«Қазақ балалар әдебиетін дамыту туралы»
28.07.2025
311
0

ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ ХАТШЫЛЫҒЫНЫҢ ҚАУЛЫСЫНА ҚАЛАМГЕРЛЕРДІҢ ПІКІРІ

 

Нұрдәулет АҚЫШ:

БҰЛ – ҮНЕМІ КҮН ТӘРТІБІНДЕ ТҰРАТЫН МӘСЕЛЕ

Қазақстан Жазушылар одағының хатшылығында балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиетті дамытуға қатысты жасалған тұжырымдар мен ұсыныстар құптарлық. Балалар мен жасөспірімдерге арналған бұрыннан айтылып жүрген конференцияны өткізу енді қолға алынып жатыр екен. Бұл – кеш те болса қуанарлық іс. Мұны құптауымыз керек. Конференцияға дайындық жұмыстарын жүргізу төрағаның жастар ісі жөніндегі орынбасары Бейбіт Сарыбайға жүктелуінің де өзі үлкен үміт күттіреді.
Келесі мәселе – мектеп кітапханаларын жасақтауға байланысты бағдарлама дайындау. Өте тамаша. Бірақ мұны тек Жазушылар одағы өзі ғана қолға алмай, бұл жұмысты Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп жасағаны абзал болар еді және бұл қажет те. Өйткені белгілі бір дәрежеде мектеп бағдарламасымен сәйкестендіру, үйлестіру мәселелері көзделетіндіктен аталған министрлікпен ақылдасып жұмыс істеген жөн болар еді.
Қаулыда айтылған бір тың нәрсе әр өңірдегі өкілдіктерге қатысты болды. Өкілдіктерде балалар әдебиетін дамытуға байланысты көп әңгіме бола қоймайтын сияқты. Дегенмен біз олардың жұмысынан бейхабармыз. Бірақ анда-санда өңірлерге шыққанда немесе телефон арқылы хабарласқанда: «Балалар әдебиетімен кімдер айналысып жатыр?» – дейміз ғой. Сонда кейбір өкілдер кідіріп, кібіртіктеп қалатыны жасырын емес. Осы мәселені қолға алуымыз керек. Олай болатын себебі – біз балалар әдебиеті дегенде, көбінесе, Алматы мен Астана қаласындағы қаламгерлерді еске алып жатамыз. Өкілдер өз жұмыстарына осы мәселені де кіргізуі керек. Өйткені әр түкпірде балаларға арнап өлеңдер жазатын, проза, өзге де жанрдағы дүниелер жазып жатқан қаламгерлердің сирек те болса кездесетіні рас.
Тағы бір айта кетуіміз керек дүние: қау­лыда Олжас Сүлейменовтің аты аталған екен. Көкейімде «қазақ балалар және жасөспірімдер әдебиетіне Олжас Сүлейменовтің қандай қатысы бар?» деген сұрақ туды. Мен бұл сұраққа өз басым жауап бере алмадым.
Бұған қоса, демеушілер тарту деген үнемі күн тәртібінде тұратын мәселе. Демеушілер тарту, расында, оңай шаруа емес. Менеджерлік қабілеті бар адамдар ғана бұл жұмысты іске асыра алады. Бұл жұмыс балалар әдебиетінің өкілдерінің бәрінің бірдей қолынан келеді деп ойламаймын.
«Жазушылардың қоғамдық жұмыстары ба­ғаланатын болсын» деген талап та дұрыс, өйт­кені қазір баяғыдай үкіметтің қамқорлы­ғында отырып, армансыз жазуды жаза беретін кез емес. Қаламгерлер қоғамдық іске де араласуы керек. Өйткені тіл мәселесінде, ұлттық құндылықтар мәселесінде жазу­шылар қай заманда да белсенді болуға тиіс.
Бір ауыз сөзбен айтқанда, хатшылықтың бұл жұмыстарын қолдауымыз керек. Дегенмен кейбір түсініксіз тұстарын нақтылай түскен абзал болар еді (Мәселен, балалар мен жасөспірімдер әдебиетінде жарияланатын байқау маған бұлдырлау болып тұр). Жалпы, тұтастай алғанда мұны қолдап, әрі қарай дамытуға байланысты жеке ұсыныстарымызды әзірлеген артық болмас еді деп ойлаймын.

Алмат ИСӘДІЛ:

ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯНЫҢ ТІРЕГІ БОЛҒАНДА ҒАНА ДАМИДЫ

Балалар әдебиеті – үлкен әдебиеттің бір бұтағы. Адамды адам етіп қалыптастыратын, тұтас қоғамның интеллектуалдық әлеуетіне ықпал етіп, ұлттық дүниетанымды кеңейтетін ең әуелі осы – балалар әдебиеті.
Алайда бүгінгі біздің қоғамда осы мәселенің көкжиегі әлі де кеңейе қойған жоқ. Жақсы авторлар шыға бастағанымен, кітап таралымы, оқылым жағы кемшін. Балалар басылымдарының жағдайы да мүшкіл халде. Заманауи көзқараспен қарасақ, интернет кеңістігінде қазақ баласына арналған контент тым жұтаң. Ю-туб арналар мен түрлі әлеуметтік желілер, жеңіл-желпі ойындар мен танымдық платформалар өзге жұрттың өніміне толып тұр. Бұған қоса кітап өнімдерінен бастап телеарна, кинотеатрларда шетелдік анимация, кино, мультфильмдердің басымдығы анық байқалады. Өзімізде бар нәрседен татымды дүние жасай алмаған соң өзгенің дүниесін тәржімалап қана отырған сияқтымыз. Балалар әдебиеті ұлттық идеология­ның тірегі болғанда ғана қанат жайып, дамиды.
Бұған бірінші кезекте мемлекеттің өзі мүдделі болуы тиіс. «Қазақ әдебиетінің» өткен шығарылымында Қазақ балалар әдебиетін дамыту туралы Қазақстан Жазушылар одағы хатшылығының Қаулысы жарияланған екен. Бұл – қазақ балалар әдебиетін жаңа бағытта дамытуға бағытталған үлкен істің басы болады деп үміттенеміз.
Бастаған жобаны тиімді іске асыруға авторлар да, Жазушылар одағы да, өзге де шығармашылық ұйымдар, баспалар мен әдебиетке жанашыр меценаттар да жұмылуы керек.
Қазақ баласы ұлттық болмысынан ажырамай, қазақ балалар әдебиетімен сусындауы тиіс.

Алтыншаш Жақиянова:

ТАРАЛЫМҒА НАЗАР АУДАРСА…

Балалар әдебиетінің қаламгері ретінде бұл жанрға дұрыс көңіл бөлінуі керек екендігін айтқым келеді. Балалар әдебиеті туралы жиынға барынша осы бағытта қалам тартатын барлық қаламгер қатысып, ой бөлісуі тиіс. Өйткені балалар әдебиетін дамыту үшін авторлар бір-бірімен жиі бас қосуы өте керек-ақ дүние.
Биыл министрліктің қолдауымен «Бәсіре-жыр» атты балаларға арналған жыр жинағымның шығатыны туралы хабар естідім. Министрліктің қолдауымен жарық көретін кітаптар тізіміне іліккеніме, әрине, қуандым. Бұл талмай ізденудің, қажымай еңбектенудің нәтижесі шығар. Кейін кітапты шығарушылардан тиражын сұрағанымда, олар оның мың данадан жарық көретінін айтты. Ол кімге жетеді?! Көбірек шығатын шығар, көп жерге таралатын болар деп үміттенген едім. Меніңше, осыған үлкен мән беру керек сияқты. Таралымы көп болса, жазған дүниелеріміз балаларға да молынан жетер еді.
«Балдырған» журналында бұрын көркемдігі төмен суреттер салынып жүрді. Бұл суреттердің сапасыздығы сондай, оны балаларға көрсетсең, оларды қорқытып алуың да мүмкін. Әрине, жақсы суретшілер жақсы ақша сұрайды. Мәселе – қаржы мәселесіне келіп тіреледі. Ал қазір осы журналдың сурет сапасы жақсарып келеді.
Тағы бір айта кетерім, қазір балаларға арнап шығарылып жатқан кітаптардың қатарында 300-400 беттік кітаптар жүр. Оларды балалар оқымақ түгіл, көтере де алмайды ғой деп ойлайсың. Мұндай шығармаларды шағын, жеңіл, тартымды етіп, балаларға лайықтап шығарған жөн. Балалар әдебиеті комиссиясы осыған да мән берсе екен.
Қаулыда айтылған ынталандыру, марапаттау деген дүниелер дұрыс-ақ. Алайда жүлдегерлердің, марапатталушылардың не нәрсеге де еңбекпен жеткені, олардың сараптау комиссиясының қатаң сүзгісінен өткені абзал.
Балалар кітапханасында болсын, басқа кітапханаларда болсын, балалар әдебиетінің авторларымен кездесулердің жиі өтіп тұрғаны жөн. Оқушылар өзі оқып жүрген кітаптардың авторларын танып өсуі керек. Оның үстіне, қаламгер деген қауымның өзінің көз алдындағы, жанында жүрген адамдар екенін сезінудің өзі оларды сол автордың кітабын оқуға жетелейді деп есептеймін.

Елдос ТОҚТАРБАЙ:

Әлемдік аренаға алып шыға алмадық

Балалар әдебиеті – ұлт әдебиетінің ірі қазынасы. Сол қазынамызды жас оқырмандарға жеткізуіміз қиындау болып тұр. Бүгінгі қазақ балалар әдебиетіндегі ең негізгі мәселе – балалар әдебиеті бойынша шығып жатқан кітаптардың баспа-полиграфиялық сапасы. Не иллюстрациясы жоқ, не дизайны бала тұрмақ үлкен кісінің өзін қызықтырмайтын кітаптар қаптады. Бүгінгі балалар визуалды буын (алфа-ұрпақ). Оларға кітап мазмұнынан бұрын иллюстрациясы қатты әсер етеді. Иллюстрациялары ескі стильде, баланың көзіне тартымсыз, шрифті тышқанның ізіндей, макеті ауыр, мультимедиалық нұсқалары жоқ кітаптардан арылмайынша, ұрпақ сұранысын қанағаттандыра алмаймыз.
Бүгінгі қазақ балалар әдебиеті цифрландыру көшінен артта қалды. Аудиокітап, подкаст, веб-комикс форматы дамымаған, мүлде жоқ десек те болады. AR/VR технологиясын қолданатын интерактивті шығарма таппайсыз. Қазақ балалары Wattpad, TikTok-та ойнап отырғанда, біздің әдебиет қағаз күйінде ғана қалып отырғаны ойлантарлық жағдай. Бір сөзбен айтқанда, қазақ тілді контенттің цифрлық ортаға ену қарқыны өте төмен.
Қазақ әлемінің миф, фолькорлық мұрасы қанша бай болса да сол жауһарларды әлемдік аренаға алып шыға алмадық. Қазақ балалар әдебиеті әлі шетелдік көрмелерде, премияларда көрінбей жүр. Ағылшын, француз, корей тіліне т.б. аударылған шығармалар жоқтың қасы.
Сосын, қазіргі қазақ балалар әдебиетінде ірі тұлғалық кейіп­кер жоқ. Бұрынғы әдеби мұрадағы батырлар мен ертегі кейіпкерлері болғанымен, бірақ заманауи «суперқаһармандар» жоқ. Бала өзін кейіпкермен салыстыра алмайды. Pokémon, Harry Potter, Frozen сияқты кейіпкерлер қазақ қаракөздерінің жүректерін жаулады. Ал бізде «Ер Төстік 2.0» сияқты kids-бренд жоқ. Ақиқатында, қазақ балалар әдебиеті әлемдік kids-контенттен артта қалды. Балаға арналған шығармаларға мультимедиалық интеграция жетіспейді.
Қазақстанда шетелге әдеби өнім шығару үшін тұтас әдеби-индустриялық экожүйе жоқ. Шетел түгілі еліміздегі кітап сату нарығы мен тарату жүйесінің сапасы сын көтермейді. Бұл мәселелер шешілмейінше балалар әдебиетінің насихаты да болмайды.
Озық елдердің әдеби өнімдеріне қашанғы қызығып отыра береміз?! Ендігі таң – қазақ балалар әдебиетінің дамуына шапағатын тигізуі керек. Ол үшін әдеби мазмұн жаңаруы қажет. Біріншіден, заманауи жанрларды игеруіміз керек. Екіншіден, ұлттық кейіпкерлер брендін қалыптастыруға тиіспіз, мысалы Steppe Kids Heroes сияқты kids франшиза құру. Үшіншіден, баспадан қағаз форматында шығатын әр кітапты цифрландыру: анимация, аудиокітап, веб-комикс қосу. Бұл ойымызды жазушы да, баспагер де ескерер.
Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы балалар әдебиетін дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөлгені қуантады. Ендігіде мемлекеттік тапсырыспен шығатын балалар әдебиеті өнімдеріне қатаң талап пен шарт қою мәселесін шешсе екен деген тілегіміз бар.

Редакциядан: 24 шілде күні Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында “Қазақ балалар әдебиетін дамыту туралы” Қазақстан жазушылар одағы хатшылығының қаулысын талқылау мақсатындв балалар әдебиетінің кеңесінің отырысы өтті. Отырыста көтерілген мәселелер мен айтылған ойларды газеттің алдағы сандарының бірінен оқи аласыздар.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір