Тұрсынбай ЖАНДӘУЛЕТ: ЖАҢА ИДЕЯ, ТОСЫН ТҰЖЫРЫМДАР ІЗДЕЙМІН
09.09.2025
314
0

Тұрсынбай Жандаулет – жазушы, ақын, драматург, аудармашы, журналист. Құрмет орденінің, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. Он екі кітабы жарық көрген. Шығармаларын қазақ және орыс тілдерінде жазады. Қазақ тілінде «Нұқсан мен құстар», «Көгілдір аспан – жұмақ күн» әңгімелер мен повестер жинақтары, «Мемлекеттік идеология және ақпараттық кеңістік» монографиясы, «Жұбай саудасы», «Әлем соқпақтары» драмалық шығармалар жинақтары, т.б. кітаптары бар. Қазақ тіліндегі туындылары үшін төрт әдеби (1998 және 2000 жылдары Сорос-Қазақстан қорының, 2003 жылы «Дегдар», 2010 жылы «Тәуелсіздік толғауы» конкурсы) сыйлықтарын алған. Орыс тілінде «Единое квантовое» өлеңдер жинағы, «Жан Бота и многоликие», «Творение цифры: Атлантида – Казахия» романдары, «Планета Данайцев» кинороманы, «Молодость в вечности», «Несколько дней августа» драмалары, т.б. шығармалары жарық көрген. «Еркек» атты пьесасы Түркістан сазды-драма театрында қойылған.
Жазушымен сұхбатта рухани кеңістіктегі алуан түрлі тақырыптар төңірегінде сөз болады. Қаламгер өз ұстанымы, тосын көзқарастарымен ой бөліседі.

Көркем туындыны жазушы аударғаны дұрыс

– Тұрсынбай, екеуміз сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында қазақ баспасөзінің қарашаңырағы «Егемен Қазақстан» газетінде бірге жұмыс істедік. Ол ел экономикасы қатты құлдырап, халық үлкен қиыншылықтарға тап болған шақ еді. Оның үстіне, елдің саяси, қоғамдық өмірінде де түрлі күрделі жайттар туындап жатты. Соған орай, өзің де қордаланған саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелерді талқылап, газет беттерінде көлемді аналитикалық мақалалар жарияладың.
– Иә, ол жылдар халқымыз үшін өте ауыр жылдар болды. Кеңес Одағынан қалған зауыт, фабрикалар жабылып қалды. Елді жұмыссыздық жайлады. Күн көріс қатты қиындап кетті. Демографиялық жағдайымыз да күрделі болды, тоқсаныншы жылдардың ортасында еліміздегі қазақтардың үлесі 48 пайыз ғана екен. Екі азаматтық беру, қостілділік, солтүстік облыстарды бөліп алу деген сияқты жан ауыртар мәселелерді әдейі қозғап, елдің ішіне іріткі салып жүргендер де болды. Қазақ журналистері қиналып жатқан елге көмектесуге тырысып, халықты тығырықтан шығарудың жолдарын іздестіріп, арандатушылық жарияланымдарға тиянақты дәлелдермен қарсы тұрды. Соған орай, көкейкесті түйіндерді өз халқымыздың тұрғысынан қарастырып, мақалалар жазып жүрдік.
– Одан соң «Ана тілі» газетінде қарымды мақалалар жазып, қазақ тілін, шын мәніндегі, жалпыхалықтық тілге айналдыру ісіне де белсене араласқан екенсің. Бір айта кетерлігі бұл газеттерге қаламы қалыптасқан, үлкен проблемалық мәселелерді тереңнен қозғай алатын журналистерді ғана жұмысқа қабылдайтын еді. Бұл да сенің журналист ретіндегі әлеуетіңді байқатса керек.
– Ол кездері «Ана тілі» газетінде атақты жазушылар Марат Қабанбай, Ақселеу Сейдімбек, демограф Мақаш Тәтімов, ғалымдар Мекемтас Мырзахметов, Аманқос Мектепов, ақын Байбота Серікбайұлы, талантты журналист Ертай Айғалиұлы, Ахмет Жүнісов тәрізді тұлғалар өз туындыларын жариялап жатты. «Ана тілі» газеті тек тіл мәселесін ғана емес, халықтың көне дәстүрлерін, ежелгі ұғымдары мен түсініктерін де жаңғыртып, ұлттың жадын қайта тіктеуге кірісті. Газет ұжымын халықтың түйткілді проблемаларын батыл көтерген, талантты басшы Жарылқап Бейсенбайұлы басқарып тұрды. Сондай ұжымда еңбек еткенімді, әрине, мақтан тұтамын.
– Әдебиет тарихынан білетініміз көптеген жазушылар көркем аударма ісімен де шұғылданған. Сонда бұл жұмыс та әдеби процестің ауқымды бір бөлігі болғаны ғой. Өзің де аударма саласында өнімді еңбек еткен екенсің.
– Шынымен біздің елде де, шетелде де көп жазушылар аударма ісімен айналысты. Менің білуімше көркем туындыны жазушы аударғаны дұрыс. Өзім де аударма жұмысымен айналысып, әдебиет, философия, экономика, техника, т. б. салалары бойынша көптеген кітаптарды тәржімаладым. Соның ішінде, Нобельдік сыйлықтың лауреаты, испан жазушысы Камило Хосе Селаның «Паскуаль Дуартенің отбасы», «Араның ұясы» атты екі романын қазақ тіліне аудардым. Бұдан бөлек Карл Поппер деген британ философы, әлеуметтанушысының «Ашық қоғам және оның жаулары» атты жалпы көлемі 1000 беттен асатын классикалық философиялық еңбегін де қазақшаладым. Бұл туынды аудармашыдан адамзаттың ежелден бергі даму тарихын, дүниетанымдық көзқарастарының өркендеуі мен жетілуін, әлемнің кемеңгер философтарының ғұмыры мен еңбектерін терең білуді талап еткен аса күрделі шығарма болатын.
Соңғы он сегіз жылдың көлемінде еліміздің телеарналары үшін шамамен 2000-нан астам фильмдерді орыс және өзбек тілдерінен қазақ тіліне тәржімаладым. Олардың бәрі теледидардан көрсетілді. Мұндай аударма фильмдер халықтың ауыз екі сөйлеу тілін жетілдіріп, санасын өркендетеді деп есептеймін.

«Жазушылық – жазылмайтын дерт»

– Шығармаларыңды оқып отырып байқағаным, өмірдегі көздеген басты мақсаттарыңның бірі жазушы болу сияқты. Әдеби шығармаларыңды қай кезден жаза бастадың? Осы саланы таңдауыңа не себеп болды?
– Алпысыншы жылдардың аяғында мектепте оқып жүрген кезімде жазушы Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары қолыма тиді. Құныға оқыдым. Ол кездері нағыз кітапқұмар едім. Күні-түні кітаптан бас алмай оқи беретінмін. «Жазушы болсам» деген арман сол кездері жүрегіме мықтап орнады. Содан бері өмірдің қанша шырғалаңынан өтсем де осы арманымнан ешқашан ауытқыған емеспін. Бұл өмірде тек қана жазушы болуды қалаймын. Бұрынғыдай емес қазір жазушылықпен атаққа да, байлыққа да қол жеткізе алмайсың. Бірақ бәрібір күні-түні бірдеңе жазғың келіп тұрады. Қағаз бетін шимайламаған күнің босқа өткен өмір сияқты көрінеді. Шығармаңды бітіріп, баспаханадан кітап етіп шығарған сәттерің ең бақытты шағың! Жалпы, жазушылық деген менің ойымша өзгеше дерттің бір түрі сияқты және бұл жазылмайтын дерт. Жаратқан ием маңдайыңа «жазушы боласың» деп мөр басып жіберсе, шаруаң бітті! Жазушылықтың түк өнбейтін көн терісін мыжғылаумен өмірің өтеді. «Жазбау қолыңнан келсе, жазба!» деген сөзді Л.Н. Толстой айтты дейді. Жазушылық – ең ауыр кәсіптердің бірі. Оны жеңіл десеңіз бір роман жазып көріңіз.
– Сенің бір ерекшелігің шығармаларыңды екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде жазасың. Осы екі тілде прозалық, драмалық шығармалар, тіпті өлеңдер де жазыпсың. Бұны өзің қалай сипаттар едің? Бірінші тілден екінші тілге өткен кездері қандай өзгешеліктерді сезінесің?
– «Тіл – халықтың мәдени коды» деген ұғым бар, яғни тілде белгілі бір ұлттың, халықтың ұғым-түсініктері, дүниетанымы, әдет-ғұрпы, бұрынғы өткен әулеттермен байланысы, ұрпақ жалғастығы, тіпті ұлттық психологиясы, халықтық рухы жинақталған. Тіл әрда­йым ұлттық кодты бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жеткеріп отырады. Сондықтан белігілі бір тілде әдеби шығарма жазу деген жаңа бір рухани кеңістікке шығу дегенді аңғартады. Екі тілде де көркемдік дәрежесі жоғары әдеби шығарма жаза алатын жазушылар әлем әдебиетінде көп те емес. Орыс жазушылары мен ақындарынан В. Набоков пен И. Бродскийді білемін (екеуі де орыс және ағылшын тілдерінде жазған).
Мен өз шығармаларымды тікелей ағылшын тілінде жазсам деп армандап едім. Өкінішке қарай, ол арманым іске аспады. Болашақта жас буын қазақ жазушылары шығармаларын қазақ және ағылшын тілдерінде жазып, әлемдік әдебиет кеңістігіне тікелей шыға алады деп пайымдаймын. Орыс әдебиетін алатын болсақ, ол Л.Толстой, Ф.Достоевский, А.Чехов, Н.Гоголь тәрізді әлемге әйгілі қаламгерлер жасап кеткен үлкен әдебиет. Мысалы, Л.Толстойдың «Анна Каренина» романының желісі бойынша дүниенің түрлі елдерінде отыздан аса кино түсірілген екен. «Соғыс және бейбітшілік» роман-эпопеясы бойынша үш рет телехикая және екі рет фильм түсіріліпті. Жалпы, Л.Толстойдың шығармалары негізінде 160 фильм түсірілген екен. Біздің жазушыларымыз да осындай әлемге кең танылған көлемді туындылар жазса екен деп армандаймын. Менің орыс тілінде шығармалар жаза бастағанымның тағы бір себебі кітаптарымды ағылшын, қытай, неміс, француз, испан тілдері сияқты дүниеге кең тараған тілдерге аударып, шетел оқырмандарына шықсам деп армандап едім. Орыс тілінен шетел тілдеріне аудару оңай, себебі Ресейдің бұрыннан қалыптасқан аударма мектептері бар. Әттең, ағылшын тілін дұрыс білмеймін, әйтпесе, әлем оқырмандарына оңай шығуға болар еді.
– Ғылыми фантастика деп аталатын күрделі жанрда да қалам тартып жүрсің. Біздің әдебиетімізде ғылыми-фантастикалық роман жазған жазушылар некен-саяқ. Бұның себебі неде деп ойлайсың?
– Фантастика, фэнтэзи стилінде жазылған шығармалар әлемдегі ең көп оқылатын туындыларға жатады. Мәселен, Гарри Поттер жөніндегі романдар топтамасы фэнтэзи жанрында жазылған. Ал ғылыми фантастика туралы айтатын болсақ, бұл – шынында да қиын жанрлардың бірі. Себебі, мұндай шығарманы жазғысы келетін жазушы ғылым мен білімнің, техника мен технологиялардың ең соңғы жетістіктерін жетік білуі тиіс. Біз қазір ғылымның, техниканың, технологиялардың орасан зор жылдамдықпен дамып жатқан заманында өмір сүріп жатырмыз. Бұл – күні-түні жалықпай оқып, біліміңді ұлғайта беру керек деген сөз.
Менің өмірімнің отыз төрт жылы Кеңес Одағы кезінде өтті. Сол кездегі шығып тұрған «Знание сила», «Наука и жизнь», «Техника – молодежи» деген журналдарды, «Аргументы и факты», «Литературная газета» газеттерін түгін қалдырмай оқушы едім. Осы тақылеттес басылымдарда әлеуметтану, психология, философия, физика, математика, астрономия, астрофизика, космология, тарих, экономика, биология, кибернетика тәрізді ғылым-білімнің сан қилы салалары бойынша мақалалар жарияланып тұратын. Авторлары сол кездегі елге танымал академиктер, ғылым докторлары, профессорлар болатын. Олардың мақалаларының бәрін толық түсініп оқыдым деп айта алмаймын. Дегенмен, оқи берген сайын өрісің кеңи береді. Миыңда жаңа ақпараттар қалып қояды. Оған қоса, ғылымның түрлі салалары бойынша кітаптар оқыдым.
Бұлардың бәрін маған ешбір адам «осыны оқы» деп таңған емес. Мен өз бетімше «Ғалам деген не?», «Адам не үшін бұл өмірге келеді?», «Табиғаттың, дүниенің қандай қозғаушы күштері бар?», «Ғаламның құрылымы қандай?» деген сияқты көптеген танымдық сұрақтардың жауабын іздедім. Бір түсінгенім адамның білімі кеңіген сайын оның алдынан жаңа кеңістіктер, соны әлемдер ашыла береді екен. Ілім-білімнің түбі шексіз. Соңғы жылдары эзотерикалық ілімдерді де біршама тереңдеп оқып жүрмін.
Мен бұл дүниеден, төңіректегі өмірден үнемі жаңа идея, соны тұжырымдар іздеймін. Соны идеяларды, концепцияларды, стереотипті емес, көзқарастарды таба алмасам, өмірім мәнсіз болып кеткендей сезіледі. Бұл бір ешқашан бітпейтін ізденістер деуге болады. Ғылыми-фантастикалық роман жазудың ең басты қиындығы жазушының ілім-білімінің жетіспеушілігінде деп пайымдаймын.

Стереотипті ойлаудан арылған жөн

– Орыс тілінде жазған «Творение цифры: Атлантида – Казахия» атты романыңа жазушылар, сыншылар, қоғам қайраткерлері жоғары баға беріп, пікір жазыпты. Бірақ мен сол романды оқып отырып, шошып кеттім. «Жазушылар – ұлттың рухани лидерлері!» деп аталатын тарауында үш қазақ жігіті Атлантида мемлекетінің Жазушылар одағына барады. Барса, ол жерде бірде-бір жазушы, не ақын жоқ. Романның тарихи, психологиялық, шым-шытырық оқиғалы, фантастикалық, махаббат, сатиралық, әлеуметтік, философиялық, детектив деген сияқты неше түрі болады ғой. Солардың бәрін жасанды интеллект жазады екен. Олар, тіпті тірі жазушылардан әлдеқайда артық, аса қызықты етіп және өте тез жазатын көрінеді. Сондай-ақ өлеңдерді де ақындар емес, жасанды интеллект жазатын болыпты. Сол себепті жазушылар мен ақындар ешкімге керек болмай қалыпты. Шынымен-ақ солай болар ма екен? Қалай ойлайсың?
– «Творение цифры: Атлантида – Казахия» деген романымды 2018 жылы жазып бітіріп, жариялап едім. Бірақ бұдан сегіз жыл бұрын жазған шығармамда айтқан идеяларым соншалықты тез жүзеге асады деп ойлаған жоқпын. Жақында «Жасанды интеллектпен» сөйлесіп көріп едім, сұрақтарыма өте орынды, қисынды, ақылды жауап қайтарды. Қазірдің өзінде ЖИ мақалалар жазады. Осылай дами берсе, ЖИ роман және өлең жазуды да тез игеріп алатын сияқты. Сондықтан болашақта ақын, жазушы бола ма, болмай ма деген логикалық сауалдың туындауы да мүмкін.
Бұдан бөлек осы романымда мүсіншілердің (скульпторлар), суретшілердің (художниктер), дәрігер-хирургтердің, кино мен
театр артистерінің, басқа да көптеген мамандық иелерінің ешкімге керек болмай, жұмыссыз қалғанын суреттеп едім. Әрине, ондай жағдайға жетпейтін шығармыз деп үміттенемін. Дегенмен «Адыра қалғыр заманның, Мен жаратпаймын сүреңін» деп Мұрат ақын айтқандай, қауіпіміз де күшті.
Осы сұхбатты пайдаланып «Творение цифры: Атлантида – Казахия» деген романымда суреттелген бірнеше идеяны Астана қаласының әкімдігіне, қала жұртшылығына ұсынайын деп едім.
Бірінші идея. «Астана қаласының қысқы тропикалық бағы». Бұл бақтың мағынасы Астана қаласында қыс ұзақ, өте суық, қарлы борандар болып тұрады. Адамдар қысқы суықтан, қар мен мұздан әбден жалығып кетеді. Жасыл ағаштар мен шөптер өсіп тұрған баққа барып, бала-шағасымен дем алып отырғысы келеді. Соған орай, орасан зор аймаққа қысы-жазы гүлдеп, жап-жасыл болып тұратын саябақ егілсе деймін. Солай істесе қыста қаланың халқы осы саябаққа келіп, жап-жасыл ормандар мен шөптердің арасында, суы жылы, шомыла беруге болатын көлдің жағасында дем алып, рақаттанып отырады. Менің пікірімше, бұл идеяны іске асыру – қазіргі озық технологиялар заманында онша қиын емес. Жылыжайлар (теплица) қазірдің өзінде қысы-жазы өнім беріп тұр ғой. Демек, мұндай саябақ, шын мәнінде, үлкен аумақты алып жатқан, ішінде бассейні бар жылыжай ғана және мұндай идеяны тек Астана ғана емес, Қазақстанның басқа қалаларында да іске асыруға болар еді.
Екінші идея. Астана – Шығыс пен Батыстың тоғысында орналасқан еуро- азиялық қала. Соған сәйкес, қаланың шығыс бөлігінде жапон, корей, қытай елдері архитектурасы үлгісімен шағын қалашық салынса деймін. Батыс жағында Еуропа, Америка қалаларының архитектурасына сәйкес салынған аудан болады. Оңтүстігінде Индия, Пакістан, Ауғанстан елдерінің үлгісіндегі қалашық салынады. Сонда қазақтар шетелге бармай-ақ, өз елінде басқа мемлекеттердің архитектурасымен салынған қалашықтарды көріп, ләззат алады.
Үшінші идея. Астанаға жақын маңда үстіне қысқы спорт кешені орналасқан жасанды тау үйілсе дұрыс болар еді.
Әрине, мен – фантаст-жазушымын. Жаңа идеяларды ұсынуға хақым бар. Оларды қаншалықты жүзеге асыруға болатынын тиісті мамандар сараптай жатар.
Осы «Творение цифры: Атлантида – Казахия» деген романымды жастарға арнап жазып едім. Мақсатым – еліміздің жастарын ғылымға, заманауи техникаға, технологияларға тарту болатын. Өскелең ұрпақта ғылыми сана-сезім қалыптастыруды, дүниені жаңаша қабылдауды, стереотипті ойлаудан аулақ болуды үйретуді көздеп едім. Роман жас ұрпақтың талғамына сәйкес әзіл-қалжыңы көп, ойнақы, жеңіл тілмен жазылған. Қазір жастар әдебиетін өркендетуге үлкен мән беріліп жатыр. Соған орай, осы кітабым насихатталып, көпшілікке жетеді деп үміттенемін.

«Натурализм – әлем әдебиетіндегі сындарлы бағыттардың бірі»

– Жаңа «жазушылық өзгеше дерттің бір түрі» деген пікір айттың. Бәрібір болашақта жазушылық өнерінің ауыр да, азапты жолын таңдаған жас қаламгерлердің өмірге келуі сөзсіз. Олар қазақ әдебиетін әрі қарай өркендетеді де. Жазушы болу үшін қандай қасиеттер керек?
– Менің пікірімше, ең алдымен, талант керек. Мұны Жаратқан иемнің өзі береді. Кітап жазатындар көп. Бірақ талантты жазушылар сирек кездесетін құбылыс. «Графоман» деген ұғым бар. «Графоман» дегеніміз – жазбаса тұра алмайтын адам, бірақ Құдай берген таланты жоқ болғандықтан жазған кітаптары сүреңсіз болады. Талантты жазушыдан графоманның басты айыр­машылығы – соңғысының жазған кітаптары жасанды, кейіпкерлерінің сөйлеген сөздері де жасанды. Шығармасында өмірдің шынайы шындығы жоқ. Әдетте, оқырман графомандардың жазған кітаптарын оқып көріп, жасанды шығарма екенін ұғып, лақтырып тастайды.
Жазушы боламын деген адамға екінші қажет нәрсе терең ілім-білім деп есептеймін. Жазушы өмір бойы оқып-тоқи беруі тиіс. Білімін үнемі толықтырып, жаңашылдықты тез қабылдап, үнемі ізденіп жүруі керек.
Менің ойымша, қаламгерге үшінші қажет нәрсе өмірлік іс-тәжірибе. Ұлы жазушылардың көбі өмірдің ащы сынын бастан кешкен, көпті көрген, қиян-кескі оқиғалардың ортасында болған адамдар. Л.Толстой Севастополь соғысына қатысқан. Э.Хемингуэй Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ауыр жарақаттанған. Ф.Достоевский каторгада болған. Шын жазушы болғың келсе, қайнаған өмірдің ортасына бар. Түрлі әлеуметтік топтардың ішінде бол, солармен бірге еңбек ет, қарапайым адамдардың арман, мүдделерін ұғын. Сонда ғана адам жанын шын түсінесің. Жазатын материалың көп болады.
– Қазақ әдебиетінің болашағын қалай болжар едің?
– Қазақ әдебиеті әлемдік аренаға шықса екен деп армандаймын. Біз елдің ішінде отырып алып, бір-бірімізді мақтай бергеннен ештеңе өнбейді. Қазақтың мәдениеті мен әдебиетін шет жерлерде мойындата білсек, шын жетістік дегеніміз сол болар еді. Әрине, бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, белгілі қаламгер Бигелді Ғабдуллин мен Данияр Сүгіралинов «Audarma» деген баспа құрып, қазақ жазушылары мен ақындарының кітаптарын ағылшын тіліне аударып, кітап етіп шығарып, Амазон арқылы тарата бастады. Осы азаматтардың игілікті бастамасы жалғасын табады деп үміттенеміз.
Бір атап өтетін жайт Мереке Құлкенов бастаған Қазақстан Жазушылар одағы әдебиетті дамыту бойынша бірқатар ауқымды жұмыстарды қолға алды. Одақтың жанынан «Жазушылардың шеберлік мектебі» құрылып, оған шет аймақтардағы жазушы болуды армандап жүрген жастар тартылып, шығарма жазудың қыры мен сыры үйретіліп жатыр. Одақтың өз алдына қойып отырған стратегиялық мақсаттары да өте қажетті бағыттар деген ойдамыз. Атап айтар болсақ: әдебиет саласы бойынша халықаралық байланыстарды орнату және дамыту; қазақстандық әдебиеттің беделін және мемлекет ішіндегі қызметінің белсенділігін арттыру; көркем әдебиет саласында аударма жасаудың озық тәжірибелерін игеріп, үздік үлгілерін қалыптастыру; қазақ ұлттық әдебиетінің үлгілерін шет мемлекеттерде насихаттау және әдеби шығармаларды көркем аударуға ден қою; балалар әдебиетін жеке жанр ретінде дамыту; авторлармен жеке жұмыс жасау және кітап шығару ісін бірізділікке түсіріп, мемлекеттік стандарттарды қалыптастыру; Орталық Азия өңіріндегі жетекші әдеби мемлекет ретінде жалпыаймақтық бағдарламаларды бекіту. Осы іс-шаралар жүзеге асатын болса, әдебиетіміз жаңа кеңістікке өтеді деген ойдамыз.

Сонымен қатар жазушыларды жақсы шығармалар жазуға ынталандыратын, материалдық жағдайын жақсартуға көмектесетін «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы, «Еңбек адамы – 2025» республикалық әдеби байқауы тәрізді әдеби конкурстар өткізіліп жатыр. Олардың беретін сыйлығы да қомақты (мәселен, «Айбоздың» әр номинациясының бас жүлдесі 5 000 000 теңге; «Еңбек адамы – 2025» байқауының бас жүлдесі 10 000 000 теңге).
– Енді қазақ тілінде жазған әңгіме, повестерің, драмалық шығармаларың, өлеңдерің жөнінде сөз қозғасақ. Көбіне өмірдің ащы шындығын жазасың. Әдебиетте көркемдік әдіс деген ұғым бар. Шығармаларыңды қайсы бағытта жазып жүрсің?
– Шығармаларым әдебиеттің «натурализм» деген көркемдік методына сай келетін тәрізді. Оның өзіндік себептері де бар. Мен өмірімде – слесарь, көше сыпырушы, өрт сөндіруші, зауытта станокта істеуші, тас қалаушы, бетоншы, газосварщик, шабашник (ел аралап жұмыс істеуші), мұғалім, журналист тәрізді сан қилы кәсіптерде жұмыс істедім. Қара халықпен етене араласып, бірге жүрдім. Өмірдің жақсы жағын да, көлеңкелі тұстарын да көп көрдім. Әрине, жазатын материа­лым өте көп. Бірақ өмір шындығын боямалап, әдемілеп жазғым келмейді. Ащы шындықты жазуға тырысамын. Жалпы, натурализм – әлем әдебиетіндегі сындарлы бағыттардың бірі. Оның негізін Эмиль Золя, Ги де Мопассан, Альфонс Доде, Гюисманс, Поль Алексис, ағайынды Гонкурлар, Джордж Элиот тәрізді қаламгерлер қалаған. Американың жазушы натуралистері — Теодор Драйзер, Стивен Крейн, Фрэнк Норрис, Джек Лондон, Джон Стейнбектер де халықтың кедей топтарының қиын өмірін қапысыз суреттеген. Біздің әдебиетімізде Бейімбет Майлиннің, Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын өмірдің ортасынан ойып алынған туындылар деуге болады.
– Әңгімелесіп, ой бөліскеніңе рақмет!
– «Қазақ әдебиеті» газеті ұжымына толағай табыстар тілеймін.

Әңгімелескен
Қали СӘРСЕНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір