов кезінде «задында, таланттар тарихы мен тағдырын барлай қарасақ, басты жазушылардың бәрі ғұмыр бойы өзінің бас кітабын жазу мақсатында әрекет еткен және солардың талайы жазып үлгіре алмай кеткен» деп жазған. Энциклопедия авторы Н.Е Ақбайдың 1400 ғылыми мақаланы қамтитын, ал өзінің 10 жыл төңірегінде жазылған жүзге жуық мақаласы жарық көрген (энциклопдия алғаш рет 2008 жылы «Арда» баспасында басылып шықты) бұл фундаментальды құнды еңбегі автордың бас кітабы мен шығармашылық акмесі болып табылады, яғни ежелгі грек тілінен аударғанда шығармашылық еңбегінің ең үлкен жетістігі.
Энциклопедияда қазақ халқының XIX ғасырдың екінші жартысындағы қоғамдық-
саяси өмірі барлық жағынан көркемдікпен суреттеліп, олардың тыныс-тіршілігінің түкпірінде жатқан тарихи процестер кеңінен айқын көрсетілген. Мұның бәрі ұлы ақын Абайдың өмірін, шығармашылық қызметін, романдағы жүздеген кейіпкерлермен қарым-қатынасын, дүниеге көзқарасын жан-жақты әрі шебер тілмен бейнелеу арқылы көрініс тапқан. Энциклопедия – қазақ өмірінің айнасы, үлкен шежіресі, тұтас бір дәурді жан-жақты бейнелеп берген, мазмұны мен мағынасы, көркемдік бітімі, сипат-ерекшелігі жағынан үздік туынды. Онда қазақ қоғамының алуан түрлі әлеуметтік топтары кең қамтылып, сан қырлы тұтас галерея жасалған. Аса мол өмірлік материалды, әдеби, тарихи мұраларды алғырлықпен игеріп, көркемдік нәр берген. Еңбекте қазақ халқының этнографиялық, діни, мәдени-танымдық дәстүрлері – жаз жайлауға көшу, құда түсу, қыз ұзату, той жасау, кісі өлімі мен аза тұту, ас беру, жұт, болыс сайлауы, қыз дауы, жер дауы, жесір дауы, құн дауы, аң аулау, табиғат көріністері т.б. – бәрі-бәрі бар. Энциклопедияда тарихи шындық, әдеби көркемдік, философиялық толғаныс, психологиялық мінез-құлық, халықтың өмірі мен тұрмысы, салт-санасы, өмірге көзқарасы, поэзиясы, прозасы, музыкалық өнері жымдаса ұштасқан.
Еңбекте аттары бір-екі адамды қоспағанда, тікелей кейіпкер ретінде қатыскан 450-дей адам суреттеледі, 203-тен астам топоним кездеседі, мұның үстіне толып жатқан этнонимдерді – ру, тайпа, халық атаулары бар. Сондай-ақ энциклопедияда роман-эпопеяға қатысты әдебиеттану терминдері, осы ұлы туынды туралы ғылыми зерттеулер жазып, келелі де кеңесті ой-пікірлер айтқан біраз белгілі қаламгерлер, жазушылар мен ғалымдар энциклопедиялық талапқа сәйкес әліпби тәртібімен берілген. Сондай-ақ энциклопедияда автор Абайдың Семейдегі әдеби-мемориалдық қорық-музейі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік Орталық музейі, Қазақстан Республикасының өнер музейі, Қазақстан Республикасының кітап музейі, М. Әуезов мұражай үйі, Қазақстан Республикасының ұлттық кітапханасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кітап палатасынан алынған материалдарды пайдаланды.
Осы мақаланың авторлары Наурызбай Ерсарыұлының Лейла, Дина, Ақмарал атты қыздары бәрі ғалымдар, химия мен философия ғылымдарының докторы мен кандидаттары. Олар еңбек етіп отырған жоғары орындарында Абайдың мерейтойына қарсы әртүрлі деңгейдегі іс-шаралар өткізілді.
Мысалы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің «Физикалық химия, катализ және мұнай-химия» кафедрасында жыл сайын Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі және Франция Республикасы Еуропа және Сыртқы істер министрлігімен бірлескен магистрантттарға арналған «Абай-Верн» атты қос дипломды стипендиялық бағдарламасы іске асырылып жатыр. Биыл бірқатар 1-курс магистранттары «7М07101 – мұнай химиясы» мамандығы бойынша осы стипендияның иегерлері атанып, 2-курста олар, Клод Бернард Лион 1 атты Францияның жетекші университетінде оқуға мүмкіншілік алды. Бұл бағдарлама халықаралық академиялық тәжірибесі бар жоғары білікті химия мамандарды даярлауға бағытталып, жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін дамытуға ықпал етеді.
М.Тынышбаев атындағы ALT универститенің «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және дене шынықтыру» және Азаматтық авиация академиясының «Жалпы білім беру пәндер» кафедраларында Абайдың «Толық адам» Концепциясына сәйкес «Абай – ұлт болмысының айнасы», «Абай жолы – халық жолы», «Абай – қазақтың ұлы философы», «Абайдың «Қара сөздері» атты бірқатар іс-шаралар өткізілді. Олар Абайдың шығармашылығын қазақ халқының жалпы адамзаттық көркем ой парасатының маржанына қоскан тікелей үлесі ретінде жоғары бағалады.
«Абай жолы» энциклопедиясы жазушының жеке шығармасы жөнінде жазылған тұңғыш энциклопедия екенін, ал бұл еңбектің авторын – Ақбай Наурызбайды Абай мұрасын насихаттауға және Қазақстан Республикасының руханияты мен мәдениетін дамытуға лайықты үлес қоса білген ардақты азамат қатарына қосылғанын ерекше айтып өту керек.
Сондай-ақ Абайды марапаттаған жоғары орындарындағы өткізілген іс-шаралар да қазақ елінің ғылымы мен мәдениетінің, әдебиеті мен өнерінің жаңа биік белеске көтерілгенінің көрінісі. Өйткені олар қазақ қауымына эстетикалық талғам мен зор көркемдік қуат әкеліп отырғаны сөзсіз.
Дина АҚБАЕВА,
Лейла АҚБАЕВА,
Ақмарал АҚБАЕВА