Қамқорлық бар жерде
15.07.2025
166
0

Мемлекет басшысы мүгедек жандарға қамқорлық жасауды әлеумет­тік саладағы басты міндет­тердің бірі ретінде белгіледі. Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрлігі осы бағыт­тағы сан салалы қызмет­тер желісін жүйелі үйлестіріп, мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Оларды белсенді тірлікке тарту, жұмыспен қамтуға қатысты шаралар арнасын кеңейту – қашан да күн тәртібінде. Жарымжан жандарға қамқорлық – адамшылық абзал қасиет­тер мен өркениет­ті қоғамның басты көрсеткіші. Мүгедектігі бар адамдар да қоғамның тең мүшесі, оларға жасалатын жағдай – елдің әлеумет­тік саясатындағы ең маңызды бағыт­тардың бірі.
Республика бойынша қазақ соқырлар қоғамы қоғамдық бірлестігінің еліміз бойынша он тоғыз филиалы бар. Солардың бірі – Жетісу облыстық соқырлар қоғамы қоғамдық бірлестігі. Аталмыш облысқа қарайтын Алакөл аудандық зағиптар қоғамы бірлестігінде мүшелікте бірінші, екі топтағы көз жанарынан айырылған елу шақты адам бар. Бұлардың ішінде жастардың саны аз да, көпшілігі негізінен үлкен адамдар. Бірлестікте зағип жандар үшін барлық жағдайлар қарастырылған деу­ге толық негіз бар. Спортпен айналысамын деушілерге спорт залдарының есігі әрқашан ашық. Әр тоқсан сайын қоғам мүшелері жиналып әртүрлі мерекелік спорт шараларын ұйымдастырады. Зағип жандар үстел үсті ойындары: шахмат, дойбы, тоғызқұмалақтан өтетін жарыстарға қызығушылықпен үзбей қатысады. Бұл ойындармен жастар, сонымен қатар ересектер тұрақты түрде айналысады. Ойынның жастарға, жалпы адамға берер пайдасы өте көп. Атап айтсақ, интеллектуалдық қабілетінің артуына, ой жүйесінің қалыптасуына септігін тигіезеді. 
Әр жыл сайын қоғам мүшелері «Нау­рыз» мерекесі, Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні, Балалар күніне арнайы зағип жандардың балаларын жинап мерекелік іс-шара өткізуді дәстүрге айналдырған. Балалардың күлкілері, олардың қуаныштары мен алғыстары, жиналғандардың бәрі үшін ең жарқын және ұмытылмас марапат­тардың бірі.
Қазіргі кезде Алакөл көліне осы мау­сым біткенше апта сайын қоғам мүшелерін демалысқа апарып, әкелу шаралары жүзеге асырылуда.
– Жоғарыда аталған іс-шараларды жүзеге асыруда Алакөл аудандық зағиптар қоғамы бірлестігінің төрағасы Азанхан Абайханның атқарған ісі мақтауға тұрарлық. Ол облыстық және жергілікті аудандық әкімшілікпен, мәдениет үйімен, спорт кешендерімен тығыз байланыста жұмыс істейді, – дейді облыстық соқырлар қоғамы қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы Аликен Дәркенбаев.

Дәрия БЕКЕТҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір