Кітап графикасындағы ұлттық эпос
Алматыда Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде «Қазақстанның кітап графикасындағы ұлттық эпос» атты көрме ашылды.
Биыл Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейіне 90 жыл. Өнер музейінің 30 қаңтарда Президент Қ.Ж.Тоқаевтың қол қоюымен Ұлттық мәртебе атағын алуы айшықты мерейтоймен тұспа-тұс келіп отыр. Музей қорынан ашылған «Қазақстанның кітап графикасындағы ұлттық эпос» көрмесі қос мерейтой аясында ұсынылған алғашқы бастама. Қазақстанның ұлттық әдеби және көркемсурет мұрасының маңыздылығын атап көрсетуге, жас буынды шабыттандыруға әрі қолданыстан шығып бара жатқан кітап графикасын насихаттауға бағытталған бұл көрмеде Қазақстанның жетекші суретшілері жасаған графикалық туындылар, ұлттық эпостың қазыналарын сақтайтын сирек басылымдар орын алған. Сондай-ақ көрме кураторы Самал Мамытованың айтуынша, соңғы жиырма жылда көрмеге қойылмаған туындылар ұсынылған. Аталмыш көрмеде 90-ға жуық графикалық жұмыстар жинақталған.
Көрмеде Әбілхан Қастеевтің «Қобыланды батыр», Әубәкір Ысмайловтың «Қазақ халқының эпостық жырларына иллюстрациялар», «Қобыланды батыр» және «Алпамыс батыр», Константин Барановтың «Бозжігіт» пен «Айман-Шолпан», Евгений Сидоркиннің «Алпамыс батыр» және «Қыз Жібек» жырларына арналған графикалық парақтары мен иллюстрациялары бар. Олардың жұмыстары кейіпкерлердің эмоционалдық әсерлілігімен, жарқын мерекелік атмосферасымен және ұстамды монументалдығымен ерекшеленеді. Исатай Исабаевтың «Қобыланды батыр» эпосына жасаған иллюстрациялары аңызға айналған оқиғалардың драматизмі мен батырлығын жеткізеді. Әділ Рахмановтың «Ер-Тарғын» эпосына арналған туындылары композиция динамикасымен және графикалық техниканы меңгеру шеберлігімен таңғалдырады. Әлімхан Смағұловтың «Ақсауыт» жинағына арналған иллюстрациялары шеберлігімен және бейнелердің айқындығымен әсер қалдырады. Арсен Бисембиновтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» (1984) эпосына жасаған графикасы терең көркемдік ойға толы.
Көрмеде тек суретшілердің туындыларын тамашалап қана қоймай, өткен дәуірге еніп, қазақтың қанына сіңген мәдени мұрасымен танысуға болады. Мерейтой қарсаңында ұйымдастырылған бұл көрме 21-сәуірге дейін жалғасын таппақ.
Гүлайым ЖҰМАШ,
Тұран университеті