Сыр сүлейіне құрмет
24.11.2025
115
0

Өткен аптаның жұмасында жыр елі – Сыр елінің ортаймаған қазаны қазыналы Қазалы өңірінде шын тұлпардың бірі, дүлдүл сөздің дүрі Қарасақал Ерімбет шайырдың (1850–1911) туғанына 175 жыл толу мерейтойы рухани серпіліс жағдайында аталып өтті.

Ақын есімі мен шығармашылық мұрасын қастер тұтатын, республиканың шартарабынан келген ұрпақтары мен сыйлы қонақтар, ең алдымен, Қазалы қаласы саябағындағы шайырға орнатылған ескерткіш бюстіне гүл шоқтарын қойды. Ғ.Мұратбаев музейіне бас сұқты. Мәдени шара Әйтеке би кентіндегі Р.Бағланова атындағы аудандық Мәдениет орталығында бастау алды. Жиналғандар Сыр сүлейінің асыл мұрасына арналған тағылымды кітап көрмесі мен тарихи-мұражайдың шайыр өмір сүрген көне жәдігерлермен танысты.
Мерейтойлық жиында аудан әкімі А.Есмаханов жан-жақтан келген ақ тілектер, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасы М.Құлкенов пен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ж.Сейіловтің құттықтауын жеткізді.
Ғылыми-теориялық конференцияда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің әдебиетші ғалымдары: ф.ғ.к., қауымдасқан профессор
Ұ.Жаңбыршиева мен Г.Оралова, К.Құдайбергенова, фольклор және музыкатанушы, ғалым Б.Жүсіпов өз баяндамаларында ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында ғұмыр кешкен жыршылық өнер мен шығыстық үлгідегі жазба әдебиетінің көрнекті өкілі Ерімбет Көлдейбекұлының өмірі мен шығармашылық мұрасына кеңінен тоқталды.
Түстен кейін Сыр сүлейінің «Ғибрат ал, ақылың болса, көз жіберіп, жалғанның түбін ойлап күтініңдер!» деген тәрбиелік мәнді терме толғауы, айтысы мен қисса дастандарын насихаттауға арналған «Ұлағат жырым ұрпаққа» атты республикалық жыршы-жыраулар байқауы өтті. Байқауға танымал жыршы Б.Жүсіпов қазылық етті. Сахна түңілігін тасқынды жыр-термелер желпіді. Нәтижесінде бас жүлдені Ж.Жақсан (Қызылорда), бірінші орынды М.Сүгірбай, екінші орынды Алматылық Ұ.Нұртуған жеңіп алды. Жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Мерейтой аясында ақын рухын қастер тұтушылар Қызылдың қиясында Қуаңдария бойындағы шайырдың мәңгілік тұрағын тапқан қасиетті орынға барып зиярат етті. Бозкөл ауылындағы Қараса­қал Ерімбет атындағы №96 орта мекте­біндегі ел ардақтысы мұражайын тамашалады.

Қараша Қараман,
Қызылорда облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір