АСПАНДЫ ТІРЕП АЛЫП ТҰР
27.08.2025
444
6

Болат ДӘУЛЕТОВ

(Алматыдағы ақын ескерткіші алдында)

Ғылымды іздеп,
Дүниені көздеп.
Екі жаққа үңілдім.
Құлағын салмас,
Тіліңді алмас,
Көп наданнан түңілдім.
Абай

Озады шіркін,
Бір күннен бір күн,
Қимас екені сезіле.
Жыл салып тағы,
Көктемнің шағы,
Алатау келдім өзіңе.

Табиғат таңнан,
Сәулесін салған,
Айқара ашып есігін.
ХХІ ғасыр,
Тарихта асыл,
Жаңғырт­ты елдің есімін.

Көз көрді – өңір,
Өзгерді өмір,
Кеңейді тірлік ұғымы.
Көбейді басым,
Ұзарды жасым,
Қатайды елдің тұғыры.

Айнала әлем,
Айтқаным дәлел,
Алматы ыстық бауырың.
Жерімнің байтағы,
Сәлемін айтады,
Менің туған ауылым.

Салтымыз сәнді,
Оюы әрлі,
Киіздей жұмсақ көңіл-ай.
Таң болып атып,
Күн болып батып,
Дөңгелеп жүрген өмір-ай!

Өткенді саралап,
Әлемді аралап,
Желіде отырмыз жарысып.
Жер амандығы үшін,
Ел амандығы үшін,
Тіршілік үшін алысып.

Тыныш күн атып,
Жүрміз біз – бақыт,
Жұмыстан үйге оралып.
Жел тымып өңір,
Желпініп көңіл,
Амандасамыз қол алып.

Көңілім шалқып,
Темірше балқып,
Құлыпын ашуға сырымның.
Күн шыққан шақта,
Көктөбе жаққа,
Абай атама бұрылдым…

Қасқайған маңдай,
Керемет қандай?!
Сурет Алатаудағы.
Гүлденіп әтір,
Құлпырып жатыр,
Ару Алматы аумағы.

Ойымды түйіп,
Басымды иіп,
Ескерткішіне бардым да.
– Келдім, – деп жолдан,
Жан-жағын шолған,
Ақынның тұрдым алдында.

Ауамен алас,
Таңменен талас,
Қалаға түсті жарық нұр.
Мейірім шашып,
Қадамын басып,
Аспанды тіреп алып тұр.

Сарайдың басы,
Театр қасы,
Құшағын жайған төр екен.
Абайға келіп,
Сәлемін беріп,
Өтетін жандар көп екен.

Көп бола берсін,
Шоқ тола берсін,
Жақсылар көптік етпейді.
Қадірін бардың,
Түсінген жанның,
Есінен олар кетпейді.

Жазылған қанық,
Есіме алып,
Ақынның айтқан талабын.
Іркіліп барып,
Көзімді салып,
Жоғарыға барлап қарадым.

Қаланы шарлап,
Тұрғандай барлап,
Кеудесі кеңіс, нар тұлға.
Созғандай қолды,
Дегендей болды,
Айтарың болса тартынба.

* * *
Әділдік аңсап,
Қумаған мансап,
Сөзінің семсер кесімі.
Тасынған жырлар,
Асынған шыңдар,
Абайдың жарқын есімі.

Тіл ұшы жібек,
Тілегі тірек,
Парасат­ты ой байламы.
Қызуы күннің,
Жарығы түннің,
Сияқты бейне Айдағы.

Табиғат нұры,
Сиқырлы қыры,
Абайдан туған асқақ ән.
Өнерді тану,
Түсінік алу,
Ақынды алға бастаған.

Алысқа меңзер,
Жебедей сөздер,
Санаға нәрін құяды.
Жырларын пішін,
Адамзат үшін,
Өрнегі ұшан, ұялы.

Оқудың шыңы,
Тоқудың шыны,
Түсінгендерге жарасқан.
Ұқсын деп бәрі,
Үзіліп жаны,
Ұйқысыз Хакім таң асқан.

Құшағын ашып,
Шұғыла шашып,
Темірқазықтай тұр алдан.
Ізгілік түрін,
Қайырым нұрын,
Түсінген оқып Құраннан.

Ұлық та болу,
Кішік те болу,
Дарыған жанға санадан.
Адамның пірі,
Абайдың үні,
Өздерін адал санаған!

Жоғарыда аспан,
Жер үсті баспаң,
Тұрағы пендешіліктің.
Алдағы күнді,
Арқада зілді,
Тұрады шіркін біліп кім?

Бел-бекем буып,
Шоқ болып суып,
Бұрылған соны жолына.
Іздеген жарық,
Айтқызбай танып,
Абайдың қонды қолына.

Жоғарыға еріп,
Төменге келіп,
Түсінді елдің тынысын.
Көрсетіп төзім,
Қайрады өзін,
Әкенің айтқан сыны үшін.

Ақылды озар,
Ақылсыз тозар,
Айтқаны болды көненің.
Жайдақтық жанға,
Көпшілдік барға,
Дәлелдеп шықты керегін.

* * *
Жалғыздан шошын,
Көп болса досың.
Өмірде адам саспайды.
Түндерден өтіп,
Күндерге жетіп,
Мұртыңды балта шаппайды.

Тіршілік – теңіз,
Еңбекпен егіз,
Бес саусақ – жұмса, жұдырық.
Кемеңгер жырын,
Өзгеден бұрын,
Өзіміз танып оқылық.

Ақылың толса,
Намысың болса,
Өмірдің сара жолында.
Білікке қадам,
Жүректі адам,
Абайдың тілін орында.

Сабырмен алға,
Ризамен барға,
Жүргенге пырақ көрінер.
Достыққа адал,
Көңілін табар,
Жандарға шырақ төгілер.

Күпірлік тонын,
Әділдік жолын,
Айырып жүрсе әр адам.
Тоққа да жетер,
Жоққа да жетер,
Алақандай-ақ таба нан.

Шыным да – Абай,
Ұғым да – Абай,
Біртуар елдің базары.
Қазағым – Абай,
Бабамыз – Абай,
Әлемнің ауған назары.

Айтарын толғап,
Халқына жолдап,
Қараймын тұрған мүсінге.
Ғылымды қазған,
Ақылын жазған,
Қауырсын қалам күшінде.

Жасырып айтып,
Тасынып айтып,
Не керегі бар басқаға,
Ақыннан қалған,
Тәлімі маржан,
Жақұт­тар жатыр таспада.

Сұраққа қанып,
Құлаққа қанық,
Қара сөздерін толғайды
Ертеңге бастар,
Бүгінгі жастар,
Оқымай орта толмайды.

Ұғады ел деп,
Жырымен тербеп,
Ұлы даланың бесігін.
Жадыңа тақ та,
Жүректе сақта,
Ұлы дананың есімін!

Жоқтан бар қазып,
Қалдырған жазып,
Әліптің асу айбары.
Ғибаратын алып,
Жеткізді талып,
Шашақты жылдар айдары.

Білімге құштар,
Көк Туды ұстар,
Жастардың жарқын ұраны!
Бойында қайрат,
Ақылы әйбат,
Мойынға таққан тұмары.
Ізденсең ізбен,
Ай-жылдар түзген,
Ашылар тарих есігі.
Жұлдыздай жанып,
Арыстай анық,
Тұрады Абай есімі!
* * *
Арманға балап,
Заманға қарап,
Тілегі елдің – ұлықтау.
Атадан қарыз,
Ұрпаққа парыз.
Абайдың тілі –
Ананың тілін ұмытпау!

Болмасын кірме,
Болмысың тілде,
Тағдырдың өзі жаратқан.
Мұрағат толы,
Бабалар жолы,
Оқуға оны талаптан.

Тіршілік таңы,
Адамды таны,
Болашағыңды жас ұлан.
Сен туған жерде,
Тәт­ті жоқ елде,
Анаңның берген асынан.

Мамықтай көркем,
Өсетін өркен,
Тал бесігіңде тербеткен.
Ананың әнін,
Сүтінің нәрін,
Таба алмайсың жер-көктен.

Тарих шексіз,
Емеспіз тексіз,
Көз салсақ шалқар көнеге.
Жаралған ардан,
Бабадан қалған,
Өсиет – тұнған өнеге!

Түсініп үлгер,
Бүгінгі күндер,
Оралып қайта келмейді.
Қуаныш айлар,
Жұбаныш жылдар,
Тоқтауға мұрша бермейді.

Тіршілік тыныс,
Адамзат ұлы іс,
Жарыса жалғап барады.
Байлықты асып,
Жақсыны жасып,
Суытпаса екен араны.

Мінезі мақұл,
Достыққа жақын,
Бір-бірін адам сағынған.
Уақыт – өлшем,
Жастық шақ өршең,
Талапқа ғана бағынған.

Оң Айым туып,
Иықтас уық,
Балбырап жатыр бал бөбек.
Үлкен мен кіші,
Жалғасқан ісі,
Кеудеге піскен ар керек.

Білімге қанық,
Жастарды алып,
Шақырып жатыр жол алда.
Үлкенге кішік,
Кішіге ішік,
Болады ертең олар да.

Жамандап бірін,
Діні мен тілін,
Бұрмалағандар тозады.
Халқының тілегі,
Сүйенер тірегі,
Білімді ел ғана озады.

Адамның күні,
Еңбектің сыны,
Заманы құшқан тағдырдан.
Өмірдің мәнін,
Тіршілік сәнін,
Ұлы Абай жазып қалдырған.

ПІКІРЛЕР6
Аноним 29.08.2025 | 18:26

Үлкенге кішік, кішіге ішік деген не бәле? Күшік пе?

Аноним 29.08.2025 | 18:34

мынаның көңілі «киіздей жұмсақ» екен. жібектей емес.

Аноним 30.08.2025 | 21:58

Киіздей жұмсақ деген ол ұлтарақ қой Соны білмейсің бе

Аноним 30.08.2025 | 22:02

жоғарыда аспан
жер үсті баспан! ха-ха!

Аноним 31.08.2025 | 04:52

түндерге өтіп
күндерге жетіп
мұртыңды балта шаппайды

Аноним 31.08.2025 | 04:56

жел тымып өңір
желініп өмір
керемет!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір