Абдуллиндер атындағы өнер колледжі

1955 жылы, соғыстан кейінгі ауыр жылдары құрылған оқу ордасы қазір тәуелсіз елімізде өз жұмысын сәтті жалғастырып келе жатқан оқу орындарының бірі. Өнер ордасы 70 жылдың ішінде он мыңнан астам шәкірт тәрбиелеп, ұшырған екен. Колледж шәкірттері тек қана қалалық, облыстық деңгейде ғана емес, республикалық, халықаралық додаларда да топ жарып жүр.
Бүгін өз өнерлерін ортаға салған Шалқар Рысханов жетекшілік жасайтын «Жігер» ансамблі үлкен фестивальдерге қатысып, колледждің ғана емес, облыстың, қала берді барша қазақтың абыройын аспанға көтеріп жүр.
Өнер ордасы кәсіби мамандарды даярлаумен қатар, түрлі концерттер, семинарлар, көрмелер өткізуді дәстүрге айналдырған. Уақыт талабына сай жаңарып, 2002 жылы оқу орнына Қазақстанның мақтанышына айналған, туған жерінен түлеп ұшқан Ришат пен Мүсілім Абдуллиндердің есімі берілді.
Мерейтойға орай өткізілген мәдени шаралардың бірі – «Танцы времен» атты классикалық музыка концерті болды. Оған колледждің 2023 жылғы түлектері, бүгінде Германиядағы Вестфаль университетінің Жоғары музыка мектебінде білім алып жүрген Жанель Ағзамова мен Шынар Мұрат қатысты.
«Музыка саласында шетелде оқу – үлкен жауапкершілік. Біз бұл кешті альма-матерімізге деген алғысымыз ретінде арнадық. Бұл – біздің 70 жылдық мерейтойға жасаған сыйлығымыз», – деді Жанель Ағзамова.
Концерттік бағдарлама Франц Шуберттің нәзік әуендерінен бастап, Бахтың полифониялық шығармаларына, Григтің ұлттық билеріне, Дворжактың «Славян биіне», Брамстың венгер әуендеріне, Рахманинов пен Чайковскийдің жауһар туындыларына дейін жалғасты.
Қазан айының басында колледж 70 жылдығын атап өтпек. Колледж түлектері тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де табысты еңбек етіп жүр. Бұл – оқу орнының білім сапасының жоғары екендігінің дәлелі. Мемлекет басшысы өз Жолдауында мәдениет пен өнерге ерекше мән берді. Оқу орны осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыра беретін болады. Айта кетейік, колледж мерейтойы аясында жыл бойы түрлі мәдени және шығармашылық жобалар жүзеге асырылмақ.
Халық артистері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесі Шығыс Қазақстан өнер колледжі мен Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған музыка мектебінің бірігуі нәтижесінде құрылды. Оқу орны мәдениет, музыка және өнер салаларында техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлауды жүзеге асырады. Сонымен қатар балалар музыка мектептерінің бағдарламалары бойынша қосымша білім беру қызметтерін ұсынады.
Әзірлеген
Арнұр ТОЛЫБАЙ