Ұстаз мерейі
Есімі алашқа танымал арда азамат, әдебиеттанушы-ғалым, ұлағатты ұстаз Арап Сіләмұлы Еспенбетов бүгін сексеннің сеңгірін бағындырып отыр. Сексенге келгендер көп, бірақ сексен жасты бағындыра білу, сексен жыл мағыналы да, абыройлы ғұмыр кешу бар.
Сексен жылдық ғұмырында ұстаздықтың, ғалымдықтың, басшылықтың ерен үлгісін көрсете білген Еспенбетовтің бүгінгі шыққан биігіне замандасы тамсанып, ағайыны сүйініп, соңынан ерген мың сан шәкірті бас июде.
Арап Еспенбетовтің әдебиетке құштарлығы мектеп қабырғасынан қалыптасқан еді. Әсілі, мектепте қай пән мұғалімінің бәсі биік болса, сол сабаққа оқушының ынтасы ауады. Алашқа белгілі азамат, ол кезде жас маман Бәтташ Сыдықұлының Саржалға келуімен ауылдың, дәлірек айтқанда, мектептің әдеби тынысы ашылып жүре берді. Түрлі әдеби үйірмелер, альманах, мектеп радиосы болашақ әдебиетшінің тынысын ашты.
1961 жылы Семей педагогикалық институтының тарих-филология факультетіне оқуға түседі. Студенттік шақтың жарқын сәттері аса қадірлі есімдермен байланысты. Белгілі абайтанушы Қайым Мұхамедханов, Жұмағали Шәкенов, Травников, Перелыгин сияқты шебер педагогтердің ұстаханасынан өтті. Он алты жасында студент атанған Еспенбетовтің бүгінгі күнге дейінгі өмірі дәл осы қасиетті қара шаңырақпен тікелей байланысты. 1965–66 жылы бір жыл қиыр солтүстіктегі әскер қатарын қоспағанда.
1967 жылдан басталған оқытушылық қызметі деканның орынбасары, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, проректор, ректорлық лауазымдарға сатылай көтеріліп, жоғары мектептің білгір басшысын қалыптастырды.
Осынау өмір баспалдақтарын жеке-жеке әңгіме қылуға ақ қағаздың ауқымы көтермейді. Біз, бірер сәттерге ғана назар аударайық.
Ұстаздығынан бірер сөз. Арап Сіләмұлының сабақ беру тәсілі де бөлекше. ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің көрнекті өкілдері туралы Қазан, Петербор, Мәскеу, Алматы архивтеріндегі қол жете бермейтін құжаттар, фотосуреттер мен түрлі анықтамаларды дәріс кезінде кеңінен пайдаланып тыңдаушысын ынтықтыра түсетін. Еспенбетовтің емтиханынан екі алды деген адамды кездестірмейсіз. Әлі де солай шығар? Емтихан басталғанда: «Үш деген баға керектерің зачеткаларыңды әкеліңдер», – деп былай қойып беретін. Бірақ беске аса сараңдау еді. «Бала, сен түгіл осы тақырыпты беске мен де білмеуім мүмкін деп», – аса сақтықпен баратын. Бес қойғандарын кейін шәкірті етіп баулыды…
Ғалымның мыңға жуық ғылыми мақалалары, 10 монографиясы, 2 оқу құралы және оның редакциясымен 100-ден аса ғылыми еңбектер жарық көрді. Оппоненттігімен қырыққа жуық докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғалды. Арап Сіләмұлы – ғылыми мектеп қалыптастыра білген ұстаздардың ұстазы. Еспенбетовтің ғылыми мектебінен өткен бір шоғыр жас зерттеушілер бүгінде еліміздің белгілі ғалымдарының қатарында қазақ әдебиеттану ғылымына өздерінің қомақты үлесін қосып келеді. Ғалымның жетекшілігімен
1 докторлық, 19 кандидаттық, 5 PhD докторлық диссертация қорғалды. Бұл жай ғана құрғақ көрсеткіштер емес. Осының артында қаншама жанкешті еңбек, ғалым-ұстаздың сарабдал ғұмыры жатыр.
Қазақтың рухани орталығы Семейде білім алу, ұлттық ғылым мен білімнің қара шаңырағында ғалым ретінде қалыптасу, қазақ ғылымының жарық жұлдыздары Қайым Мұхаметханов, Бейсенбай Кенжебаев, Зейнолла Қабдолов сынды ғұламаларға шәкірт болу бақыты табиғатынан дарынды жастың жігерін жаныды, ғылыми жолын ашты.
Тақырыбын тапқан ғалым бақытты демекші, қазақ поэзиясының көгіндегі тұлға Сұлтанмахмұт Торайғыров тақырыбы жас ғалымның қадамын бағдарлап берді. Ғылымның әліппесін ежіктетіп, тың тақырыпқа түрен салғызған профессор Бейсенбай Кенжебаевтың шәкірті атанды.
Ал енді, аудиториядағы ұстаздық пен ғылымдағы ұстаздық екі бөлек дүние екенін Арекеңе шәкірт болып ерген күннен бастап білдік.
Менің ұстазым, сөз құдіреті тамыр жайған дәл осы өлкеде «Еспенбетовтің ғылыми мектебін» қалыптастырды. Мұндай бақ, бұған дейін Семейде ешкімнің пешенесіне жазылған жоқ. Орыс әдебиетінде әуелден-ақ дұрыс жолға қойылған әдеби өлкетану (литературное краеведение) мәселесі ғалым Еспенбетовті толғандырған тақырып еді. «Туған жердің тарихын, әдебиетін, ақыны мен жазушысын сол елден шыққан, сол жерде өскен ғалым, алдымен, зерттеу керек» деген қағиданы ұстанған ұстаз осы түренге шәкірттерін салды. Кеңестік кезеңде Әуезовті, Қайым ағамызды әуре-сарсаңға салған Абайдың ақын шәкірттері, әдеби ортасы сияқты жабық тақырыптармен қоса, ғылыми айналымға түсе қоймаған Семей өңірінің ақын-жазушылары ақтаңдақ беттерден арыла бастады. Нәтижесінде, кезінде «ескішіл ақындар» деп айыпталған Көкбай, Әріп, Әсет, Уәйіс сынды Абай шәкірттері жаңаша көзқарас тұрғысынан пайымдалып, М.Әуезов шығармашылығының Семей кезеңі, Шәкәрім мұрасы, Тайыр Жомартбайұлы, Төлеу Көбдіков, Сапарғали Әлімбетов, Қалихан Алтынбаев, Тәңірберген Әміренов, Нұрлыбек Баймұратов, Мақыш Қалтайұлы, Бернияз Күлеев, Имашхан Байбатырұлы сынды тұлғалар жан-жақты зерттелді.
Ғалымның әдебиетке қосқан үлесі, ғылыми еңбектері туралы бұрын да сөз етіп жүргеннен кейін соңғы жылдары шыққан бір-екі еңбегіне тоқталайық. 2014 жылы «Алтай-Ертіс кітапханасы» сериясымен А.С.Еспенбетовтің екітомдық шығармалар жинағы жарыққа шықты. Сарабдал ғалымның өз зерттеулерінің жарыққа шығуы тарих пен тіл өнерін бағалар қауым үшін үлкен қуаныш екені даусыз. Бұл зерттеулерде Еспенбетовке тән деректеу ақпараттарын сарыла іздеу, жинау, іріктеу, саралау, ой көрігінде қорыту нәтижесіндегі құнарлы ізденістері топтастырылған. Бірінші том – Шәкәрім, Сұлтанмахмұтқа арналса, екінші том – абайтану, алаштану тақырыбы, сондай-ақ әдебиеттің түрлі өкілдеріне арналған ғылыми мақалалар, толғаныстар мен естеліктерден тұрады.
Бірінші бөлімде Шәкәрім шығармаларының философиялық һәм көркемдік мәні, Шәкәрімтанудың бүгіні мен болашағы, Шәкәрім мен Сұлтанмахмұт арасындағы рухани байланыс, Шәкәрімнің көпке беймәлім көсемсөздері зерделенген. Әсіресе «Шәкәрім» тұлғалық энциклопедиясы мен Сұлтанмахмұт жайлы энциклопедиялық этюдтердің берілуі, ойсонардың «үйірімен үш тоғыз» аталатын олжалы сәтіне орайлас келген.
Ғалымның пайымынша, заманында идеологияның шырмауында кетіп, сан қилы кедергілерге кездесіп, жөнсіз жұлмаланып, орынсыз өңделген, өз бағасын алмаған ақын шығармашылығын әлі де індете зерттеу, алуан түрлі тақырыпқа арналған туындыларын бүгінгі тәуелсіз ғылымның жаңаша зерттеу сүзгісінен өткізу қажет.
Шәкәрім мұраларының әрбір қойылған нүктесі мен басқан іздерінің құндылығын: «Абайдың не Шәкәрімнің бір өлеңінің жазылған күні мен сағатын анықтап беріңізші! Ғылымға таптырмайтын үлес болар еді», – деп ұлылар өміріне қатысты әрбір тарихи деректің бүгінгі һәм болашақ ғылым үшін мәнділігіне қатысты орынды байлам жасайды.
Шәкәрімнің азаматтық, шығармашылық өмірбаянын тарихи деректер мен мұрағаттық құжаттар негізінде жазу, ақынның болыстыққа сайлану, сот қызметін атқару жылдарынан, Стамбұл, Мекке, Медине сапарларынан мұрағаттық құжаттардың сақталу мүмкіндігін ескерте келе, осы бағытты ғылыми ой тезіне салу – ақынның ғылыми-шығармашылық өмірбаянының жазылуына жол ашатынын айқындап береді.
Ш.Құдайбердіұлының ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары «Қазақ тілі» газетінде жарияланып, осыдан кейін жарияланбағандықтан оқырман қауымға беймәлім әрі ешбір жинағына енбеген «Қазақ тілі» газетінің басқармасына өтініш» және «Сынау һәм сынауды сынау» атты екі мақаласының мәтіндерін көпшілікке ұсынуы – бұл еңбектің маңызын аттыра түседі.
Шәкәрім мен Сұлтанмахмұт арасындағы рухани байланыс төңірегінде: «Шәкәрім мен Сұлтанмахмұт. Қазақ әдебиетіндегі екі дара тұлға. Қазақ өркениетіндегі екі оқшау құбылыс»,– дей келе, ғалым қос алып түйісетін нүкте қайда, оларды біріктіретін қандай рухани жақындық бар деген сауалдарды нысанаға алады.
Профессор А.Еспенбетовтің Шәкәрім туындыларының текстологиясына қатысты тың ойлары да мәтінтану саласындағы қызу ізденістерге жетелейтіні сөзсіз. Ғалым ақын өлеңдерінің бүкіл болмыс-бітімін, көркемдік-бейнелік сипатын таныту бағытында іргелі зерттеулер жүргізу үшін Шәкәрім шығармаларының толық әрі дәлме-дәл, түзетусіз шығарылған мәтіні, академиялық жинағының қолда болу керегін көрсетеді. Шәкәрімтану мәселелерінің «Мәдени мұра» сияқты мемлекеттік жоспарға ену қажеттігін қадап айтады. Дулат Бабатайұлы мұрасы жайынан сөз қозғағанда да тек қолжазбаны негізге алмай, 1880 жылғы «Өсиетнамадағы» ақын туындыларын текстологиялық ізденістерде негізгі мәтін есебінде қарастырып, кітаптағы басқа өлеңдерді де салыстыра айқындау абзал екенін айтып: «Мүмкін болса, «Өсиетнаманың» факсимильдік түзілімін кітап етіп шығарса нұр үстіне нұр демекпіз»,– дейді («Дулат мұрасы хақында»). Дей келе сол міндетті атқарды да.
Ғалымның осы еңбегінде салмақ сала үйірлеп отырған абайтану мен алаштануы, Шәкәрім мен Сұлтанмахмұты тосыннан таңдалған төрттаған емес. Абай мен Алаш тақырыбына, Шәкәрім мен Сұлтанмахмұт мұраларын зерттеуге ғалым кездейсоқ келген жоқ. Арап Сіләмұлының ұстазы – Б.Кенжебаев Алаш арыстарының жоқшысы, керек десеңіз, кеңестік замандағы жалғасы-тын. Тар заманда Алашқа араша түсе алмаса да, сол қайраткерлердің еңбектерін соңындағы шәкірттеріне талмай насихаттаған Кенжебаевтың арманын шәкірттері орындағандай. Тәуелсіздік келер-келместен бұғауды бұзған Р.Нұрғали, М.Мағауин, А.Қыраубаева, Қ.Ергөбектердің алашойлы еңбектері жасып қалған ұлттың рухын оятты. Осылардың тең ортасында А.Еспенбетовтің бүгінгі кітаптағы алаштану бөліміне топтастырылған дүниелері тұр дер едік.
Абайтану саласындағы зерттеулерінде ғалым о бастан ғылыми ортаға таныс, тіпті жаттанды боп қалған тастақ тақырыптардан бойын аулаққа әкетіп, өзінше жол іздейді. Әуелден анау айтты, мынау айттыдан тұратын естелікке жүгіне қоймайтын ғалымның ұстанары – деректілік.
Абайтанудағы Ә.Бөкейхановтың орнын айқындай келе, Абай мен Әлихан арасындағы нағашылы-жиенді, екінші жағынан, құдандалы туыстықтарын дәлелдермен бекіте келе былай дейді: «Рухани туыстық пен қандас қарындастықтың, қимас жақындастықтың тоғысып кетуі – Жаратушының ұрпақтар пешенесіне сыйлаған тағдыр-талайы» («Абайтанудың алғашқы қарлығашы»).

Солдан оңға қарай: ұстазы академик-жазушы З.Қабдолов, профессорлар А.Еспенбетов, А.Жақсылықов
«Абайдың туған күнін шатастырмайық» деген проблемалық мақаласында ғалым бұл мәселеде өзіне дейінгі айтқан пікірлерді ескере келе жыл санаудағы ескіше және жаңаша стильдің айырмасын ежіктей түсіндіріп, ұлыларымызды ұлықтауда еленбейтін, ескермейтін, ұсақ-түйек болмауы керегін баса айтады. Абайтануда зерттелмей жатқан, анығында зерттеушілердің тісі батпай-ақ тұрған тақырыптың бірі – ақынның кітапханасы. М.Мырзахметұлы, Т.Жұртбай сынды абайтанушылар бұл тақырыпты көтергенімен әлі түбегейлі зерттелуін күтуде. Ғасырдан артық тарихы бар Семейдегі Абай атындағы кітапхана туралы мақалада: «Жазушы кітапханасы зерттеушілер назар аударуға тиісті ең күрделі әрі маңызды проблемалар санатында. Қаламгердің жеке кітапханасында қанша кітап болған, қандай бағыттағы басылымдар, қайта-қайта «ақылдасатын» шығармалары, көбірек белгі салған, сұрақтар мен ой сілтемелерін қалдырған кітаптары бар ма екен деген сауалдар тізіліп өтіп жатады», – деп абайтанушылар алдына ауқымды міндет жүктейді.
Ғылымға аса бір мамыражай шақ кеңестік кезеңде Қазан, Петербор, Мәскеу, Омбы қалаларының мұрағатында еркін жұмыс істеуге мүмкіндігі болған ғалымның жеке кітапханасы біз, шәкірттер үшін сол мұрағаттардың филиалы боп көрінетін. Кезінде айтылмай келген жабық тақырыптар туралы сөз қозғағанда ғалым ешкімнің көзіне түсе қоймаған соны деректерді ғылыми ортаға ұсынуға бейім. Мәселен, «Қазақ тілі», «Сарыарқа» сынды қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштары мен Бияш Әуезов туралы әуелден бейтаныс деректерді ғылыми айналымға түсіреді. Болашақ зерттеулерге жол сілтейді. Жүсіпбек пен Сұлтанмахмұт арасындағы туыстық қатынасты арқау ете отырып, шығармашылық байланысын ашса, Мағжан, Ахмет пен Міржақып шығармашылығындағы үндестіктің табиғатын айқындайды. Сондай-ақ «Айқап», «Таң» журналдары, «Сарыарқа», «Қазақ тілі» газеттері мен Алаш арыстарының шығармашылық қарым-қатынасын жіті назарға алған, толымды зерттеулері арқылы алаштанудың ілгерілеуіне жол салады.
Жоғарыда аталған төрттаған абайтану, алаштану, шәкәрімтану, сұлтанмахмұттану бағдарында кезінде зерттеу мүмкін болмаған немесе ескерусіз қалған, өзгертуге тура келген кейбір мәселелерді қайта қарауды ұлт пен ұрпақ алдындағы міндеті санаған А.Еспенбетов зерттеулері тарихи-деректемелік, биографиялық сипатымен ерекшеленеді.
Ғалымның қос томдыққа енген еңбектерінің бір тобы ұстаздары мен тұстастарына арналған. «З.Ахметов – сұлтанмахмұттанушы» атты мақаласында академик, әдебиет теориясының білгірі Зәки Ахметов «Казахское стихосложение», «О языке казахской поэзии», «Өлең – сөздің теориясы» атты іргелі зерттеулерінде қазақ поэзиясының болмыс-бітімі, ішкі әлемі, құрылысы төңірегінде ой өрбіткенде ақын мұрасына жан-жақты талдау жасап, зерттеп, зерделеп құндылығын ашып бергені туралы ерекше атап айтады.
Өзінің ұлы ұстазы Бейсенбай Кенжебаев туралы мақаласында біртуар тұлғаның журналистік, ұстаздық, ғалымдық қырларына жан-жақты тоқтала отырып, ұстазының шекті ғұмыры жетпеген шексіз армандарын түйіндеп береді.
Ғалым әдеби өлкетану туралы толғанысында арнайы ат қойылып, айдар тағылмағанымен М.Әуезов, Б.Кенжебаев, Қ.Мұхамедханов, Р.Нұрғали сынды ғалымдар мұрасын жаңғыртып, жаңартып жалпыға жол тартқызумен қатар: «белгілі бір қаламгердің туған, өскен өлкесі мен шығармашылығының арасындағы байланыс, шығарма мен қоршаған орта сабақтастығы, кейіпкердің болмыс-бітімі мен жер, су тарихындағы туыстастық үзілмейтін желі», – деген тұжырым жасайды. Бұл тұжырым ғалымның өзіне де қатысты айтылғандай.
Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов, көрнекті ақын-жазушылар Әзілхан Нұршайықов, Медеу Сәрсеке, Тұрсынхан Әбдірахманова, белгілі ғалымдар Серік Қирабаев, Рымғали Нұрғали, Сейіт Қасқабасов, Ғарифолла Есім, Тұрсын Жұртбай, Құлбек Ергөбек сынды тұлғалар жайлы толғаныстары қостомдықтың ғылыми салмағын арттырып тұр.
Түйіндей айтсақ, бұл қостомдық көтерген ғылыми мәселелерінің ауқымы мен өзектілігі, құнды деректерді ұқыпты тексеру, мұрағат деректерін байыппен талдау, жаңа проблемалық ахуалдарға із салуы жағынан әдебиеттанудың соқтықпалы соқпақтарын бүгінгі ұрпақ жүретін даңғыл жолға айналдыруға бағытталған толымды еңбек.
Екінші еңбегі – «Абай жолы» кітапханасы сериясымен 2004 жылы шыққан «Абайды оқы, таңырқан…» Туған жерден табан аудармай ғұмыр кешкен ғалымның абайтануға қатысты әр жылдарда жазылған мақалалары топтастырылған бұл кітапта. Қашан да өзектілігі жоғалмаған абайтану арнасының салмақты сағасына айналған бұл еңбекте көп абайтанушы айналсоқтап өтетін Өскенбай әулеті, Құнанбайдың Ақшоқысы, Абай оқыған кітапхана, Алаш арыстары және Абай, Абай музейі және абайтану, Абай туралы алғаш пікір білдіргендер, Абай және Густаф Әмір, Абайдың ұлдары т.б. осы саладағы ең бір көкейкесті деген тақырыптар қозғалған. Әлі де абайтану саласында қайыра қарастырылатын төмендегідей мәселелерге екпін түсіреді зерттеуші. Бүгінгі абайтанушы ғалымдардың аздығы, ақын мұрасының өзге тілдерге аударылу мәселесі, түбегейлі зерттелмей келе жатқан текстология, ақын мұрасының мектепте және жоғары оқу орындарында оқытылуы сияқты дүниелердің әлі де жіті зерттеу керегіне жіті назар аударады…
Ғылымда ұстаз болу – ол жазған диссертацияны түзеп, күзеп соған жетекшілік жасау деген мәселемен шектеледі дегендер қателеседі. Қаламсап ұстағанның дені базар жағалап, ала сөмке арқалап кеткен 90-жылдарда жастарды ғалымдық жолға бұрып, соңынан ерту, әр шәкіртін өз өресіне сай жеткен жеріне дейін өсіру, барлық ісінде қамқор болу ұстаз Еспенбетовтің міндеті болды. Петербор мен Қазан тұрмақ Алматының архивіне баруға сол кездегі қалта жұқалығы қиралаңдатып тұрған бізге архив те, кітапхана да, қолжазбалар қоры да – көбіне Арекеңнің шаңырағы еді. Арап Сіләмұлы бізге, шәкірттеріне ғылыми жетекші дегеннен әлдеқайда жақын, ыстық, үлкен әріппен жазылар ұстаз, рухани әкемізге айналды.
Ұстаздық, ғалымдық, басшылық сияқты үш қасиеттің қанатын қайырмай бір басына қондырып, ерікті еңсерер ерен еңбегінің арқасында бүгінгі биігіне жетті десек те, асыл азаматтың биік тұғырдан көрінуіне адал жар мен өрелі ұрпағының да рөлі зор. Еспенбетовтер әулеті – көпке үлгі болар ғалымдар шаңырағы. Сұңғақ бойлы, ақылы мен көркі астасқан Арекең жасында спорттың да шаңын біраз шығарған екен. Облыстық деңгейдегі баскетбол құрамасында, одан қалды ойлы спорт — шахмат ойындарында көзге түседі. Медицина ғылымының докторы, профессор, әлемге аты белгілі дәрігер-ғалым, талай адамның дертіне дауа тауып жүрген абзал жан Майра Жақсиманқызымен Арап ағамыз екеуі осы шахмат жарысында танысқан екен. Өмір баспалдақтарын ғалымдықпен жарастыра білген өнегелі шаңырақтан өрген ұрпақ егеменді елде абыройлы қызмет етуде.
Арап Еспенбетовтің бүгінгі биігі – берісі Абай елінің, арысы күллі қазақтың абыройы және де өзі жарты ғасырдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан қара шаңырақ – Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің зор мәртебесі. Жылдар бойы аса бір ыждаһаттылықпен, жігерге қылбұрау сала отырып, іргесін көтерген, жүректің жылуына иілген әр уықты салмақтап қадаған ұстаздықтың, басшылық пен ғалымдықтың киелі шаңырағы – Еспенбетов ордасы ешқашан шайқалмасын қадірлі де құрметті ұстаз!
Бауыржан Ердембеков,
филология ғылымдарының
докторы, профессор
Асыл тұлға, кемел ғұмыр
Арап Сіләмұлы Еспенбетов туралы толғам
Биыл қазақ руханиятының көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Абай облысының Құрметті азаматы, ғибратты ғалым, ұлықты ұстаз Арап Сіләмұлы Еспенбетовтің 80 жылдық мерейлі жасы.
Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Қарауыл ауылында 1945 жылы дүниеге келген, Арап Сіләмұлы Абай елінің еңселі азаматтары Бекен Жамақаев, Халел Хаббасов, Қаражан Үкібаев, Әмзе Нақымжанов, Шаймерден Тоқжігітов, Ахметжан Қозбағаров сынды саңлақтардың кіндік қаны тамған қасиетті мекен Саржал орта мектебінде оқыды.
Жаратылысынан зерек, ойы тұнық, ақылы дария, жаны мәрт Арап аға – саналы ғұмырын қазақ әдебиетінің терең тамырын зерттеуге, оның ұлы көшбасшыларын танытуға, ұлттық ғылым мен ағартушылыққа арнаған жан. Бұл жолда ол әрдайым ұстаздары мен ғұлама қайраткерлердің өнегесін бойына сіңіріп, өзі де кейінгі буын үшін шамшырақ бола білді. Оның ұстаздары қатарында Қайым Мұхамедханов, Өжкен Тыныбаева, Бейсембай Кенжебаев сынды қазақ ғылымының шоқ жұлдыздары тұр.
Бүкіл ғылымдағы тың талпыныс, соны соқпақтары құлдық таңбасы етiнен өтiп, сүйегiне жеткен тәлейсiз халқының батпан тағдырына жаны ауырып:
«Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда, кім болам?» – деп, оттай лапылдата жырлаған ХХ ғасыр басының бірегей ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылығымен тікелей қатысты болған филология ғылымының докторы, профессор, республиканың Халық ағарту саласының үздік қызметкері Арап Еспенбетовтің әр сөз, әр сөйлем, әрбір шығарма, әрбір ғылыми еңбегі үмiт ақтап, тыңға түрен салып, ойсырап тұрған олқылықтың орнын толтырып, өрнегi озық өрелi, өзгеше реңкте көктемнiң алғашқы қарлығашындай жаңаға жаршы болуы арқылы ұлт санасын оятып, рухын асқақтатты.
«Абай және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығың жетекшісі, профессор Арап Еспенбетов қазақ әдебиетінде өзіндік ойып алған орны бар Байғара мен Ақтайлақ билердің әдеби мұрасы мен өмір тарихы жөніндегі «Байғара, он жеті ақын сенен шықты» тақырыбындағы дәрісінде: «Сыбан ішінде Жанкөбектің бір баласы нар дауысты Нарынбай «Жеті қақпа Ташкеннің» бір қақпасына бек болған. Нарынбайдан Құттыбай. Ел арасында «Қу дауысты Құттыбай» атанған әйгілі ділмар, шешен. Құттыбайдан атақты Байқара би. Тұқымдарынан бектік, билік, шешендік, ақындық арылмаған қасиетті әулет» – деп, тың ақпараттармен бөлісіп, жас ғалымдарға жаңа жол, баянды бағдар көрсетті.
Ұстаздық – ұлы мұрат
Арап Сіләмұлы – ұзақ жылдар бойы білім мен ғылым саласында жемісті еңбек етіп, қаншама шәкірт тәрбиелеген тұлға. Оның студенттермен кездесудегі әрбір сөзі, әрбір дәрісі өмірлік сабақ болып, ел мен жердің тағдырына деген жауапкершілікті сіңірді. Ұлттың келешегі үшін білім мен ғылымның маңыздылығын жастарға ұғындырып, олардың бойында елдік пен ерлік рухын оятты.
Кезінде ол педагогикалық институттан басталған жолын Шәкәрім университетінде жалғастырып, ректорлық пен проректорлық қызметтерді де абыроймен атқарды.
Арап Еспенбетов – тек ғылым мен білімнің ғана емес, адамгершіліктің де асқан үлгісі. Ол – әрдайым әділдік пен шындықты ту еткен, кең жүректі, жаны жомарт, кісілік келбеті биік жан. Көпшіліктің пікірі мен көзқарасын сыйлап, өзгенің кемшілігіне түсіністікпен қарайтын, адам баласына кешіріммен, бауырмалдықпен қарай білетін, жанашыр тұлға. Оның бойындағы осы асыл қасиеттер оны өз ортасында ерекше құрметті, ел алдында абыройлы етіп келеді.
Бұл өмірде адамға ең керегі – шын жүректен шыққан алғыс пен шынайы ықылас. Бүгінгі таңда Арап Сіләмұлына деген ел құрметі – оның ұшан-теңіз еңбегінің ақталғанының дәлелі. Ол – Ұлттық құрылтайдың мүшесі, шетелдік университеттердің құрметті профессоры, қазақ руханиятының қорғаны.
Биылғы жылы Абай облысының Құрметті азаматы атануы – оқымыстының еліне, жеріне сіңірген еңбегінің зор да лайықты бағасы. Абай Құнанбайұлы, А.Пушкин, Ғ.Тоқай, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Б.Күлеев, С.Көбеев, Ш.Құдайбердиев, С.Дөнентаев т.б. атақты әдебиетшілердің әдеби мұралары туралы терең толғамды ғылыми зерттеулер жасаған Арап Еспенбетов қазақ әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелеріне және сұлтанмахмұттануға арналған жүзден аса тағылымды еңбектер жазып, осыдан оншақты жыл бұрын «Алтай-Ертіс кітапханасы» сериясымен абайтану, шәкәрімтану мен сұлтанмахмұттану зерттеулері енген қостомдық шығармалар жинағын шығарды.
Ғалымның телегей-теңіз, қыруар қажырлы еңбектерінің ішінде, әсіресе Абайтанудың 5 томдық кітабы мен 1909 жылы жарық көрген «Қазақтың ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңі» репринттік басылымының орны айрықша.
Ғибратты ғұмырға тағзым
Арап Сіләмұлы мен оның аяулы жары, қазақ елінің мақтанышы, медицина ғылымының көрнекті өкілі, елге белгілі эндокринолог, профессор Майра Жақсыиманқызы Еспенбетова – қазақ ғылымының қос шынары. Бұл қос бәйтерек ғылым мен білім жолындағы еңбегімен, жас ұрпаққа берген тәлімімен, адами парасатымен елге үлгі.
Менің Арап ағама шынайы құрметім ерекше. Ол – менің әкем, марқұм Айтқали Бейсембайұлы Қыстаубаевтың ұстазы, ақылшысы, өмірлік бағдар берген бірегей тәлімгері.
Әкемнің жақын досы Дулат Бейсембаев пен Арап Еспенбетов – бірін-бірі қадірлеген, пікірлес, тағдырлас нағыз зиялы жандар.
Әкем әр кезде Арап аға мен Майра апайды білім нәрін алудың үлгісі ретінде бізге өнеге қылып келді.
Мен олардың өмір жолын зерделеп, қазақ руханиятына тереңдеп үңілген сайын, осындай орасан да алып тұлғалармен жақын болудың әрбір адамға қаншалықты маңызды екенін түсінемін.
Арап Сіләмұлының ұстанымы – туған жерінде қалып, өз халқына адал болу, еліне, тіліне, ұлтының мәдени мұрасына қалтқысыз қызмет ету. Бұл, шын мәнінде, үлкен парасаттың белгісі.
Біз, бүгінгі жас ұрпақ, ғұламалардың ғибратты жолынан нәр алып, елімізге, тілімізге, мәдениетімізге адал қызмет етуді өзімізге парыз санауды үйрендік.
Ермек БЕЙСЕМБАЕВ,
Халықаралық «Абай»
қоғамдық қорының құрылтайшысы