Қаламгерге көрсетілген құрмет
26.08.2025
168
0

Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Орал қаласы мен Тасқала ауданының Құрмет­ті азаматы, ақын Айт­қали Нәріковтің мерейлі 85 жасқа толуына орай, Батыс Қазақ­стан облысында атаулы іс-шаралар өт­ті.

Атап айт­қанда, қаламгердің туып-өскен Оян ауылында облыс мектеп оқушылары қатысқан Айт­қали Нәріков оқулары қорытындыланып, үздіктер марапат­талды. Орта мектепте ақын Айт­қали Нәріков атындағы қазақ тілі мен әдебиеті сыныбы ашылды. Мектеп музейі жанынан ақын шығармашылығына арналған зал жасақталды. Аудан орталығындағы Мәдениет үйінде «Жылдар жаңғырығы» деп аталған шығармашылық кеш өт­ті. Аудан әкімі Талғат Шәкіров дәстүрімізге сай ақынның иығына шапан жауып, ат мінгізді. Туған жерден басталған іс-шаралар шоғыры Орал қаласында жалғасты. Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы, Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында ақын оқырмандармен жүздесті.
Батыс Қазақ­стан облысының әкімі Нариман Төреғалиев ақын Айт­қали Нәріковті арнайы қабылдап, лайықты сый-сияпат көрсет­ті.
Орал қаласындағы облыстық халық шығармашылығы орталығындағы «Қаламгер ғұмыр» шығармашылық кешіне халық өте көп жиналды. Жергілікті өнер ошақтарында қызмет істейтін тарлан талант­тар ақын өлеңдерін өзек ете отырып, театрландырылған қойы­лыммен көпшілікті риза ет­ті. Кеш барысында Қазақ­стан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, көрнекті ақын Ғалым Қалибек мерейтой иесін құт­тықтап, «Қазақ­станның құрмет­ті жазушысы» атағының куәлігі мен төсбелгісін табыс ет­ті. Айт­қали ақынды Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан арнайы келген қаламдас інілері Бауыржан Құрманқұлов пен Ғалым Әріпов құт­тықтап, сый-сияпат табыстады. Облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев жиналған жұртшылық алдында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құт­тықтау хатын оқыды. Ақын құрметіне орай ұйымдастырылған іс-шаралар жұртшылық тарапынан өңір өміріндегі елеулі оқиға ретінде бағаланды.

Мәрлен ҒИЛЫМХАН,
Батыс Қазақ­стан облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір