АДАМДА ЖҮРЕК БІРЕУ-АҚ…
30.09.2025
243
0

Иә, адамда жүрек біреу-ақ. Сондықтан оны барынша күтіп, сақтай білуіміз қажет. Жүрекке салмақ түсірмеу, артық салмақтан арылу, ащы атаулыдан аулақ болу, денешынықтырумен уақтылы айналысып тұру, жаяу көп жүру, мұның барлығы әр адамның денсаулығы үшін керек. «Шымкент жүрек орталығы» қаралуға келген әр пациентке осыны айтады, ем-домын жасайды.

Міне, осы орталықтың құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осыған орай «Инновациялар, технологиялар және әлемдік тәжірибе — кардиология болашағы өз қолымызда» атты халықаралық кардиохирургтер конгресі өтті. Оған ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, белгілі хирург Юрий Пя, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Сонымен қатар көршілес елдерден білікті кардиохирургтер келді.
Иә, жиырма бес жыл – жиырма бес белес. Осыншама уақытта медициналық орталық қаншама қиындықтарды басынан өткерді десеңізші! Тоқырау жылдары талай қолбайлауларды бастарынан кешірді. Бірақ мойыған жоқ. Алға ұмтылды. Экономика тұрақтап, жағдай жақсара бастағанда озық елдердің жаңа технологияларын түгелдей сатып алып, оларды жақсы меңгерді. Дәрігерлердің біліктіліктерін арттыру үшін шетелдерге оқуға жіберіп отырды. Осындай ерен еңбек, тынымсыз ізденіс өз жемісін берді. Медициналық мекеме республикадағы танымал орталыққа айналды. Әрине, мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар да болды. Республикадағы үшінші мегаполис қалада жүрек ауруларын емдейтін, кешенді түрде медициналық көмек көрсететін, күрделі кардиохирургиялық оталар жасайтын орталық керек-ақ еді. Өйткені адам саны жеткілікті қалада жүрек сырқатымен ауыратындар жиі кездеседі. Сырттан келіп, ем алып кететіндер қаншама.
Соңғы жылдары «Шымкент жүрек орталығының» мүмкіндігі арта түсті. Білікті мамандар толықты. Керекті құрал-жабдықтар, заманауи технологиялар, дәрі-дәрмек болса да жеткілікті. Мұнда түскендер аз күнде аяқтарынан тұрып кетіп жатты. Сондықтан еліміздің барлық өңірлерінен бөлек, алыс-жақын шетелдерден де келіп көрінушілер, жатып емделушілер, ота жасатушылар көбейді. Әрине, отандық медицина сапалы қызметке көшіп, үлкен тәжірибе жинақтаған еді. Халықтың сеніміне ие болу да – бір бақыт. Осы тұрғыда орталық шапағатын көрген адамдардың алғыстары ақ желеңділерге шабыт сыйлады. Орталықтың аты алысқа кетуі, хирургтердің алтын қолдарының мойындалуы тынымсыз еңбектің, төгілген тердің жемісі еді. Осыдан жиырма бес жыл бұрын осы мекемеге келіп, алғашқы еңбек жолын бастағандар бүгінде мол тәжірибелерін ізбасарларына үйретіп жүр. Ал зейнет жасына жеткендер сол күндерді сағынышпен естеріне алады. Сөйте тұрып, білгендерін балаларына үйретуден жалықпайды. Еліміз экономикалық жағынан нығайған сайын, адамдарының да денсаулығы мықты болуы тиіс. Өйткені мықты мемлекеттің іргесі мығым болу үшін мықты мамандар, адамдар керек. Еліміз барлық салада ілгерілеп, дамудың даңғыл жолына түсті. Бұл әлеуметтік саланың жақсаруына да игі әсерін тигізіп келеді.
– Отандық және көршілес мемлекеттердің кардиохирургтерінің басын қосқан конгресс жай ғана бас қосып кететін жиын емес. Бұл ғылыми басқосу медицинаның болашағын айқындайды. Бүгінгі жиында тәжірибе, білім, жаңа технологиялар тәжірибесі ортаға салынады деп сенемін. Сайып келгенде, мұның барлығы адам денсаулығын нығайтуға бағытталған. Мен бүгінгі халықаралық конгрестің үшінші мегаполис – Шымкентте өтуінің мән-мағынасы ерекше дер едім. Себебі тап осы қалада 1,2 миллион тұрғын бар. Жақын маңайдағы елді мекендердің тұрғындары да осында келіп қаралатынын ескерсек, орталыққа жүктелген міндет ауқымды. Бір өкініштісі, бүгінде жүрек-қан тамырлары аурулары өршіп тұр. Айталық, әрбір он мың тұрғынға 320-дан астам жүрек-қан тамырлары аурулары тіркеледі. Бұл жыл сайын жүрегі ауыратын науқастардың саны 5-7 пайызға өсіп отыр дегенді білдіреді. Біз бүгінде еңбекке жарамды, яғни жастар арасындағы көрсеткіштің артуына алаңдаймыз. Бұл жерде жай ғана статистикаға қарап отырудың қажеті жоқ. Осы сын-қатерге қарсы күресуіміз керек. Аурудың алдын алу үшін кешенді шаралар қолдануымыз қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Ұлт денсаулығы – орнықты дамудың негізі. Біз ауруларды емдеп қана қоймай, ғылымға, технология дәне салааралық ынтымақтастыққа сүйене отырып, олардың алдын алуға тиіспіз», – деп атап көрсетті. Әрине, Президенттің бұл сөзі бәріміздің ойымыздан шығып отыр. Ғылым да, білім де адамдардың денсаулығын жақсартуға бағытталуы керек. Біз ешуақытта біріге жұмыс істеуден қашпаймыз. Осы ретте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ғылыми мекемелер жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалау мен емдеуді жетілдіру бағытында маңызды қадамдар жасап келе жатқанын айта кеткеніміз дұрыс. Қалай дегенде де, нақты серпіліс үшін жаңа медицина, экология, урбанистика, психология, цифрлық технологиялар тоғысындағы пәнаралық көзқарас қажет. Дәл қазір адам денсаулығын оның қоршаған ортасынан бөлек қарастыруға болмайды. Бүгінде бүкіл әлем экологиялық апат алдында тұр. Ауадағы шаң-тозаң мен аэрозольдердің жоғары концентрациясы, температуралық ауытқулар, шу мен созылмалы күйзеліс, осының барлығы жиналып келіп, жүрекке салмақ салады. Жоғарыдағы зиянды заттар әншейінде көзге көрінбейді. Бірақ жиынтығы өте қауіпті. Міне, осы факторларды ескергенде ғана біз реактивті медицинадан, былайша айтқанда, ауру пайда болғанда емдеуден, проактивті, яғни ауру белгілері пайда болмай тұрып алдын алу мүмкіндігіне ие бола аламыз. Әлемдік тәжірибеде мұндай тәсілдер өз тиімділігін көрсетіп келеді. Жасанды интеллект енді диагностика құралы ғана емес, аурудың алдын алу мен болжам жасауда дәрігердің толыққанды көмекшісіне айналуы тиіс, – деді ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев.
ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев пен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің құттықтауларынан соң Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен «Шымкент жүрек орталығы» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісім аймақтағы ғылыми өзара байланысты нығайтуға, кардиологиялық зерттеулерді дамытуға бағытталған.
Конгресс аясында Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен «Шымкент жүрек орталығы» базасында Перспективалы кардиологиялық зерттеу орталығы ашылды. Әрине, бұл еліміздегі медициналық ғылымды дамытуға оң әсерін тигізбек. Сонымен қатар өңірдің ғылыми әлеуетін арттырады. Түптеп келгенде жаңа жоба ҰҒА академигі, көрнекті ғалым, кардиохирург Юрий Пяның бастамасымен қолға алынып, ашылды.
– Бүкіл адамзат медицинадағы бетбұрыстар мен өзгерістер кезеңінде тұр. Қазір бұрынғы тәсілді қолдана беруге болмайды. Әрбір жаңалық, әрбір жаңа әдіс ескерілуі тиіс. Жас мамандардың іс-тәжірибесінде бұл аса маңызды. Иә, жастар арасында да жүрек-қан тамырлары ауруы үдеп барады. Онымен күресуде мамандардың біліктілігі мен тәжірибесі керек. Жаңа технологиялар, жаңа инновацияларға барынша ден қойғанымыз абзал. Біз бүгін білім мен тәжірибені ортаға салып қана қоймай, болашаққа да маңызды қадам басуға бет алдық. Адамда жүрек біреу-ақ. Ол – адамның ең нәзік органы. Адамның өн бойына қан айдаумен қатар қорек апарады. Жұдырықтай жүректің мимен де байланысы бар. Адамның көңіл күйіне қарап жүрек бірде қатты, бірде баяу соғады, ауырады, шаншиды. Оған сондай құдірет берген. Ал жүрек қызметінің бұзылуы адамды үлкен апатқа әкеледі. Ол әлсіреп, еңбек етуден қалады. Сосын бар уақытын дәрі ішуге арнайды. Дәрігерлерге қаралады. Аурудың алдын алу – медицинада өте күрделі мәселе. Өкініштісі сол, бізде көп адамдар жүрекке мән бермейді. Уақтылы қаралмайды. Ал профилактика кез келген аурудың алдын алар еді. Егер жүрегің ауырмасын десең, салауатты өмір қағидаларын ұстан. Мемлекет басшысы да қыркүйектегі Жолдауында бұқаралық спортқа ерекше мән беру керектігін шегелеп айтты. Барлық адам спортпен тұрақты шұғылдануы тиіс. Сонда ауру да сізден қашады. Мұнан соң, тамақтану рационына қашан да баса мән берулеріңіз керек. Сіздер, қазақтар, кешке етке тойып алып жатасыздар. Бұл дұрыс емес. Тойып жату жүрекке, бүкіл ағзаға салмақ түсіреді. Аурудың көпшілігі зиянды майдан да болады. Бүгінде жастар тез дайын болатын тағамдарға әуес. Бұлардың зияны көп. Мұны жастар ескере бермейді. Тез дайындалатын тағамдар жүре келе зардабын білдіреді. Ал жастар әлдеқайда асығып кетіп бара жатады. Тамақты да асығып жейді. Асығыс желінген тамақ бойға сіңбейді. Аурудың тағы бір себебі жастар күтінуді білмейді. Ашық-шашық жүреді. Бойларына қыста суық, жазда ыстық өтеді. Үлкендер мұны жастарға айтып, үйретпейді. Жаңа зерттеу орталығы бүгінде бой бермей бара жатқан жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу ғана емес, осындай келеңсіздіктермен де күреседі, яғни біз ауырмаудың жолдарын көрсетеміз. Бұл барлық жастағы адамға пайдалы. Біз аурудың шығу себептерін зерттеп қана қоймай, олармен тиімді күрес жолдарын қарастырамыз. Орталыққа ғылым академиясының мамандары қолдау көрсетеді. Медицинаны дамыта отырып, адамдардың денсаулығын жақсарту – осы салада еңбек етіп жүрген қай-қайсымыздың да абыройлы міндетіміз. Ендеше, бүгінгі дәрігерлер өз міндеттеріне салғырт қарамай, сергектік танытулары керек. Негізгі жұмыстарына қоса халықтың медициналық сауаттылығын арттыруға да көңіл бөлгендері дұрыс. Әрине, жаңа орталық алдында жаңа міндеттер тұр. Өз басым бүгінгі конгресс жұмысына да, орталықтың ашылуына да қатты қуанып тұрмын. Өйткені жүрек-қан тамырлары аурулары әлемге қауіп төндіріп тұр. Өлім-жітімнің көбі осы аурудан келеді. Сондықтан мемлекетіміз де ғылыми медицинаның дамуына ерекше назар аударып отыр. Мұның үлкен жауапкершілігі бар. Себебі еліміздің басты байлығы — адам, оның денсаулығы. Барлық ілгерілеу, даму, жаңа сатыларға көтерілу адамдардың табандылығы, сауттылығы, денсаулығы арқылы жүзеге аспақ. Ендеше, басты байлықтарымыздың денсаулықтары мықты болуы керек, – деді білікті кардиохирург Юрий Пя.
Осы жерде шамалы шегініс жасауды құп көріп отырмыз. 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық кардиологиялық орталық құрылған болатын. Облыс орталығы Түркістан қаласына көшкен соң «Шымкент жүрек орталығы» болып қайта құрылды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, алғашқы жылдары маман тапшы, құрал-жабдықтар аз болды. Соған қарамастан, білікті дәрігерлер қиындықтардан шығар жол іздеді. Тапты. Науқастар ақ жағалы дәрігерлерге разы болып шығып жатты. Ол тұста да жүрек-қан тамырлары аурулары көп болатын. Дәрігерлер алдында адамдардың өмірін сақтау міндеті тұрды.
Оңтүстік Қазақстан облыстық кордиологиялық орталық туралы сөз болғанда алдымен, еске Сәуле Әбсейітова түседі. Ол осы орталықтың негізін қалады. Арада көп уақыт өтпей өзінің әріптестерімен бірге кордиологиялық орталықтың қызметін жоғары деңгейге көтерді. Оның басты бір жетістігі жүрек талмасын анықтайтын биомаркерлер қолдана бастауы еді. Ауруханада төсек саны артты. Жаңа бөлімдер ашылды. Диагностикалаудың жаңа әдіс-тәсілдері енгізілді. Орталық жанынан жүрек, гипертония ауруларын емдеуді үйрететін орталық ашылды. Дәрігерлер нау­қастарды емдей жүріп, осы орталықта білімдерін жетілдірді.
2004 жылы орталық дамудың жаңа сатысына бет бұрды. Ангиограф аппараты алынып, кардиостимулятор, стендтеу әдісімен емдеу жүзеге асырыла бастады. Алғашқы жылдары 2 ЭКГ аппараты мен 2 монитор ғана болса, бүгінде орталықта әлемдегі ең озық технологиялар жиынтығы бар. Дерекке сүйенсек, қазірге дейін орталықта 8 мыңға жуық ота жасалған. Осы оталардың арқасында қаншама адамның өмірі аман алынып қалды. Олар жүрек талмасы, яғни миокард инфаркіне шалдыққандар еді.
2010 жылы орталықтың бас дәрігері болып Спандияр Бекжігітов бекітілді. Оның бастамасымен орталықта аритмологиялық бөлімше ашылды. Спандияр мекемені тоғыз жыл басқарып, көп жетістіктерге қол жеткізді. Жаңа технологиялар алынды. Мамандар шетелдерде білімдерін толықтырып тұрды.
Орталықты Ермаханбет Қуатбаев басқарған жылдары республикалық аккредитациядан өтіп, шетел клиникаларымен халықаралық байланысты нығайта түсті. 2020 жылы орталық республикалық ұлттық-ғылыми кардиохирургиялық орталықтың құрамдас бөлігіне айналды.
Дәл қазір «Шымкент жүрек орталығын» Дархан Сүйгенбаев басқарып отыр. Соңғы кезде дәл осы орталықта екі рет жүрек алмастыру операциясы сәтті өткен. Орталық медициналық көмек ауқымын жылдан-жылға ұлғайтып келеді. Бүгінде мекемеде жүректі тератиялық емдеуден күрделі операция жасауға дейінгі медициналық қызметтер бар. Жүрекке ашық оталардың кез келген түрі сәтті жүргізіледі. Орталыққа ем алуға келгендер толық жазылып кеткенше бақылауда болады. Оларға тегін медициналық көмек көрсетіледі. Санап отырсаңыз, осында мыңдаған адамға ота сәтті жасалған екен. Сауығып шыққандардың орталық дәрігерлеріне деген алғыстары шексіз. Олар қалыпты өмірлеріне қайта оралып, жұмыстарын істеп жүр. Тіпті өзіне ота жасалғанын ұмытып кеткендер де бар. Қазір «Шымкент жүрек орталығы» UMC пен Назарбаев университетінің корпоративті қорына кіреді. Мұның пайдасы мекеменің әлеуеті артып, жаңа бағытта дамуына мүмкіндік алып отыр.
– Конгресс арқылы халық­аралық байланысымызды нығайтып, жетістігімізді одан сайын еселей түсуге мүмкіндік алдық. Бәрінен бұрын еліміз бойынша Перспективалы кардиологиялық зерттеу орталығы Шымкентте ашылғаны бәрімізді де қуантады. Өйткені өңірде адамдар көп. Медицина қашан да ғылыммен қатар дамуы керек. Барлық ғылыми жаңалықтар медицинада шешілмеген мәселердің түйінін тарқатуға жұмсалғанда барып, оң нәтиже шығады. Медицинада кордиология ең күрделі сала. Жүрек — барлық ағзаның билеушісі. Ол жақсы жұмыс істеп тұрса, басқа аурулар жолай қоймайды. Сондықтан бірінші кезекте жүректің қағысына, соғысына мән берейік. Әрине, мидың жұмысы одан да күрделі. Ал миға қан жеткізетін, оны қоректендіретін тағы да сол жүрек емес пе? — дейді Дархан Сүйгенбаев.
Мұнан соң ол қазіргі заманда технология күн сайын қарыштап дамып келе жатқанын айта келіп, жаңалықтар легіне ілесіп отыру дәрігерлердің басты міндеті екенін еске салды. Медицинадағы, оның ішінде кардиохирургия мен жүректі емдеудегі озық тәсілдерді меңгеру – ақ желеңділердің міндеті. Орталықтың бүгінгі жетістіктері сол технологияларды, озық үлгілерді тез де сапалы меңгерудің нәтижесінде келген жеңіс.
Перспективалы кардиологиялық зерттеу орталығы Ұлттық ғылым академиясының қолдауымен ашылып отыр. Орталық мамандары жүрек ауруларының алдын алу жөніндегі зерттеу жұмыстарынан тыс медицина, экология, урбанистика, психология, цифрлық технологияларды біріктіретін пәнаралық ғылыми тәсілді де енгізе отырып, бәрін де жете меңгерулері тиіс.
Бүгінде әлем шу мен дудың үстінде отыр. Ауаның ластануы, температуралық ауытқулар, даңғаза шу созылмалы күйзеліске ұшыратады. Мұның салдары жүрек-қан тамырлары ауруларына алып келеді. Міне, осы жағдайларды ескере отырып, орталық дәстүрлі емдеуді алдын ала болжам жасауға бағыттаулары керек. Ауру асқынса, бәрі де кеш. Сондықтан оның алдын алу маңызды әрі тиімді.
Конгресте сонымен қатар заманауи кардиохирургияны дамытуға қатысты стратегиялық маңызы бар бағыттар кеңінен талқыланды. Айталық, тәжірибеге роботтандырылған оталарды енгізу, навигациялық жүйелерді пайдалану, инновациялық технологияларды тиімді үйлестіру – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Озық елдердің озық тәжірибелерін пайдалану үшін халық­аралық ынтымақтастық керек. Клиникалық орталықтар арасында ғылыми байланыстар нығайған жағдайда медицинада ілгерілеу жүзе асады. Конгресте сонымен қатар ағза алмастырып салу, серіктестіктер арасындағы байланыстарды нығайту, тәжірибе алмастыруды жиі ұйымдастыру, озық технологияларды жан-жақты меңгеру, басқа да мәселелер талқыланды. Сондай-ақ жас мамандарға қолдау көрсету, болашақ кардиохирургтер мен зерттеушілердің кәсіби өсулеріне бағытталған бағдарламалар әзірлеу, осының негізінде арнайы платформалар жасау сияқты мәселелер сөз болды. Әрине, айтылған сөз айтылған жерінде қалмауы керек.
«Шымкент жүрек орталығында» өткен халықаралық конгресс еліміздегі медициналық ғылымды дамытуға бағытталған әрі өңір медицинасының қазіргі жағдайын анықтаған ауқымды шара болды. Халыққа көрсетілетін кардиологиялық қызметтің сапасын жақсарту, дәрігерлердің біліктілігін арттыру, мұның барлығы сайып келгенде, өңірдің ғылыми әлеуетін арттыра түседі.
Иә, адамда жүрек біреу-ақ. Ендеше, оны аялап ұстау, ауырмауы үшін барлық жағдайды қарастыру бүгінгі медицинаның жауапкершілігін арттыра түседі. Конгреске қатысқан шетелдік мамандар көп тәжірибе алып қайттық деп Отандарына қуана аттанды.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір