ИДЕЯ ГЕНЕРАТОРЫ
19.08.2025
204
0

Жұмыр басты пендеге ұрпақ жалғастығынан басқа бұйырар бір нәсіп бар. Өмірге келу оңай, ал тулаған толқындай өмір айдынында мәнді де мағыналы ғұмыр кешіп, ел-жұртына сарқылмас мұра қалдыру – кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Әр адамның қоғамда өз орны бар десек те, бірі – жалғанның жазулы ғұмырын көріп, бар-жоғына бас шұлғып, пенделікпен өтуге ғана келгендей болса, енді бірі – қоғам сұранысының ауыр жүгін арқалап, уақыт артқан міндет жүгін абыроймен атқарып, ел мүддесін ескере тындырымды іс қылады. Темірқазық тектес жұлдызды тұлғалардың бірі, өз заманында да, қазір де көп шоғырдың ішінен айрықша жарқырап көзге түсетін сұңғыла Сағитов Абай Оразұлы өз ісінің майталманы атанып, абырой биігінен көрінген нағыз қайраткер десек, шындықтан шалғай кетпесіміз һақ. Бүгінде сексеннің заңғар биігін бағындырған Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, биология ғылымдарының докторы, профессор Абай Оразұлының ғұмыр тарихы, елеулі еңбек жолы туралы жазу шыңның етегінде тұрып биіктігіне болжам жасағанмен бірдей екенін де түйсінеміз.

Академик алгоритмі

«Тұнық бұлақтан бастау алған өзен ұзақ ағады» дегендей, Абай Оразұлының өсіп-өнген, тамыры тереңнен бастау алған өлкесі рухани өлке – шығыс өңірі. 1945 жылы, 18 тамызда Семей облысы (қазіргі Абай облысы), Шар стансысында дүниеге келген Абай Оразұлының балалық шағы алапат соғыстың жарасы құлан-таза жазыла қоймаған алмағайып уақытта өтті. Есесіне сол заман жігерін жанып, рухын шыңдап, қанатын қатайтып, болашағын айқындады. Жастайынан зерттеу еңбегіне бейіл болған бозбала 1963 жылы орта мектепті бітіріп, Қазақ ауыл шаруашылығы институтына (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті) өсімдіктерді қорғау факультетіне оқуға түседі. Студенттік жылдар тізгінделіп түзілген ой мен әрекеттің еркіндігін мейлінше сарапқа салар жылдар болады. Шығармашылықты, ыждаһаттылықты, табандылықты талап ететін мамандық өмірінің мазмұнына айналады. Алматыда, Ташкентте және Мәскеуде өткен республикалық және бүкілодақтық студенттік конференцияларға бірнеше рет қатысып, білімін нығайтып, тәжірибесін шыңдайды. 1968 жылы ЖОО ойдағыдай тамамдап, сол жылдан бастап Қазақ өсімдіктерді қорғау ғылыми-зерттеу институтына қызметке тұрғанда жаспын демейді, жанына тыным таптырмас ғылым жолының салмағын сезіне біледі. Кіші, аға ғылыми қызметкер, зертхана, бөлім меңгерушісі лауазымдарын кезең-кезеңімен атқарады. 1969 жылы Ленинград қаласындағы КСРО Ғылым академиясының жанындағы Зоологиялық институтына аспирантураға түсіп, биология ғылымдарының докторы, профессор Е.С.Кирьянованың мектебінен өтеді. 1974 жылы нематодтар бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады.
1989 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтында фитопатология кафедрасының меңгерушісі, 1990 жылы біліктілікті арттыру институтының проректоры, 1991–1996 жылдары ғылыми жұмыс жөніндегі проректор, 1996–2001 жылдар өсімдіктерді қорғау және тіршілік қауіпсіздігі кафедрасының меңгерушісі, ал 2001 жылы өсімдіктерді қорғау ғылыми-зерттеу институтының директоры болып тағайындалады. Қауырт қызметпен жүрсе де ғылым жолын да ұмытпай, тың жаңалықтар енгізіп, машақатты ой еңбегімен академикке дейін жетті. Біз тек маңыздыларына тоқталайық.

Жоба шынтемірі

Абай Оразұлының түрлі ғылыми жобалары, әртүрлі зиянды организмдердің биоэкологиясы және олармен күресу әдістері туралы зерттеулері өсімдіктерді қорғау ғылымына айтарлықтай оң әсер етті. Бұл жұмыстары көкөніс және техникалық дақылдардың тұқымын өңдеудің инновациялық технологиясын жасау елімізде бұрын-соңды болмаған тың жаңалық еді. Академиктің нұсқаулығымен дайындалған әдістеме Қазақстанның 19 облысында енгізілді және 1985–1996 жылдар аралығында коммерцияландырылды. Алайда 1990 жылдардың аяғында соңғы колхоздар мен совхоздар қайта құрылып, таратылғаннан кейін, жоба сәтті жүзеге асырылғанына және елдің ауыл шаруашылығының дамуына қосқан үлесіне қарамастан тоқтатылды.
1996 жылы Абай Оразұлы «Жамбыл облысы Шу өңірінің аридті жайылымдарында құрамында есірткі бар жабайы қарасораға қарсы күрес» грантын жеңіп алды. Тасөткел шаруашылығында стационарлық тәжірибелер жүргізудің арқасында жабайы қарасора құрамындағы каннабиноидтардың мөлшерін биохимиялық талдау арқылы анықтауға мүмкіндік туды. Төсенді якорь, житняк, құмды қауырсын, типчак, бидай шөбі, мүйіз­ді ебелек, кейреуік, қияқ (көк шөп) сынды тұқым егілді. 3 жылдан кейін бұл дақылдар қарасораны күрт ығыстырып, 5 жыл ішінде қарасора мүлдем жойылды.
1998 жылы А.О.Сағитов Алматы қаласының жасыл желектерін түгендеуге арналған 3 жылдық жобада Қазақ аграрлық университетінің командасымен алғаш рет ғарыштық карталар мен IT-технологияларды қолдана отырып, ағаштарды санау бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Бұл ағаштардың санын және олардың қаладағы түрлерге таралуын тиімді және дәл анықтауға мүмкіндік берді.
Сол кездегі қала әкімінің сұранысымен Алматыда жасыл аймақ құруға ықпал еткен түрлі ағаш түрлерін отырғызу схемаларын ұсына отырып, Тұңғыш Президент саябағын салуға қатысты. Ал 1999 жылы ­А.О.Сағитов Астана қаласына 100 мың гектар орман отырғызу бойынша кеңесші ретінде шақырылғанын да атап өткен орынды. Бүгінгі таңда бұл орман екпесі 120 мың гектар алқаптағы нағыз орманға айналып, бас қаласының «Өкпе тынысы» болып саналады.
Одақ ыдырағаннан кейін, ҚР ҰҒА академигі А.О. Сағитов «Өсімдіктерді қорғау ғылыми-зерттеу» институтының директоры болып келгенде (кезінде 400-ден астам адам жұмыс атқарса), штатта 14-ке жуық ғылыми қызметкер қалған еді. Сол кезде шұғыл түрде білікті ғылыми кадрлар даярлауға тура келді. Өсімдіктерді зиянды организмдер кешеніне қарсы интеграцияланған қорғау технологиясын әзірлеу бойынша зерттеулерді қолға алды. Ғалымның барлық ғылыми әзірлемелері өндіріске енгізілді. А.О.Сағитовтың басшылық іскерлігінің арқасында бірқатар ірі халықаралық жобалар іске асырылып, қызметкерлердің саны 160 адамға дейін өсті. Ал ғылыми мақалалары мен баяндамалары АҚШ, Англия, Голландия, Чехия, Словакия, Италия, Испания, Греция, Германия, Жапония, Қытай, Ресей және басқа елдерде өткен көптеген халықаралық конференциялар мен симпозиумдарда танылды. Академик ­А.О.Сағитовтың өсімдіктерді қорғауда биотехнологияны дамытудағы еңбегінің нәтижесінде үш ғылыми-зерттеу мекемесінің – Қазақ өсімдіктерді қорғау институты, Бүкілресейлік өсімдіктерді қорғау институты және Новосибирск систематика және жануарлар экологиясы институтының кешенді зерттеулері басталды.
А.О.Сағитов шетелдік ғылыми-зерттеу мекемелерімен белсенді жұмыс істеді, бұл Қазақстан тарихында тұңғыш рет «Ақ көбелек» отандық биопрепаратының құрылуына алып келді. Профессор әріптестері В.В.Глупов пен Г.Р.Ледневтің қосқан үлесінің арқасында, бұл препарат өзінің биологиялық тиімділігі бойынша шетелдік аналогтерден асып түсті. Табысты жұмыс нәтижесінде, өндіріске дайындалған тағы 15 осындай препарат әзірленді. Қазір бүкіл әлем ғылымның арқасында органикалық өнім алу үшін пайдалы жәндіктерді өндіріп, коммерцияландыруда.
2010 жылы А.Оразұлы Қытайдағы «Адам денсаулығы институты» Қазақстанның таулы аймақтарында табылған кордицепс саңырау­құлақтарын зерттеу және өсіру туралы келісімге қол қойды. Бұл ынтымақтастық кордицепс мицелийін, соның ішінде оның Cordyceps militaris түрін жасанды түрде өсіре бастаған Қытай ғалымдарының назарын аударды. Академик А.О.Сағитов бастаған топ Қытай ғалымдарымен бірлесіп жұмыс істеуінің арқасында екі тілде «Қытай мен Қазақстанның саңырауқұлақтары» монографиясы жарияланды.
Институт директоры болған кезеңде Абай Оразұлы ғалымдардың шығармашылық қызметіне барлық жағдай жасады. Жеміс-көкөніс және орман дақылдарын қорғаудың және зиянды шегірткелермен күресудің ерекше өзектілігін ескере отырып, тиісті бөлімдер үлкейтіліп, қалпына келтірілді, пестицидтерді енгізу мен сынаудың жаңа бөлімі құрылды, пестицидтердің токсикологиясы зертханасының техникалық құзыреттілігіне мемлекеттік стандарт жүйесінде аккредит­теу рәсімі жүргізілді. Ол зертханалар мен бөлімдердің материалдық-техникалық және әдістемелік базасын жақсарту бойынша үнемі жұмыс істеді, гранттар есебінен жыл бойы эксперименттер жүргізу үшін 2 жылыжай сатып алынып, орнатылды. Жас ғалымдар АҚШ, Израиль, Голландия, Бельгия, Мексика, Түркия, Қытай, Үндістан және Ресей зертханаларында тағылымдамадан өтті.
Академик Абай Оразұлы 2012 жылы «Байсерке-Агро» ЖШС-не шақырылып, инновациялық технологияларды, соның ішінде тамшылатып суаруды қолдана отырып, 3000 гектар суармалы жерлер алаңында түрлі дақылдарды егуге кеңес берді. Нәтижесінде, ЖШС өнімділік бойынша әлемдік рекорд орнатты.
2017 жылы академик А.О.Сағитов «Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы ғылыми-зерттеу» институтымен бірлесе отырып, Туранга терегі мен оның будандарының элиталық отырғызу материалын өндіру мен сатуды ұйымдастыруға арналған «Ғылым қоры» грантын жеңіп алды. Туранга терегінің ерекшелігі оның рН 9,5-тен 10-ға дейінгі тұзды топырақтарда өсу қабілетінде, бұл оны тұзды және сортаң топырақтары бар аймақтарда экожүйелерді қалпына келтіруге ықпал етеді. Қазақстанда мұндай топырақтың 70%-дан астамы, әсіресе Арал өңірінде, бұл тұзға төзімді көшеттердің көмегімен осы аудандардағы ормандарды қалпына келтіруге бірегей мүмкіндіктер ашады.
2018–2020 жылдары «Байсерке Агро» ЖШС-де жүргізген тәжірибелерін пайдалана отырып, «Қаскелең» тәжірибелік шаруашылығының базасында «Агропарк» құрылды, онда академик А.О.Сағитовтың басшылығымен құны 5 миллиард теңгеден асатын бірегей жоба іске асырылды. Жобаға максималды өнім алу мақсатында ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің инновациялық технологияларын енгізу бойынша жұмыс істейтін 5 ірі ғылыми-зерттеу институттары белсенді қатысты.
Академик жеке ғылыми мектебін құра білген ғалым. Ол Қазақстандағы өсімдіктерді қорғаудың интеграцияланған жүйесінің негізін қалаушылардың бірі және осы пән бойынша қазақ тіліндегі алғашқы оқулықтың авторы болды. Оның қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 730-дан астам ғылыми еңбектері жарияланды. Профессордың жетекшілігімен 7 докторлық және 29 кандидаттық диссертация қорғалды, 12 PhD докторы және 30 магистр шығарылды. Оның шәкірттері Қазақстанның барлық аймақтарында, сонымен қатар шетелдерде: АҚШ, Франция, Испания, Голландия, Қытай, Германия, Швеция, Канада, Египет, Чили, Мексика, Чехия, Словакия, Финляндия және Австралияда еңбек етеді. Академик Абай Оразұлы қоғамдық жұмыста да белсенді. «Өсімдіктерді қорғау» бағдарламасының үйлестіру кеңесінің төрағасы, ҚР ЖБҒМ Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті төралқасының мүшесі.
Абай Оразұлы өзінің көпжылдық ғылыми зерттеулерінің нәтижелеріне сүйене отырып, көлемі 600 беттен асатын «Қазақстандағы фермерлік істің негіздері» атты монография шығарды. Екі тілде жарық көрген кітап ғылым мен техника саласының тандемі іспетті. Бұл кітап елдің аграрлық ғылымының көрсеткіші. Қазіргі уақытта академик ­А.Сағитов ҚР АШМ 2024–2026 жж. «Қазақ­стан Республикасының аумағында таралған карантиндік зиянды организмдер шектелген популяциясын құру» ғылыми-техникалық бағдарламасының жетекшісі.

Қайраткерлік қасиеті

Абай Оразұлы – елге деген перзенттік парызын адал өтеп келе жатқан алдыңғы буынның бірі. Оған дәлел, 1989 жылы А.О.Сағитов нематология зертханасының меңгерушісі және бас ғылыми қызметкер ретінде Сакраменто қаласының Калифорния университетінде жұмыс істеуге және докторанттар тобын басқаруға ресми шақыру алады. Алайда ол Қазақстанда ауқымды жобаны жүзеге асырып жатқандықтан, ұсыныстан бас тартады. Жоба еліміздің 19 облысын қамтитын көкөніс тұқымдарының жаңа технологиясын енгізуге қатысты болғандықтан жауапкершілікті сезіне біледі. Қазақстанның дамуына, ауыл шаруашылығы өндірісін жақсартуға бағытталған бұл жоба шетелдің маңызды ұсынысынан да басым екенін түйсінеді.
Кубада жұмыс істеген 1976–1978 жылдар аралығында пайдалы жәндіктерді өсіру және дамыту бойынша биофабрикалар құрды. Осының арқасында қазіргі уақытта Куба органикалық өнімді өсіру бойынша әлемде 1-орында.
1982 жылы профессор Стоунның жетекшілігімен Англияда Кембридж университетінде 3 айлық тағылымдамадан өтті, өсімдіктерді қорғаудың интеграцияланған жүйесін игерді, далалық бөлімшелерде, навигацияда, пестицидтерді дұрыс пайдалануда, бүріккіштердің түрлері мен ауылшаруашылық техникаларында федералды деңгейде карантин жүйесімен танысты.
Ғалым бірқатар іргелі зерттеулер жүргізумен қатар, олардың практикалық және теориялық әзірлемелерінің докторлық диссертациясының негізін қалап, оны 1988 жылы Мәскеуде К.И.Скрябин атындағы Бүкілодақтық Гельминтология институтында ғажап қорғап шықты. Сонымен қатар Абай Оразұлының бастамасымен университетте жұмыс істеген жылдары кафедра жанынан проблемалық зертханалар құрылып өсімдіктерді қорғау факультеті қалпына келтірілді және 1000-нан астам студенттер республика кеңістігінде еңбек етуде, нәтижесінде, университеттің шетелдік ғылыми мекемелерімен интеграциясы күшейе түсті.
Еңбектің дәмін ерте татып, қайсарлығы мен білім-парасатының арқасында жеткен жетістігі елеусіз қалған емес. Еңбегі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Еңбек ардагері», «Құрметті ардагер», «ҚР Тәуелсіздігіне 10 және 25 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталған. Куба үкіметінің грамоталарымен, Еуропалық ассамблеяның Сократтық сыйлығымен, төсбелгісімен, алтын мүсіншемен, Оксфорд университеті профессорының мантиясымен және медалін иеленген. Абай Оразұлы 2000 жылы Халық­аралық Экология академиясының академигі, ал 2005 жылы аграрлық ғылым саласында А.И. Бараев атандығы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болды.
Жүрегіне жазиралы жазықтық пен кеңдікті, қаны мен сүйегіне ұлтының құндылықтарын сіңірген Абай Оразұлы отбасында да үлгілі. Ұлы мен қызынан тараған немере-шөбереге жүрек нұрын, көңіл қуанышын сыйлап келеді.
Міне, Алақандай ауылдан шығып, Алатаудай абыройға жеткен Абай Оразұлы өмір жолына аз-кем шолу жасадық. Ғылымның қазанында қайнап, айтар ойы, кесімді байламы арқылы кемелдікке жеткен ағамыздың жаңа жасына жақсылық тілейміз. Деніңіз сау, шыққан асуыңыз аласармасын деймін.

Ақылбек Күрішбаев,
ҚР Ғылым Академиясының президенті,
ауылшарушылығы ғылымдарының докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір