Ақиқат амплуасына адалдық
Қазақта «Жарқ еткен алмас жүзіндей» дейтін әдемі теңеу бар. Әдетте, таңдандыратын, риза қылатын, еріксіз назар аудартатын ерек жанның келбеті жарқын жазбаларда осылай суреттеледі. Тағы бір анық: адамның өзгелерге ұқсамайтын болмыс-қасиетін көрсететін өлшемді де осы сөз тіркесімен әспеттеп жататынымыз бар. Киелі сөз өнерінде өзінің лайықты орнын ойып алған пайымды публицист, мықты медиаменеджер Аяған Сандыбай туралы мақаланы осы бір ойдан бастауымыздың сыры тереңде жатыр. Шыны сол, ару Алматыға сексенінші жылдары келе сала ақпарат айдынында өзінің ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасымен жарқ ете қалған оның содан бергі өтіп келе жатқан өмірі адам қызығарлықтай. Көңілі тепе-теңдік пен үйлесімділікке толы оның шығармашылығы оқушысын өзіне алабөтен тартып тұратыны – осы гармонияны жүрекке қондырып тұрған құдіретті күштің қонақтай алғаны.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистика академиясының академигі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Аяған Сандыбай – сол шабыттың үркек көгін қамшылаған ортада мүлде басқаша жолды таңдаған қаламгер. Ол Абайша айтқанда, «жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас» деп, тіршілікте кездесетін астарлы, көмескілеу тұстарға, басқа біреу мән бере бермейтін құпиясы мол түйткілдерге тура шауып, қиядан қызыл көрген түлкідей өзінің журналистік бастауында бұрын-соңды басқалар жазбаған тың тақырыптарға шүйліге келді. Алмастың жүзіне теңеп отырғанымыз да сол. Қадап айтар қапысыз нәрсе, біздің елдегі орыстілді беренсөздің бірегейі Аяған Сандыбай шығармашылығының тартымдылығы мен танымалдылығы сол кезден төл стилін қалыптастыра білгенінде жатыр. Өз сүрлеуімен жүретін публицист ғана басқаларды мойындата алады, басқаларға үлгі бола алады. Классиканың қатаң заңы осындай. Ол – осы қағидатты қалтқысыз меңгерген қаламгер.
Өмір шіркін шапқан аттай зуылдап алға жылжып барады. Кешегі оқырманның көзайымына айналып, тосын тақырыптарға қалам сілтейтін жалындаған жас журналист Аяған Сандыбай қазір абыз туындыгерге айналды. Қазақ журналистикасының қара нарындай Аяған әлі күнге дейін елді байсалды, толымды дүниелерімен елең еткізіп келеді. Тәуелсіздіктің жемісін, халқымыздың жеңісін паш ететін, еліміздің әлем өркениетінің керуеніндегі орнын, мерейі өскен қазақтың шаттығы мен қуанышын баяндайтын салиқалы еңбектері – соның айғағы. Осы орайда ғасырлар тоғысында Қазақстанның халық жазушысы Иван Щеголихиннің берген бағасы да Аяғанның мемлекетшіл қайраткерлігін анық айғақтайды: «Пусть будет громко сказано, но Аяган Сандыбай живет и работает по Аристотелю: «Согласование жизни с нуждами государства – не рабство, а спасение».
«Чем порадовать сердце…» және «Иду по линии света» атты публицистикалық туындыларында мемлекетшіл қалам иесі тәуелсіздік туын тұғырға қондырған Қазақстанның алмағайып кезеңдегі ең маңызды саяси, экономикалық және әлеуметтік оқиғалар тізбегін әдемі өре білгенімен оқырмандарынан оң бағасын алды. Талантты журналистің тосын ойлары, үкілі үміті мен терең толғанысы мемлекеттілігіміздің қалыптасу мен нығаю призмасы арқылы дәл осы еңбектерінде өзінің нағыз апогейіне жеткен.
Аяғанның көсемсөздік тілінің бояуы қанық, нәрі сыртына шығып тұрады. Ең алдымен, шынайылығымен баурап алады. Айтары жоқ, сүйсіндірмей қоймайды. Қоспасыз, боямасыз дүниенің болмысына еріксіз иланасың. Оқырманды байлаулы бұзаудай еш жаққа тыпыр еткізбей тұсаулап, шығармамен шегендеп тастаудың барлық тәсілі мен әдісін барынша терең меңгерген Аяғанның әр кітабының орта жолдан жабылып қалмай, соңғы бетіне дейін жетелеп отыратыны да – әдемі әсер.
Оның жазу шеберлігі мен салиқалы стилі, орамға келген оймақтай ойы, бәрі-бәрі оқырманын ұйытып ала жөнеледі. Тапқырлықпен айтылған тұщымды тұжырымы оның өмірді өрнектеудегі өлшемімен һәм нанымымен астасып жатқанын аңғарасыз. Өзі жазып отырған тақырып табиғатының тұңғиығына терең үңілмей тыным таппайтын Аяған Сандыбайдың әр сөзі түбіне дейін түзу қағылған шегедей шымыр көрінетіні де сондықтан болса керек.
Жасыратыны жоқ, қазақтың ұлттық құндылықтары мен оның көптеген проблемалары ана тіліміздегі басылымдарда барынша жарияланып жатады. Керісінше, орыстілді газет беттерінде ұлттық ұпайымызды түгендеп жүретін журналистеріміз некен-саяқ. Ал Аяған Өтенұлы осы олқылықтың орнын толтырып жүретін парасатты публицистің бірі екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Оның әр жылдары жазған қазақ тілінің жай-күйі мен оны шешудің нақты жолдарын көрсеткен және Қазақстанға ши жүгіртуді кәсіпке айналдырған Владимир Жириновский мен тағы сол сияқтыларға баспасөз бетінде салмақты саяси жауап қайтарған мақалалары діттеген жерден шығып отырды. Кезінде Герольд Бельгер ағамыз да өзінің атақты «Плетенье чепухи» кітабында оның қазақ тілінің тағдырына ерекше жаны ашитынына өте жоғары баға берген болатын: «Как пишет известный журналист Аяган Сандыбай: «Казахи могут выучить любой язык, кроме родного». Лучше не скажешь». Шынында да, өзінің ана тілі үшін жаны күйетін нағыз тұлға ғана шындықты шырылдатып айта алады.
Дәл осы тұста орыс тілінде қалам тербегеніне қарамастан Аяған аға өзін туған халқының қайтпас қайсар ұлындай көрсете білгенін қазір дәлелдеп жату артықтау. Мақалаларындағы әрбір сөзі өмір шындығымен, бұлтартпас фактілермен астасып, тарихи параллельдердің әсерімен жүрекке жол тапқанын әлі ұмыта қойған жоқпыз. Публицистика сүрлеуіндегі жемісті жылдарында ол «Известия», «Казахстанская правда», «Московские новости», «Новости неделя» және «Экспресс К» сияқты беделді басылымдарда жариялаған және жоғарыда аталған кітаптарға енген публицистикалық миниатюраларында, аналитикалық мақалаларында, сырлы сұхбаттарында, портреттік эсселерінде Қазақстанның шынайы картинасын жасай білуімен есте қалды. Ең бастысы, Аяған Сандыбай өзінің бір шығармасынан келесі шығармасына міндетті түрде көшіп отыратын ақиқат
амплуасына адалдығынан бір айныған емес. Аяған публицистикасының ең маңызды фишкасы да осында болса керек.
Әсіресе «Иду по линии света» атты кітабына үңілсеңіз, Аяғанның ендігі мақсат-мұратын танисыз. Қазақстанның әр қадамын, әр биігін, әр белесін жүрегінен өткізіп, зерделі ойдың тұнығымен әрлендіріп, адамдарға, әсіресе жастардың бойына Отанды, туған жерді қастерлеу сезімдерін сіңіретін соны еңбектерін ұсынып келе жатқан Аяғанның кеудесінде жанартаудай бұғып жатқан кесек-кесек айтылмаған соны ойлары барған сайын қызықтыра түседі.
Публицист көркем әдебиет қаламгерлеріндей емес, ең алдымен, фактілерден ауытқымайтындығымен алға шығады. Керек десеңіз, шынайлылық шеңберінен шықпайтын публицист шеберлігінің бастау қайнары, ең алдымен, осында жатыр. Аяғанның екінші бір қырын да айтпай кете алмайсыз. Ол – әр шығармасын драматизм мен ішкі динамикаға құра білетіндігімен дараланған тұлға. Оның үстіне, оның жазғандарынан жасандылық таппайсыз. Туындысын өмірдің өзіндей өрнектей білетін ол ешқашан әсіреқызыл мишураға бой бермейтінімен қуантады.
Аяған төл шығармашылығына өте кірпияздықпен қарай білетін қаламгер екенін тағы айтпай кете алмайсың. Оның кез келген мақаласындағы тіл тазалығына бас имеу мүмкін емес. Бұл тұрғыдан алғанда публицистің стильдік сауаттылығы да көзге ұрып тұрады. Оқшау ойдың шебері оқырманын ойлауға үйретіп тұратыны да – тылсым құбылыс. Аяғанның әр мақаласына бас тақырып қою шеберлігі, тың пішін таба білу тапқырлығы да тамсандырмай қоймайды. Мысалға да жүгінбесек болмас. «Попытки билбордного диалога», «Право на веконаречение», «Луч надежды в транзитном коридоре», «Брат, до Кувейта далеко?» «Дистрофик долго говорит о стройности…» «О квадратах общественного самочувствия», «О темных пятнах на солнце восходящем на западе…», «Об «индексе» мужской любви». Осы бас тақырыптардың өзінен сол мақалаларды оқуға ынтық болатыныңыз сөзсіз. Интрига да бар, тапқырлық та бар. Ең бастысы, тосын ойдың шырмауына батасыз.
Әр сөйлемі ат құлағын теңестіргендей әдемі шығатыны өз алдына, әр сөздің ара-жігін соқырға таяқ ұстатқандай айырып беруден де жалықпайтын Аяғанның бойындағы құштарлық атаулының барлығы да өзгеше көрінеді. Жалпы болмысы бөлек жігіттің бойына туа біткен барлық киелі қасиеттері бір арнаға тоғысқанда басқалардан бөлек көрінетіні – басы ашық аксиома. Күнделікті өмірде өзін ақжарқын, қарапайым ұстай алатын Аяған алайда көрінген адамға сырын ақтара салмайды. Ағып жатқан жайдақ судай болғысы келмейді. Мұнысы бір жағынан тектілігі екенін де іштей сезесіз. Осы дегдарлық оны көшелі кісінің деңгейіне дейін көтеріп-ақ тұр.
Сыни журналистиканың сиқыры сол, ол қоғамдағы барлық оқиғаларға бейжай қараудан сақтандырады. Селқостықтан арылған адам ғана қайтадан ой қорыту мүмкіндігіне ие. Бұл механизмсіз қоғам құрдымға кететіні даусыз. Мемлекетте ақыл-ой салтанат құруы үшін бостандықтың маңызды алғышарттары болуы тиіс. Мұнсыз ел берекесіздікті бетке алды дей бер. Азаматтық мәдениет алаңында апатқа жол бермей қалатын бірден-бір күш – сындарлы да салиқалы публицистика. Осы орайда журналистің орнықты ішкі позициясы көп нәрсені шешетіні ел аман, жұрт тынышта байқала қоймайды. Бар болғанның өзінде де. Алайда өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында болған алмағайып кезде аталмыш критерий алдыңғы планға шықпай қоймады.
Жігері мен рухы күштілер «дағдарыс» сөзінің қытайдың «қауіп» және «мүмкіндік» деген екі иероглифінен тұратынын жақсы білгендіктен де болар, олар кризисті мол мүмкіндік ретінде қарастырды. Қиын ситуацияның өзін халық мүддесіне пайдалы арнаға бұра алды. Көрдіңіз бе, мәселенің бәрі айналып келгенде журналистің оптимистік позициясына байланып тұр. Біз бұл жерде «бәрі жақсы, бәрі керемет» деп атойлайтын емес, «қазіргі күнімізді қалай жақсартамыз?!» деп шырылдайтын, қолға алған ісінен нәтиже шығармай тоқтамайтын, сол жолда жанын арының садақасы деп білетін Аяған ағамыздай ақық журналистің тұғырын меңзеп отырмыз.
Айтпағымыз, Аяған да осы жолда тек өзіне арқа сүйеді. Болаттай берік позициясына сатқындық жасамады. Инемен құдық қазғандай шығармашылығынан алдағы күні қайыр болатынына сенді. Оптимизм мен интуиция алдамады. Сөйтіп, шын асылдың асығы тағы да алшысынан түсті. Бірақ осының бәрі оған оп-оңай келіп жатқандай көрінеді. Айқын да табанды позиция ұстай алмайтындарға, дағдарыстың жанында жасырынып тұратын мүмкіндікті көре алмайтындарға.
Қоғам тіршілігінің көлеңкелі тұстары, халықтың мұңы сезімтал публицистің жан жарасы іспетті. Ол өзі көріп, өзі жүрегінің сүзгісінен өткізген құбылысты сол қалпында мөлдіретіп алға тартады. Аяғанның шығармашылығына өзек болып жүрген адами рух, рухани дүние мәселелері – тереңнен шымырлап қайнап шығатын талғампаз ізденістің жемісі. Ең ғажабы, ол адам басындағы проблемаларды сөз ете отырып, қоғамның дертін ашуға ұмтылады. Өте әдемі ұмтылыс!
Қазіргі мың құбылып тұрған заманда өзінің позициясын білдіріп, батыл ой айту екінің бірінің қолынан келе қоймайды. Бұл тұрғыдан алғанда Аяған Сандыбайдың жасқанбай ашық пікір айтатын, ұлт мүддесі тұрғысында келелі мәселелерді, тауқыметтер мен проблемаларды дер кезінде көтере алатын азаматтық болмысы тіл ұшына орала береді. Біреулер бар дабыры қатты, бірақ істеген ісі пәтуасыз. Ондайларды «халық санасында ойнайтындар» дейді. Қазақша кестелесек, «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады». Аяған «уралап» шу көтеріп, мінбелерге ұмтылмағанымен, жазған дүниелері болсын, атқарған келелі істері болсын, тиген жерін осып түсетін өткірлігімен ерекшеленеді. Бір ғана мысал. Тоқсаныншы жылдардың басында ҚР Баспасөз және бұқаралық ақпарат
министрінің орынбасары болып тұрған кезде еліміздің «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» тұңғыш заңын дайындап, әзірлеуге қатысқан Аяған білімдарлығымен және принципшілдігімен көзге түскені бар. Шынында да, журналистер қауымы сол алғашқы заңның соншалықты демократиялық тұрғыдан кеңінен пішіліп, үлкен тартыспен қабылданғанын әлі күнге дейін сағынышпен еске алады.
Аяған Сандыбай ызалы жерді баспай, ұқыпты, тәртіпті болып жүріп вице-министр болған жоқ. Ол лауазымға да өзінің қайраткерлік қасиетімен барған болатын. Кез келген адамның қадір-қасиетін көре білетін сұрапыл саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев өзінің орынбасарлығына Аяғанды бекерден-бекер таңдап алмағаны сол жылдары талай дәлелденді. Ол оған дейін журналистиканың тігінен де, көлденеңінен де талай сынынан өткенін әріптестері жақсы біледі. Әу басынан аудандық және облыстық газеттерде әбден шыңдалған ол сексенінші жылдары еліміздің ең басты ақпарат агентігі болған ҚазТАГ-ТАСС-та осы құрылымның көптеген сатысынан өтіп, журналистік қызметтің талай қыр-сырын меңгеріп шықты. Агенттікте өндірістік-экономикалық ақпарат бөлімінің редакторы, аға редакторы болған ол, көп ұзамай ғылыми-мәдени ақпарат редакциясының меңгерушісі болды. Фотохроника редакциясының бас редакторының орынбасары қызметін де абыроймен атқарды.
Аяғанның одан кейінгі қайраткерлік жолы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде жалғасты. Президенттің баспасөз қызметінде де бірнеше сатыдан өтіп, Баспасөз секторының меңгерушілігіне дейін көтерілді. Вице-министрлік қызметтен кейін республикалық «Қазақстан телерадиосы» корпорациясының бірінші вице-президенті – «Қазақстан» арнасының бас директоры қызметінде жарқырай көрініп, Қазақ телевизиясына тың өзгерістер алып келді.
Сегіз қырлы, бір сырлы Аяған Өтенұлы тек публицистикада ғана өнімді еңбек етіп қойған жоқ, бірқатар деректі фильмдердің сценарисі, көптеген қазақ тіліндегі кітаптардың аудармашысы ретінде де көпшілікке танымал. «Қазақстан» телеарнасы арқылы қалың көрерменге жол тартқан «Ғажапстанға саяхат» деп аталатын көпсериялы анимациялық фильмнің бастамашысы және бас редакторы болды. Ондаған телефильмнің авторы.
Зейнеткерлік жасқа шығар алдында да көптеген жауапты қызметкер атқарған Аяған барлық жерде өзінің менеджерлік және шығармашылық қасиетімен өз ортасына өте сыйлы бола білді. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының қоғамдық қатынастар департаментінің директоры, ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі, «Астана ақшамы» газетінің, «Мысль» журналының бас редакторы болған жылдары да ол өзінің кез келген іске үлкен жауапкершілікпен қарай білетіндігін танытты. Осы қызметтердің бәрінде өзінің табандылығынан бір ауытқыған емес. Істің мүддесі үшін өзінен жоғары тұрған басшылардың пікірімен келіспейтіндігін де батыл айта білген Аяған Өтенұлына кейіннен олардың өздері ризашылықтарын білдіргенінің де талай куәсі болғанбыз.
Ол әсіресе мерзімді басылымдардың басшысы және біраз құрылымдардың баспасөз қызметіндегі тәжірибелі маман ретінде теориялық тұстарға да ерекше көңіл бөліп, осы бағытта біршама еңбектер жазды. Оның қаламынан туған «Брендке барар жол», «Ел брендингі», «Жарнама. Жұртшылықпен байланыс» атты оқу құралдары – қазіргі және болашақтағы мамандарға берері көп дүниелер. Масс-медиа проблемалары мен пиар төңірегіндегі осы туындыларында ол теория мен тәжірибе синтезінің аражігін қопарып-төңкерген.
Шығыс елдерінің даналары айтқандай, «шындық айтушыда емес, тыңдаушыда». Сондықтан айтарыңды тыңдар құлақ болса ғана айтқаның жөн. Қазақтың «Тыңдаушыңды таңдай біл» дейтіні осыдан болса керек. Публицистің жазғанынан жалғандық көрмей, айтқанынан ақиқат іздейтін оқырман – айтушың да, тыңдаушың да. Тіпті керек десеңіз, сырласың да. Бұл тұрғыда Аяғанның бағы жанған публицист екенін көріп те, біліп те жүрміз. Өйткені оның шығармашылық қарымы тіршіліктің көзіндей, өмірдің өзіндей болып төгіліп тұрады. Табиғатынан қабыспайтын дүниелерді құрап-сұрап, жамап-жасқап оқиға табу оған мүлде жат нәрсе. Негізі адамның болмысы қандай таза болса, ойынан да сондай шынайылық көрініп тұрады. Аяғанның публицистикадағы ізінен де қарапайымдылықты тану қиын емес. Сөйте тұра, қиыннан қиыстыра білетін журналистика мэтрі дүниенің нәзік иірімдерін, психологиялық қарым-қатынас құпияларын, адами пенделік сипаттарды қалт жібермей тап басады.
Аяған Сандыбай өзінің парасатты пайымдарымен мынау тотанақ тірліктегі қарапайым халықтың жан айқайын құйған кірпішті қалағандай қабыстыра өріп, тігісін жатқызып жетік байланыстыра біледі. Оның шеберлігі ең алдымен осыдан аңғарылатыны да Аяғанның салиқалы һәм сақа публицистердің қатарына қаймықпай қосылғанынан хабар беріп тұрғандай.
Бір анық: оның болмысы мен шығармашылық ізденісі бірігіп, біте қайнасып кеткені соншалық, оның публицистикасынан жылдар бойы қалыптасқан адами қасиеттері мен жүрек түкпіріндегі өмірге құштар көңілі көрінбей қалмайды. Халықтың мұңы мен қоғам тіршілігінің көлеңкелі тұстары әу басынан сезімтал публицистің жан жарасына айналып кеткенін айнадан көргендей әр туындысынан салған бетте тани кетесіз. Ол өзі көріп, өз жүрегінің сүзгісінен өткізген әр құбылысты сол қалпында мөлдіретіп алға тартатыны да – қаламгер қарабайырлығы емес, қаламгер қарапайымдылығы.
Періштелік қонысынан ұзауға қорқатын, пенделіктің ауылына баруға ниеті жоқ адамдарды гуманист деп айту аса әбестік емес. Аяғанды да солардың қатарына жатқызуға әбден болар деп ойлаймыз. Адалдық пен тазалықты арының жалауындай желбіретіп жүрген кейіпкерімізді танитындар бұл пікірімізбен келісетіні қақ.
Адам баласының өзге жанды дүниеден артықшылығы айналасына ақылдың көзімен қарап, жақсы-жаманды сезіне алатын қасиетінде жатқаны белгілі. Ғылым тіліне жүгінсеңіз, сезім – адамның тұлға болып қалыптасуының алғышарты және оның алуан түрлі болатыны ақиқат. Соның ішінде, әлеуметтік болмысқа эмоциялық қатынасының бүкіл байлығы қамтылған биік сезімдер айрықша топ құрайды. Танымдық қарекет адамда ақыл-ой сезімдерін туғызады. Аяғанның болмысынан да шығармашылық ізденісімен бірігіп, біте қайнасып кеткен дәл осындай адами қасиеттерді көрмеу мүмкін емес.
Адамның ішкі және сыртқы қасиеттерінің гармониясына, яғни керемет калокагатияға жеткен Аяған ағаға сансыз алғыс! Аузымен орақ орудан гөрі бойындағы бар қазынаны ғалымның хатындай қаттап қойған, кітаби тілмен айтсақ, текстроверттік деңгейге жеткен Аяған ағаға шексіз құрмет!
Қазақта адамның жасын екіге бөледі екен. 63 жасқа дейінгі кезеңді «қалжа жас», ал Мұхамед пайғамбардың қайтыс болған жасынан кейінгі жасаған ғұмырын «олжа жас» дейтін көрінеді. Биыл 75 жасқа толып жатқан Аяған Өтенұлына ең басты тілегім: олжа жасыңыз бен қалжа жасыңыз тең болғай!
Шархан ҚАЗЫҒҰЛ