ЖҰЛДЫЗДАРДЫҢ ЖҰМСАҚ ЕКЕН ЖҮРЕГІ…

Динара МӘЛІКОВА
* * *
Саусағыңды ұстап едім, салалап,
Көз жасымды күлкімменен жамап-ап…
Екеуміздің арамызда – үнсіздік,
Сөзге ғана сыя алмайды обал-ақ…
Ешбір дауыс қадалмаса деп едім,
(Кедергісіз кезді қашан көремін?)
Мендік үнмен дауысың тұрса үйлесіп,
Бейкүнәдәй бола қалса керегім…
Өзімізді жетелеп ап жалғанға,
Сөздің өзін әкетеміз сан жолға…
Бөліп алып, бірімізді-біріміз…
Тіріміз деп, тіл қату да арман ба?!
«Шүкір» айтып оянғанда таң сайын,
Шындығыңнан шырмалып бір туса
Айың.
Шүкіріңнен кешірім ап сүйер ме ең,
«Рұқсат бер, – деп, – сол адамды
аңсайын…»
Тура қара! Жанарыма іркілмей,
Сөне алмаған, өше алмаған өртімдей!
Қабағыма мұң қондырып, бұрылып,
Жүре алам ба, дәл бүгінгі кейпімдей?!
* * *
Енді мүлде ойламаймын сен жайлы,
Енді өзімді аямасам болмайды!
Сезім сөйлеп тұр ғой шашым, тәнім де,
Аз ғана күн ақыл неге қонбайды?!.
Аз ғана күн тағдыр жайлы толғанып,
Сосын… сосын, табар ма екем
жолды анық.
Ешбір маңда сен жайлы сыр шертілмей,
Саған өлең өрілмесе арналып.
Аз ғана күн сабыр қонып сертіме,
Жібермесін, сосын мейлі еркіме.
Тым байсалды, тым байыпты қалыппен
Өзім жанып кете берем өртіме!
Естеліктер есі кетіп, күледі…
Ұмытудың жоқ дейді ме бір емі.
Нөміріңді өшірдім ғой, өмір-ай…
Саусақтарым неге жатқа біледі?..
Ай ішінен бақ көрем де мүлгіген,
Сезімімді сонда өмір сүрдірем.
Ақырғы рет қол ұстасып жүрем де,
Алғашқыдай құшақтасып үлгерем!
* * *
Сенімнің бүгін сетінегенін көрдім,
Жамағым келгенмен жылытпасын білдім.
Жып-жылы жазым жылжып ағады,
Жазығы жоқ қой күнәсіз күннің.
Бұлқан да талқан үзілер шыдам,
Момақан күйде… енді не қылам…
Көлеңкем де жоқ көңілсіз үйде,
Түрілмей перде, пейілсіз тұрам…
Оянып алып ойды күзетем,
Тереземе тағы Айды түнетем.
Қаншама күн қайнамай қазан,
Тот басар шағын біледі ме екен?!
Табанымда ғана тағдыр өлшемі,
«Күйін соңғы рет көрші…» демеді.
Сенсіз-ақ ауа жұта алады екем,
Сенсіз-ақ оның болды керегі.
Көзімді ашсам, құлпырған әлем,
Әлемге тұнық мұң тұнған екен.
Күнімді саған күрсінтіп қойып,
Сағынып, талып сарқылған екем.
Ақылды болып биіктеп кетіп,
Жүрегімді ұстап жүйіткіп жетіп…
Өкпелеп тұрып, «жаным-ау» десем,
Күйімді осы сүйікті етіп!
* * *
Мейірім боп елжіредім көзіңде,
Мен ұйықтамай, мен тыншымай көз ілме!
Ерік беріп, еріп кетіп тыңдайық,
Біздер жайлы жыр жаздырып сезімге!
Мен ұйықтамай, өзге жанды ойлама,
Қиялыңа ерік берші жай ғана.
Екеумізді ақ некемен аластап,
Сән-салтанат құрып жатсын айнала.
Мен тыншымай, теріс қарап күрсінбе,
Тал бойымда тамыр болып дүрсілде!
Тіршілік те тасқа ұқсап барады,
Аңсарымды дәл өзіңдей білсін бе?
Дала жақтың заңына кей үңілмей,
Аппақ таңның ақ пердесі түрілмей!..
Екі көздің кірпігіндей айқасып,
Құлап кетсек қара түнге білінбей…
* * *
Сен туралы жұлдыздар да біледі,
Жұлдыздардың жұмсақ екен жүрегі…
Сенің бір күн кетеріңді сыбырлап,
Айдағы қыз теріс қарап күледі…
* * *
Ай ішінен қадалады бір нүкте,
Сенің жұмсақ қарасыңдай жымиып.
Ұйқы тағы ілінбеді кірпікке,
Жанарыма бейне-нұрың құйылып.
Түнде өмір сүре алмайтын сабырым,
Күй сұрайды уақыттан.
Оның-дағы мен секілді халі – мұң,
Сөйлемейтін сағынышын ағытқан.
…Түгел түріп тастасам ба, пердемді,
Сәулесіне ұмтылып.
Мен кінәлі бола салайын,
Жерде енді,
Мен бақытты бола қалайын бір тынып!..
Айдан құлап түсетіндей мүсінің,
Саусағымды созамын.
Әуен болып естілердей есімің,
Тынысымда тербеледі ғажап үн…
* * *
Жүрегім қайта бұлқынды неге,
Өзіңе қарай ұшқысы келіп?..
Қайтесің енді, күлкімді-көне,
Мезгілден жүрген көшкісі келіп.
Сәулесін сынық, сөйлетіп жүрген,
Мен шығармын батыл ән…
Есіміңді шықтым сүйретіп үйден,
Естімесең де шақырам!
Жасыл мен қара алмасқан өмір,
Табанымда қалып жолағы…
Таңменен нәпсі жалғасқан көңіл,
Ұмыттырғандай болады.
Әлі де деймін, сөнбеген екем,
Сөнбеген екем сол сәттен.
Бейтаныс жандай, көрмеген бөтен,
Бөлініп кеттік жер-көктен.
Әділетсіз әлем саған таныс па,
Маған ауыр ғой, жарығым.
Кете алмай жүрмін көзсіз алысқа,
Бөліп бер мұңын бәрінің.
Өйткені мұңнан өлмейді адам,
Қайғы да «қамсыз» етуші.
Қиялмен құрған келмейді маған,
Аңсаған өмір екінші…
* * *
Мен сені көрдім,
Мен сені көрдім шуақтан,
Тіріліп шықтым тағы бір мәрте сынақтан.
Күрмелген сәтім, бұғып қалды да
білдірмей,
Гүлденген кезім саусағын жайды
қуантқан.
«Жаным-ау» деймін, күбірлегендей
мына әлем,
Тағы бір қара, қиығыңа сыйып құлар ем…
Түгелдей бұрыл, адымдамай-ақ мен
жаққа,
Кеудеңе қарай қалықтап қонсын
жыр-әуен.
Тапжылмай тұршы, табаныңды аңдап
бағайын,
Бойымнан құлап, сәулесін сүйсін
арайым.
Кешегі мұң ба, өткенде айтқан өкініш…
Бәрін де бүгін жүзік қып тағып алайын.
Ғимарат әсем, адамдар адал көрініп,
«Жақын бар», – дейді, көздер мен
сөздер бірігіп.
Уақыттың ғана жүрегі жоқ па қайғысыз,
Қабырғалардай қалада қалдық бөлініп.
Ақ пейіл жандар, пәк көркем жандар,
аңғалым,
Өмірден ұзақ болады қашан арманым?
Бір сәтте гүлдеп, бір сәтте түк жоқ
кеудемде,
Сағынған жанда, жабығып жүрсе бар
ма мін?!
* * *
Жанарым ғой жасқанып төгер сырын,
Көп екен ғой әлі де көрер сыным.
Мен жақтың сағаттары жылжымайды,
Сен жақтың күні қалай, көгершінім?
Жас болып, жалғыз үміт жаншылады,
Бұл тірлік, бір тағдырды жаусынады.
Сен жақтың түнін қайтем, ал өзімнің
Құшағымда қара түн таусылады.
Сен жақтың күнін қайтем күлімдеген,
Хат жазып, хал сұрадың бүгін менен…
Өмірді сүріп жүрмін сен білмейтін,
Сағыныш сезімім бар бүлінбеген.
Сен жақтың тауын қайтем мұнарлаған,
Қасиет боп сөйлейді Құран-далам.
Сен жайлы айтылмаған әңгімелер,
Жазылатын өлең де сыңар маған.
Мендегі сыр ғана ма сыңар болған,
Тағдырыңа тұңғиық құмар болған.
Ұяң саған ұшуды үйретті де,
Қиял сені самғатып қыран қылған.
Сен солай қыранға дәл ұқсағасын,
Аспанның тілегінен күш табасың.
Әдемі өмірім боп көз көрмейтін,
Тап-таза түс ішінде басталасың…
* * *
Жалғыз жанға серік болар жалқы мұң,
Өмір саған сездірмесе салқынын…
Жапалақтап қар жауып тұр қалада,
Қайырлы таң, алтыным!
Қайырлы күн, ғұмырым!
Қандай сыйды ұсынасың, бүгінім?..
Қара жерде алшаң басып жүргенмен,
Алла дейтін құдіреттің құлымын.
Қар жауып тұр ақ таңдай,
Моп-момақан жерден мейір
тапқандай.
Ерке қар кеп, еркелейді ернімде,
Аспан жақтан көктем құлап
жатқандай.
Қайыңдар тұр ән салып,
Қабағынан мұңды ысырып, қарсы алып.
Тұнығым-ау, түнге сіңіп кететін…
Ояндың ба, таңмен бірге тамсанып?!
Қол ұстасып жылдармен,
Көз ілгенше әуеніңді тыңдар ма ем?
…Дәл осылай ғұмыр ғажап болар ма,
Біздер бірге болғанмен…
* * *
Шынымды айтсам, шырмалдым,
Мұңымды айтсам, тыңдар кім?
Жұдырықтай ғаламда
Лүпілдеген мен бармын!
Сүюге де үлгермей,
Күз келердей күлдірмей…
Құбылады-ау дүние,
Құрығымда сыр бермей..
Төнсе бұлт та төбемнен,
Қара жерді көрем мен.
Тағдыр кетіп барады,
Табанымда түнерген.
Қайдан табам өзімді,
Ардай аңғал кезімді.
Төгіп алдым абайсыз,
Көңілшектеу сезімді.
Көз жасым да түрленіп,
Жырға қояр тіл беріп.
Биіктігім, бақыттым,
Қолын созып тұр келіп…
Тым жақындап арамыз,
Нәрестедей ғанамыз.
Өлең, әлем – үшеуміз,
Құшақтасып барамыз….