Әл-мисақи антқа адалдық
Айтмандықтан абыздықтың ауылын бетке алған аузы дуалы, сөзі уәлі Светқали Нұржан бауырымның жуырда «Өзіме өсиет» деген жыр жолдарын оқығаным бар: «Жала жауып жалпыға, / Бәле жауып жалқыға, / Беталбаты тантыма! / Ғайбат – сөздің нәжісі! / Боқ-сілеңге малтыма! / «Үкім» кеспей өзгеге, / Сал өзіңді талқыға! / Сонда лайық боласың: / «Қазақ» деген халқыңа! / «Мүмін» деген қалпыңа! / «Адам» деген даңқыңа! / Әл-мисақи антыңа!»
Осы жолдардан мен әр қазақтың өмірлік бағдарламасын оқығандай болдым. Шынында да, мына заманда басқа біреуге ақыл айтып берекет таппайсың. Шымыр шайыр дәмсіз дидактикадан әдемі құтылып кеткен. Өзіне айтып отырып, басқаларды тәрбиелегені ерекше ұнады. Сананы өсіретін осындай оқ сөз болса керек?!
Сана дегеннен шығады, қазақ бұған үлкен мән берген. Құдайдан, ең алдымен, бала сұраған қазақ «оған сана бере көр» деп тілеген. Өйткені сана іштен туатын қасиетке жатпайтынын ата-бабамыз әлімсақтан білген. Әрине, сананың мекені ми болғанымен де ол бәрібір адам миының жемісі екенін қазір екінің бірі ұғады. Менің түсінігімде, ол әлеуметтік сипаттағы қасиетке көбірек ұқсайды. Ал парасат дейміз бе, ми дейміз бе, интеллект дейміз бе, оның бәрі – әр адамның бойындағы физиологиялық процесс. Сондықтан да жекелеген адамдардың өзін-өзі тәрбиелеуі арқылы ғана қоғамдық сананың өрлеуіне жете алатынымыз тағы рас.
Содан да болар, жеке адамның дамуы тактикалық мақсат болса, түпкі стратегиялық міндет – қоғамның өркениетті деңгейіне жету. Осы тұрғыдан алғанда, біздің қоғамның жалпыадамзаттық мәдениет биігіне көтерілуі бәрімізге, ал жеке адамның парасатты болуы тек өзіне байланысты екені дау тудырмайды. Олай болса, әр адамның саналы болуы – өте маңызды. Адамның жақсылыққа ұмтылуы да, жамандыққа жақын жүруі де тікелей өзіне қатысты болғандықтан да біздің әрқайсымыздың зерттеу нысанына айналуымыз – заңдылық. Нейровизуализация дамыған заманда кімнің ми жүйесінің жұмысы дұрыс жолға қойылса, соның өмірі барлық параметрлер бойынша бақытқа кенелетіні белгілі. Ал ми жұмысында бірізділік жоқ адамдардың өмірлік проблемалары жамалған үстіне жамала беретінін де нейроғылым дәлелдеп отыр. Аталмыш ғылым қазір адамның өзін-өзі тәрбиелеуіне араласа бастады. Бұл – шынында да, керемет нәрсе.
Қоғамдағы қиын құбылыс сол, қазір көбіміз өзімізді тәрбиелеуден гөрі басқаларды жөнге салуға бет бұрып кеткеніміз жанға батпай қоймайды. Кейбіреулер халықтың қамын ойлағанда қабырғасы қайысып тұрып әңгіме айтады. Патриот адам екен деп сеніп қаласың! Бірақ мен олай ойламаймын. Өйткені сол әлгі ұлы сөз айтып тұрған халықшыл қайраткер келесі күні басқа бір қазақты жерден алып, жерге салып жатады. Айналайын-ау, сен патриот едің ғой, мұның не? Жалпақ жұртқа жаның ашып тұрып, жеке адамға буллинг жасағаныңа жол болсын! Олай дейтінім, халық деген категория сол жекелеген адамдардан құралмай ма? Сабыр Адайдың «әр қазақ – менің жалғызым» деген пәлсапасын көбіміз әлі күнге дейін түсінбей келе жатқанымыз өкінішті.
Дәл осы үлкен әңгіме кішкентай мәселенің шешілмеуінде жатыр деп ойлаймын. Көп адамдардың трагедиясы – өз өмірінен ләззат ала білмеуінде. Көбіміз өмір бойы карьера қууды ойлаймыз. Атақты болу үшін арпалысып өтеміз. Сол жолда жағымпаздық ауруының асқынған формасына өтіп кеттік. Айналып келгенде, осының бәрі өмірдің ләззатынан бұрын тіршіліктің жанталасы екенін кеш ұғамыз. Басқалардан оқ бойы озық көрінгісі келетін көп адам өз өмірін өзіне арнаудан гөрі өзгелерге арнағанын да кейін барып ұғынады. Рас-ау, адам мына жалған дүниеде өзіне ұнайтын ісімен айналысса, содан асқан ләззат бар ма?! Содан асқан бақыт бар ма екен?! Басқасын айтпай-ақ қойдық, қазір адамдар ең аяғы сенің қарапайымдылық қасиетіңнен де тітіркенетін болды. Өзіңмен-өзің қоңыр күй кешіп жүргеніңді де көтере алмайды. Бұ қалай? Ойбай-ау, баяғыдан бері адамдардың дұрыс қабылдай білетін жалғыз қасиеті осы емес пе еді? Айтары жоқ, нигилизмнің апогейіне жеттік. Нигилизмнен бұрын абсурдизмге өтіп кеткен сияқтымыз.
Абсурдизм демекші, әр адам өзінше өмірдің мәнін іздейтініне күмәнім жоқ. Бірақ оны табу қиын. Мәні көзге көрінбеген нәрсе абсурдқа айналады. Дегенмен адам тірі тұрғанда, оның жарық дүниеге құштарлығы бар кезде, ол үшін өмір бәрібір мәнді көрінбеуі мүмкін емес. Сондықтан да тірі адам сол өмірдің абсурдтығына қарсы бунт ойлап табады. Альбер Камюдың «Сизиф туралы мифі» секілді. Шынында да, біреу абсурдқа қарсы еңбек етуді қарсы қояды. Біреу шығармашылықты. Етікші өзінің шеберлігін. Солай кете береді. Толағай тасты өрге домалатқан Сизифтің бунты, осылайша, өмірдің мәнін ашып берді. Сондықтан да біраз жазушы әртүрлі интерпретацияда өмірдің абсурд екеніне көзімізді жеткізгеніне қарамастан, біз өмірді сол күйінде қабылдауды үйрендік. Бұл – адам баласының үлкен жетістігі.
Бірақ мұның өзі түпкілікті ақиқат екеніне көп адам күмәнмен қарауы да мүмкін-ау! Сол үшін де қоғам пікірлер плюрализмін ойлап тапқан. Шынында да, бұрын ақиқатқа пікірталас арқылы жететін едік. Басқаша орағытсақ, дискуссия арқылы. Алайда адами қатынастарды ақпараттық технология басып озған бүгінгі таңда офлайн өмірмен қош айтысқан секілдіміз. «Тезис-антитезис-синтез» философиялық қағидаты көзден бұлбұл ұшты. Соның нәтижесі болар, әлеуметтік желілерде әркім ойына келгенін айта беретін «зар заманға» ат басын тіредік. Дәл осы жерде қазақ халқының рулық-тайпалық деңгейден ұлттық деңгейге көтерілмеуі үшін күш салып жатқан сыртқы күштер бар сияқты көрінеді. Сол баяғы «сексеуілді сексеуілге ұрып сындарады» принципі қоғамның алға кетпеуіне әлі адал қызмет етіп келеді. Олай дейтінім, біздің арамызда жалпыадамзаттық құндылықтарға ұмтылу процесі өте баяу өтіп жатыр. Екі қазақ бірінің етін бірі жеуге даяр тұрады. Бақай есептің әңгімесі төрге озды. Дискуссия мәдениеті келмеске кетті. «Теріске шығаруды теріске шығару» схемасы швейцар сағатындай мүлтіксіз жұмыс істеуде. Пікірталас канондары әдірем қалды. Осылайша, қасарысқа құрылған холивар (екі адамның бірінің пікірін бірі теріске шығаруы) сахнаға шықты. Ал бұл дегеніңіз – дискуссияға қазылып қойылған дайын көр.
Холивар дегеннен ойға түсіп отыр, бұрын социализм кезінде адамдар ойын жеткізуге машықтанбақ түгілі, оған ұмтылмайтын да еді. Тойға барғанда әрі кеткенде айтатынымыз «Екі жас бақытты болсын» екені әлі есімізде. Әйтпесе айтар тілегіміздің өзі «алдабайдан» әрі аспайтын. Мұның өзі қоғамдық құрылыстың ұжымдық сипатына байланысты орын алғаны – ақиқат. Ұжымдық қоғамда елдің бәрі бір сөзбен шектелгенді құп көріп тұратын. Адамның басқалардан ерек болуы да қоғамда қабылдана қоймайтын. Сол заманда кез келген адамның өзін-өзі бағалау индикаторы нөлді көрсетіп тұрды десем, қателесе қоймаспын. Партия басқарған елдің заңдылығына не дауа бар?! Екінші жағынан, ұжымдық қоғамда басқалардан ерекше болудың ешқандай мотиві болған емес. Ал қазір ше? Жағдай мүлде басқаша. Біз индивидуализм заманына өттік. Қайда барсаң, бәсекелестіктің иісі аңқып тұр. Кісі біткеннің бәрі көштен қалмаудың қамымен шапқылап жүр. Әркім нарықтан өз орнын табу үшін жанын күйттеп кетті. Бұл жерде тек экономикалық мәселені ғана меңзеп отырған жоқпын, жалпы, өмірдің барлық саласындағы жанталасты тілге тиек етіп отырмын.
Әрине, қазір бізде табиғи процесс жүріп жатқанын жақсы түсінемін. Бұны да кездейсоқтық деп айтуға аузың бармайды. Мұндай жағдайда көптеген белден басудың да болатыны анық. Бірақ біз бұған да түсіністікпен қарауымыз керек. Өйткені біз капитализмнің жабайы сатысынан енді-енді шығып келеміз. Сондықтан да әркімнің нарықтық қатынастағы өз орнын табуы жолындағы кейбір «әттеген-айларына» түсіністікпен қарағанымыз жөн. Алайда бұл құбылыс созылмалы дертке айналып кетпеуіне айрықша назар аударуымыз қажет. Дей тұра, мұның өзі логикалық жолымен өзінің салауатты арнасына түсетін күн де туатынына шүбә жоқ. Мынадай бір тәмсіл бар: Сөйлей білуді үйрену – ақылдылықтың белгісі; үндемей қалуды үйрену – данышпандықтың белгісі. Мен келісемін, елдің бәрі данышпан болып кетпес, бірақ қоғамның белсенді бөлігінен парасаттылықтың желі есіп тұратын күнге де жететінімізге сенемін.
Біз сол деңгейге қолдан келгенше тезірек ұмтылуымыз керек. Ол үшін қоғамның әрбір мүшесі өрелі істерге қазірден дайындалғаны абзал. Себебі парасат иесі даналығымен қатар, физикалық жағынан да мықты болатыны сөзсіз. Ондай адамдар барынша тиімді шешімдер қабылдай алады. Соның арқасында табысты және ұзағырақ өмір сүреді. Бұл ұмтылыс – тек жеке адамның өзі ғана үшін емес, бүкіл қоғам үшін маңызды талпыныс. Ал адамның миы қажетті деңгейге көтеріліп, бір қалыпты ырғаққа бағынбағанда көптеген проблемалардан құтылуымыз қиындай бермек. Ең ауыры, мұндай жағдайда интеллект нашарлайды. Өмірге деген құлшынысымыз азая береді. Кванттық физикада «бақылаушы эффекті» деген термин бар. Оның мәні біздің назарымыз біздің қуатымызбен бір бағытта өрбуінде жатыр. Соның нәтижесінде, біз материалдық әлемге әсер ете аламыз. Әрине, ол үшін қарым-қабілетіңізді өзіңіз қалаған позитивті нәрсеге бағыттай білу керек. Міне, сіз өзіңіздің бағыт-бағдарыңызды басқаруға қол жеткізген тұста шексіз мүмкіндіктер жинақталған кванттық өрістің кілтіне ие боласыз. Дәл осы жерде сіздің санаңызда күйкі тірлік пен жасампаздық тайталасы басталады. Бұл жағдайда соңғысы жеңіске жетеді. Олай дейтінім, тек қана қалқайып жүріп өмір сүру процесі стресстен басқа ештеңе бермейді. Өйткені жүйке жүйесінің айтқанынан шыға алмайтын адамның миы мен денесінің арасында баланс жойылады. Көп адамдардың өз өмірінен гөрі басқа адамдардың өмірімен айналысуға құштар болатыны да сондықтан.
Ал жасампаздыққа ұмтылған, өзінің ішкі даусы мен интуициясына жүгіне білген адам таза санаға айналады. Өйткені дәл осы жерде біз болмыстың жаңа күйіне өтеміз. Басқаша кестелесек, парасат пен дене біртұтас механизм ретінде жұмыс істеуді әдетке айналдырады. Осы кемелдікке жеткен адам барлық бұғауды бұзып, ой еркіндігі мен өз тәуелсіздігінің апогейіне шығады.
Арға жүгінген адам ғана қоғамды алға жылжытуға септігін тигізеді. Әрине, мына өмірде ештеңе де идеалдық дәрежеге жете алмайды. Қоғам да. Алайда ізгілікке ұмтылу сол идеалдық көрсеткіштің алтын ортасына апаратыны айқын. Иә, біз – әділетсіздіктен зардап шегіп келе жатқан елміз. Бұл құбылыс біздің қоғамда өзінің жетер жеріне баяғыда келіп алды. Содан болар, ақиқатқа жету төңірегіндегі әңгімені айта-айта жауыр қылғанымыз сол, бірімізді-біріміз тыңдамайтын ауруға шалдықтық. Біз қазір, тіпті әділетті айтылған сөздің өзінен әділетсіздікті көріп тұратын халге жеттік. Бұл – аса қауіпті белгі. Тоқетері, әділетсіздікпен бұлай күрескеннен қайыр жоқ. Әділетсіздікпен ортадағы құдайшылық ойды өркениетті түрде айту арқылы күресу әлдеқайда тиімді екенін өмір талай дәлелдеп берген. Біріміздің пікірімізді біріміз сыйлай білгенде ғана, өз пікірімізге монополия жасамауды үйренгенде ғана әділеттің көші көрінері даусыз. Сонда ғана қолға алып жатқан елдік шаруаларымыздың нәтижесіне жетуге жақындай түсеміз. Әл-мисақи антқа адалдығымыз тек осы ниетпен айқындалары хақ.
Шархан ҚАЗЫҒҰЛ
ПІКІРЛЕР5