ҚАЗАҚ АҚЫНЫ МОЛДОВАДА МАРАПАТТАЛДЫ

Молдова Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай, Кишинев шаһарында 26 тамыз – 1 қыркүйек аралығында Әлемдік Поэзия форумы жүріп жатыр.
Әлемнің 30 шақты елінен келген көрнекті ақындардың басын қосқан Молдова-Американ университетіндегі ашылу салтанатында қазақ ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің румын тіліне аударылып шыққан жаңа, екінші жыр кітабының таныстырылымы өтті. Татьяна Дабижаның тәржімасымен жарық көрген жинаққа автордың таңдаулы өлеңдерімен бірге «Қара пима» поэмасы да енген. Кітапқа алғы сөз жазғандар – румын академиктері Георге Берчиану мен Ион Деаконеску. Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың Ұлықбек шығармашылығы жөніндегі мақаласы кітапқа соңғы сөз ретінде ықшамдалып берілген.
Сондай-ақ ақынға «Университеттің Құрметті докторы» атағының сертификаты табысталып, мантиясы жабылды. Ректор Георге Аворник пен Румынияның Эминеску академиясының президенті Ион Деаконеску қазақ ақынының шығармашылығы мен жаңа кітабы туралы шолу баяндамаларын оқып, қаламгерге лебіздерін білдірді.
Форумның екінші күнінде өткен ауқымды конференцияға Молдова еліндегі Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Алмат Айдарбеков қатысып, өз сөзінің соңында қазақ ақыны Ұ. Есдәулеттің қазақ әдебиетіндегі еңбегі мен орны туралы сөйлеп, ақынды лайықты марапаттағаны үшін Молдова тарапына елшілік атынан алғыс білдірді.