Сталин сыйлығы еден жуушыға не үшін берілді?
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында еңбек адамының мәртебесін көтеруге жіті назар аударып, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Мемлекет басшысы осыған орай: «Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және өз кәсібінің нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», – деді.

Бұл Президенттің дер кезінде жасаған үндеуі десе де болады. «Жұмысшы мамандықтары жылы» жай ғана ұран емес, ол – еңбек адамына жасалатын құрмет. Бұған дейін де еңбек адамдары ең жоғары құрметке ие болып келген-ді. Ортақ құндылықтар жүйесінің әдемі дәстүрі ұмыт қалып, ол кейінге шетін қалып келгенін де ұмытпағанымыз абзал. Мемлекет басшысының еңбек адамының даңқын көтеру идеясы қоғам тарапынан зор қолдауға ие болып келді. Осыған орай, бүгінгі таңда еңбекті қорғау туралы ереже қайта қаралуда. Осы ретте әлеуметтік диалог пен ұжымдық келіссөздерді кеңейту, әлеуметтік әріптестік пен ұжымдық-шарттық қатынастарды нығайту жолында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Адам баласының дүниеде өмір шеккен тарихына қарасақ, бұрынғы еңбек адамдарының тіршілік етуінің түрі мен қазіргі еңбек адамдары тіршілігінің айырмасы жер мен көктей. Бірақ олардың бәрі еңбек адамдары қатарында саналады. Бұл жерде қолмен атқарылатын жұмыс пен автоматтық технологияның күшімен атқарылатын еңбек айырмашылығы ғана. Әйтсе де, қарапайым еңбек адамдары түрлі қамқорлықтан тыс қалып келді. Бұрын кім құрметті еді? Олардың қатарында қарапайым тас қалаушылар мен теміржол қызметкерлері, байланыс қызметкерлері мен хат-хабар тасушылар болатын. Кезінде біз тұрған Қазалы ауданының халық «Бесінші квартал» атап кеткен жұмысшы ауылында хат тасушы Кемпаш Матенова деген апамыз болды. КСРО-ның Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі орденімен марапатталған апайымызды бүкіл аудан құрмет тұтатын. Жастар сол кісіге еліктеп, мектеп бітірген соң хат тасушы болуды армандайтын. Қазір осы бір еңбек адамының мамандығына еліктеудің жағымды үлгісі қалмаған. Мен де Кемпаш апамнан қалам ба, оған деген құрметімнің белгісі болсын деген ниетпен, биыл Жаңа жыл мерекесі қарсаңында хат-хабар таситын мекеменің меңгерушісі мен газет-журнал таситын байланысшы қызға мерекелік сыйлық тапсыруды жөн санадым. Сыйлықты қабылдаған Әлия есімді меңгеруші-оператор ризашылықтан қатты қуанғанын жасырмады. 30 жылға жуық еңбек етіп жүрген қызметкер осы уақытқа дейін бірде-бір рет сыйлық алып көрмеген екен. Әрине, ол ештеңені шеше қоймас, мәселе көңілде еді.
Таяуда Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова еден жуушы, сантехник, аула тазалаушы, электрик, ағаш ұстасы секілді жұмысшылардың мүддесін қорғайтын депутаттық сауалдарына Үкімет нақты шешімдер қабылдамағанын айтты.
Депутат бұл турасындағы сауалын Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа бағыттаған. Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, депутаттар әрдайым қарапайым еңбек адамдарының мүддесін қорғап, олардың өмір сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөліп келеді екен. Қазіргі таңда депутаттар аумақтарды аралап, еңбек орындарын аралап жүр. Президенттің жоғарыдағы тапсырмасына сай, олардың еңбек адамдарымен кездесіп, өз ойларын білдіргені абзал болар еді. Айту бір басқа, оларды тыңдау да керек сияқты.
Депутат Мәжілістің өткен үшінші сессиясында бюджеттік ұйымдарда еңбек ететін техникалық қызметкерлер – еден жуушы, сантехник, аула тазалаушы, электрлеуші, ағаш ұстасы секілді жұмысшылардың мүддесін қорғайтын 7 депутаттық сауал жолдаған. Бұл сауалдың – өңірлердегі еңбек ұжымдарымен кездесу кезінде азаматтар көтерген нақты сұрақтардан туындағаны белгілі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды қадам. Бұл бастама – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру арқылы еңбек нарығындағы құрылымдық теңгерімсіздікті шешуге арналған» тың бастама.
Бастама тәуір болса да, депутат өзі бас болып көтерген жеті сауалының жауапсыз қалғанына қынжылысын білдіріпті. Осыған сай, депутат: «2025 жылдың 5 наурыздағы Үкіметтен келіп түскен ресми жауапта біздің ұсыныстарымызға байланысты нақты шешімдер қабылданбаған. Мысалы, еңбек демалысына сауықтыру жәрдемақысын техникалық қызметкерлерге де қарастыру, өңірлер арасындағы теңсіздікті жою мақсатында әлеуметтік кепілдіктердің бірыңғай механизмін бекіту туралы ұсыныс ескерусіз қалды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мақсатқа 28,7 млрд теңге қажет екенін есептесе де, нақты шешімдер қабылданбаған», – деді. Депутаттың айтуынша, Үкімет қаулысына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар азаматтық қызметшілерге қосымша үстемеақы белгілеуге құқылы екен.
–Бұл жүйенің орталықтандырылмағаны себепті өңірлерде үлкен айырмашылықтар туындауда: кейбір облыстарда жалақы өссе, қаржы тапшылығына байланысты кейбір өңірлерде жағдай өзгеріссіз қалуда. Сонымен бірге, хлор қолданатын жұмысшыларға өтемақы төлеу жөніндегі ұсынысымызға келіп түскен жауап мүлде қисынсыз: «Жұмыс берушіге жүгінсін» деп айтылған», – деп ашығын айтты.
Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі осыған сай, ұсыныстар жолдап, техникалық қызметкерлердің жалақысын арттыруға арналған бірыңғай әдістеме әзірлеу қажеттігін алға тартып отыр. Бұл әдістемеде еңбек өтілі, жүктеме көлемі, жұмыс күрделілігі мен өңірлік ерекшеліктер ескерілуге тиіс. Барлық техникалық қызметкерге, біліктілік дәрежесіне қарамастан, сауықтыру жәрдемақысын төлеуді орталықтандырылған түрде, республикалық немесе жергілікті бюджет есебінен, бірыңғай әдіспен қамтамасыз етуді ұсынды. Мәселе айқын, енді іске кірісу керек.
Жалпы, еңбек адамына құрмет көрсетудің тәжірибесі бұрын болған ба? Мәселе басшылық етуде оны ұйымдастыруда. Жалпы, еңбек адамына басшылар бұрын қалай қараған? Оның сыннан өткен мысалы да бар. Ол аңызға құрылмаған, өмірден алынған шындық. Оның мысалы, ақылға қонымды емес сияқты көрінсе де, тәрбиелік мәні бар. Кеңес дәуіріндегі бұл оқиға әрине, көпшілік көзінен жасырылып келген. Ол туралы шындық жақында ғана белгілі болды.
…Ел басына түскен ауыр күндері Сталин Кремльдегі кеңсесінде түн ортасы ауғанша жұмыс істейтін болған. Бір күні ол дәлізде еден жуып, қабырғаларды сүртіп жатқан еден жуушы қарт әйелді кездестіреді.
Ұзын дәлізде келе жатқан көсем:
– Осында қазір біз ғана жұмыс істеп жатқан сияқтымыз, – дейді оған қолдау көрсеткен болып. Көсемнің бұл сөзі оған шындығында күш береді.
Бірде Сталин бұл әйелмен дәлізде тағы да кездесіп қалады. Ол ұзақ ойлана келе өзіне жол ашып, құрмет көрсеткен осы бір еңбек адамына құрмет көрсеткісі келеді. Бас хатшы өзінің алдында жол ашып келе жатқан жеке хатшысы Александр Поскребышевке қаратып:
– Осы үй жуушы әйелге екінші дәрежелі Сталиндік сыйлықты берсек, қалай болар екен, деген ой салады.
Бұл оның қарапайым еңбек адамына зор құрметінен туындаған ойы еді. Дегенмен, сол кездегі ережеге сәйкес, оған қосымша берілетін 50 мың рубль мол ақша болатын. Ой айтылса да, Бас хатшы жеке хатшысына әлгі әйелдің есімін марапаттау тізіміне қоспай, жабық қаулы қабылдап, лауреаттық төсбелгі мен ақша салынған конвертті өзіне ұсынуды тапсырады. Сондықтан еден жуушы әйелдің тегі тарихшыларға белгісіз болып қала береді. Бергені сол болсын, әлгі әйелдің соңына қарауыл қояды. Жақында оның да сыры ашылды.
Сталинді қарапайым жұмысшының мол ақшаны қайда және не үшін жұмсайтыны қызықтырады. Шындығына сайсақ, қарапайым жан үшін ол қомақты ақша болатын. Осыдан соң, чекистерге еден жуушының іс-қимыл әрекетін қадағалау тапсырылады. Бір күні еден жуушы әйелдің Мәскеу түбіндегі ауыл кітапханасының есеп шотына қомақты ақша аударғаны белгілі болып қалады. Белгілі болғанындай, әлгі қария кәмелеттік жасқа дейін оқу мен жазуды білмесе де, кейін келе оқу мен жазуды осы Мәдениет үйінен (кітапханадан) үйренген болып шығады. Жоғарыда аударылған ақшаға кітапхана үйі кеңейтіліп, оған жаңа бөлмелер қосылғаны анықталады.
Кеңес үкіметінің басшысы Кремльдегі өз бөлмесін сыпырушыға Сталин атындағы сыйлықты беруді ұйғарғанда, өзінің жаңылыспағанын біліп, қайран қалады.
Бұл жалғыз мысал емес болатын. Өзі де таза, қолы да таза Дінмұхаммед Қонаев барған, жүрген жерлерінде қарапайым адамдармен сөйлескенді жаны жақсы көреді екен. Соғыстан кейінгі жылдары Қарқынбек Өмірқұлов деген соғыс ардагері «Алматыотделстрой» тресіне қарасты «СМУ–19» мекемесінде қарапайым құрылысшы болып жұмыс істейді. Маман жұмысшы сол тұстағы Қазақстан құрылысының символына айналған «Қазақстан» қонақүйі мен Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайын салуға қатысыпты. Бірде Қарқынбек ағамыз жұмыс алаңында жүргенде тосыннан олармен кездесуге Қазақстан басшысы келіп, жұмысшылардың жағдайымен танысыпты. Жұмыс орнында басшы болмағандықтан, барлық шаруаны түсіндіруді өзінің қолына алыпты. Қарапайым жұмысшының өз мамандығына адалдығына сенген Қонаев:
–Бауырым, өте жақсы түсіндірдің, ризамын. Алматыға қашан келдің, қайда тұрасың, басыңда баспанаң бар ма? – деп сұрапты. Қапелімде ол не дей қойсын, қолында анасы және бағуында үш перзентінің барын, өздерінің пәтер жалдап тұратынын айтыпты. Осыны есіткен Қазақстан басшысы жанындағы көмекшісіне:
– Аты-жөнін жазып ал, – деп тапсырыпты. Арада үш ай өткенде Қарекеңе Қарасай батыр мен Төлебаев көшесіндегі жаңадан біткен үйден бес бөлмелі пәтер беріліпті. Мұны қалай айтпасқа болады?
Кезінде қазақтан шыққан тұңғыш Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаев министрліктің еденін жуушы әйелдің үнемі шаң сүртіп, еден жуып жүргенін көреді екен. Бірде министр әйелдер мерекесі қарсаңында бір құшақ гүл сатып әкеліп, оны әлгі әйелге өз қолымен тапсырыпты. Оған мәз болған еден жуушы кейін де өз жұмысын адал атқара береді. Ол министр көрсеткен құрметке мардымсып кетпеген. Ал министр таңертең де, кешке де осы көріністі көре бергеннен соң, бірде оны өзіне шақырып, жағдайымен жеке танысады. Қарапайым еңбек адамы, министрге бәрін түсіндірсе де, одан ештеңе сұрамаған. Сөйтсе, ұзақ жылдар министрліктің еденін жуып жүрген еңбек адамы ведомство тарапынан бірде-бір алғыс та, гүл де алып көрмеген екен. Осыны ескерген министр әлгі әйелге 2 бөлмелі пәтер сыйлапты.
Тағы бір мысал. Министр өзінің туған жері Семейге барған сапарында сахнада ән салып тұрған Жәнібек Кәрменовтің талантына риза болып, оны өзімен бірге Алматыға алып келіп, министрліктің ансамбліне қабылдаттырып, оған да пәтер алып берген екен. Сондай-ақ академик Қаныш Сәтбаев алатын айлық еңбекақысын шалғайда оқып жүрген жас студенттерге, болашақ суретшілерге, ауылдан келіп оқып жатқан студент-жастарға жібереді екен. Бұл бұрын дерсіз, ал қазір ше?! Жақында Металлургия кен-байыту зерттеу институтының бас директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Бақдәулет Кенжалиев ғалымдарға берілетін стипендиясын Қызылорда облысының өзі білім алған Арал, Қазалы аудандарындағы екі мектептің үздік оқитын оқушысына теңдей бөліп берді. Міне, тектілік! Ғалым ол балалардың кім екендерін де, әлеуметтік жағдайларының қандай екенін де білмеген. Стипендияны беру мәселесін мектептің педагогикалық ұжымы бірлесіп шешкен. Міне, бұлардың бәрі еңбек адамына көрсетілген шынайы құрметтен туындаған мысал болатын.
«Еңбекпен тапқан нан тәтті. Өз еңбегіңмен тапқан табыстың қуанышы да өміріңді ұзартары анық. Алайда өзгені қуантып жатсаң, оның мәртебесі биік», – дейді ғалым. Мемлекет басшысының «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келетін тұлғалардың өнегелі өмір жолдары насихатталып, бағалануы абзал болар еді.
Ермек Жұмахметұлы,
журналист