Әдебиет қашанда қамқорлықты қажет етеді
05.05.2025
554
3

Әдебиет жайлы қазақтың біртуар азаматтары, Ғабиден Мұстафин «Әдебиеттің түпкі мақсаты – адам жанын тәрбиелеу» десе, Зейнолла Қабдолов «Әдебиет — ақиқат өмірдің сырлы суреті, халықтың көркем тарихы» деп сипаттаған. Америкалық драматург, жазушы Г.Видал былай деп жазған екен: «Қашанда жақсы әдебиеттің болары шындық, алайда мәселе оны кім оқиды?»

Бүгінде кітап, газет-журналдарды тіптен оқымайтын, тек ғаламтордағы жаңалықтармен таныс болатын әлеуметтік медиа түрлерімен достық орнатқан жастардың ойлау қабілеті мен есте сақтау дағдыларын дамытуға үлкен ықпал ететін кітап оқуға еш қызығушылығы болмауы ойлантады. Өзімнің балалығымды еске алсам, мектеп кітапханасындағы кітаптарды бітіріп, ауыл кітапханасындағы әр түскен жаңа кітапты қалдырмай оқитын едім, одан қалса сыныптастарыммен оқыған кітап саны бойынша жарысатын едім. Бұл күндері мектеп оқушыларын кітап оқуға шақыратын «Кел, бірге кітап оқиық!», «Демалыста кітап оқимыз» сынды марафондардың бастамасы зор.
Менің балалығым өткен ғасырдың 90 жылдарына тап келді, сол жылдары ұйғыр әдебиеті мен мәдениетіне байланысты ғылыми мақалалар орын алған ана тілімізде кітап пен журналдар басылатын еді. «Пәрваз» атты журнал көркем шығармаларды таныстырып, ақын-жазушылар мен оқырмандар байланыстарын жақындатты және әдеби талдау, әдеби сынға толы мақалалармен де байыды. Ал 1990 жылдан бастап «Арзу» журналы Алматыда шығарыла бастады. Журналда әдеби, ғылыми, мәдени мақалалармен бірге роман, повестерден үзінділер, қазақ, орыс және шетел әдебиеттерінен аударылған көркем шығармалар, әдет-ғұрып, ұлттық және балалар ойындары, балалар әдебиеті де таныстырылып келді.
2017 жылдан бастап Алматыда «Ижаткар» журналы жарық көре бастады, ұйғыр мәдениеті, әдебиеті, тілі мен мәдени генофонын сақтап қалуды көздеген, сонымен бірге ұйғыр халқының мәдениеті, тарихы мен творчестволық дамуға қатысты ғылыми және тарихи мақалаларды қамтыды.
Кезіндегі «Жазушы» баспасынан жылына екі рет жарық көретін әдеби-мәдени, әлеу­меттік-саяси «Пәрваз» альманахы тоқтап, «Арзу», «Ижаткар» атты әмбебап журналдары демеушілердің күшімен шығып, алды жабылды.
Осы орайда оқырман қауым мен ақын-жазушылар арасындағы байланысты күшейтуде Қазақстан Жазушылар одағының атқарып жатқан жұмысы орасан зор. Жазушылар одағының қолдауымен екі айда бір рет «Шынар» атты ұйғыр тілінде журналдың бастапқы саны шықты. Бұл журналда қазақ пен ұйғыр халқының бірлігі, тарихы мен мәдениеті, әдеби туындылары жарық көріп, журнал өз кезегінде ұйғыр мектептерінде оқу-әдістемелік құрал есебінде де сұранысқа ие болып үлгерді.
1934 жылы құрылған Одақта Қазақстан халқы өкілдерінің секциялары бар, солардың арасында Ұйғыр секциясы жылдар бойы тынымсыз еңбек етіп Қазақстан ұйғыр әдебиетін дамытып келді. Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының тікелей қолдауымен құрылған «Сәуле–Қуяш» әдебиет қоры соңғы жылдары игі істерді атқарып отыр. Атап айтқанда, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Музәппәр Зайитовтің «Шанлиқ йол», «Үч қиссә», Иминжан Тохтияровтың «Һәй, һәй, заман» өлеңдер жинағының екінші томы, «Муһәббәт аһаңлири» жинағы, Авут Мәсимовтың «Чөчәк дунияси» үшінші томы және балаларға арналған «Бар екәндә, йоқ екән» атты ертегілер жинағы, Гүлзия Һаширова, Бүвинур Ғожәмбәрдиева, Бүвинур Ибрагимова, Халмурат Заитов сынды авторлардың «Норуз чәшмилири» атты коллективті өлеңдер жинағы, Рашидәм Абдусемәтованың «Мән–аддий аял» өлеңдер жинағы және Гүлзия Һаширова, Мәрүпжан Мамиров, Бүвинур Ибрагимова, Сәнәм Имрәмзиеваның «Бәхитлик балилиқ чағ» коллективті жинағы оқырман қауымға жол тартты.
Жаңадан баспадан шыққан қалың кітаптар арасында Гүлзия Һаширова, Бүвинур Ғожәмбәрдиева, Бүвинур Ибрагимова, Халмурат Заитов сынды авторлардың «Норуз чәшмилири» атты коллективті өлеңдер жинағына ерекше тоқталуды жөн көріп тұрмын.
Авторлық құрам ішінде Бүвинур Ғожәмбәрдиева, Бүвинур Ибрагимова сынды авторлар 36-40 жыл еңбек өтілімі бар ұйғыр тілі және әдебиеті ұстаздары, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұйғыр және орыс тілі мамандығын тәмамдаған, ұлттық мектеп жанашырлары, ұлағатты ұстаздар және өлең жазуды өздеріне серік еткен жандар. Ал Гүлзия Һаширова өлеңдері соңғы жылдары ғаламтор арқылы қалың елге жақсы таныс, кейбір өлеңдеріне тіпті әндер жазылған автор, «Іле өңірі» газетінде тілші болып жұмыс жасаған. Соңғы автор Халмурат Заитов мектеп қабырғасынан бастап өлең жазуға қызығушылығы болған, дүрбелең кезең, өмір сынақтары болса да өзінің әдебиетке деген махаббатын жоғалтқан емес.
Төрт ақын өлеңдерінде де ұлттық нақыш, ұлттық иіс аңқып тұр, отан, жанұя, табиғат, махаббат, ата-ана, жер, ана тіл тақырыптарына көп туындылар жазылса, әр авторға тән жеке салыстыру, сөздік қор, ұқсату мен көркем сипаттау орын алған.
Атап айтсақ, Бүвинур Ибрагимованың «Инчикә үстәл», «Ғазлар вә өдәкләр» сатираларында өзі жұмыс атқаратын білім беру саласындағы бюрократия, әріптестер арасында кикілжің ашық сипатталған.
Гүлзия Һашированың «Немишкә», «Мәйлиди», «Хияллирим» сынды өлеңдерінде өмір жайлы ойлары, философиялық терің пікірлер, қарапайым халық көңіліне орын алатындай әдемі әрі жеңіл берілген.
Бүвинур Ғожәмбәрдиеваның «Уйғурумниң дәстихини», «Һәр әсвапниң тарихи бар», «Ана тилим» өлеңдерінде ұлттық нақыш, ұйғыр халқына ғана тән қасиеттер өте жақсы берілген.
Қазақстан Жазушылар одағының тікелей қолдауымен құрылған «Сәуле–Қуяш» әдебиет қоры ұйғыр әдебиетінің мұрагерлері – жастарды қолдау үшін құрылған. Жеке автор немесе коллективті авторлар шығармаларын дайындауға көмектерін береді, қолжазбаны ұйғыр секциясының екі мүшесі қарап, әдеби редакциядан өткізеді, пікірлерін беріп, түзетулер жасайды және кітапты шығарып, оқырманға таратуға ат салысады. Бүгінгі таңда қордың өз кітапханасы бар. Сондай-ақ болашақта барлық ақын-жазушылардың еңбектерін, туындыларын және көркем шығармаларын келесі ұрпаққа қалдыру және қаз-қалпында жеткізуді мақсат етуде. Әр автордың архивін жеке каталог ретінде сақтау да қарастырылуда.
Осы орайда тағы бір қуантатын жайт, қор қазақ және ұйғыр тілінде жазатын жас авторлар үшін көрнекті ақын Абдумежит Дөләтов атындағы Қазақстан Жазушылар одағының «Сирдаш» сыйлығын ұсынды. Сыйлық қоры екі номинация бойынша 300 000 теңге. Конкурс шарттары өткен жылы мамыр айында «Қазақ әдебиеті» газетінде, ғаламторда жарияланды.
Осы және басқа да көптеген игі істер, бастамалар басында Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының Ұйғыр әдебиеті бойынша кеңесшісі, балалар жазушысы Авут Мәсимов және «Құрмет» орденінің иегері, талантты ақын, журналист Иминжан Тохтияров, жазушы Музәппәр Зайитов сынды азаматтар жүр.
Түріктің ұлы ғұламасы Жүсіп Баласағұн XI ғасырда өз еңбегінде қалдырып кеткен нақыл сөзінде былай деген екен:
«Өз игілігіңді ойлама, халқың игілігін ойла,
Халқың игілігі ішінде, сенің де игілігің болады», яғни ана тілімізді, әдебиетімізді сақтау, дамыту, мәдениет пен білім беру саласын жақсарту әр қайсымыздың қолымызда, балаларымыз бен немерелерімізді ұлттық мектептерге берсек, сол ұрпақ ұлттық әдебиеттің оқырманы, жанашыры және мұрагері болары хақ.

Дилфуза РОЗИЕВА,
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар
және әлем тілдері университетінің
қауымдастырылған профессоры, PhD докторы

ПІКІРЛЕР3
Қонақ 06.05.2025 | 03:41

әдеби киллер дегенді естіп едік, әдебиет қарақшылары, ұрылары бар ма екен

Қонақ 12.05.2025 | 09:07

Батыстың бұрынғы жазыушылары кезінде қамқорлыққа бөленді ме?!

Қонақ 13.05.2025 | 08:02

Бәсекеге қабілетті шығармалар іріктеліп шықпаса әдебиетті арамшөп басады. Қабілетті сыншылар әдебиетті каулаған шөп шаланан арылтып әділдік болуына назар аударуды керек

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір