БОЛАШАҚ ӨЗ ҚОЛЫҢДА, ЖАС ТҮЛЕК!
Мектеп бітіруші түлектердің жан-жақты дайындығын нығайтуда психологиялық көмектің маңызы зор. Сондықтан да Алмалы ауданы мектептерінде осы сала бойынша да тиімді жұмыстар ұйымдастырылды. Мектептерге жоғары оқу орындарынан білікті психологтар шақырылды. Жүргізілген сауалнаманың нәтижесі бойынша оқушылардың басым бөлігі ата-ана тарапынан рухани қолдауды қажет ететіні байқалды. Ата-аналармен семинар-тренинг өткізіліп, кеңестер берілді. Әрине, қорқыныш, үрей сияқты сезімдер әркімде болады. Осындай сезімдерден шыға білудің жолдары да бар. Психологтар өз тренингтерінде ой жалқаулығынан сақтанудың маңыздылығына тоқталды. Ең бастысы – қателікті түзетуді үйрену.
Ұстаз қауымы балаға тек білім ғана берумен шектелмейтіні бәрімізге мәлім. Оқушының жан дүниесіне үңіле білетін жандар бүгінгі күнде ҰБТ-ға дайындаудың жан-жақты әдіс-тәсілдерін де терең меңгерген. Атап айтатын болсақ, пәндік семинарлар, тренингтер, оқушылармен бірге ұйымдастырылған психологиялық тренингтер жоспарға сай өз деңгейінде аудан көлемінде өткізіліп келеді. Ауданымыздың білім бөлімінің басшысы Байбулов Берік Әміржанұлы Алмалы ауданындағы барлық мектептерді аралап, мектеп бітіргелі отырған түлектермен жеке кездесулер ұйымдастырып, ҰБТ-ға дайындық барысы туралы оқушылардың пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, пән мұғалімдерімен, мектеп психологтарымен, сынып жетекшілерімен де жүздесіп, ҰБТ-ға дайындаудың қиындықтары мен нәтижелері туралы сұхбаттасты. Ауданымыздан биылғы оқу жылында 40 «Алтын белгі» үміткерлері мектеп бітіргелі отыр. Жалпы, аудан бойынша 994 түлек ҰБТ сынағын тапсырады. Осы оқушылар мен олардың ата-аналары ҰБТ сынағын тапсырудың талаптарымен толық танысты. Алмалы аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен әр мектепте мектеп бітіруші түлектер мен олардың ата-аналарына ҰБТ-ға байланысты жиналыс өткізіліп, талаптар мен анықтамалар жиынтығы таратылып, ата-аналар мен оқушылар барлық ережелермен танысты.
Сатирик Үмбетбай Уайдин: «Бақытты ешкім ұтып та алмайды, ұрып та алмайды, ұрлап та алмайды. Ол күреспен келеді. Күреспен келген бақыт – нағыз бақыт», – деген екен. Сондықтан шәкірттерге, өз мамандығыңыз бен болашағыңыз үшін күресе біліңіздер дегім келеді. Ұстаздарыңыздан алған білім нәрі үлкен өмірдің есігін қорықпай ашуға ықпал етсін. Қарапайым мұғалімге «Ұстазынан шәкірті озыпты» деген нақыл сөздің қаншалықты құнды екенін әркез жадымыздан шығармайық!
Бейбіткүл ТӘЖИЕВА,
Алмалы аудандық білім
бөлімінің бас маманы.