ҚОЖАНАСЫРМЕН ТАҒЫ БІР СӨЗ САЙЫСЫ
02.09.2025
173
0

Қожекең, Қожанасыр ақсақалымыз таң азаннан көкжелкеме төніп келіп:
– Ей, Еркін, осы сен мені Кеңес кезінің өзінде жекешелендіріп алып, «Менің Қожанасырым келді де…» дегізіп, өмірдің, қоғамның кез келген көлеңкелі тұстарына «билік» айт­тырып қоятын сықақшы әрі жазушы Сайымжан Еркебаев дегенді білесің бе? – дейді.
– Неге білмеуім керек. Қазаққа ғана емес, күллі түркі дүниесіне де кеңінен танылған романист жазушы һәм өзіңіз сынды ақсақалымызды алақанда аялаған аса талант­ты қаламгер болған. Ол – көркем әдебиет­те әңгімелері, повестері, романдарымен көпшілік көңіліне жылы орныққан менің әріптесім әрі досым, әрі ағайым. Осы «Қазақ әдебиеті» газетінде де ұзақ жылдар бірге қызмет атқардық. Сәкеңді ұстаз тұтқан кез­дерім де аз болған жоқ. Оның «Жолдар мен шақырымдар», «Жел өті» романдарына алғаш рецензия жазып, ыстық лебіз білдірген ізбасар інілерінің бірі ретінде танылғаным да рас. Тың және тыңайған жерлерді игеру барысындағы жанқиярлық еңбектерін ескере жүріп, «романдағы бас кейіпкер – Балтакескен сіз өзіңізсіз ғой» деп мойын­датқаным да бар. Мінезінің қиқарлығына, тікентілділігіне қарамастан, жаны жайсаң азамат еді.
– Ағайым, досым, ізбасарымын деп, тіл безегенге келгенде, алдыңа жан салар емессің. Ол туралы неге қалам тербемейсің?
– 60 жасқа толғанында «Өзі де Қожанасыр» деген шығармашылық портрет жаздым. Өзімен қалжыңдаса жүріп, «Жалмауыз папкалар» деген сықағымды да арнадым. Сексен жасқа толған мерейтойында да тауықтың әтешінше қоқылдап жүріп, тұрғыластарын да, әріптестерін де, қаламдастарын да түн ұйқысынан оятқан мен бейбақ едім. Туғанына 90 жыл толуында да таңдай жібітер «жүз грамнан» дәмелі екеніміз рас.
– Өзің Сәкеңмен жиі араласқансың-ау!
– Тонның ішкі бауындай…
– Қазір несін ақтарып жатырсың?
– «Жарылған бүр», «Гүлге ұмтылған екеу», «Ауыл кештері» повестеріне айналып соғып жүрмін.
– Сәкең не дейді екен?
– Сықағымен өртейтінін оқырмандарыңыз бәрі біледі ғой. Көркем прозадағы жастық, махаббат мәселесін қаузағанда алдына ешкімді түсіре қоймайды екен. Сол тұстағы жоғары оқу орындарына түсуге ынтыққан ауыл жастарының қазақ тілін білуге де, өзге тілді үйренуге де аса ықыласты болғандарына таңданасың. Абзал, Борис, Иван, Әлібек, Орынбайлардың, Рая, Балерке, Сағилалардың өздері жас болса да, махаббат ісіндегі көзқарастары қазіргі бойжеткендер мен тебінгі мұрт­тылардың түсініктерінен әлдеқайда терең. Бозбалалардың да, қиыққастардың да сүйіспеншілікке деген танымдары күннің шіліңгір ыстығында үйездеп жүрген қайсыбір сары қарындылар мен мысық мұрт­тыларды он орайды. Әрі жастайынан әлемдік әдебиет классиктерінің шығармаларын жатқа соғып, бірін-бірі жаңылдырады. Мәселен, Сағила мен Әлібектің бір сәткі диалогтарына құлақ түрелік:
«…– Әңгіме менде ме, сенде болып тұр ғой.
– Дұрыс айтасың, кім-кімде де кемістік болады. Адам жеміс емес, ол еш уақыт­та пісіп жетілмейді.
– Өзің философ болып кетіпсің ғой.
– Философия ғылым емес, ал адамды философ қылатын өмір…»
Бұл – жоғары оқу орнына енді келген талапкерлер мен бірінші курстықтардың танымынан әлдеқайда жоғары талғам.
Аса көрікті де ақылды, пайымды, парасат­ты бойжеткен Раяның «менің подругам» деп таныстыратын Сағиланың өзіне шынымен ғашық жігітін орта жолда мұрындықталған тайлақтай жетелей жөнелгені де – өмір заңдылығы.
Алматыдағы «Өлке» баспасынан 2005 жылы жарық көрген Сәкеңнің 3 томдық шығармалар жинағындағы келесі повестің аты – «Гүлге ұмтылған екеу». Өмірдің ағысы адамзат-пендені жағалаудағы жартастың қай бұрышына апарып соқпаған… Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтын тамамадап, сол салалық министрлікке қызметке қабылданған Сағынбайдың өз ауылынан келген мектеп бітіруші ұл-қыздардың асқақ арман, биік мұрат­тарын орындатуға деген ықыласы өзгеше. Барлығын туысқанынша өбектеп, оқуға түсіруге, өзі сатып алған үш бөлмелі үйін соларға баспана етіп беруге де әр сәт дайын. Адал пейілділігі аңқылдақ мінезінен анық аңғарылады. «Түйенің танитыны – түйежапырақ» демекші, оның Алматыдағы өзіне аса танымал оқу ордасы – Ауыл шаруашылығы институты. Күнге шағылысқан ақ «Волгамен» қайқаңдап жүрген оның бір сәт отбасын құруға зауқы соқпаған болуы да мүмкін. Ауылдасы әрі туысқаны Жантаза Сағынбайдың өресінің қандай деңгейде екенін байқампаздықпен аңғарып та үлгерген.
Жантаза мен Сағынбай ас үйдегі үстел басында отырып, сөз қағыстыру барысында Сағынбай:
«… – Қайда, қандай факультетке тапсырдың? – дейді.
– Журналистикаға…
– Газет қызметкері болсам дейсің… Он жыл оқығандағы таңдаған мамандығың көбікауыз көпірмелік пе?
Жантаза ағасына тіктеп бір қарады да, үндемеді.
– Қалай, түсем деген үмітің бар ма?
– Үмітім болмаса, келіп әуреленбеймін ғой.
– Түсе алмай қалуың да мүмкін емес пе?
– Мүмкін.
– Мүмкін болса, балалықты қой, көп әңгіменің не кергі бар, менің айтқанымды тыңда. Документ­теріңді ертең бар да, сельхозға тапсыр».
Міне, бұл жерде асқақ арман арқалаған Жантаза мен «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген ұстаным жолындағы Сағынбайдың өмірге көзқарастары бірін-бірі иліктіре алмайды. Сағынбай – ескі есептің адамы да, Жантаза – асқақ арман, биік мұрат иесі. Алған бетінен қайтпайтын қайсар қыз. Шебер қаламгер мұны шағын эпизод арқылы айғақты дәлелдеген.
Сайымжан ағаның «Жарылған бүр» повесінде де махаббат мәселесі қайталанады. Қазіргі қайбір жастардың маздап бас көтертпейтін, өрекпіген махаббат сезімдері, аптаның соңына қарай қалың жаңбырдың астында қалғандай бықсық жүрек лүпілдері бұл шығармада жоққа тән. Парасат, пайыммен болашақта отбасын құрсақ деген терең иірімге ұйытады. Әрі балғын сезімге емес, бел буған бекем тұрақтылыққа ұмтылу бар. Қыз бен жігіт қатынастарында бірін-бірі арбап, алдау емес, сыни сезімдермен өз-өздеріне баға беру бар. Өмірден азды-көпті түйін түйгендердің шілденің шуағындай ықыластылыққа итермелеулері иландырады. Өмір өткелдерінен ертерек ат­таған Қуаныш, Сағынбайлардың уақыт ағымына сай көзқарастары арасында да теңгермешілік бар. Бәлима, Жантаза, Нұрлыбайдың жан толқыныстары асқақ. Мәселен, Бәлима мен Сағынбайдың арасындағы ыстық сезімді маздатуға ұмтылған Қуаныштың жеңгетайлыққа ұрынуы оның абыройына нұқсан келтірген. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демеске шараң қалмайды. Өзіне сөз салған Сағынбайдың іс-әрекетін әшкерелеп, газетке сыни көзқарасын жариялаған Жантаза – ертеңін ертерек болжайтын бойжеткен. Жалпы, Сайымжан Еркебаев ағамыз хакім Абай айтқандайын, «алыстан сермеп, жүректен тербейтін» қаламгер екеніне жұрт­тың көзін жеткізген. Жатақхана тұрғындарынан қанша рет шақыртса да, өз ұстанымын биік ұстап, есік алдын ессіз күзетіп жүрген Сағынбайдың Бәлимаға мұң арқалатып қойған махаббаты – екпе дәрінің күшіндей ессіздеу сүйіспеншілік.
Қожа атам маған қарап, көзін аларта тебінуі түсінігімнің түп-тамырын тарпып тастардай.
– Еркін, махаббат десе ес-түстен айы­рылып қалатын пендесымақтардың бірі екенсің. Сатира жанрында алатын орны сақа асыққа қорғасын құйғандай ауыр сықақшының мені өзіне іштарта «менің Қожанәсірім…» деп ат қойып, айдар тағуында қандай дәйектілік бар? Соны неге саралап, сабақтамайсың?
– Қожа ата, сіздің әзілмен астарлап, қалжыңмен қағыта жүріп, күллі түркі дүниесіне тән ақылдылығыңызға бас идіру ғой.
– Ендеше, әр жанрдың басын бір шалдырмай, сайқымазақтары мен сықағына неге ерік бермейсің?
– Қожа, Қожа дегенге қоқаңдай бермей, азды-көпті сабырлық сақтасаңызшы. Абай ақын «махаббатсыз дүние бос» дегенін де есіңізге алсаңызшы, «Ауыл кештеріне» бір соғып қайтсам қайтеді?
– Онда не, «бойы бұлғаң, сөзі жылмаңдар» ма?
– Былайша айтқанда, әлеумет­тік өмірдің ащы-тұщысын да көргендердің қақтығысты талайлы-тағдырлары ғой. Тартысты тірліктің қақтығыс-соқтығыстары да мол. Жазушының әр жанрға салған соқпағындағы шеберлігін оқырмандарына еш бұлғақсыз жеткізсек деген талпыныс. Сайымжан Еркебаев сатираның ғана төл қаламгері деген ноқтаға оның басы сыймайды. Әрі сықақшыларда сезім, махаббат жоқ дегенді кімнен естіп едіңіз?
– Ей, Еркін, сатириктің тектілігіне бұра тарта бересің, тентектігіне неге жол ашпайсың? Әзілкештер сезімсіздер деген сөз қашан аузымнан шықты?
– Ізбасарыңыз Оспанхан марқұм «жұрт­ты естерін білдірмей күлдіретін де, бүлдіретін де, күлдіре жүріп істерін тындыратын да қисық тілділер» демеуші ме еді! Жұтынып, сілекейіңізді шұбырта беруіңізге қарағанда, сапырған сары қымызды аңсағандайсыз-ау!
– Орта жолда от­тығыңызды суландырып алмай, сықақ айдынына күмп беріп сүңгіп кетсеңші.
– Ендеше, алдауыш таяғын беліне қыстырған Алдармен Сәкеңнің қауышуына құлақ салсақ қайтеді.
– Еркін, дұрыс жолға енді түсіп келесің, – деді Қожекең сақал-мұртын сипап қойып.

* * *
Белгілі бір депутат ауруханаға түседі. Емделіп жатып ол «Парламент сіздің сауығып кетуіңізге дауыс берді. Қарсы болғандар – 186, жақ болғандар – 187» деген телеграмма алады.
Бұл езу тартқызарлар ғой.
* * *
– Еліңізде өлім-жітім жағдайы қалай? – деп сұрайды жергілікті тұрғыннан шетелдік қонақ.
– Тап сіздің елдегі сияқты, бір адамға бір өлімнен келеді.
* * *
Бірде Мәскеуге келген Колбиннен Горбачев:
– Геннадий Васильевич, Қазақстанның қостілділік мәселесінің жағдайы қалай? – деп сұрайды.
– Жаман емес, бір тотықұс асырап отырмын. Екі сирағына екі жіп тағып қойдым. Бірін тартсам, «Здравствуй!» дейді де, екіншісін тартсам, «Сәлеметсіз бе?» дейді.
– Ал сіз екеуін бірдей тартып көрдіңіз бе?
– Жоқ.
– Тартып көріңізші.
Алматыға келген соң Колбин тотықұстың қос бауынан бірдей тартып қалғанда анау:
– Құлатасың, блять! – деп баж ете түседі.
* * *
Хрущев жұмысшыдан:
– Қалай, жолдас Иванов, Американы қуып жетеміз бе? – деп сұрайды.
– Жеткенде қандай!
– Басып озамыз ба?
– Жоқ, басып озбаймыз.
– Неге?
– Басып озсақ, артымыздың жыртығы көрініп қалады.
* * *
Аудандық әскери комиссариат­та бір жас жігіт­тен комиссия төрағасы:
– Әскери міндетіңізді қай жерде өткізгіңіз келеді? – деп сұрайды.
– Бас штабта.
– Денің дұрыс па өзіңнің?
– Не, Бас штабқа тек дені дұрыс еместерді ғана ала ма?
* * *
– Қожа көке, енді күлкі туындатардың «Кері толғаулары мен терісқақпайларына» бір сәт аялдай кетсек қайтеді…
– Келістім.
* * *
Киіміңе дақ түсіргенше, арыңа дақ түсер. Алдыңғысы жұрт­тың бәрінің көзіне түскенмен, соңғысын ешкім де көре алмайды.
* * *
Дарынды жазушылардың шығармаларын ортақол жазушылардың туындыларымен салыстыра сынасаң, алдыңғысы да, соңғысы да ұтылмайды.
* * *
Тіліңнің кесірінен зәбір-запа шегіп, басыңды тауға да, тасқа да ұрғаннан гөрі, сол тілді шайнап тастаған артық.
* * *
Қожакең қиқылдап, шиқылдап, күлкіге бөгіп отыр екен.
– Әлдияр, ақсақал, «Сәкеңнің Қожанасырының ойлары мен болжамдарына» да атбасын бұра кетсек, еш артықтығы болмас…
– Шешінген судан тайынбас деген.
* * *
Денсаулықтың нашарлығы мақтанарлық жайт емес, бірақ әбден етің үйреніп кеткенде сол сырқат­ты әңгімелеу мақтан іспет­ті.
* * *
Ақын жаны – ең секемшіл, сезімтал химиялық элементпен бірдей.
* * *
Әртүрлі адамдардың тілін табу – шеберлік, әртүрлі адамдармен сол деңгейде сөйлесу – қарапайымдылық.
* * *
Махаббат­та да принцип болуы шарт. Сезім шынайы әрі терең түйсікке негізделсе, бір-біріне талап та қоя біледі…
Әзіл-оспақ атасы күлкіге де, философияға да қаныққандай болды.
– Еркін, – деді ол иектегі сақалын селкілдетіп, – Сайымжан Еркебаевтың сықақтарына айызымды бір қандырдың. Жүрегіңмен сыйлайтыныңа көзім әбден жет­ті. Біраз күн тыныш ұйықтайтын болдым. Өз шығармашылығыңнан да дәм татармыз.
– Рақмет, ата, батаңызды бермейсіз бе?
– Күлкі ауылын еш уақыт­та күрсінтпеңдер!
– Жаратқан иеміз дегеніңізге жеткізсін!

Еркін ЖАППАСҰЛЫ,
халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір