МҰХТАР ТАҒЫЛЫМЫ
13.03.2025
71
0

Ақын Мұзафар Әлімбаевтың естелігінен

1956 жылы жазда М.Әуезов пен Ғ.Мұстафинге еріп, Талдықорған ауданының Нұрмолда Алдабергенов басқаратын колхозына бардым. Алматыдан шыға бере, Мұхаң ұзақ әңгімеге кірісті. Мен дәптерімді аштым да, аузынан шыққан сөздерді жаза бастадым.

Бір мезет­те ұлы жазушы қаламгерлер жайын әңгімелеп кеткен болатын:
– Таяуда бір жас жігіт­тің повесін оқыдым. Қозғалыс, даму жоқ. Жайлы, жақсы, қоңыр ғана жайлар. Бар қасиет­ті сыртқа шығармақ керек. Адам тұтанып жанып, тұтанып жанып тұрмас па? Шығарманың оғы, оқ-дәрісі – бәрі бар сияқты, бірақ атылмайды. Пугач боп атылатын да, пушка боп атылатын да адамдар бар. Адам ішінде ядро қуаты бар. Соны жара біліп, алу керек. Мысалы, адам ашу үстінде не істемейді. Біздің жастардың жазғандарында кейіпкер не жыламайды, не құламайды. Адам ата боп қайғырмай ма, ана боп жыламай ма?
Данышпан қаламгер әрбір туындының табиғи, шыншыл, сыршыл болуына осылай қатаң талап қоя сөйлеп еді.
Мұхаңның алдында біраз болған кісінің Күннен сәулеленген Ай сияқты көңілі нұрланып шығар еді…

* * *

Сөзден сөз туып, Мұхаң бір орайда Қазақ ССР Ғылым академиясына ойысты:
– Академия президиумының мәжілісін мен әзілдеп, «кереңдер мәжілісі» деп жүрем. Химик-академик сөз сөйлесе, Қаныштан басқамыз қалғып-шұлғып дегендей қалыпта отырамыз, физик бір қызық жайды баяндап жатса да, өзгеміз тағы да селт ете қоймайтындаймыз,
әдебиет-мәдениет жайынан мен ой-тілектерімді ортаға салсам да, Қаныштан басқасы тағы да марғаулау қалып танытқандай болады. Президиум мүшелерінің – әр сала мамандарының баяндаған сырына сүңги бойлап, үңги барлап, байыбына барып, сан ғылымының саты-саты, қат-қабат жүйесін сараласып, істелген-тынған істер мен келелі-күрделі міндет-парыздар тобын түгел топшыласып, маманмен көбіне терезесі тең, кейде асып түсіп, бағыт-бағдар сілтеп отыратын сол президент­тің өзі ғана. Мен өз басым талай ғалымды көріп біле жүре, солардың кейбірінің өзі ұстаған ілімі төңірегінен әрі аса бермейтініне ішімізден қабақ шытып қалатынымыз да бар. Ал Қаныш болса, Горький сөзімен айтсақ, «мүтін бір мекеме». (Мұхаң: «бүкіл, бүтін» дегенді осылай «мүтін» дейтін еді). «Қазақ сегіз қырлы» дейді ғой, бәлі, бұл сөз дарымайды, кем соғады. Қаныш басының қадір-қасиеті, дарын-таланты орасан мол. Оған Мәскеу оқымыстылары қандай ден қояды? Қаныш даң-дабыра, ду мен шуды суқаны сүймейді… – деді Мұхтар.
Асқардың асқарлығын айтқаннан өзінің аласармайтын заңғарын сезіп-біліп, ағынан жарылып отыр-ау деген бір ойды ішіме сонда түйген едім.
Тегінде, Әуезов секілді алыптардың бойында ұлылық пен кішілік әрқашан да осылай қоян-қолтық жүрсе керек.

* * *

Анда-санда бір сауал беріп қойсаң болды, ағыл-тегіл мол білімнің қазынасы ашылып, көкейіңе өзі келіп құйылар еді.
– «Қаралы сұлу» әңгімесінде кейіпкер психологиясы қанша айтқанмен ер адамға бейтаныс мінез ғой. Соны қалай жаздыңыз? – деп сұрадым қалт еткенде. Мұхаң мүдірткен жоқ, ұтылап ұғындыра жөнелді:
– Біздің бір жеңгеміз жиырма алты жасында жесір қалды. Ақ тілеу жұбайынан айырылған соң, ашуланшақ болып кет­ті. Обалы нешік, сонысын ғана көрдік. Өзі іле нұрлана, тола түсті. Бір прототип – сол болса, екіншісі – Семейде сыр алысқан тағы бір жас жесір… Қалғаны автордың вымыслы. «Қаралы сұлуды» оқығаныңа қарағанда, әлгінде «Қараш-Қарашты» ескере сөйлеуіңді аңдасам, сен әрлі-берлі әдеби дүниелерді аралаған баласың-ау. Араб әліппесін танисың ба? – деп сұрады Мұхаң менен сөз арасында.
– Аздап қана…
– Қарағым, оның жарайды екен, – деп бір сәт сүйсінгендей де әлпет білдірді.
– Мұха, сіз бір жолдасыңызға сыр қылып: «Мен жазып отырғанда он ойланып таба алмайтын сөзімді сөйлеп тұрып айтып кетем», – депсіз. Осы шын ба? – деп қалдым.
«Оны саған кім айтқан, несін айтқан?» дегендей ұлы адам балаша ыңғайсызданып, киіз үйдегі ауа тыныстануына бір сәт жетпей қалғандай, мол денесімен оңға бір, солға бір ауыр бұрылып барып, сәлден соң ғана:
– Ол, рас. Қағаз бен қалам ойға оралғы болады білем, – деді де, әңгіменің арнасын өзге бір салаға тарт­ты.
Мінбеден сөйлеген Мұхаңның лебізін талай естіген жолдастар ол кісінің алғашқы бес-алты минут, тіпті он шақты минут бойы­на жиі-жиі бөгеліңкіреп, булығыңқырап, тұтығып, сөйлемді не сөз тіркестерін қайта құрап тұратынын жақсы біледі. Оның есесіне Мұхаң әбден қызып алған кез­де қанат­ты сөзді қаптата жөнелер еді. Жарқ-жұрқ еткен асылдар алтын табаққа топырлай төгіліп, үйіліп жатар еді.
Қаза болар алдында сөйлеген сөзінде (Қазақ университетінде қаншама нақыл айтып еді.) «Тумай жатып, толдым деме, толмай жатып, болдым деме» немесе «Шала шекспирлер, толыспаған толстойлар толып жатыр…»
«Болар бала бесікте бұлқынар,
Болар құлын желіде жұлқынар», – деп қырғыз туғандар айтпақшы, Мұхтардың даналық, дәмді сөзге ерте құмартқанын мына бір фактіден-ақ аңғарғандаймыз: М.Әуезов 1910–1911 жылдары Семейде орыс мектебінің екінші класында оқыған. Оның алғашқы ұстаздары қаршадай балаға сол кездің өзінде-ақ үлкен үміт артса керек. Солардың бірі озық шәкірт­тің таза жазу дәптерін қырық жыл бойы архивінде сақтап келген де, бұрынғы бала Мұхтар дана атанып, Мемлекет­тік сыйлық алғаннан ке­йін жазушыға тарту етіп жіберген.
Он үш жасар бала, бірақ ойлы шәкірт сол 1910 жылдың 11 қазан күні тұңғыш рет тұтас сөйлем жазған екен. Алғашқы сөйлемнің өзін Әуезов «Қара күш ақылға төтеп бере алмас» деген ақылды сөздерден бастапты.
Иә, өмір ұлы жандардың үлес-сыбағасын кейде осылай о баста-ақ белгілейтіні бар-ау!

* * *

Тағы бір мысал. Біз Социалистік Еңбек Ері атағын екі рет алған Нұрмолда Алдабергенов басқарған колхоздан Текеліні басып, «Төлектің төрі» деген жайлауға бет алдық. Орта жолда «ГАЗ-96»-мыз жүре алмай қалды. Ар жағында атқа қондық. Кер айғырға мінген Мұхаң қаққан қазықтай қалт етпей, сары желдіріп келеді. Бір белден асқанда үлкен кісі мені қасына шақырып алды да:
– Қарағым, мына менің Ернарымды атқа шауып үйретші, – деді, – былтыр Жамбыл облысына апарып, атқа мінгізіп көріп едім. Желіске көндігіп қайтқан. Ат­тың басын жібермей, аңдаға­йсың.
– Мақұл, – дедім. Айтуын айтсам да ойға қалдым: «Қалада өскен қаршадай бала атқа қалай шаба алады? Бұ кісі сонша неге тәуекелге барады? Жазатайым болады демей ме екен?».
Ернарды бөліп алып, жазық алаңқайда құйғыта жөнелдім. Баланың аты – бала ғой, барын салып, борбайлатып барады екен, тізгінімді тарта қойдым. Мен райдан қайтқан соң, ол да шабысын бәсеңдет­ті. Кешінде қойшылар ауылында отырып, «қалай болды?» дегендей, ой жүгіртсем, әкесі «аяулы балам бірдеңеге ұрынып қалады» демепті. «Көрсін, үйренсін!» депті.
Ернар ке­йін ат­тан құлап, жазым бола жаздады. Сонда әкесінің:
– Сенің папаң бала кезінде ат­тан сексен рет ұшқан. Ат­тан құлаған ауыр емес. Ернарик, бүйт­тім деп мамаңа айтушы болма. Ендігәрі елге шығармай қояды, – деп жұбатқаны әлі есімде.
Сөйтсем, ұлы педагог ата-бабасының ежелгі кәсібіне баласының көндіккенін қалаған екен.

* * *

Тау басындағы тамаша жайлау – «Төлектің төрінде» түрлі-түрлі өсімдіктердің дәрулік қасиет­терін қарастырып, зерт­теп жүрген бір ғалым ертеңінде Әуезовке арнайы жолыққалы біз түскен киіз үйге келді. Мұхаңнан жасы кішілеу көрінеді. Бойшаң, ашаң, ақ сары кісі екен. Ленинградтықтарға тән табиғи биязылық пен байыптылық бірден аңғарылғандай еді.
– Мен – ленинградтықпын. Жоғары оқу орнын сонда бітіргенмін, – деп Мұхаң қонақты тарта түсті. Екеуі ертеден сыралғы жандай емін-еркін сөйлесіп кет­ті.
Онкологиялық дерт­тің зерт­телу жай-жапсары да, совет­тік хирургияның айтулы жеңіс-табыстары да, ескі ауылдағы еңбегі еш жандардың есіл өмірден ерте кеткен өкініші де, балгер-бақсылардың, тәуіп-құшнаштардың жантүршігерлік тағылық ем-домы да – бәрі-бәрі де сөз болды. Отырғандар екеуінің аузына қарап қалған. Дәрігер болса-болмаса да өз мамандығы бойынша медицина тілінде сөйлеп отыр, Мұхаң да сол ғылымдағы ондаған терминнің басын қайырып, әріптес әңгімелесушіні талай шұлғыт­ты. Үлкен жазушы бір сәт­те қонаққа бұрыла түсіп:
– Ал сіз жинап-терген шөптеріңізден, тамыр-түбірлерден алуан-алуан дәрі-дәрмек, дәру-ем, препарат жасайтын боларсыз? – деп еді. Фармаколог сәл тоқыраңқырап езу тарт­ты. Әуезов әзілге басты:
– Шығыста, яғни біздің қазақта «Если всадник падает духом, то конь не скачет» («Иесінің еңсесі түссе, астындағы аты да шаба алмайды») дейді… Әлде…
Дәрігер қуланып, «мен де өзіме-өзім әлі сене қоймаймын» дегендей иығын қозғады.
Мұхаң:
– Как говорилось в старину: «Не верь той лошади, на которой ездишь, не верь той женщине, которую в объятиях держишь», – деп қонақты да, қалғандарымызды да бір күлдіріп алды. Осы кез­де мен, алдымда ашық жатқан дәптеріме әлгі мақалды түрте бастап едім.
– Сен немене жазып жатырсың? – деді үлкен кісі қағазыма төніңкіреп.
– Бұл мақал орыс жұртында да бар екен-ау!..
– Бәлі, мына кісі үшін қазақшадан жолма-жол жасап жатқаным емес пе?! Қой, жазба! Саған табан асты тәржіма да тамаша көрінгені ме? – деп күлді Әуезов.
Қаламымды қалтама сүңгітіп, тына қалдым. Аңғалдық пен білместігім үшін қызарсам керек. Бұл көнеден келе жатқан, қазір кәдеден шыққан «Астыңдағы атыңа сенбе, қойныңдағы қатыныңа сенбе» деген өзіміздің төл мақал ғой… Бірақ та «ойланбай, толғанбай-ақ оқыс аударғанының өзі де қаншама дәлме-дәл, ықшам, өткір!» дей беремін ішімнен.
Медик мәслихат құрысқан Мұхаңа мың да бір рақметін айтып, ырзашылықпен ат­танып еді.

* * *

Халық жазушысы халықтың тілін тауып сөйлесе білетін де еді, шығармаларында кейіпкерлерін халықша ұтымды, өрнекті сөйлете де білетін еді. Алдабергенов Нұрмолданың Төлеген деген бес жасар баласымен есік алдында тілдескенде:
«Қошақаннан қорықпайсың ба?» «Бұзауқанға міндің бе?» «Тайға шауып көрдің бе?» «Менімен, ана біздің Ернармен қақпақыл ойнайсың ба, асығың көп пе?» «Әкең сақаңа қорғасын құйып бере ме?» – деп отырғанын да естідім. Айтпақшы, жайлау басында ескіше әжептәуір діни дәріс алған бір қариямен ислам діні турасында ұзақ «айтысты». Сонда Құран сүрелерін жатқа айтып, қазақшалап, бәрімізге жеткізіп, жалпы діннің «кертартпалығын» арғы-бергіден мысалдар келтіре отырып, кең толғады…

* * *

Біз жайлаудан қайтқан бет­те Текеліде Нұрмолданың машинасы бөгеліп қалып, бір гидролог-инженердің машинасына отырдық. Ол «Победасын» өзі айдап келе жат­ты.
– Гидролог болсаңыз, осы келе жатқан жердің астында ежелгі заманда небір ғаламат су құбырлары төселгені сізге мағлұм болар? – деп еді ғұлама жазушы рульдегі инженерге.
– Мүмкін емес! – деді жұлып алғандай қызба қанды грузин жігіті.
– Сізге аян ете­йін, осы атыраптағы көне қалаларда Шыңғыс шабуылына де­йін бір орталықтан басқарылған жылу жүйесі болған. Үйлердің еденіне төселген өзегі қуыс түтік қыш-кірпіштер арқылы ыссы су ағызылып, үйлер содан жылынған…
– Сіз гидрологсіз бе, әлде тарихшысыз ба? – деп сұрады инженер қасындағы Мұхаңа тесіле қарап. Сөзге амалсыздан мен араластым:
– Бұ кісі Мемлекет­тік сыйлықтың лау­реаты, академик-жазушы Әуезов болады.
Рульді тастай сала, инженерім қос қолын Әуезовке қарай соза берді:
– Сізбен танысқаныма сондай бақыт­тымын! Білместігімді кешіріңіз!
Мен әлгі мағлұмат­ты айтсам, арт­та қалған деп саналатын Азияда да бір кез айтулы цивилизация болғанын ғана ескерте кету еді…
Инженер мен Мұхаң екеуі де енді бүгінгі заман гидрология құрылыстарының проблемаларын сөз етіп, колхозға жеткенше мәре-сәре болысты. Мұхаң мұнда да мол білік таныт­ты. Қазақ­стан секілді алыптың суға зәрулігін айт­ты. Обь өзенін Торғай қақпасына бұрудың тиімділігіне тоқталды.

Әзірлеген Құлтөлеу Мұқаш

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір