Қадыр Мырза Әлі шығармашылығына арналды
11.03.2025
45
0

4 наурызда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінде Қазақ­станның халық жазушысы, ҚР Мемлекет­тік сыйлығының иегері, көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция өт­ті.
«Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығы және қазақ әдебиетінің даму тенденциялары» тақырыбымен өткен халықаралық ғылыми жиынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінің деканы, ҰҒА академигі, профессор, ф.ғ.д. Баян Жолдасбекова сөз сөйлеп ашты. Жалпы отырыста «Қадыр Мырза Әлі және замандас бейнесі» тақырыбында Қазақ­стан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов, ақын мұрасын насихат­тап, есімін ұлықтаудағы қоғамдық ұйымдардың рөлі туралы «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының директоры, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақ­стан университетінің құрмет­ті профессоры Донеділ Қажымов баяндама жасады. Сонымен қатар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, ф.ғ.д. Зинол-Ғабден Бисенғали, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д. Нұрдәулет Ақыш, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, ф.ғ.д., ақын Бауыржан Жақып, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Қали Сәрсенбай, Низами атындағы Ташкент педагогика университетінің профессоры, ф.ғ.д. Ділшат Айтбаев, Қырғыз Республикасы ҰҒА Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының жетекші ғылыми қызметкері Мұрат Садыров, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті м.а., ф.ғ.к. Темірғали Көпбаев, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің профессоры, ф.ғ.д. Мұратбек Иманғазинов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, ф.ғ.д. Гүлжаһан Орда, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақ­стан университетінің қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к. Зейнолла Мүтиевтер өз баяндамаларында ХХ ғасыр тынысы мен кескін-­келбеті көрініс тапқан ақын шығармашылығының сан қыры мен поэтикалық қуатын жан-жақты ашып көрсете отырып, ақындық дүниетаным мен суреткерлік шеберлік сырына үңілді.
Сондай-ақ төрт секциялық отырыста Қадыр Мырза Әлінің отандық журналистиканы дамытуға қосқан үлесі, ақын өлеңдерінің тәрбиелік мәні, аударматанудың өзекті мәселелері, қазақ әдебиетінің даму тенденциялары мен болашағы, әдебиет­ті оқыту мәселелері талқыланды.

Өз тілшімізден

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір