ҚАЙДАСЫҢ, АУА?..

– Сәлем! Қайдасың? Нүриламын ғой.
– Амансың ба? Өзің қалайсың? Күн сайын жиырма төрт сағат бойы тапжылмастан үйге қамалып, төрт қабырғаға қараудан басқа қарантинде қайда болушы едік?.. Өздеріңде не жаңалық? Даусың біртүрлі ғой. Жайшылық па? – деді Жанна.
– Апам ауырып қалды! Коронавирус!
– Не дейді? Рас па? Өткенде дүкеннен көріп едім. Асқабақтың дәнін іздеп жүрген, әл береді деп.
– Кеше қызуы көтерілген соң жедел жәрдемге хабарласқам. Ұшқыштарға ұқсап қымтанған екі доғдыр келді де алып кетті. Әйнегі бұлдыраған дәу көзілдіріктен жүздерін де шырамыта алмадым, – деп налыды Нүрила.
– Қайда әкетті?
– Кумыскаға.
– А-а, ол ғимаратқа да апарып жатыр ма екен науқастарды? Орталық бәлнесте орын болмаған-ау, шамасы.
– Қаладағы бүкіл аурухана бос емес көрінеді.
– Әбден мүмкін. Өзің де бірге бардың ба бәлнеске?
– Иә. Дереу көлігімді қыздырып, жедел жәрдемге ілесіп отырдым. Оңаша тұрған ғимарат екен. Айналасын қызыл жіппен қоршап қойыпты. Ішке кіргізбеді. Бірақ ұялы телефонын өзімен бірге алуға рұқсат етті.
– Е, жақсы болыпты. Хабарласып тұрсақ та.
– Жоқ, бізге мазалауға болмайды. Шұғыл дәрі-дәрмек қажет болса, өзі байланысқа шығады.
– Түсіндім, түсіндім. Айтпақшы, дәрігер не дейді? Өкпесі сау ма екен?
– Сұрамадым. Ауруы асқынып кетпей тұрғанда апамды құтқаруым керек. Көмектесші! – деді Нүрила жалынышты үнмен.
– Менің қолымнан не келсін. Алдымен Аллаға сыйыныңдар! Папаңа айт, мешітке барып, садақа берсін.
– Қас қылғандай, мешіттер де жабық тұр! Карантинде! Кумысканың бәлнесінде таныстарың бар ма?
– Қайдан болсын?!
– Қап, Құдай-ай! Сол вирустың қайдан жұққанын… Ауадан ба? Даладан ба? – деп дағдарды Нүрила.
– Көп әбіржіме. Дәрігерлердің қолында ғой, әйтеуір. Үйде жүріп қапы қалғандар қаншама?
– Дұрыс айтасың. Түнеугүні біздің көрші атай мен әжей бір күнде қайтыс болды. Жәй ғана тұмауратып жүріп, байқамай қалыпты. Екеуін бірге жерледі.
– Таңғалатын түгі жоқ. Өлім-жітім өте көп. «Ковидпен ойнамаңдар! Той-топырға бармаңдар!» – деп бекерге қақсап жатыр ма? Бұл – нағыз жексұрын ауру! Кеңірдегі кең, өңеші үлкен! Ындыны жаман! Құлқыны құрдым! Айдаһардай қылғытып жұта салады. Бұдан да зор ауру-сырқауын жұрт ұмытты қазір, – деді Жанна дүйім жұрттың құтын қашырған дертке ызаланып.
– Осыдан апама бірдеңе болса, қайтемін? – деп Нүрила қыстығып жылап жіберді. Құйттай телефонның ар жағынан бауырының жаңбырдың тамшысындай сорғалаған көзжасын сезген Жанна:
– Қой, қайдағыны айтып жаман ырым шақырма. Жалғыз сендер ме сұрқылтай кезді бастан өткеріп жатқан?! «Қырық жыл қырғын болса да, ажалым жетпей өлмеймін», – деген екен Манас жырау. Тажалмен айқаса-айқаса діңкесі құрығанымен, ел іші келешектен үмітін үзбей отыр, – деп басу айтты.
Туысқан апасымен тілдесіп, бойы сәл-пәл жеңілденген Нүрила терезеден бөлмеге жарығы түскен көшедегі әдемі қызыл шамдарға қарап, көңілінің сәулесін тұтатты. Сәлден соң жанарының нұры ұйқы сұрап, маужырай бастады. «Бұл өмірде ұйқы – арсыз, тамақ пенен күлкі – арсыз» деген рас қой. Төрдегі қуыста мелшиіп тұрған қоңыр диванға әкесі де қисая кетті. Ол да түн тыныштығынан пана іздеді. Қайран жан-ай! «Әркімнің шырқыраған шыбын жаны өзіне ғана тәтті» деген.
* * *
Ертесіне көкжиектен ғажайып нұр тағы да шұғыла шашты. Тәтті ұйқыдан қою қара кірпіктерін әзер ажыратқан Нүрила аурухана жаққа құстай ұшты. Айналасы темір тормен қоршалған ғимараттың есігін ешкім ашпады. Құйттай желдеткіштің ар жағынан бет-аузын тұмшалаған мейірбике ым қатты. Түсінсе, бұйырмасын… Кеше ғана үй-ішін сергелдеңге салған Анархан көп ұзамай әуелі қызына, сосын Жаннаға телефон шалып, байбалам салды:
– Ойбүу, барсыңдар ма? Қайдасыңдар? Мен тәуір болдым! Қызуым түсті! Мына жерден әкетіңдер! Бас аманында аулақ қашайын. Қасымдағылар күрк-күрк жөтеле береді. Жұға ма деп қорқамын, – деді бұйырып.
– Жұғатын вирус жұғып болды емес пе? Науқас біткен палата мен кереует таппай сеңделіп жүргенде, о несі-ей?! «Ажалды қарға бүркітпен ойнар» демекші, сәл сабыр сақтап, шыдасаңшы. Осыдан асқынса, күш бермейді. Өкпең көмірдей қарайса, шегінерге жол жоқ, – деді Жанна кейіп.
– Кеудем тап-таза. Дәмді де, иісті де сезем. Енді үйге қайта берсем болады.
– Меңдуана жегеннен саумысың? Қотыр қолдан жұғады. Таз тақиядан жұғады. Бұл індеттің құрттары тығылып жатады.
– Маған неге сенбейсіңдер? Бетім бері қарады. Дәрігермен келіссем, ем-домын үйден жасар.
– Құр босқа қиялдауыңды-ай. Бала-шағасын, отбасын тастап «от кешіп» жүрген дәрігерлер де ет пен сүйектен жаралған! Олардың әр минөті – жауапты әрі қауіпті. Одан да осы пәледен құтылудың қамын ойла. Арыны қатты, азуы алты қарыстай індет – адамзаттың басына үйірілген қара бұлт! – деп, Жанна бауырын пышақтай қайрап-қайрап алды. Ғасыр індетінен қорықпайтын, саспайтын Анарханның амандығын Жаратқаннан сұраудан басқа лажы қалмады. Сөйтіп жүргенде арада екі күн өтті. Телефоны тағы шыр етті.
* * *
– Алло? Бұл, мен ғой.
– Иә, иә. Амансыңдар ма? Апаң қалай? Кеше қоңырау шалғам, алмады. – Қайдан алсын. Өзі әрең жатқанда!
– Не болды?
– Қызуы көтеріліп кетіпті. Түсер емес.
– Мәссаған! Алдыңғы күні ауруханадан шығам деп жер-көкке сыймап еді. Құйттай басын көтергенге құлан-таза айықтым деп ойлаған-ау, шамасы. Бәсе, бұл індет діңкені құртпай қоймас! Зіңгіттей азаматтарды шетінен сұлатып жатқанда…
– Соны айтам. Мана ауруханаға барғам. Мейірбике асығыс-үсігіс сөйлесіп, пандемияның дәрісін жазып берді.
– Ол қандай дәрі?
– Кагоцел!
– Кагоцел? Бірінші рет естуім!
– Жұқпалы дертпен жақсы күреседі дейді. Бұл дәріні қайтсем де табуым керек. Апама ғана емес, басқа да науқастарға керек болып жатыр. Жаңа ғана қаланы шыр айналып шықтым. Ешқандай дәріханада жоқ. Сөрелер бос тұр.
– Е, бос тұрмай… Резеңке қолғапқа дейін талап әкеткенде.
– Сен де іздеп көрші?
– Әрине. Қазір интернетке кірейін. Кагоцел! Кагоцел! Қап! Пандемияны құртатынын білгенімде пәшкілеп алып қоятын едім, қоймаға тыққандар құсап! – деп, Жанна компьютеріне жармасты. Сөйтіп, небір дәрі-дәрмектің атын түстей бергенде сіңлісі қайтадан қоңырау соқты.
– Сүйінші! Таптым! Іздеме! Көмектессе, осы дәрі ғана көмектеседі. Кеттім ауруханаға! – деді қуанғаннан жүрегі атқақтап!
* * *
Анарханның ауруханада жатқанына көп болды. Карантиннің шектеулі он төрт күнінен де асты. Ағайын-туыс Кумыска жаққа дүрлігіп, көз тікті. «Аман-есен шыға ма, шықпай ма? Ортамызға орала ма, жоқ па? Табалдырықтан аттай ма, аттамай ма? Бізбен қайта қауыша ма, әлде қайтеді? Тілдесе ме, жүздесе ме?» деген ойлар миға маза берсеші. Үрей мен үміт… Қорқыныш пен сарыуайым… Осылайша дағдарып жүргенде Анархан «Өз үйі – өлең төсегіне» аман-есен оралып, көптен жолын тосқан ағайын-бауырмен жәйлап тілдесе бастады.
– Әлләу, Жаннамысың? Аманбысың? Бұл мен ғой. Сені сағынып кеттім…
– О, апатай! Қалайсың? Тәуірмісің? – деп Жаннаның да жұдырықтай жүрегі кеудесінен торғайдай ұша жаздады.
– Жаман емеспін. Алдымен Алланың, сосын дәрігерлердің, сауығып шығуымды тілеген сендердің арқаларыңда бір ажалдан аман қалдым!
– Айтарға сөз жоқ! Зәремізді әбден ұшырдың.
– Өзім де қасқамын ғой. Бар індетті, бар дертті жоққа шығарып! Кім көрінгеннің айтқанына сеніп. Сөйтсем, ілкіде алдарқатып, уысына бір-ақ түсіреді екен. Қанша қашсаң да ажалдан құтылмайды екенсің. Қасымдағы бір келіншек ұйықтап жатып, оянбады. Ол да көп азап шекті. Мұндай сұмдықты өмірімде бірінші рет көруім. Көзім шарасынан шығып, жаным қысылды. Жұтатын ауа таппай тұншықтым, зарықтым. Салқын желге зар болдым. Бар күш-жігерімді жинап, сыртқа шығып қос білегімді ауаға қарай созғым келді. «Ауа, ауа! Қайдасың, ауа?! Маған ауа керек! Ауа беріңдерші?!» деп айқайлауға даусым жетпеді. Сенесің бе, аядай палатаның әр бұрышынан ауа іздедім, ауа! Сөйтіп, саңдырақтап жатқанымда тамырымдағы инем шығып кетіпті. Медбике ілезде байқап қалды. Әйтпесе, қазір бар-жоғым беймәлім еді. Өкпем қысылып, дем жетпеген кездерім есімнен кетпес! Сандырақтап жатқанымда ақ бұлттар біздің палатаның ішін шыр айналып жүргендей сезілді. Көз алдым тұманданып, сағымға ілесе бердім, ілесе бердім. Сол сәтте денем босап, бұлттардың арасымен құстардай еркін қалықтадым. Кенет, көзімді ашсам, кәдімгідей тынысым кеңіп, аппаратсыз демалып жатырмын. Сөйтіп, құдіретті бір күш маған ауа сыйлады. Ауа! Сол мезетте есіме сен жиі айтатын ертегі түсті. «Бір қарияның үйіне байлық қонаққа келіпті. Атай оны кіргізбепті», – деп басталатын…
– Иә-иә, «Дүние. Байлық. Амандық» деген халық ертегісі ғой, – деп Жанна апасының ойын жалғап әкетті. – Бір күні пеш түбінде төсек тартып жатқан қарияның үйіне әуелі байлық, содан соң дәулет келіпті. Тықылдатып есік қағыпты. «Бізбен жолдас болсаң, жолда қалмайсың», – депті әлгі екеуі атайға. Титтей немересі молшылыққа, ақшаға қызығып, есікті ашуға ұмтылғанда, «Дүние – қызыл түлкі бұлаңдаған», – деп, қария балаға зекіп тастапты. Содан тағы біреу есікті қағыпты. «Кімсің?» – деп сұраса, амандық екен. «Бізге амандықтан артық ештеңенің керегі жоқ. Қош келдің, айналайын, төрлет!» – деп атай үйіне кіргізіпті амандықты. Сөйтіп, қария сырқатынан құлан-таза айығып, амандықтың арқасында ұзақ өмір сүріпті. Еркелеген немересінің ержеткенін көріпті.
– Дәл осы ертегі маған қуат берді. Шынымен де амандыққа, денсаулыққа не жетсін?! Тартысып, жаға жыртысып кешкен тірлігіміздің құны көк тиын екен. Ауырсаң, бәрі әдірем қалады. Митыңдап жиған-тергенің текке кетеді. Жаным алқымыма тығылғанда, алдамшы тірліктің азабына арбалмай, тәубәма келуге асықтым, – деп Анархан көзжасын сығып-сығып алды.
– Әрине, «Өмір дегенің – бір күндік сәуле екен ғой!» – деп Мұқағали текке айтты деймісің? Өмір осындай аласапыраннан, жұмбақтардан тұрады, апатай, – деді Жанна.
– Дұрыс айтасың. Күн сайын жұтып жүрген таза ауаңның осыншалық қадірлі екенін білсемші. Қайран, ауа-ай! Тіпті, кейде сыртқа шығып, серуеңдеуге де ерінеміз ғой. Тірі адам тіршіліктің қадірін білген бе? Санаға күш, денеге дем беретін табиғаттың сиқырын осы жолы түсіндім, – деп, тағы да тосыннан төнген індеттің запыранын сыртқа шығара түсті Анархан.
– Талайдың бақытын, тыныштығын ұрлап, өкіндіріп-өксіткен ковидтің қайдан келгенін ешкім білмей ме? Білікті дәрігерлер не деп жатыр? Бұл індет жойыла ма, жоқ па? – деп сұрады Жанна.
– Қайдан білейін, қарғам-ау. Сенбегеннің бірі – мен едім. Олай-бұлай деуге аузым бармайды. Аурухана толы шыбын жанымен алысқан адамдар!
– Иә, бұл індеттің сарқыншағы көпке дейін сейілмес. Сондықтан құлан-таза айықтым деуге әлі ерте. Бетпердеңді шешпе. Ешкімге есік ашпа. Біздің облыс тағы да «қызылға» өтті. Әзірге жылы төсектен тұрмай ет жеп, сорпа іше бер.
– Сорпа демекші, базарда ет тағы қымбаттапты. Жұрт жапатармағай қой етін алып, құйрық майын жеген соң, бағасы шарықтапты. Жездең кеше семіздеу тоқтыны жетпіс бес мың теңгеге әзер тауып әкелді. Қақын түсірген түрі.
– Ең бастысы, дертіңе шипасы тисін. Ал, енді тынығып, демал. Әйтпесе, әлсіреп қаласың, – деп Жанна өбектеді.
– Өзің де сақ бол. Қара су ішсек те аман отырайық. Алла Тағаланың бұйыртқан несібесін көріп, өмір сүргенге не жетсін, – деп Анархан бауырына ілтипатын танытты.
Ел басына қара бұлттай үйірілген кесапаттан дүйім жұрттың да, апасының да құлан-таза айығуын тілеген Жанна көп кешікпей сыртқа жиналды. Жұрттың бәріне жыландай ысылдап жетіп барған ковидтен тығылып, «тәртіпке» бағынғанына жыл жарымдай уақыт болып еді. Қашанға дейін омалып, үйде отырсын. Бұдан әрі «тұншығуға» шыдамы жетпеді. Жұрттың: «Ауада вирус өріп жүр», – дегенін құлағына ілместен ақ төсін қар жапқан Жайықтың жағасына бет алды. Келе, мақтадай ұлпа қардан бұтағына сырға таққан қарағай толы тоғайдың жұпар иісін тамсана жұтты, армансыз жұтты, жұта түсті… Бота көздерін тарс жұмып, ақ орманның ауасын ішіне қарай тартты…
Толағай батыр секілді көгілдір көктің тұтас бір бөлшегін иығымен көтеріп, тұла-бойын нәрегей басқан апасына апарып бергісі келді. Саф ауаға деген сағынышын басқысы келді. Әттең, қиялы ырқына көнбеді. Тек, оның адам айтса нанғысыз азаптан соң ғажап өмір сүруін Алладан тіледі.
Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА