ҚАМҚОРЛЫҚ ПЕН ҚОЛДАУ БАР ЖЕРДЕ
12.09.2025
289
2

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екендігі белгілі. Техникалық құралдармен қамту, әлеуметтік инфрақұрылымды бейімдеу, жаңа оңалту орталықтарын ашу және арнайы қызметтерді кеңейту мақсатында республикамыздың, облыстары мен қалаларында, аудандарында атқарылып жатқан ауқымды істер аз
емес. 1988 жылы мүгедектер қозғалысының бастамашыл тобы Алматы қаласы Медеу ауданы мүгедектерінің ерікті қоғамдық бірлестігін құрды. Ал 1989 жылы 22 қарашада Әділет департаментінде ресми түрде тіркелді. Бүгінде «Медеу ауданы мүгедектерінің ерікті қоғамы» Медеу ауданында тұратын 800-ден астам мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесін қорғайды. Қоғамның мақсаты – Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдік берілген экономикалық, саяси және өзге де құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асыруда мүгедектердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз ету.
– Бүгінде еліміздегі ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолдау көрсету, қоғамдағы инклюзияны дамыту және мүмкіндігі шектеулі адамдарға құрметпен қарау – кешенді және көпқырлы саясаттың бір бөлігіне айналды. Аталған мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру барысында «Медеу ауданы мүгедектерінің ерікті қоғамы»
мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсетуде көпшіліктің көңілінен шығып отыр,– дейді қоғам басшысы Любовь Климко.
Сөз бен істің арасында қайшылықтың жоқ екені төмендегі жасалып жатқан іс-шаралардан байқалғандай болды. Жуырда Медеу аудандық мүгедектер ерікті қоғамы ата-анасы мүгедек, аз қамтылған отбасы балалары үшін «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырып, оның аясында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарына көмек көрсетілді. Балалар оқуға қажетті оқу құралдары мен керек заттарға ие болды, бұл олардың оқуын қуанышпен және сеніммен бастап, алаңсыз білім алуына мүмкіндік береді.
Басты мақсат – бірінші сынып оқушылары мен олардың отбасыларына қолдау көрсету, балалардың мектеп өміріне сәтті бейімделуіне көмектесу, сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау. «Мектепке жол» жобасы барлық балаларға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Қоғамда сенім телефоны жұмыс істейді, мүгедектерге әлеуметтік және материалдық көмек көрсетіледі. Санаторлық-курорттық емдеуді таңдауға, техникалық құрал-жабдықтар алуға және басқа да қызметтерге «Aleumet.kz», «Egov kz» порталы арқылы көмек көрсетіледі. Медеу ауданында әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына мониторинг жүргізетін комиссия жұмыс істейді. Мүгедектерді жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша ұйымдармен келіссөздер жүргізілуде. Мақсаты – олардың жұмысқа орналасуына, кәсіби дамуы мен әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасау.
Конституция күніне орай Алматы спорт клубында армрестлингтен жарыс өтті. Турнир қорытындысы бойынша Медеу аудандық мүгедек балалар бөлімінен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды: әйелдер арасында 1-орынды Б.Ауғамбаева иеленсе, ерлер арасында, жүлделі орынды А.Калачев місе тұтты.
Сондай-ақ Медеу аудандық балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыдағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында болды. Барлық балалардың көңіл күйлері көтеріңкі болды. Олар түрлі аттракциондарды тамашалап ойнап-күліп, жағымды әсер алды.
2025 жылдың 15 тамызында Алматыда Спорт күніне орай мүмкіндігі шектеулі қала тұрғындары арасында үстел теннисінен жарыс өтті. Шара халықты бұқаралық спортқа баулу, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды. Қатысушылар өте белсенді болды, ал ойындар қызу әрі әсерлі өтті.
Медеу ауданы мүгедектерінің ерікті қоғамында спорттық іс-шаралар мүмкіндігі шектеулі жандардың физикалық дамуын қолдап, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруда үлкен рөл атқарады. Медеу ауданында өткізіліп жатқан осындай спорттық жарыстар мен бұқаралық іс-шаралар қамкөңіл жандардың өз-өзіне деген сенімін арттыратыны анық.
Қоғамда өткізілген игілікті шаралардың біразын ғана тілге тиек еттік.
Ал атқарылған істердің көлемі бұдан да ауқымды. Демек, мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесі қашан да қорғалып, қамқорлықта болатынына сенім мол.

Арнұр ТОЛЫБАЙ

ПІКІРЛЕР2
Аноним 14.09.2025 | 21:34

Өмірлік мүгедекпін. техникалық құрылғылар ескі аппаратымды жаңалау үшін комиссиядан өттім, қаншама қағаз жинадым, облысқа ауданға 6 ай жүгірдім ақыры сылтау айтып бермеді. осындай көзбояушы қоғам керек пе. өзің бармасаң сені ешкім іздемейді Қайдағы қамқорлықты айтасың. қызым

Аноним 14.09.2025 | 21:38

Мүгелек жазушылар мен әдебиетшілерге қандай жеңілдік бар екен, соны біліп берші. мүгедектердің әдебиеті деген арнайы заң керек сияқты ғой

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір