КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ – ИНТЕЛЛЕКТ КӨЗІ
23.09.2025
156
0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында адами капиталды дамытуға басымдық берді.
Бүгінгі таңда технологиялар алға озғанымен, ең қымбат ресурс – адамның ақыл-ойы, интеллектісі. Осы тұста «Интеллектіні қалай дамытуға болады?» деген заңды сұрақ туады. Оның жауабын жақында Маңғыстаудан бастау алған тың бастама – «IQ TestCenter» жобасы жұртшылық назарына ұсынылды. Бірегей бастаманың авторы – Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің аға оқытушысы, PhD докторант Бақтыбай Жайлауов. Оның жобасы заманауи психометриялық әдістерге негізделгенімен, адамның IQ деңгейін арттырудың ең сенімді жолы – көркем әдебиет оқу деген маңызды қағиданы айқындап отыр.
Әлемдік ғылыми зерттеулер көркем әдебиет оқу тек қана тіл байлығын емес, ойлау қабілетін, қиялды, логикалық жүйелілікті дамытатынын дәлелдеді. Әдеби кейіпкерлердің тағдыры арқылы адам психологиясын түсіну, оқиғалардың өрбуін есте сақтау, күрделі сюжетті шешу – бәрі де мидың жұмысын жаттықтырады. Кітап оқу – ақылдың гимнастикасы.
Осы орайда автордың өзі ұсынған алты- айлық оқу жоспары – қазақ әдебиеті мен әлемдік классиканы қатар қамтып, әр оқырманға өзінің когнитивтік әлеуетін дамытудың нақты жолын көрсетеді. Бұл бағдарлама – кітап оқу мәдениетін IQ дамыту құралына айналдыруға бағытталған тәжірибелік әдістеме.
Б.Жайлауовтың өзі оқырманға әбіштанушы жас ғалым ретінде белгілі. Yessenov University қабырғасында бірнеше жылдан бері «Әбіштану» пәнінен сабақ беріп келеді. Оның айтуынша, Әбіш Кекілбаев – интеллект мектебі. Қазақ әдебиетінің абыз тұлғасы Әбіш Кекілбаев шығармашылығы – ұлттық ойдың энциклопедиясы. Оның прозасы мен публицистикасын оқу – тек эстетикалық ләззат емес, зерделі ойлауға бастайтын интеллектуалдық жаттығу. Әбіштің әрбір сөйлемі терең талдау мен пайымдауды қажет етеді.
Кекілбаев кейіпкерлерінің психологиялық портреті, тарихи оқиғаларды зерделеу тәсілі, философиялық толғамдары оқырманды анализ жасауға, салыстыруға, ой түюге жетелейді. Бұл – интеллектіні арттыратын басты фактор. Сондықтан оқытушы ғалымның «Әбішті оқу – IQ дамыту» деген тұжырымы сендіреді.
Бақтыбай Жайлауовтың оқу жоспары Абайдың «Қара сөздерінен» бастап, Шәкәрімнің «Үш анығына», Мұхтар
Әуезовтің «Абай жолына» дейінгі қазақтың ұлы туындыларын қамтиды. Оралхан Бөкейдің символикалық прозасы қиялды дамытса, Әбіш Кекілбаевтың шығармалары қоғамдық құбылыстарды терең пайымдауға үйретеді. Сонымен қатар Достоевский, Толстой,
Кафка, Оруэлл, Камю, Гессе сынды әлемдік классиктердің еңбектері әлеуметтік, философиялық, саяси ойлауды кеңейтеді. Қазақ және әлем әдебиетін ұштастыру – интеллект дамытудың ең пәрменді тәсілі дейді.
Жасанды интеллект дәуірінде өмір сүріп жатқанымызбен, адамның өз интеллектін шыңдаудың ең тиімді жолы – кітап оқу. Әдебиеттің тереңіне бойлаған сайын логика дамиды, қиял қанат жаяды, ойлау көкжиегі кеңейеді. Әбіш Кекілбаев айтқандай, «Рухани байлық – халықтың ең үлкен қазынасы». Сол байлықтың кілті – кітапта, көркемсөзде. Бүгінгі ұрпақ Әбішті оқып, Абайды түсініп, әлемдік ойшылдармен қатар ойланса, Қазақстанның интеллектуалдық әлеуеті де арта түспек.

Сағындық РЗАХМЕТОВ,
Ақтау

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір