ҚАЙДАСЫҢ, КИЕЛІ РУХ – АҚБОЗ АТЫМ?!
28.07.2025
404
1

Бекшүкір КАРШАЛОВ

Музаны аңсау

Естіліп тосын дүбір құлаққа жат,
Екпіні жан шошытар, бірақ ғажап!
Түсіме жиі енетін бала кезде,
Есілген жал-құйрығы бір ақбоз ат!

Сол рух деймін әр кез бірге болса,
Рақат табар көңіл жырға қанса!
Оралмай көп күттіріп қойған кезде
Жүремін бір делқұлы «жынды адамша…»

Тым ұзап кетпеуші едің, сірә, бұлай
Мазалайды мені осы сұрақ ұдай,
Құлағыңды қайшылап, осқырынып
Неден ғана үріктің, пырағым-ай?..

Сағыныштың сарғайтпас жолы кімді,
Жүрегім аңсап күткен соны ұғынды,
Жалыңнан тартып мініп, ақбоз атым
Басайын жырмен бір сәт солығымды…

Бәйге атындай жүйіткіп топта озатын,
Ер қанаты делінбес текке затың!
Қайдасың, желдей ұшып жетші маған
Ай-жұлдыз арасымен, ақбоз атым!

Тылсым түн

Бұл өзі,
қандай сезім,
сиқыр ма ашық?
Түнімен жата алмадым ұйқым қашып,
Жүрегім дүрс-дүрс соғар, көңіл ояу
Тұрғандай тылсым түннен күй тыңдасып.

Жаярдай алдыма әкеп сырын ғалам…
Көкте анау сансыз жұлдыз жымыңдаған,
Жақындап қалғандай ма олар-дағы
Тым алыста көрінер бұрын маған.

Түн сырын бұрын мұнша ұғынбағам,
Ойды бөлер тек, жоқтай тыным да оған,
Алыстан анда-санда үрген ит пен
Шегірткенің дауысы шырылдаған…

Ұйқымды десем, шіркін, кім ұрлаған,
Екен ғой осы тылсым түн ұрлаған,
Естілер еміс-еміс бір үн маған,
Секілді құлағыма сыбырлаған…

Шіркін, мына түн еді мақпал қандай,
Мақпал түнде шалқалап жатқан қандай?!
Күбірлеймін ішімнен бір өлеңді
Кілтін сырлы әлемнің тапқан жандай.

Замана сыры

Дүние-дүрмек, жақсыға құштар
жан болдық,
Тірлікте мына, жоқ болдық,
бірде бар болдық,
Сәби де болдық,
бозбала болдық, боз желең
Жігіт те болдық,
бір сұлуға, сосын, жар болдық.

Ата дер жастар ақсақал болдық,
«шал» болдық
Бота да болдық, атан да болдық,
нар болдық,
Тап болып бүгін сұрқия, сұрбет заманға
Қоғамның қыбын түсіне алмай
дал болдық.
Уақыт тақсыр, заманға ізгі жолықтыр,
(Мөңке бабамның айтқаны
бүгін келіп тұр).
Қазақтың мынау елі мен байтақ жерінің
Ертеңі қандай болады – бізге соны ұқтыр!

Заманның желі бүйірден
ұйытқып соғып тұр,
Өксікке толы кеудемде сұрақ толып тұр…
Білмекке соны дүниені шарлап кетер ем
Асан қайғының желмаясы
керек болып тұр!..
Ташкент дәптерінен

Такси және
жолаушы қыз

Ташкентте бүгін жаңбыр
Толассыз жауар сыңайлы,
Таксиде бір қыз үнсіз жылайды…
(Өзбек әуенінен)

Қоңырқай өңді жас гөзәл,
Жабырқау неден көңілің?
Тұнжырап тұр-ау қос жанар,
Ренжітті екен сені кім?..

Жарасар атлас көйлек те,
Талдырмаш, нәзік тұлғаңа.
Жүзіңді бұрып әйнекке,
Қарайсың сыртқа мұңдана.

Сүртесің еппен, бүлінген,
Көзіңе жаққан сүрмені.
Ернің де сәл-пәл дірілдер,
Аңғартар, шіркін, бұл нені?..

Қалғандай түгел тазарып,
Жол бойы терек-тал, шынар.
Солардың шайып тозаңын,
Сырғиды төмен тамшылар…

Көліктер жүйткіп, ағылған,
Тұрады бір сәт кептеліп.
Толассыз жауған жаңбырдан,
Асфальт үсті ақ көбік…

Қолына шатыр ұстаған,
Асығыс бәрін демес кім?
Саңырауқұлаққа ұқсаған
Сұлбасы жұрттың көмескі…

Таңдандырмас Тәшкенде,
Адамның ығы-жығысы…
Жылаған қызда таксиде,
Бар дейсің кімнің жұмысы?

Қиындық, бәлкім, көрдің бе,
Тірлікте мынау қым-қуыт?
Қапасың, қарғам, сен кімге
Жылайсың неге булығып?
Жағдайға, сірә, бір ағат
Тап болған, бәлкім, жанбысың?
Біреуден көріп қиянат
Тапталған, әлде армысың?

Жылайсың өксіп сен неғып,
Жаныңды бөгде ұға ма?
Аңдаусызда алданып,
Баттың ба екен күнәға?..

Жетімек пе едің қамкөңіл,
Тағдырыңа күйінген.
Өгейлік көріп, әлдебір
Шықтың ба қашып үйіңнен?..

Қыстақта алыс, туылып,
Жоқ, әлде бұла өскен бе ең?
Бақытыңды іздеп қыдырып,
Таппадың ба екен Ташкеннен?..

Жүретін ылғи теңселіп,
Қонақүй, клуб, би-кеште,
Ұқсатқым келмес мен сені,
Жеңілтек, сылқым бикешке.

Себебін болсам сұраған,
Дерсің бе, менде ісің не?
Ей, жас гөзәл, жылаған
Осынау такси ішінде.

Анхор* жағасында

Көшенің у-шуынан болып аулақ,
(Өзеннің арғы беті бәрі бау-бақ).
Көзім түсті Анхордың жағасында
Бір кісіге отырған балық аулап.
Жанары балықшының жағадағы,
Міз бақпай қалтқыға қадалады,
Бар қызық өзеннің сол айдынында,
Ісі жоқ тіршілікпен қаладағы…

Анхор жатыр мамырлап, жайлап ағып,
(Ол, шіркін, құяды екен қайда барып?)
Оқта-текте білдіріп бар екенін,
Су бетінде шоршиды майда балық.

Қызықтап қарап тұрмын көпір үсті,
Білмеймін, ерігу ме, не тұрыс бұл?
Қырсығып, балықшының қармағына
Түспеді-ау бір балық та, өкінішті…

Бұл жағдай өз халімнен бір аумаған,
Қандай ұқсас десеңші мынау ғалам?
Ұқсаттым оны ақынның кей сәтіне,
Қиялдың айдынынан жыр аулаған.

Алтын қазық
(Толғау)

Ордасы – бақыт пен құт-берекенің
Туған жер, босағаңа тәу етемін!
Сен болмасаң, шынында, кімге керек
Өмірде мына менің бар екенім?!

Бесігіңде тербеліп мен өскенмін,
Түлеп ұшқан бір құсың емес пе едім?!
Алтын ұям, оралдым артқа тастап,
Өмірдің талай асу-белестерін.

Ел-жұртыммен бірге өмір мен сүрейін,
Ендігі өз орнымды еншілейін.
Жат жұртта кетіпті өтіп көп жылдарым,
Жазықты болған кейбір елшідейін.

Жетуге елге неге қам қылмайын,
Жат жұртта енді өзімді қалдырмайын…
Дедім де, бетті түзеп, белді будым,
Батырлар жырындағы Ер Тарғындайын.

Бірі едім арманы асқақ бөрікті ұлдың,
Демеспін, жасымда көп желік қудым.
Ойлаппыз «Мырзашөл*» өз жеріміз деп,
Бөгде елде жаман-жақсы көріп білдім.

Қайран ел, қадіріңді сен ұқтырдың,
Әркез мені аңсаттың, еліктірдің…
Тағзым етіп, боз қырау басымды иіп,
Алдыңа бүгін, міне, келіп тұрмын!

Жеттім ғой аңсап, неге толқымайын,
Сенсіз мына көңілім олқы дәйім…
Кесесін сол көңілдің босап қалған,
Есесін өлең-жырмен толтырайын.

Бәйге ілер бағы бар, не бабы барлар,
Көзі қарақты көпшілік бәрін аңдар.
Көрінбей кеткен еді, сол бір ақын,
Бар екен ғой дер, мүмкін, танығандар…

Шықпасам болды осылай, сірә, есіңнен,
Жайым жоқ айтар ойы түгесілген.
Мен де жанның бірі едім, жыр дегенде,
Кенде емес өз несібе, үлесінен.

Туған жер, айтсам өзің жайында шын,
Ниетім пәк, кім қалай пайымдасын.
Айналып тапқан алтын қазығымнан
Ешқашан деймін енді айырмасын!

* «Анхор» – өзбек елі астанасындағы өзен.
* «Мырзашөл» – Өзбекстанда қалып қойған қазақ жеріндегі аудан аты.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 01.08.2025 | 17:08

жақсы екен

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір