Қазақтың 6000 жылдық тылсым тарихы
25.07.2025
511
1

Шәкәрімнің Рашид ад-Дин мен Әбілғазыға сілтеме жасай отырып, алға тартқан тарихи деректерінің негізінде Оғыз ханнан тармақталатын түркілердің дербес жазу-сызуы болғанына назарымыз ауған болатын. Қытайдың «Жыу» кітабындағы «Түркілердің салты» бөлімінде осы тұрғыда былай депті: «Олардың жазу әрпі ху халқының әрпіне ұқсайды. Шыққан жылы белгісіз. Жапырағынан көк бояу алынатын шөптің бояуымен жазады». Бұл дерекке қарасақ, түркілердің жазуы өздерінің ата-бабалары болып саналатын хұндардан (ху) бермен жалғасып келе жатқанын байқауға болады.

Хұндардың жазуы туралы мағлұмат­тар Қытай патшалығы үшін ежелден белгілі екенін төмендегі тарихи жазбалардан да нақты көріп отырмыз. 245 және 250 жылдар аралығында Камбоджаға сапарлаған Қытай дипломаты Кань Тай Фунан патшалығы туралы ұсынған хабарламасында: «Они имеют книги и хранят их в архивах. Их писмен­ность напоминает писменность хуннов», – деп жазған екен («Хунну», стр. 103).
Қытай патшалығы білген ата-бабаларымыз жазуының керемет­тей үлгісі Көк түріктер қағанаты заманынан қалған «Орхон-Енисей» ескерткіштер кешендері арқылы көз алдымызға тартылады. Осы түпнұсқалық ғажайып мәтіндер негізінде күні бүгінге де­йін жұмбақ болып келген тарихтағы түпкі тамырларымызды суыртпақтауға жаңа мүмкіндіктер ашылғанын атап айтуымыз керек.
Хунну дәуіріне тән дереккөздерге үңілсек, қауымның Қалқа даласына оңтүстіктен келгені егжей-тегжейлі айтылғанымен, көштің нақты қай жерден бастау алғаны туралы ғылыми негізделген, тарихи дәлелді мәлімет ұшырамайды. Байсындық көне «Алпомиш» жырының мазмұнына сүйеніп, әуелде Қалқаға тартқан ұлы көш осы өңірден басталса керек-ау деп болжасақ та, алдан шыққан жаңа деректер ол ойымызды өзгертуге мәжбүр ет­ті. Оған себеп болған нәрсе Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» кітабында тарихи һәм тілдік соны мәлімет­терге сүйене отырып жасаған ғылыми негіздемелері еді.
Оны оқығанда, алдан мүлде күтілмеген оқиғалар сорабы сұлбаланып шыға берерін байқап едік. Ғылымға жаңа бетбұрыс әкелген еңбегінің тағдыры туралы автордың өзі былай депті: «1975 жылы алғаш орыс тілінде жарық көрген осы еңбегімнің, содан бері қаншама жылдар өтсе де, туған халқымның тілінде – қазақ тілінде жарық көре алмауы мен үшін аса өкінішті жайдың бірі еді. Әрине, оған сол кезеңнің саясаты, уақыт, заман кінәлі болатын. «Аз и Я» кітап болып басылып шыққан күннен бастап Орталықтың қаһарына ілікті де, басқа тілге аудару, кітап етіп шығару былай тұрсын, шыққан кітаптың өзі түгел таралып үлгермей жатып-ақ дүкен сөрелерінен, кітапханалардан түгел жойылсын деген үкіммен қуғынға түсті. Сөйтіп, қуғынға түскеніне қарамастан, кітаптың ешкім сызып тастай алмастай өмірі жалғаса берді».
Бұл кітап екі бөлімнен тұрады. Сол еңбектің «Шумернаме» ат­ты екінші бөлімі түркі жазбаларына арналған еді. Олжекең тіл ғылымы саласына тереңдей бойлап, шумер-түркі сөздері фонетика, морфология тұрғысынан өзара сабақтасатынын дәлелдеп шығыпты. Тілдік деректерді адамға, табиғатқа, діни сенім-нанымға байланысты сөз топтарына жіктеп, олардың мазмұны мен түрі тек түркілерге ғана тән екенін нақты дәлелдей алған. Оған қосып-аларымыз жоқ десек те, бізді қайран қалдырғаны, «Білге» – дана сөзі екі жақта да айнымай, өз мағынасында қолданылуы болатын. Көк түрік Білге қаған арқылы шумерлер мен қағанат арасы жалғасып жатқандай көрінеді көзіқарақты оқырманға. Сол сияқты «Тәңір-Теңгир» сенім-нанымы мен соған байланысты салт-дәстүрлері де халықтың түп-негізі бір екенін айғақтап тұрғандай.
Олжас ағаның ойлары қазақтың тағы бір зерт­теушісі Асан Бахтидің «Шумерлер, скифтер, қазақтар» деген еңбегінде де қосымшаланады екен. Осы азамат­тың ұсынған бірқатар мысалын назарға алып көрелік: Ада – әке; Ту – туу; Силик – таза; Таг – тау; Заг – жақ ; Уруг – қауым; Ме – мен; Гаш – құс, қарлы-ғаш; Еден – еден; Уш – үш; Ун – он; Кен – кең; Кир – лас, батпақ; Уд – от; Гу – дауыс; Наме – бұл не; Денгир – Тәңір; Дириг – терек; Удун – отын; Дума – тума… Көріп отырғанымыздай, шумерліктердің көне тілі қазақтың қазіргі тілімен ұқсастығы дау тудырмайды. Автор сонымен қатар шумерлік сына жазуы мен көне түркілік руника әліппесінің ұқсастығына да назар аударыпты. Шумерлер мен қазақтардың үйлену дәстүріне, сондай-ақ қалыңмал мен тартуларының сәйкестіктеріне де көңіл бөліпті. Сайып келгенде, аталмыш кітап авторы көптеген мысалдардың негізінде шумерлердің бізге бөтен халық емес екенін нақты дәлелдепті.
Осынау көне халық жазу мәдениетімен ғана шектелмей, тіршілік үшін қолдануға қолайлы құрал-саймандар жасауға, көз тартар ғимарат­тар тұрғызуға да зор мән бергенін америкалық шумеролог С.Крамер былай деп айшықтайды: «Олар қыш шеңберлер, дөңгелектер, арбалар, соқа-сепкіштер, желкенді қайықтар ойлап тапты. Қақпалар, күмбез тәрізді құрылыстар мен күмбездер тұрғызуды үйренді. Мыс пен қоладан құймалар даярлады, темірді дәнекерлеуді, тасқа өрнек жасауды, оюлармен безендіруді меңгерді» (С.Н.Крамер: Мәскеу, 1965). Осы деректер арқылы шумерлердің өз заманында үлкен өркениет бесігін тербеткен халық екенін танып-біліп отырмыз.
Там-тұмдап қолымызға тиген деректерге қарасақ, Күн жүйесіндегі барлық планеталарды, жұлдыздарды, олардың орналасу ретін, жердің домалақ шар сияқты екенін де зерт­теп білген, мал мен егін шаруашылығын қатар алып барып, қала тұрғызған осынау халық, баз-бір зерт­теушілер айт­қандай, жер бетінен ізім-қайым жоқ болып кетуі мүмкін емес дер едік. Олар өз дәстүрі мен мәдениетін сақтай отырып, өздері үшін жаңа, жайлы мекенге қоныс аударуы әбден мүмкін. Осы тұрғыда біз іздеген жоғымызды тапқандай болып едік.
Жуырда британдық ғалымдар шумерлер өркениетінің жойылуына климат­тың өзгеруі себеп болғанын жазыпты. Олар мұндай қорытындыны Иранның солтүстігіндегі Голь-и-Зард үңгірін зерт­теу жұмыстарының қорытындысына сүйеніп жариялаған. Аймақтардан табылған тас үңгілерді (сталактит) зерт­тегенде, олардың химиялық құрамы арқылы жаңбыр аз жауғанын, дауыл көп тұрғанын білген, яғни қуаңшылық пен шаңды дауыл шумерлерді судан айырған. Демек, осыдан 4000 жылдай ілгергі заманда жер бетіндегі климат­тың өзгеруі ықпалын тигізген деп болжауға негіз бар екен.
Жоғарыдағы қолайсыздықтар шумерлер өркениетінің жойылуына себеп болған деген әлемдік ғалымдар қорытындысы біздің жасаған болжамымызбен сәйкес келмейді. Осынау алдыңғы қатарлы мәдениет­тің иелері қолайсыз құбылыстан шығудың жолын іздеген және оны тапқан деп ойлаймыз. Олар үшін өмір сүруге ыңғайлы, сулы, нулы жаңа мекен керек еді. Оны Моңғолия үстіртіндегі Қалқа өңірінен тауыпты және осы жерге қоныс аударыпты. Бұл тұрғыда Л.Н.Гумилевтің төмендегі айт­қандарын қисынды деп тапқан едік: «Нельзя также пройти мимо перемены климата на рубеже ІІ тысячалетия до н.э. В тот период должно было увеличиться число озер, тянущихся поясом от Нижнего Поволжья, через Казахстан и Монголию до Хингана. Обстоятельства сложились в пользу южных кочевников, которые сумели ими воспользоваться» («Хунну», стр. 36). Нақ осы кезеңде көсіліп жатқан Гоби шөлін кесіп өту де онша қиын болмаған сыңайлы. Көштің көлікті болуы дамыған мал шаруашылығы мен өнертап­қыштық көрінісіндей арбалар екенін жартастарда бедерленген сурет­тер айғақтайды. Үстіне киіз баспана орнатылған арбаларға өгіздер жегіледі екен.
Оңтүстік көшпелілерінің Қалқа даласында алғаш төбе көрсетуі біздің дәуірімізден 1764 жыл бұрын орын алғанын қытайлық дереккөздер хабарлайды. Әлемдік ғалымдар «шумер өркениеті жойылды» дейтін кезең нақ осы уақыт еді. Ке­йінгі кезеңдерде үстіміздегі дәуірден 822 және 322 жыл бұрын байқалыпты. Осы деректерге қарап, бұл ұлы көштің ұзақ жылдарға созылғанын болжай аламыз. Көштің сипатына қарасақ, арба үстіндегі жайлы киіз баспаналарда қартаң кемпір-шалдар мен жас балалар, емізулі сәбилі әйелдер орныққан секілді. Ат жалын тартып мінуге жарайтын жасөспірімдер мен қыз-келіншектерге де қылқұйрықты көліктер ұсынылыпты. Көштің артын ала төрт түлікті айдаған малшылар келе жат­ты. Далалық талай елдердің жерлерін кескен ұлы көштің жылжуы рулардың әскери күзетімен жүзеге асқан тәрізді. Қолдағы деректерге қарасақ, әр рудың өзіне тән екі мыңнан он мыңға де­йін әскері болғанын көреміз. Демек, әр ру жеке күзетімен, бір-бірімен қарайласа отырып, өз көштерін дара-дара жылжытқан деп санауға болатындай.
Ұзақ та ауыр жолдарды басып өткен көшпелілердің соңғы тұрақтаған мекені Қалқа даласы екені Л.Гумилевтің «Хунну» ат­ты кітабына еніпті. «… когда прахунны пересекли песчаные пустыни … на равнинах Халхи … возникли исторические хунны. Итак, хунны были первым народом, победившим пустыни. А для этого надо было обладать мужеством и упорством» (21 бет), – деп пайымдайды тарихшы. Сөйтіп, ,оңтүстіктен жол тартқан көшпелілер Қалқа даласының мал мен егін шаруашылығын өркендетуге аса қолайлы екенін алдын ала көріп-біліп, осы жерді таңдапты. Ұлы көш сәт­ті аяқталып, шумерліктердің жаңа қоныста мемлекет ретінде танылуы мерзімін тарихшылар төмендегіше нақты белгілеген: «Дегинь опираясь на Сыма Цяня, считает, что около 1200 г. до н.э. мы должны помещать создание хуннского царства» («Хунну»; стр. 35).
Қытайлықтар жаңа көршілерінің түр-сипаты бұл өңір байырғы тұрғындарына қарағанда өзгешерек екенін де байқапты. «… И не случайно китайцы внешним отличительным признаком хуннов считали высокие носы» (сонда, 32 бет). Шумер заманынан бізге жеткен сурет­тер де олардың осы айрықша көрінісін бейнелейді. «Когда Ши Минь приказал перебить всех хуннов до единого, в 350 г. «погибло много китайцев с возвышенными носами» (сонда, 32 бет). Бұл да болса ұстанған бағытымыздың дұрыс екенін қосымша қуат­тайтындай. Демек, шумерлер жаңа қоныста Хунну атымен белгілі болған екен. Ол Күнге, тәңірге табынушылар деген мағынамен сабақтасып жатыр.
Әдет­те Қытай үкіметі тарихшылары және барлау қызметі арқылы көрші елдердің болмысын зерт­теуге ежелден жете мән берген. Қытайлық дереккөздерде жаңа көршілерге қарасты 24 рудың әрқайсысы өзіндік жеке жайылымдық жерге ие екені, жыл мезгілдерінде жерлерінің от-суына орай көшіп-қонатыны айтылады. Әр ру өз ішінен қыз алмай, көрші рулармен құдандаласады екен. Шумер заманында байқалған құдалық пен қалыңмал деген түсініктер (А. Бахти айт­қандай) сол күйінде сақталыпты. Осы рулардың қатарында басты үш ру ерекше аталады. Патшалары Қиян руынан сайланатыны көрініп тұр. Қиыр шет, алыс дегенді білдіретін «қиян» сөзінің мағынасы тайпаның түп-тұқияны ерте замандардан, алыс мекендерден бастау алатынын айшықтайды десек, шындықтан қиыс кете қоймаспыз. Оны тайпаның ке­йінгі кезеңдегі тарихы да тұспалдайтынын байқап едік.
Олжас Сүлейменов шумерлердің түркілігін атап көрсет­ті десек те, біз сөз қозғап отырған дәуірде түркі этнонимі ғылыми айналымға әлі енбеген еді. Ол аталым 535 жылы айналымға енгені мәлім. Оған де­йін арада әлі екі мың жылдай мерзім жатыр ғой. Сондықтан көршілес жатқан қытайлық тарихи дәстүр талабына сәйкес елдің «Хунну» деп аталғанына ден қойғанымыз жөн болар деп ойлаймыз. Қытай тілін меңгерген мамандардың пікірін ескерсек, Хуннудың түбірі «Хун» аспандағы жарық көзі – Күнді білдіреді екен. Бұл дегеніміз шумерлердің пір тұтқан сенімі Тәңіршілдікті білдіретініне күмән қалдыра қоймас. Олжас ағамыз да шумерліктердің құдайға тән сенім-нанымы нақ осы бағыт­та екенін көрсетіп берген болатын. Қолдағы деректерге қарасақ, хұндар әр жылы көктемде көк аспан мен жерге және аруақтарға атап құрбандық шалады екен. Билеушісі күннің шығуы мен айдың тууына арнайы тағзым жасаған және елі үшін бата-тілегін арнаған дейді.
Қазақтың қос ойшылы – Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Олжас Сүлейменов ұсынған деректердің негізінде тарихымыз өткеніне біршама қанықтық. Шынында да ғажап қой, осы мақаламызда алға тартылған деректердің негізінде ата-бабаларымыздың Орта Шығыстағы Тигр мен Евфрат ат­ты қос өзен арасынан бүгінгі Моңғолия жеріндегі Қалқа өзені бойына де­йін басып өткен заманы алты мың жылға тартатынына қайран қала отырып көз жеткізеді екенбіз. Өйтпегенде ше? Ғылыми деректер Шумер өркениеті осыдан 4200 жыл бұрын өмір сүруін тоқтатқанын дәйектесе, сол «өркениет­ті» дүниеге әкелу үшін қанша жылдар жұмсалды екен? Тарихи деректерге қарасақ, біздің эрамыздан 3100 жыл бұрын, яғни осыдан 5100 жыл ілгері әлемде тұңғыш жазуды ойлап тапқан, пирамидалары мысырлықтардан 400 жылға көне тартатын халықтың тарихы ең кемінде 6000 жылды құрайтыны дау тудыра қоймас. Тарих Шумерден басталатыны туралы әлемде қалыптасқан көзқарасқа біз де осылай өз үнімізді қосып едік.

Оңғар НАҚЫП

ПІКІРЛЕР1
Аноним 26.07.2025 | 08:45

Қазақстанда табылып жатқан алтын адамдарға бүл айтқандарыңның жасы сәйкес келмейді ғұннан бұрынан да скиф сарматты зертеп ал

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір