Келдің бе қайтып, киелім!
09.09.2025
82
0

(Міржақыптың мәйітін Торғай топырағына әкелгенде оқылған өлең)

 

I
Лә иләһа илалла,
Лә иләһа илалла,
Жаңалықты айтуға
Тіл мен жағым қиналма.
Басылғанда басқа сөз
Бас игенде иманға.
Қайран халқым қамығып
Көздің жасын тыйған ба?
Төрткүл дүние дүр етті,
Төрт бұрышын Торғайдың
Тойтөбеге жиғанда.
Міржақыптың мүрдесі,
Қара жерге сыйғанда.
Қайрат қосып жігерге,
Қайран көңілім күй қамда!

II
Қанатын қиял қағып тұр,
Алауын арман жағып тұр.
Алқалы топта алқынбай,
Алдыңда ақын ағып тұр.
Қаумалаған қалың ел,
Шайырдың сөзін
бағып тұр.
Қара жерге түскелі
Ақ сүйегін атамның
Арулаған табыт тұр.
Сөзіне зар боп жүргенде,
Өзі келіп ортаға
Жанардың жасы тамып тұр.
Толқынындай теңіздің
Тербетіліп халық тұр.
Арысын қайта танып тұр.
Өлгенім қайта тіріліп,
Өшкенім қайта жанғанда,
Дүйім дүние жүрегі
Жарылып кетпей
нағып тұр!

III
Өлкемнен өзің кеткелі
Жат жерге сапар шеккелі
Қара жерді қар жауып
Қанша рет дала көктеді.
Шерімді қанша тарқаттым,
Шешіліп шемен шекпені.
Мезгілдер болды мазасыз,
Кезеңдер болды өтпелі.
Жоғалды әнім – ұраным,
Жығылды туым көк бөрі.
Қаншама ұлан туса да,
Өзіңе бірақ жетпеді.
Міржақып салған негізін,
Бар еді білім мектебі.
Қай жақта қалды шеткері?!
Атаның рухы айналып,
Біздерге қарай беттеді.
Қызығын соның көруге
Куә бол Құдай көктегі!
IV
Өзіңсіз дүние бүлінді,
Өртеніп өзек тілінді.
Зулаттым келте уақытты,
Қураттым ерте гүлімді.
Тастаған жемге таласып,
Қармаққа халқым ілінді.
Сүйретіп сыртқа тастады,
Сұрамай ешкім құнымды.
«Асыра сілтеу болдырмай,
Аша тұяқ қалдырмай»,
Аштыққа халқым ұрынды.
Құрық түспей қырылды.
Көрсоқыр күнге кезіктік
Көрсеткен бірі-біріңді.
Ұқпаппын сонда, жан-аға,
Сөзіңді айтқан бұрынғы…
Күндердің күні болғанда,
Бақыт құс қолға қонғанда,
Айтатын бүгін кез келді
Өзіңе ғана мұңымды!

V
Торлады тұман аспанды,
Ойлады әркім бас қамды.
Таңдап бір таңдап киіктің,
Текесін ғана ататын,
Алапат күндер басталды!
Жасайтын ісім жоспарлы,
Айтатын сөзім астарлы.
Шабытынан кесіліп,
Шыбын жан қиды
жас тәнді.
Атыңды сенің атаудан
Атаның ұлы жасқанды.
Болса да әсем әуенім,
Барылдап айттық
басқа әнді.
…Бәрін де кешір, жан-аға,
Орнадың қайта санаға.
Құшағын ашып қайтадан
Құрметтеп
халқым қоштаулы
Қастерлі туған топырақ
Қасиеті күшті ұлыңды
Бозінгендей еміреніп,
Бауырыңа бас мәңгі.

VI
Ағалар асқақ Ай ма екен,
Інілер ерген тай ма екен.
Білгенім ылғи бір бүлік,
Көргенім ылғи қайғы екен.
Еңіреп елдің шетінде,
Жылап бір қалған жетімге,
Құшағын кімдер
жайды екен?
Артында қалған нәсілдің
Сүйегін сыйлап асылдың,
Ақ жуып әкеп арулап
Қастерлеп сүйген жүрекпен
Туған жер өзі түлеткен
Ұранын елдің үдеткен
Ұрпақтары сайлы екен.
Теңізді кешкен кемедей
Келдің бе
жалғыз, жампозым,
Атыңмен бірге аталған
Алпыс төрт жаста атылған
Ахаңдай ағаң қайда екен?!

VII
Сүйретіп әзер сүйегін
Келдің бе қайтып, киелім,
Аңырап тұрмын алдыңда
Ағытып шердің тиегін.
Қалған жоқ тіпті түйірі,
Жағылған саған күйенің.
Артыңда қалған ұрпағың,
Қадіріңді білмесе,
Қаперіне ілмесе,
Қапа боп соған күйемін.
Өзің де сезген шығарсың,
Ендігі жерде ие кім?!
Жат жердің
құшып топырағын,
Жайбарақат жатпастан
Өзіңнің туған жеріңе
Біржола жетіп жығылған
Халқымның асыл ардағы
Алаштан асқан, арысым,
Ешкімге еңкейіп көрмеген
Басымды саған иемін!

 

Серік Тұрғынбекұлы
Өлең 1992 жылдың
18 қыркүйегінде
Бидайық ауылында өткен
М.Дулатұлын
жерлеу қаралы рәсімінде оқылған

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір