Құрмет пен сенім
23.09.2025
323
0

Қазақ ғылымының ғибратты жолында өзіндік қолтаңбасын қалдырып, ұлттық руханиятқа адал қызмет етіп келе жатқан белгілі ғалымдарымыздың бірі, қазақтың таланты қыздарының қатарында есімі ілтипатпен аталатын ғалым, ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор, Еуропа жаратылыстану академиясының академигі, Украинадағы Әдебиет және өнер халықаралық академиясының академигі Алуа Берікбайқызы Темірболат замандастары мен әріптестерінің, шәкірттерінің арасында білім мен парасаттың, ұстаздық пен ғалымдықтың жарқын үлгісі болып келеді.

Алуа Берікбайқызының әдебиетке деген құштарлығы, сөз өнеріне деген сүйіспеншілігі оны мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан бойда қазақ ғылымы мен білімінің қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетіне орнықтырды. Студент атанған күннен бастап ізденімпаз қыз Алуаның ғылымға, әдебиетке деген ынтасы ерекше еді. Сабақтан тыс уақытының бәрін кітапханада өткізіп, жоғарғы оқу орнында білімін тереңдетті. Ғылыми конференцияларда баяндама жасап, әдебиеттің өзекті мәселелеріне арналған басқосуларда сөз сөйлеп, өз көзқарасы мен пайымдауларын батыл әрі табанды түрде қорғауға дағдылана бастады. Болашақ ғалымның зерттемпаздығы мен табандылығы ұстаздарының назарын аударды. Ғылым жолындағы алғашқы зерттеулері қазақ әдебиетінің өзекті мәселелеріне арналды.
Алуа Берікбайқызы әдебиеттану саласында тың ізденістер жасап, ұлттық сөз өнерінің тарихы мен теориясын терең зерттеген еңбектерімен кеңінен танылды. Оның ғылыми еңбектері қазақ әдебиетінің классикалық дәстүрі мен қазіргі даму үрдісін тоғыстыра отырып, жаңа көзқарастар ұсынды. Ғалымның монографиялары, зерт­теу еңбектері мен мақалалары республикамыздағы ғана емес, шетелдік ғылыми басылымдарда да жарияланып, отандық әдебиеттану ғылымының дамуына септігін тигізіп келеді.
Ғалым жазған ерекше еңбектің бірі – риторика (З.Сейтжанов, Ж.Баянбаевамен бірлікте) деп аталатын оқу құралы. Оқу құралы 2006 жылы «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрген. Оқу құралында шешен сөз тео­риясының тарихы, қалыптасуының негізгі кезеңдері, риториканың дербес ғылыми пән ретіндегі өзіндік ерекшеліктері сараланады. Шешен сөзді құрастыру ұстанымдарына, тілдік мәдениетке, пікірталас өнеріне, кәсіби және тұрмыстық қатынастағы сөйлеу мәдениетіне назар аударылған.
Жеті тараудан тұратын оқу құралында терең ой тебіренісінен туған шешендік өнер билер дәуірінде ерекше дамып, қоғамдық-әлеуметтік өмірдің барлық саласында маңызды рөл атқарған әрі әдеби тіліміздің қалыптасып дамуына ықпал еткен. Оқу құралының бір тарауында риторика бір-бірімен бірнеше бөлімнен (инвинция, диспозиция, элокуция, акция) тұратынын анықтайды. Ең бастысы, шешендік өнер теориясының қалыптасып, дамуына жан-жақты тоқталады. Сондай-ақ риториканың пайда болуына қоғамдық мәселелерді ашық түрде талқылау қажеттілігі негіз болды деген болжамға келеді. Сондықтан да аталған оқу құралы соныдан соқпақ тартқан бағалы, ғылыми құндылығы жоғары, тартымды да қызықты еңбек болып табылады.
Аталған ғылыми еңбектен басқа Алуа Берікбайқызының қаламынан «Қазіргі хронотоп мәселесі» (Алматы, 2003), «Әдебиет теориясы» (Алматы, 2009), «Әдебиет поэтикасы» (Алматы, 2011), «Әдебиеттануға кіріспе» (Алматы, 2016), «Әдебиеттанудағы мектептер мен бағыттар» (Алматы, 2021) атты оқу құралдары мен «Абайдың поэтикалық әлемі» (Алматы, 2015 Н.Кенжеғараевпен бірлесіп жазылған), «Әдебиеттегі хронотоп пен темпоралды ырғақ категориялары» (Алматы, 2009), ХХ ғасырдың басындағы қазақ романындағы тәуелсіздік идеясы. Ұжымдық монография, (Алматы 2013), т.б. монографиялар дүниеге келді. Бұл ғылыми еңбектер отандық әдебиеттану ғылымына қосылған сүбелі, салмақты ғылыми жаңалықтарға толы дүниелер болды. Ғалымның еңбектері республикамыздың барлық жоғарғы орындарының оқу үрдісінде кеңінен қолданылуда.
А.Б.Темірболат – әлемдік әдебиет­тануда алғаш рет темпоралды ырғақ теориясын, көркемдік хронотопкатегориясының жаңа концепциясы мен зерттеу әдістемесін жасаған ғалым. Ол көркем уақыт пен кеңістік, темпоралды ырғақ, әдебиеттанудың теориялық, философиялық әдіснамалық мәселелерімен және пәнаралық зертеулермен үздіксіз айналысып келеді. Ғалым тәжірибелік риторика, нейролингвистикалық программалау, қарым-қатынастың психологиялық мәселелеріне, оқу үдерісіндегі пайдаланылатын инновациялық технологиялар мен әдістерге баса назар аударады. Алғаш рет әдебиет­тану пәндерін оқытуда case-study, бағдарламаланған оқыту, data mining сияқты әдістерді енгізіп, оқу үдерісінде сәтті пайдаланылуда.
Ғалым Алуа Темірболат – 200-ден астам ғылыми еңбектердің авторы. Соның ішінде 8 оқу құралы, 7 монография бар. Алуа Берікбайқызы бірнеше шетелдік танымал, іргелі оқу орындарында тағлымдамадан өтті. Лондон қаласындағы Жаһандық университетте (UCL) оқытудың инновациялық әдістері бойынша (Ұлыбритания) 2009 ж. Дуйсбург университетінің Біліктілікті арттыру институтында персоналды басқару менеджменті бойынша (Германия) 2001, Инновациялық оқыту әдістері, ағылшын тілі және британ әдебиеті бойынша EF мектебі (Сент-Джулианск Мальта). Бірнеше шет тілін еркін меңгерген ғалымның бұл тағылымдамалардан аларының да, берерінің де мол болғаны сөзсіз.
Бүгінгі таңда танымал ғалым, ұлағат­ты ұстаз, білікті басшыға айналған Алуа Берікбайқызының саналы ғұмыры өзі оқыған, қазір жемісті еңбек етіп жүрген сүйікті университетімен тығыз байланысты. Филология факультетінде 23 жыл жұмыс істеп, соның ішінде 14 жыл қазақ әдебиеті мен әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі лауазымын абыроймен атқарып келеді. Кезінде ұлы жазушымыз, қазақ әдебиетінің классигі М.Әуезов, көрнекті ғалымдар Б.Кенжебаев, З.Қабдолов, Т.Кәкішев секілді қазақ әдебиеті мен ғылымының алыптары, ұлт мақтаныштары басқарған, солардың ізі қалған кафедраны басқару – екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін бақыт. Бұл университет басшылығының талантты ғалым қызға деген, оның ғылым жолындағы қарым-қабілетіне, қажырлы еңбегіне деген құрметі мен сенімі, бағалауы деп қабылдадық.
Алуа Берікбайқызы меңгеруші болған он төрт жыл ішінде кафедра оқу үрдісі мен ғылым, тәрбие саласында бірталай жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтар болсақ, мемлекеттік аттестаттау мен 5 халықаралық аккредитациядан сәтті өтті; Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша магистратура мен докторантураға лицензия алды; Әдебиеттану, Қазақ тілі мен әдебиеті мамандықтары бойынша диссертациялық кеңес ашты; «Әдебиет» РОӘК-нің секциясын ашты. Әдебиеттану мамандығын бакалавриат-магистратура-докторантура бойынша классификаторға кіргізіп, лицензия алып, мамандарды сәтті дайындап жатыр. Кафедра Лондон қаласындағы үлкен ғылыми қоғамның мүшесі болды; ББ жаңартып, қазіргі заманға сай пәндер енгізілді; Жамбыл атындағы Ғылыми орталығы мен Д.Досжан атындағы Ғылыми-шығармашылық орталық ашылды; Қазір Гүлистан мемлекеттік университетімен бірге Ажинияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогика инс­титутымен қос дипломдық бағдарлама жасалып жатыр. Омбы қаласындағы ҚазҰУ филиалына Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша ББ дайындалып, студенттер қабылданды.
Қазіргі таңда Алуа Берікбайқызы басқарып отырған қазақ әдебиеті мен әдебиет теориясы кафедрасының ғылыми потенциалы жоғары. Кешегі ұлылардан қалған дәстүр сабақтастығын тауып, сәтті жалғасуда. Кафедра бір ұжым, бір мықты команда болып, бір- біріне деген сыйластық пен құрметі жарасқан орта ретінде сапалы білім, саналы ұрпақ тәрбиелеу бағытында жемісті еңбек етуде. Бұл да кафедра меңгерушісінің ұйымдастыра білушілік қабілеті мен адалдық алаңын қалыптастыра білу шеберлігінің бір көрінісі десек болады.
Ғалымдығы мен ұстаздығы қатар өрілген Алуа Берікбайқызының тағы бір ерекшелігі – жастарға тәлімгер бола білгені. Ол университет қабырғасында ондаған жылдар бойы дәріс оқып, шәкірт тәрбиелеп келеді. Көптеген жас ғалымдардың ғылымға бет бұруына бағыт-бағдар беріп, ғылыми жетекші болды. Ғалымдық, ұстаздық жолдарын сәтті жалғастыруына себепші болды. Оның шәкірттері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде ғылым мен білім саласында табысты еңбек етіп жүр.
Алуа Берікбайқызы ғылыми еңбектермен ғана шектелмей, қоғам өміріне де белсене араласып келеді. Ол түрлі конференциялар мен халықаралық симпозиумдарға қатысып, қазақ әдебиеті мен ғылымын шетелдік ғылыми қауымдастықтарға танытуға үлес қосып жүр. Сондай-ақ еліміздегі мәдени-ағартушылық бастамалардың бел ортасында жүріп, қоғам игілігіне қызмет етуде. Қарттар үйі мен балалар үйінде жақындарының жылуы мен қамқорлығынан тыс қалған жандарға арнап әріптестері мен шәкірттерін ұйымдастырып, қайы­рымдылық шараларын өткізуді дәстүрге айналдырған. Осы бір қамкөңіл жандардың кірбің ұялаған көңілдеріне мейірім шуағын себуді де назардан тыс қалдырмайды.
Көрнекті ғалымның көп жылғы ғылыми-шығармашылық еңбегі мен қоғамдық қызметі әділ бағаланып, бірқатар марапаттарға ие болды. Ол ҚР Президенті стипендиясының иегері, Таланты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үздік оқытушысы, «Еуропалық сапа» еуропалық ғылыми-өндірістік консорциумның алтын медалі, «Триумф» Н.В.Гоголь атындағы Халықаралық әдеби сыйлығының иегері, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің «Ерен еңбегі үшін» медалін , М.О.Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына арналған ТҮРКСОЙ медалін еншілеген.
Бүгінде Алуа Темірболат – қазақ филология ғылымының биігінен көрінген, ұстаздық пен ғалымдықты қатар алып жүрген, еліміздің руханият әлеміндегі айтулы тұлғаларының бірі. Мерейтой иесін ғылымдағы жемісті еңбектерінен, шәкірттерге деген мейірімінен, ұлттық әдебиетке деген адалдығынан танимыз. Ұзақ жылдар бойы еткен еңбегі ел игілігіне айналып, қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына зор үлес болып қосылды. Алдағы уақытта да ғылымға деген тынымсыз еңбегі мен ұстаздық жолындағы қиын да қызықты қызметі жас ұрпаққа сапалы білім беріп, ұлттық рухы жоғары азаматтарды тәрбиелеуде жалғасын тауып, өз жемісін береді деген сенімдеміз.

З.СЕЙІТЖАНОВ,
филология ғылымдарының докторы,профессор
С.ТІЛЕУБАЕВ,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір