«Менің атым Қожаның» тұсауы Парижде кесілді
19.11.2024
142
0

Ұлт әдебиетін әлемдік биікке көтерген көрнекті қаламгерлеріміздің бірі – қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы Парижде ЮНЕСКО деңге­йінде аталып өт­ті.

ЮНЕСКО-ның атаулы даталар күнтізбесіне енгізілген Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай, аталмыш халықаралық ұйымның Париждегі штаб-пәтерінде өткен конференция барысында француз тілінде жарық көрген «Менің атым Қожа» (JE M`APPELLE KOJA) кітабының тұсауы кесілді. Жазушы шығармашылығына арналған конференцияға ЮНЕСКО бас директорының орынбасары Эрнесто От­тоне, Қазақ­стан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжат­тама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли, Қазақ­стан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов және ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымындағы Қазақ­стан өкілі Бақытжан Омар қатысты.
Қатысушылар халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, жазушының француз оқырманына жол тартқан танымал туындысы еуропалық әдебиетсүйер қауымды қазақ мәдениетін, халқымыздың бай салт-дәстүрі мен құндылықтарын танып-білуге жетелеріне сенім білдірді. Әйгілі шығарма бұған де­йін 68 тілге аударылған. Сондай-ақ мерейтойлық мәдени іс-шаралар аясында бірнеше ұрпақтың сүйікті картинасына айналған, 1967 жылы Канн фестивалінде қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған әйгілі «Менің атым Қожа» фильмінің көрсетілімі өт­ті.
«Жалпы, Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығынан хабардар, оны сүйікті жазушым деп білетін азамат­тар үшін бұл бір жақсы, маңызды басқосу болды деп ойлаймын. Ал осы іс-шара арқылы қаламгер туындыларымен танысып, қызығушылық танытқан адамдар өздеріне Бердібек Соқпақбаев әлемін ашып, шығармашылығымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды деп сенемін», – дейді ЮНЕСКО-дағы Қазақ­стан Республикасының тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов.
Көзі тірісінде-ақ қазақ балалар әдебиетінің классигі ретінде танылып, үлкен-кіші оқырманның сүйікті жазушысына айналған көрнекті қаламгердің жүзжылдық мерейтойының халықаралық деңгейде аталып өтуі ,оның әлемдік мәдениетке қосқан үлесінің маңыздылығын көрсетсе керек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір